Accessibility links

Телефоны тыңдалған болуы мүмкін адамдар тізіміне Есімов пен Рақышев кірді


Ахметжан Есімов
Ахметжан Есімов

Жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы (OCCRP) әскери деңгейдегі Pegasus бағдарламасының көмегімен телефондары тыңдалған болуы мүмкін деген адамдар тізімін жаңартты. Тізімге Ахметжан Есімов, Кеңес Рақышев және Абай Сарқұлов кірді.

Зерттеушілердің жазуынша, Есімов "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының басшысы қызметін атқарып тұрған 2018 жылдың күзінде тыңшылар нысанасына алынған. Сондай-ақ сарапшылар Есімовтің бұрынғы күйеу баласы Ғалымжан Есенов те бақылауға іліккен болуы мүмкін деп жазды.

Қазақстандағы ең бай адамдардың бірі саналатын миллионер Кеңес Рақышевтің қай кезде нысанаға іліккені айтылмайды. OCCRP ол туралы профайлында "NSO [Group] клиенті, бәлкім Қазақстан үкіметі, елді бұрыннан басқарып, 2019 жылы өзі таңдаған мұрагеріне орнын босатқан авторитар басшы Нұрсұлтан Назарбаевқа құлай берілген жоғары лауазымды шенеуніктер мен олигархтар тобымен бірге" Рақышевқа да кибертыңшылық жасаған болуы мүмкін деп жазады.

Кеңес Рақышев – Қазақстан өкіметінде ықпалды тұлғалардың бірі болған Иманғали Тасмағамбетовтің күйеу баласы. 2019 жылы Тасмағамбетов "зейнет жасына жетуіне байланысты" Қазақстанның Ресейдегі елшісі қызметінен босатылған.

Forbes журналының есебі бойынша, Рақышев құны 950 миллион доллар болатын байлыққа ие.

NSO Group – Pegasus тыңшылық бағдарламасын әзірлеген израильдік компания.

Абай Сарқұлов – Қазақстан даму банкінің төрағасы. Pegasus Project зерттеушілерінің жазуынша, Есімов сияқты ол да 2018 жылдың жазында тыңшылардың назарына іліккен болуы мүмкін. Бұл кезде ол "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қорын басқарған.

Бұған дейін зерттеушілер қазіргі қолда бар деректерді саралай келе телефонды бұзып кіріп, аңду кезінде "Назарбаевтың жақын айналасына ерекше көңіл бөлінген" деген қорытындығы келген.

Ұйым 23 шілдеде жариялаған мәлімдемесінде: "Ондаған нөмірге назар салсақ, Назарбаевтың бүкіл режимін төменнен жоғарыға дейін аңдыған деген болжам жасауға болады, оларды өз арнайы қызметі бақылаған болуы әбден ықтимал" деп жазған.

70 жастағы Ахметжан Есімов – Назарбаевтың жақын туысы, ол ұзақ жыл бойы түрлі мемлекеттік орындарда лауазымды қызмет атқарған, премьер-министрдің орынбасары, ауыл шаруашылығы министрі, Алматы қаласының әкімі болған. 2017 жылғы желтоқсаннан 2021 жылғы наурызға дейін квазимемлекеттік сектордағы компаниялардың басын қосатын "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорын басқарған.

Президенттіктен кетсе де біраз өкілетін сақтап отырған Нұрсұлтан Назарбаев 2021 жылғы сәуірде Есімовті өзінің штаттан тыс көмекшісі етіп тағайындаған.

Бұдан бұрын OCCRP кибертыңшылық жасалған болуы мүмкін деген адамдар қатарында Қазақстан билігін сынап жүрген қуғындағы банкир Мұхтар Әблязовты, олигарх Болат Өтемұратовты, Назарбаевтың күйеу баласы, миллиардер Тимур Құлыбаевтың немере інісі Әлібек Құлыбаевты, Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевты және елдің бірінші басшылары президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен премьер-министр Асқар Маминді атаған. Бұған қоса тізімде журналистер мен құқық қорғаушы бар.

Жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығының зерттеуіне сәйкес, 2016 жылдан бері әлем үкіметтері израильдік Pegasus тыңшылық бағдарламасының көмегімен 50 мыңға дейін телефон нөмірін тыңдап, аңдыған. Қазақстанда 2 мыңдай нөмір тыңдалған болуы мүмкін. Болжам бойынша, Қазақстанға қатысты тыңдау туралы тапсырысты қазақ үкіметі берген.

Kazakhstan Pegasus Infographics in Kazakh CN
Kazakhstan Pegasus Infographics in Kazakh CN

Бұл зерттеуден соң әлемде жеке мәліметке қол сұғумен күрес, электронды құрылғылардың қауіпсіздігі, жеке қауіпсіздік мәселелері көтеріле бастады. Франция прокуратурасы президент Эммануэль Макронның телефоны тыңдалды деген ақпаратқа байланысты тергеу амалдарын бастаған.

21 шілдеде Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік комитеті Азаттыққа бұл жарияланымдар бойынша "ешқандай жауап дайындап жатпағанын" айтқан.

Қазақстан президенті әкімшілігі жетекшісінің бірінші орынбасары Дәурен Абаев 22 шілде мемлекеттік арнаға берген сұхбатында зерттеуді "дәлелсіз, жеткілікті дәрежеде интрига тудыратын ақпарат" деп атады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG