Accessibility links

«Әулет намысы үшін» адам өлтіру тыйылатын емес


Таспен ұрып өлтірілген Фарзананың туыстары оның мәйітінің қасында отыр. Пәкістан, Лахор, 27 мамыр 2014 жыл.
Таспен ұрып өлтірілген Фарзананың туыстары оның мәйітінің қасында отыр. Пәкістан, Лахор, 27 мамыр 2014 жыл.

Пәкістанда ата-анасының рұқсатынсыз тұрмысқа шыққан Фарзана есімді әйел өлім жазасына кесілді. Әйелдерді «әулет абыройына кір келтіргені үшін өлтіретін» әдет кейбір елдерде әлі бар.

Кей елдерде ер адамның қызын, не әйелін байлығы һәм намысы санайтын, олардың бар жауапкершілігін мойнына алатын дәстүр бар.

Қыз бала әкесінің, зайыбы ерінің айтқанынан шықпаса, ол еркектің мақтанышы саналады. Егер ер-азамат оларды айтқанына көндіре алмаса, бұл өте ұят жағдай саналып, «әулет абыройын» сақтау үшін ондай әйелдер қатаң жазаға тартылады.

«Әулет абыройын сақтау үшін өлтіру» дәстүрі жайлы не білеміз? Мұндай қасіретті болдырмау неге соншалықты қиын?

ЖАЗА ҚАНШАЛЫҚТЫ ЖИІ ҚОЛДАНЫЛАДЫ?

БҰҰ-ның статистикалық деректеріне сүйенсек, жылына әлемде 5 мыңға жуық адам «әулет абыройын қорғау» мақсатында өлім жазасына кесіледі. Бірақ көптеген сарапшылардың айтуынша, мұндай оқиғалар бұдан әлдеқайда көп, себебі олардың көбі полицияға жетпейді.

Мұндай қылмыстардың назардан тыс қалатын себебі - оқиға отбасы деңгейінде болады. Әулеттің беделді мүшелері (арасында әйелдер де бар) «қарабет қызды (не келінді) өлтіру керек» деген шешім қабылдайды. Туыстары қылмысты жұртқа жарияламайды.

Таяу Шығыстағы осындай жазаның құрбандарын қорғауды мақсат тұтатын швейцариялық Surgir қауымдастығының өкілі Жаклин Тибоның айтуынша, бұл «үкіммен» өлтірілгендердің көбі «өзіне-өзі қол жұмсады» деп жарияланады. Кей кездері қысымның күшті болатыны сондай, әйел расында да өзіне-өзі қол жұмсайды.

БҰЛ ТЕК МҰСЫЛМАН ҚОҒАМЫНДА КЕЗДЕСЕ МЕ?

«Намысқа бола өлтіру» қылмысы әлемнің барлық жерінде кездеседі, әрі ол қандай да бір дінге тән дәстүр емес. Бразилия, Үндістан, Пәкістан, Албания сияқты түрлі елдерде мұндай салт бар. Бұл құбылыс Таяу Шығыс пен Оңтүстік Азияда жиі кездессе, Оңтүстік Америка, Орталық Азия аймақтарында және Еуропадағы иммигранттар қауымдарында сирек ұшырасады.

Human Rights Watch ұйымының Таяу Шығыс және Солтүстік Африка бойынша сарапшысы Ротна Бегум:
"Әулет абыройына кір келтірген" Фарзананың қабірі басында отырған еркек. Пәкістан, 30 мамыр 2014 жыл.
"Әулет абыройына кір келтірген" Фарзананың қабірі басында отырған еркек. Пәкістан, 30 мамыр 2014 жыл.
"Қоғамдағы рөлі, жыныстық ерекшелігі бойынша әйелдерге қатал қарайтын маңдарда жазаның осы түрі жиі кездеседі. Бірақ кейде «әулет абыройына кір келтіргені үшін» ерлер де жазаланып жатады. Әйелдер, не ерлі-зайыптылар қоғамға, отбасына кір келтірді деп айыпталып, басқаларға сабақ болуы үшін жазаланады" дейді.

Сарапшылардың айтуынша, жазаның бұл түрі патриархалдық қоғамда жиі кездеседі. Алғаш ол ежелгі Вавилонда пайда болған. Ол заманда әйел – отбасы абыройының символы саналған, сондықтан пәктігі бұзылмаған қызға үйлену міндет болған. Егер отбасы тұрмысқа шыққанға дейін қызының абыройын сақтай алмаса, бұл өте ұятты жағдай саналып, ол қыз әулеттен қуылған, не өлім жазасына кесілген.

Бірақ мұнда экономикалық фактор да бар. Жаклин Тибоның айтуынша, атастырып үйлендіру дәстүрі бар қоғамда екі жастың арасындағы түсіністіктен гөрі құдаласып жатқан екі жақтың мүдделеріне көбірек мән беріледі.

"Мұнда ер мен әйелдің үйленуінен гөрі екі әулеттің құдалығы маңызды. Құдалық арқылы кейбір әулет экономикалық жағдайын жақсартуға, көбірек жер алуға, әлеуметтік игіліктерге ұмтылады. Егер екі жас ажырасып кетсе, онда әлгі отбасылар өздері қалаған әлеуметтік не экономикалық статусқа қол жеткізе алмай қалады" дейді сарапшы.

ЗАҢДАР НЕГЕ ҚАУҚАРСЫЗ?

Дүние жүзінде жазаның бұл түрін қолдануға тыйым салынған, бірақ кейбір құқықтық жүйелер «жазалаушыларға» көз жұмып қарайды, себебі олар қоғамның дәстүрлі құндылықтарын қорғап отыр деп саналады.

Мұндай елдерде заң қылмыс жасаған адамдардың жауапкершіліктен құтылып кетуіне мүмкіндік береді. Мәселен, мұндай жазаға тартылған әйелдің жақын туыстары оны өлтірген кісіге кешірім берсе, қылмыскер жауапқа тартылмайды.
Таспен ұрып өлтірілген Фарзананың денесінің жанында айғақ жинап жүрген полицейлер. Пәкістан, Лахор, 27 мамыр 2014 жыл.
Таспен ұрып өлтірілген Фарзананың денесінің жанында айғақ жинап жүрген полицейлер. Пәкістан, Лахор, 27 мамыр 2014 жыл.
"Әйелді әулеттің өзі жазалайтындықтан, зайыбын, қызын, не қарындасын өлтірген отбасы мүшесіне басқа туыстары кешіріммен қарайды. Сондықтан кісі өлтірген адам жазасыз қала береді" дейді Бегум.

Кейде «абыройсыз» қызды тұрмысқа шыққаннан кейін өлтіреді. Мұнда да «жазалаушының» жауапкершіліктен құтылуға мүмкіндігі бар. Қызды өлтірген жақ оның күйеуінің кешірім беруін сұрайды. Қоғам тарапынан қысым болатындықтан, кешірім оңай беріледі. Оның үстіне күйеуі «қан өтеуі» ретінде ақшалай өтемақы алып, әйелін өлтіргендерді жазадан құтқарады.

БҰЛ ЖАЗАДАН ҚАЛАЙ ҚОРҒАНУҒА БОЛАДЫ?

Қыз-келіншектерді жақын туыстары жазалайтындықтан, әйелдерді қорғау өте қиын. Мәселен, Йордания мен Ауғанстан сияқты елдерде осы жазаға тартылған қыз-келіншектерді құтқарудың жалғыз амалы – оларды түрмеге қамау. Сонда ғана туыстары оларды өлтіре алмайды.

Жаклин Тибоның айтуынша, жазадан қашқан әйел «мені түрмеге қамаңыздаршы» деп жай ғана өтініш түсіре алмайды. Заң бойынша адамды абақтыға қамау үшін ол айыпты деп танылуы керек. Сондықтан әйелдер өздері істемеген қылмысты «мойындауға» мәжбүр болады.

Түрмеде отырған қыз-келіншектер «осы уақытта туыстарым сабасына түсіп, кешірім берер немесе аңдуын тоқтатар» деп үміт етеді.

Бірақ Йорданиядағы осындай жайттарды реттеумен айналысатын Тибоның сөзінше, әулеттердің ондай әйелдерді кешіруі сирек.

"Біздің әлеуметтік қызметкерлер «абырой төккен» қыз-келіншектердің әулетіне қайта оралуына көмектеседі. Кейде туыстары оларды үйлеріне кіргізіп те жатады. Бірақ бір-екі айдан соң өлтіріп тастамайтынына ешқандай кепілдік жоқ. Әрбір істі жіті бақылап отыру керек" дейді Жаклин Тибо.

ӘЙЕЛДЕРДІ ӨЛТІРУ АЗАЙЫП КЕЛЕ МЕ?

Жазаның осы түрі өткен ғасырдың басында Грекияның ауылдық аймақтарында, оңтүстік Италияда жиі қолданылатын. Қазір онда бұл дәстүрлер жойылған. Бірақ сарапшылардың айтуынша, қатаң заңдар қабылданбайынша «абырой төккені үшін жазалау» салтын жою мүмкін емес.
Фарзананың суретін көрсетіп отырған күйеуі Мұхаммед Икбал. Пәкістан, 30 мамыр 2014 жыл.
Фарзананың суретін көрсетіп отырған күйеуі Мұхаммед Икбал. Пәкістан, 30 мамыр 2014 жыл.
"Мәселе - заңдардың қалай өзгертіліп, қалай орындалып жатқанында. Мұндай дәстүрді әлі сақтап келе жатқан елдерде қылмыскерді кешіруге, олардың жазасын жеңілдетуге мүмкіндік беретін жайттар көп. Өйткені «әулет абыройын төккендерді өлтіру - қалыпты жағдай» деген пікір орныққан" дейді Ротна Бегум.

Мамырдың 26-сы күні Пәкістанда Фарзана Парвин есімді әйелді әулет келісімінсіз тұрмысқа шыққаны үшін таспен ұрып өлтірді. Оның күйеуі Мұхаммед Икбал «Фарзанаға үйлену үшін бірінші әйелін тұншықтырып өлтіргенін» ақпарат құралдарына өзі айтты. Ол екінші әйелін өлім жазасына кесуге «мұрсат берген» соң бірінші қылмысына жауап беруден құтылып кеткен.

Пәкістанның әйел статусы жөніндегі ұлттық комиссиясының төрайымы Хауар Мумтаздың айтуынша, ел заңдарының мұндай дәстүрді жоюға кедергі болып отырған олқы тұстары көп және олар түзетілуі керек.

"Біздің заң бойынша, өлген кісінің туыстары кешірім берсе, қылмыскер жазадан құтылады. Бірақ қылмыстық кодекстің 311-бабында кісі өлтіруші бәрібір жазаға тартылады деген бап бар, алайда бұл бап алғашқы тергеу материалында пайдаланылмайды. Біз заңдарға отбасы мүшелерінің «жазалаушыларға» кешірім етіп, оларды жауапкершіліктен құтқарып жіберуіне жол бермейтіндей өзгерістер енгізуді жоспарлап отырмыз" дейді Хауар Мумтаз.

(Азаттық тілшісі Чарльз Рекнагельдің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей).
XS
SM
MD
LG