Accessibility links

"Сібірден қашқандар өте көп..."


Сергей Горр наразылық акциясында тұр.
Сергей Горр наразылық акциясында тұр.

Ресейдің Алтай өлкесінен екі оппозициялық белсенді – Қырлық ауылының бұрынғы депутаты Айдар Кудирмеков пен Алтай өлкесі Бийск қаласы тұрғыны Сергей Горр мамыр айында елден кетуге мәжбүр болған. Түрлі айыптармен билік тарапынан қудалауға ұшырағандықтан екеуі де енді Ресейде тұру мүмкін емес деп шешкен.

Сергей Горр өзін Ресейден кетуге мәжбүр еткен жайттар туралы "Сибирь.Реалии" сайты тілшісіне айтып берді.

– Үстіңізден қылмыстық іс қозғалыпты. Қандай күдікпен?

Сергей Горр.
Сергей Горр.

– Қылмыстық істі қозғауға ресми себеп – мен жариялаған, бірақ баяғыдан ашылмайтын үш ролик және былтыр қарашаның 5-і күні митингіде президенттің атына айтқан сөздерім. Әлгі роликтерде Анонимус бетпердесіндегі адам елді тығырыққа тіреген "путиндік режимге" қарсы күресу үшін және өз жақындарының еркіндігі үшін адамдарды қарашаның 5-і күні бейбіт сипаттағы наразылық акциясына қатысуға шақырады.

Роликтер "Артподготовка" (Ресейде тыйым салынған ұйым) экстремистік ұйым деп танылған қазанның 26-сы дейін интернетте жарияланған болатын. Мен "Артподготовка" ұйымының үйлестірушісі болғанмын, қарашаның 5-інде Мәскеудегі акцияға барғанмын.

Есікті ашпай қойған жағдайда бұзып кіру үшін балға, темір кесетін "болгарка" да ала келіпті

Менің талайдан бергі іс-әрекеттерім мен қайда қоңырау соққанымды құқық органдарының біліп отырғаны мамырдың 7-і күнгі тінту кезінде белгілі болды. Негізі, үстімнен қозғалған қылмыстық іс пен тінту – билікпен, оның ішінде федералдық билікпен арамыздағы тартыстағы hаppy end. Мен қалада, өлкеде және бүтін елде болып жатқан былықтарға жұрттың көзін ашып, халық арасында идеологиялық және үгіт-насихат жұмыстарын шынымен жүргізгенмін. Бийскілік "эшниктер" (Ресей ішкі істер министрлігінің "Э" орталығы – ред.) мені мұқият бақылағаны соншалық, олар өз есептерінде тіпті мені Азаматтық бастамалар комитетінің Таулы Алтайдағы жазғы мектебіне қатысып, НЛП (нейролингвистикалық бағдарлама – ред.) тәсілдерін үйренген деп жазыпты. Төрт жылда менің үстімнен жинап-тергендерін жуырда өздері де жариялайтын шығар.

Сергей Горр наразылық акциясын өткізіп тұр.
Сергей Горр наразылық акциясын өткізіп тұр.

– Мамырдың 7-і және сіз қашқан одан кейінгі күндері нақты не болып еді?

– Мамырдың 7-і күні таңғы сағат 6-да арнайы қызметтің форма киіп, бетперде таққан екі қызметкері мен жай киім киген бір өкілі келіп, үйде тінту жүргізуге пәрмен берілген ордерді көрсетті. Оларға есікті әкем ашты. Олар мен бұған дейін тұрған үйде де тінту жүргізді. Есікті ашпай қойған жағдайда бұзып кіру үшін балға, темір кесетін "болгарка" да ала келіпті. Адвокатқа телефон соғайын деп едім, Ресей ішкі істер министрлігінің Алтай өлкесі бойынша экстремизмге қарсы іс-қимыл орталығы бастығының орынбасары Евгений Обревко "тергеу амалдарына бөгет болады" деп рұқсат етпей қойды. Ол "кімге қоңырау соққалы тұрғаныңды білемін, енді ол саған көмектесе алмайды" деп, адвокаттың аты-жөнін атады.

Ол тінтуге куә болу үшін шақырылған адамдардың деректерін толтырып жатқанда мен балконға жүгіріп шығып, адвокатқа қоңырау шалып үлгердім. Бетперде киген қызметкерлер телефонды қолымнан бірден жұлып алып, қолымды қайырып, кісен салды. Олар "егер тергеу амалдарына кедергі келтіретін болсаң, өзіңе де, әкеңе де күш қолданамыз" деп сес көрсетті. Тінту кезінде ол кісінің де телефонын тартып алды.


Сен, әрине, Конституцияның 51-бабын пайдалануыңа болады, бірақ онда шампан бөтелкесін аласың деп түсіндірді...

"Айдағы дымбілмес" ("Незнайка на Луне") кітабындағы полицейлер мен байлар туралы диалогтан үзінді жазылған плакаттар мен Путин туралы әлі аяқталмаған плакатты тартып алды. Тінту жүргізіп болған соң мені полицияға алып кетті. Онда апарған соң попполковник сен, әрине, Конституцияның 51-бабын пайдалануыңа болады, бірақ онда шампан бөтелкесін аласың деп түсіндірді, сірә, "Дальний" бөлімшесіндегі жағдай тәрізді ( 2012 жылы наурызда Қазан қаласы Дальний аудандық полиция бөлімінде құқық қызметкерлері күдіктіні шампан шөлмегімен зорлап қинап өлтірген – ред.).

Менен "Оппозиция серуенінің" (Вячеслав Мальцевтің саяси акциясы – ред.) өзге мүшелері туралы сұрады. Мен танымайтын адамдардың аты-жөнін атап, "Қазір өзге оппозиционерлер қайда?" деп сұрады. Меніңше, олар менен барынша көп адамның аты-жөнін біліп алғылары келді. Кейін мені Тергеу комитетіне апарды. Ол жерде алғашқы хаттаманы еш өзгеріссіз қайта көшіріп, оған қайта қол қойдым. Бұған қоса, ешқайда кетпеу туралы қолхат бердім.

– Қашуды қашан ұйғардыыз?

Енді елге путиндік режим құлағаннан кейін ғана оралам деген ойдамын, әйтпесе мені 15 шақты жылға соттайтын шығар

– Мамырдың 9-ына қараған түні үйден қашып кеттім. Құжаттарымды алып, екінші қабаттың балконынан секірдім. Жолдағы көліктерге қол көтеріп, Екатеринбургке дейін жеттім. Ары қарай – Пермь, Қазан, Мәскеу, ал ол жақта белорустар отырған шағын автобуспен Ресей-Беларусь шекарасынан өттім. Өйткені шекарада белорустардың көліктерін тексермейді екен. Визам жоқ болатын, бірақ Минскіде Еуропа арқылы транзитпен билет алдым. "Туристпін" дегеніме сенген жоқ, бірақ бәрібір сәті түсіп, ұшаққа визасыз отырдым. Саусақтарымның таңбасын тапсыруға тура келгенімен, көші-қон қызметінде орысша сөйлейтін әйел құжаттарымды ресімдеп берді. "Артподготовка" жетекшілерінің бәрі я түрмеде, я эмиграцияда екені құпия емес қой. Енді Енді елге путиндік режим құлағаннан кейін ғана оралам деген ойдамын, әйтпесе мені 15 шақты жылға соттайтын шығар. Қылмыстық кодекстің 212, 280 және 282-баптары бойынша тағылған айыптарға үй қамағынан қашып кеткенімді қосқанда, жиыны осындай мерзім шығады.

Сергей Горр (оң жақта) шеруде тұр.
Сергей Горр (оң жақта) шеруде тұр.

Маған қылмыстық кодекстің өте көп бабы бойынша айып тағуы мүмкін, оның үстіне "Артподготовка" Ресейде экстремистік деп танылған, ал өзім үйлестірушісі болған бийскілік бөлімшесі саны жағынан Ресейдегі ең үлкен ұйымдардың бірі болған. Бұған қоса, былтыр қарашаның 4-і және 5-сі күндері Мәскеуде өтпей қалған "Орыс маршы" акциясына да қатысқанмын. Тергеу комитеті мен "Э" орталығының қолында әлгі фактілерді дәлелдейтін айғақтар бар. Мен тергеу кезінде оларды жоққа шығарғанмын. Тартып алған телефонымда да ақпарат жетеді. Ол жерде Мәскеуде жүргенде түскен фотом, Ресей үкіметі ғимаратын басып алу идеям мен жоспарым туралы айтқан сөздерім жазылған видео бар. Мұны қандай бапқа жатқызатынын тіпті білмеймін де. Телефонымда өзге қалалардағы қозғалыс жетекшілері, үйлестірушілері болған, қазір қудалаудан жасырынып жүрген адамдардың байланыс деректері болған. Сібірден қашқандар өте көп, бәріне «жаппай тәртіпсіздіктерді дайындады немесе ұйымдастырды» деген айыптар тағылған.

– Бұған дейін Бийск билігімен араларыңыздағы қарым-қатынас қандай болып еді?

– Кейінгі екі жылда билік маған ықпал етудің барлық әдіс-амалын, оның ішінде экономикалық тәсілдерін де қолданып көрді. Оппозициялық қызметіме байланысты қала мен өлкедегі ешбір кәсіпорын мені жұмысқа алғысы келмеді. 2016 жылы Алтай мемлекеттік университетін "экономист" мамандығы бойынша бітіргенмін. Аттестаттау комиссиясы құрамында біз төрт жыл бойы отставкаға кетуін талап еткен қаланың сол кездегі басшысы Лидия Громогласова (қала тұрғындарының қар дұрыс күрелмейді деген шағымына ол "Қарды бөгет көретіндер қыс болмайтын жаққа көшулеріне болады" деген уәж айтқан. – ред.) де бар болып шықты, бұл диплом қорғау кезінде анықталды. Ол комиссия мүшелерін мені құлатуға көндіруге тырысты, мұны бәрі түсінді. Ақыры дипломымды қорғап шықтым, бірақ маған дипломды табыс еткеннен кейін Алтай мемлекеттік университетінің Бийскідегі филиалы басшысы Галина Поляничконы бірден жұмыстан шығарып жіберді. Ресми себебі қандай болғанын білмеймін, бірақ "қалалық дума депутаттары аттестаттау комиссиясы құрамына Лидия Громогласова қандай негізде кіргенін түсіндіруді талап етіп, жанжал шықты" деп ол өзі айтып берген болатын. Экономика профессоры әрі филиалдың бұрынғы директоры Юрий Орловтың да жұмыстан кетуін сұраған.

Вячеслав Мальцев.
Вячеслав Мальцев.

Қазір мені үй қамағынан қашып кетті, оппозициялық каналдарға, оның ішінде Вячеслав Мальцевтің "Народовластие" каналына менің атымнан ақша түсіп жатыр деген сөздер тарап жатқанын естідім. Бұл мені танитын адамдардың алдында мені қаралау үшін жасалып жатыр деп санаймын. Былтыр билікшіл БАҚ-тар мені және Евгений Корчагинді (2016 жылы президент Владимир Путинге жолығу үшін Мәскеуге барып, жолы болмаған бийскілік белсенді) "Эвалар" компаниясы (бұл компания мен Алтай өлкесінің экс-губернаторы Александр Карлиннің арасында ұзаққа созылған жанжал болған - ред.) ғана емес, Каспаров, Ходорковский, Касьянов та қаржыландырады деп жазған.

Сергей Горрдан алынған плакат.
Сергей Горрдан алынған плакат.

Тергеу кезінде маған тіпті Андрей Абрамовпен ("Эвалар" компаниясы топ-менеджерлерінің бірі – ред.)" бетпе-бет кездестірейік, "Артподготовка" акцияларына "Эвалардан" ақша алғаныңды айт деп ұсынған. Солай істесем, екі жыл шартты жаза беруге уәде еткен.

Мен бұған келіспей қойдым. Бұған қоса, "Артподготовка" қозғалысының Бийскідегі белсендісі болған адвокат әйел бұрын полицияда жұмыс істеп, ұйымға астыртын енгізілгенін де білдім.

Навальныйдың штабында да, депутаттармен де жұмыс істедім ғой, бірақ қазір олар тіпті хат-хабарларыма да жауап бермейді

– Сіздің дерегіңізше, қазір қалада қанша азаматтық белсенді құқық қорғау органдарының назарына іліккен?

– Бийскіде менің үстімнен қозғалған қылмыстық істің аясында ғана 50 адамды куәгер ретінде тартқан. Верх-Катуньда екеуін ұстап әкеткен, екеуі қашып үлгерген.

– Серіктеріңіз бұған қалай қарайды?

– Бұл оқиғаларға қоғам белсенділері мүлде реакция танытпағаны таңғалдырады. Өйткені мен Навальныйдың штабында да, депутаттармен де жұмыс істедім ғой, бірақ қазір олар тіпті хат-хабарларыма да жауап бермейді. Бәлкім, олардан жарияламау туралы қолхат алған шығар.

– Елден саяси себептермен кетуге мәжбүр болғандардың көбімен араласамын деп айтқан едіңіз. Қазір олар Ресейде болып жатқан оқиғаларды қалай бағалайды? Шетелде қиындық көріп жүрген жоқ па?

– Олар Ресейдегі жағдай күннен күнге нашарлап бара жатқанын көріп отыр. Ресейдегі қазіргі билік ушықтырған саяси және экономикалық дағдарыс оппозициялық қозғалыстар ғана емес, саясатпен онша шаруасы жоқ, бірақ өзгеше ойлайтын адамдарды да қудалау күшейген кезеңге өтті. Ресей Солтүстік Корея бейнесіне еніп барады.

Ресейден келіп жатқан саяси эмигранттар саны соңғы айда күрт көбейді

Путин бастаған криминал билік ар-намысы тәуелсіз жандардың бәрінің түбіне жетіп, Ресейден құл иеленушілік гетто құрғысы келеді. Ресейден кеткендердің және Еуропада мен араласатын адамдардың бәрінің пікірі осындай. Ресейден келіп жатқан саяси эмигранттар саны соңғы айда күрт көбейді. Олардің көбі Навальныйдың белсенділері мен "Артподготовка" акцияларына қатысқан адамдар. Бұған қоса, кейінгі кезде елден байырғы шағын халық өкілдері де қудалаудан қашып жатыр.

Біреулері палаткаларда тұрып жатыр, қалғандарының баспанасы бар. Аш жүрген ешкім жоқ. Франциядағы серіктерім азық-түлік алып тұруға жазылған. Адамдар тіл үйреніп, Ресейдегі болып жатқан оқиғаларды талқылап, бақылап отыр. Ресурстарға ең бай әрі алып ел неге мұншалықты кедей тұратыны ақылға сыймайтын әрі еуропалықтардың түсінуі қиын нәрсе ғой. Бізде елдің бүкіл байлығын Путиннің төңірегі ғана иеленетін режим болмағанда, Ресей халқы Норвегиядан артық болмаса, кем тұрмас еді.

– Жуырда Алтай өлкесінде губернатор ауысты. Бұл жайт өлкедегі саяси жағдайды азды-көпті тұрақтындара ала ма?

– Губернатор алдын ала болжанғандай ауысты, бірақ бұдан аймақ халқының тұрмысы жақсарып кеткен жоқ. Бұған қоса, аймақ туралы дым білмейтін жаңа губернатор – тағы Путиннің адамы. Алтай өлкесіндегі саяси жағдайдың тұрақтылығы – уақытша құбылыс. Александр Карлиннің тұсында халық танып, қолдаған саяси сыншылар мен акцияларды ұйымдастырған адамдарды билік қаралап, беделін түсіреді немесе жазалаушы органдардың қудалауына тап болады.

Мен сияқты Корчагинді де "Э" орталығы мұқият бақылап отыр. Путин тағайындаған аймақ басшысын сайлауды "саяси маргинал" аздап бұзуы мүмкін. Ал сайлаудан кейін қазір қарасы көбейіп бара жатқан наразылар ішінен жаңа Корчагиндер мен Горрлар шығады. Балық басынан шіриді, оның үстіне аймақ тұрғындарын губернаторды ғана емес, қала мэрлерін сайлау құқығынан айырып, оларды кім басқаратынын "балық" шешкен кезде осылай болады. Қазір біліктілік деңгейі мүлде төмен билік басқарып отырған Бийск – мұның көрнекі мысалы. Күн өткен сайын ұлғайып бара жатқан саяси дағдарыс деген осы, ал басшыларды ауыстырудан ештеңе шықпайды, Ресейде бүкіл билік бір адамның қолында. Ол не айтса, сол болады.

– "Путиндік режим" құлағаннан кейін ғана орала аламын деп отырсыз. Бұл қандай жағдайда мүмкін болады деп ойлайсыз?

Оппозиция біз емес, керісінше, Путиннің режимі халыққа қарсы оппозицияда деп санаймын

– Менің ойымша, режим өз-өзін жұтады, контрсанкциялар, Батыстың санкциялары қарапайым халыққа ауыр тиіп жатыр, ресейлік насихат жоққа шығарғанымен, Путиннің төңірегіндегі адамдарға мықты әсер етіп жатыр. 100 жыл бұрынғы тарих қайталануы мүмкін. Бір жағынан, Путиннің айналасындағы адамдардың наразылығы, екінші жағынан азаматтардың ұлғайып бара жатқан наразылығы. Қазіргі сәтте Путиннің айналасы үнсіз отыр, ал халық көшеге шығып, бірдеңені өзгертейін десе, қолында ресурстар жоқ.

Қалай жағдай өзгере бастайды және режим әне-міне құлайтыны анық байқалады, солай елге оралып, өзім туып-өскен әрі бәрімізге ортақ еркін Ресейімізді құруға көмектесуге дайын тұратын боламын.

– Билікпен жанжалдасқаныңызға өкінген кездеріңіз болған жоқ па?

– Қашуға мәжбүр болған кезде саясатқа қалай араласа бастағаным және оппозициялық қызметке кіріскен күнді есіме алдым. Бірақ мен оппозиция біз емес, керісінше, Путиннің режимі халыққа қарсы оппозицияда деп санаймын. Мұнымен айналыса бастағаныма түк те өкінбеймін. Меніңше, қазіргі Ресейде дені дұрыс әр адам қазіргі билікке қарсы оппозицияда болуы тиіс, әйтпесе ол өзінің ең қымбат нәрсесі – қазіргісі мен келешегінен, өз елінде құл емес, азамат болу құқығынан айырылады.

Ресейде қылмыстық кодекстің 282-бабы 1-тармағы ("Өшпенділік пен араздық қоздыру") бойынша үстінен қылмыстық іс қозғалған Алтайдың тағы бір танымал тумасы Андрей Тесленко 2014 жылы Украинадан баспана сұраған. Қазір ол АҚШ-та тұрады. Екі жыл бұрын ол әлеуметтік желіде "FBI агенттері келіп, Интерполдың ресейлік бюросы мені терроршы ретінде тұтқындауға өтініш жолдағанын ескертіп кетті" деп айтқан болатын. Бірақ оған ешқандай шара қолданбаған.

("Сибирь.Реалии" сайты тілшісі Ксения Смолякова алған сұхбат орысшадан аударылды.)

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG