Пәкістанның ең қатыгез қарулы топтарының бірі радикалдық джихадизм идеяларын әйелдер арасында насихаттап, жанкешті жинау үшін ДАИШ-тің жолына түскен сыңайлы.
"Техрик-е Талибан Пәкістан" ұйымы тамыздың 1-інде "Суннат-е Хаула" атты ағылшын тіліндегі журналының алғашқы санын таратты. Журналдың атауы "Хауланың жолы" деп аударылады. Хаула (Хавля деп те жазылады) - Мұхаммед пайғамбардың соңынан ерген әйелдердің бірі.
Пәкістандық журналист Омар Вараич: - Талибан әлі өз ықпалына түспеген білімді мұсылман әйелдерді қатарына тартқысы келеді. ДАИШ дәл осы әлеуметтік топты тиімді түрде нысанаға айналдырып еді, - дейді.
"Техрик-е Талибан Пәкістан" (ағылшынша қысқа атауы TTP деп жазылады, Ти-Ти-Пи деп айтылады - ред.) бұған дейін де үгіт-насихат материалдарын урдуша және ағылшынша жариялап келген. Бірақ мына 45 беттік журнал - олардың тек әйелдерге арналған алғашқы жобасы.
TTP журналда: "мұсылман әйелдердің алға ұмтылып, Исламның шәйіттері қатарына қосылуына сеп болғысы келетінін" жазады.
TTP мен ДАИШ басқа да радикалдық джихадизмді насихаттайтын экстремистік ұйымдар сияқты Пәкістан мен Оңтүстік Азия аймағында жаңа жақтастар табуға ынталы. Сол үшін интернет пен баспасөздің алдыңғы қатарлы, заманауи нұсқаларын пайдалануға тырысады.
ДАИШ содырлары жүздеген әйелдің экстремистік топқа қосылып, Сирия мен Иракқа баруына қол жеткізген. Сүннит экстремистер жариялаған "халифат" территориясына барған соң мұндай әйелдер көбіне үй шаруасымен айналысып, джихадшылардан жүкті болып жататын. Олардың кейбірі қарулы ұрыстарға да қатысқан.
ДАИШ содырлары 2014 жылдан бері өздері басып алған аймақтарда әйелдерді жиі ұрлап әкетіп, жаппай зорлағандары туралы хабарлар тараған.
"ЖАҢА ҚУЛЫҚ"
Торе Хамминг есімді қарулы исламшылдарды зерттеп жүрген ғалымның сөзінше, TTP ДАИШ-тің жалғызбасты және күйеуге тиген әйелдерді тиімді түрде қатарына тарту стратегиясын үлгі еткен. Ол TTP-дің жаңа журналы осы үрдістің жалғасы екенін айтады.
- Джихадшы топтар соңғы жылдары бұқаралық ақпарат құралдарын кеңейтуге күш салып келеді. Бұл стратегияларының маңызды екі сипаты - бірнеше тілде материал жариялау және әйелдер сияқты түрлі әлеуметтік топтарға ықпал ету, - дейді ол.
TTP ұйымының жаңа журналы қарулы джихадизмнің орталығына айналған консервативтік Пәкістан қоғамындағы әйелдердің радикалдануы мен содырларға қосылуы сияқты мәселелердің бетін ашты.
Пәкістандық саяси шолушы Марви Сирмед ханым экстремистердің әйелдер арасында уағыз жүргізуі соңғы жылдары әсіресе университеттерде жиілегенін айтады. Оның сөзінше, пәкістандық исламшылдар Facebook топтары мен Telegram арналарында ерекше белсенді.
- Оларға кейбір ыңғайсыздау нысандарға тиімді шабуыл жасау үшін әйелдер қажет. Бұл басылым әйелдерді қатарына тарту үшін TTP қолданып отырған көп қулықтың жаңа бір түрі болып шығуы мүмкін, - дейді Сирмед.
Шолушының сөзінше, әйелдердің отбасындағы ықпалын ескеретін болса, Талибанның бұл стратегиясы тиімді тәсілге айналмақ.
Пәкістан үкіметін басып алуды мақсат ететін TTP соңғы жылдары әскердің арнайы операциялары кезінде айылын жиып, ықпалы кеміп, қатты әлсіреген. Әскер содырларды елдің солтүстік-батысындағы тайпалар аумағынан түре қуған. Сарапшылар джихадшы топтың қайта бас көтеріп, жақтас табуға кіріскеніне нұсқайды.
Әлсірегеніне қарамастан TTP-дің бөлшектенген фракциялары Пәкістанда соңғы уақытта бірнеше қанды теракт ұйымдастырып үлгерді. Өткен айда Лахордағы базарда болған жарылыстан 26 адам қаза тапты. 2014 жылы осы топ Пешавар түбіндегі әскери қалашықтың орта мектебіне шабуыл жасап, 140 жанды мерт қылған, олардың көбі оқушылар еді.
ӘЙЕЛ СОДЫРЛАРҒА КЕҢЕС
TTP-дің журналында осы топтың жетекшісі Мулла Фазлулланың аты-жөні көрсетілмеген "әйелімен сұхбат" жарияланған. Әлгі әйел 14 жаста күйеуге тигенін айтады. Сұхбат беруші Пәкістанның атауына лайық түрде "таза елге" айналып, "Құдайдың заңына мойынсұнбағанына" қынжылады. Ол жақында Пәкістан билігі бекіткен кәмелетке толмағандарды неке қиюдан тыятын заңды сөгеді. Бұл әрекетті "қылмысқа" теңейді.
Журналда джиадшы болғысы келетін әйелдерге арналған, ақыл-кеңес беретін бөлім ашылған.
Бөлімдегі мәтінде: "Үйлеріңде құпия кеңес қылыңдар, ниеттес джихадшы сіңлілеріңді шақырыңдар. Джихадқа бағыну туралы жазбаларды таратыңдар, қыздарға арнап дене шынықтыру курстарын ұйымдастырыңдар. Қарапайым қару-жарақты қолдануды үйреніңдер. Граната жаруға машықтаныңдар" деп жазылған.
Журналдағы пәкістандық дәрігер әйел жазды-мыс деп сипатталған және бір "Жәһілдіктен джихадқа дейінгі жолым" атты мақалада автор батыстық білім беру жүйесін тәрк етіп, радикалдық Исламға қалай бет бұрғанын баяндайды.