Accessibility links

"Қытай досымыз, Шыңжаң туралы сөзіне сенеміз". Пәкістан премьері Пекин саясатын қолдайды


Пәкістан премьер-министрі Имран Хан 1 шілде күні CGTN дейтін Қытай телеарнасына сұхбат беріп отыр.
Пәкістан премьер-министрі Имран Хан 1 шілде күні CGTN дейтін Қытай телеарнасына сұхбат беріп отыр.

Пәкістан премьер-министрі Имран Хан Қытай саясатын мақтағаны үшін қатты сынға қалды, бірақ Пекин мен Исламабадтың әріптестігі тек нығайып жатыр.

Пәкістан премьер-министрі Имран Хан автократиялы әрі бірпартиялы Қытайды мақтап, "Пекин сайлауға негізделген демократияға қарағанда жақсы модель ұсынып отыр" деп айтқаны үшін саясаткерлер мен халық тарапынан сынға қалды.

6 шілде күні Қытай коммунистік партиясы мен әлем саяси партиялары саммитінде Имран Хан видео байланыс арқылы сөз сөйлеп, Коммунистік партияны мақтады, Қытай президенті Си Цзиньпиннің "Бір белдеу – бір жол" бастамасына сіңірген еңбегін атап өтті.

Имран Хан бұған дейін де осыған ұқсас мәлімдеме жасаған. 1 шілдеде ол Коммунистік партияның жүз жылдық мерейтойына орай Қытайдың мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбатында Пекиннің Шыңжаңдағы мұсылман топтарына қатысты саясатын қолдап, Қытайдың саяси жүйесін қолдады.

"[Қытайдың Коммунистік партиясы] – бірегей модель. Осы күнге дейін бізге қоғамды жақсартудың ең жақсы жолы ретінде Батыс демократия жүйесін айтатын. Ал олар өз қоғамын дамытып, Батыс демократиясын басып озды" деді Имран Хан.

Пәкістан премьер-министрі Имран Хан (сол жақта) Қытай президенті Си Цзиньпинмен бірге. 2019 жыл.
Пәкістан премьер-министрі Имран Хан (сол жақта) Қытай президенті Си Цзиньпинмен бірге. 2019 жыл.

Қытай мен Пәкістанның тығыз әріптестігі кейінгі кездері "Бір белдеу – бір жол" бастамасы аясында нығая түсті. Пекин бұл жоба аясында Исламабадтың маңызды экономикалық және саяси қолдаушысы болып отыр. Екі ел арасында тығыз байланыс орнағанына қарамастан, Имран Ханның бір партиялы авторитар және деспоттық жүйені қайта-қайта мақтауы саясаткерлер мен тәуелсіз сарапшылар тарапынан қатты сынға ұшырады.

"Егер Имран Хан Пәкістанды Қытайға айналдырғысы келсе, мұнысы – қауіпті ой. Қытаймен дос болған жақсы, бірақ Пәкістанда Қытай жүйесі жұмыс істемейді" деп жазды танымал пәкістандық журналист Хамид Мир Twitter-де.

Мұнымен келісетін тағы бір журналист Мұртаза Соланжи Имран Ханның сөзін сынға алып, солшыл қозғалыс белсендісі, ақын Хабиб Жалибтің өлең жолдарын келтірді:

"Қытай біздің досымыз. Ол үшін біз өзімізді құрбан етуге дайынбыз. Бірақ Қытайдың басқару жүйесі, біз оған бармайық. Алыстан қол бұлғайық".

ЕКІ ЕЛДІҢ "ТЕМІРДЕЙ" ДОСТЫҒЫ

Пекин де, Исламабад та ресми мәлімдемелерде өздерін "темірдей берік бауырлар" деп атайды.

Энергетика саласындағы жобалар топтамасынан тұратын Қытай-Пәкістан экономикалық дәлізі "Бір белдеу – бір жол" бастамасының ең маңызды бөлігінің бірі саналады. Оған кететін қаржы 62 миллиард долларға жетуі мүмкін деген болжам бар.

Қытай-Пәкістан экономикалық дәлізі аясында жүріп жатқан құрылыс.
Қытай-Пәкістан экономикалық дәлізі аясында жүріп жатқан құрылыс.

Қытай Пәкістан әскерімен де тығыз байланыс орнатқан. Пекин Ауғанстандағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуде Исламадқа сеніп отыр. Ауғанстаннан Батыс әскері түгел кеткенде тұрақсыздық орнайды деген қауіп күшейіп тұр.

Есесіне Қытай коронавирус пандемиясы кезінде Пәкістанға вакцинаны молынан жіберді.

"[Ханның] бұлай айтуының басты себебі – Қытай Пәкістанның басты саяси және экономикалық серіктесі. Исламабад ең жақын одақтасын алыстатуға батпайды" дейді Ұлыбританиядағы Ашық университеттің Қытай-Пәкістан қарым-қатынасы бойынша сарапшысы Филиппо Бони.

Қытайға оң көзбен қарайтын Пәкістан элитасы мұндай осы сипаттағы мәлімдемені күткен де еді, бірақ премьер-министрдің сөздерін шектен шыққандай көрінді.

Пәкістан мұсылмандар лигасы оппозициялық партиясынан шыққан сенатор Мушахид Хуссейн Азаттық радиосына Имран Ханның айтқаны демократияға қатысы жоқ екенін, оның тек Қытай-Пекин достығына байланысты екенін айтты.

Лахорда тұратын сарапшы Расул Бахш Раис Азат Еуропа/Азаттық радиосына қарасты Машаал радиосына берген сұхбатында премьер-министрдің сөзін сынға алып, аймақта конституциялық демократия тарихы барын, ал Қытай моделі елдің экономикасын нығайтқанымен, Қытай халқын демократиялық құқығынан айырғанын айтты.

"(Қытай) моделін Пәкістанда жүзеге асыру мүмкін емес" дейді ол.

Пәкістанның БҰҰ жанындағы бұрынғы уәкілі Малиха Лодхи Имран Ханның коммунистік жүйені ашықтан-ашық мақтауының дипломатиялық салдары болуы мүмкін екенін, бұл Пәкістанға маңызды басқа да қарым-қатынасқа кері әсерін тигізуі мүмкін екенін айтты.

"Дипломатияда көптің алдында қай кезде сөйлеп, қашан сөйлемеу керегін білу маңызды. Әдейі айтылса да, әдейі айтылмаса да, оның салдары болады" дейді Лодхи Пәкістанның танымал The Dawn басылымында 5 шілдеде жарияланған мақаласында.

"Бұл түсінік үкімет басшыларының сыртқы саяси мәлімдемелері мен сұхбаттарында ескерілмей қалған сияқты. Бұл елге пайдасыз жаңсақ түсінікке алып келді" дейді ол.

ПРЕМЬЕР-МИНИСТР ШЫҢЖАҢДАҒЫ ЖАҒДАЙ ТУРАЛЫ НЕ АЙТТЫ?

Қытай саяси жүйесін мақтаған Имран Хан сұхбатында Қытайдың қазақ, ұйғыр және басқа да мұсылман азшылықтарына арналған лагерьлері бар Шыңжаңдағы саясатын қолдайтынын да білдірді.

Біріккен Ұлттар Ұйымының адам құқықтары жөніндегі мамандарының айтуынша, Шыңжаңдағы лагерлерде 1 миллионнан астам ұйғыр, қазақ және өзге де мұсылман өкілдері қамауда отыр. АҚШ билігі мен бірнеше Батыс елінің парламенті Қытайдың Шыңжаңдағы әрекетін "геноцид" деп таныды.

Пекин мұндай айыптауларды жоққа шығарып, лагерьді экстремизммен күрес аясындағы "кәсіби оқыту орталықтары" деп атады.

1 шілдеде Имран Хан бұрынғы айтқандарын қайталап, Қытай мәлімдемесіне сенетінін айтты.

"Қытаймен байланысымыз тығыз болғандықтан, қарым-қатынасымыз сенімге негізделгендіктен, Қытайдың нұсқасын қабылдаймыз. Шыңжаңдағы бағдарламалар туралы айтқандарына сенеміз" деді Имран Хан Қытай БАҚ-ына берген сұхбатында.

Қытай билігі ұйымдастырған баспасөз туры кезінде мына бір отырыс "кәсіпке баулу сабағы" ретінде көрсетілген. Парталарда отырғандар қытай ұйғырлары.
Қытай билігі ұйымдастырған баспасөз туры кезінде мына бір отырыс "кәсіпке баулу сабағы" ретінде көрсетілген. Парталарда отырғандар қытай ұйғырлары.

Премьер-министр исламофобия мен мұсылмандарға қатысты дискриминацияға қарсы пропаганда жүргізіп жүр. Ал оның Қытайдың Шыңжаңдағы мұсылман топтарына бағытталған саясатын қолдауы бұған қайшы келеді.

"Батыс елдері адам құқықтары саласында Қытайға қарсы тұрып жатқанда, Пәкістан өзінің неге басымдық беретінін айқын көрсетті" деді Бони.

Джонс Хопкинс университетінің профессоры, Оңтүстік Азия бойынша мемлекеттік департаменттің бұрынғы қызметкері Дэниал Марки Азаттық радиосына Имран Ханның ағылшын тілінде айтқан кейінгі сөздері Пәкістан халқына емес, халықаралық аудиторияға, әсіресе, Қытай аудиториясына бағытталғанын айтты.

"Пәкістан лидерлері өз адамдарына арналған хабарламаларды (онлайн) медиа заманында да тиімді бақылай алатынына бұрыннан сенеді" дейді ол.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG