НАЗАРБАЕВТАР МЕН БАСҚАЛАРДЫҢ ДЕЛДАЛДАРЫ
Халықаралық жаңалықтар тарататын Euronews.com сайтында жарық көрген “Әлиевтің алаяқтығына қатысты іс қаржылық кеңесшілердің қылмыстық тергеуге тартылуы мүмкін екеіндігін көрсетеді” деп аталған блогта осы айда Лондонда аяқталған Назарбаевтар әулетінің жылжымайтын мүлкі туралы іске қатысты пікір айтылған. 8 сәуірде сот Ұлыбритания қылмыспен күрес агенттігінің (NCA) екі зәулім үй мен бір элиталық пәтерге қатысты “шығу төркіні белгісіз байлық” ордерінің (UWO) күшін жойып, мүліктерді бұғаттан босатқан.
Сотта айтылғандай соңғы қожайындары Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Дариға Назарбаева мен оның ұлы Нұрәли Әлиев болып шыққан Британия астанасындағы үйлердің қандай ақшаға сатып алынғанын анықтау үшін NCA “ордер” құралын қолданған. Назарбаев қызметінен кетсе де биліктің біраз тетігін қолында ұстап отыр деп саналады. Лондонның Жоғарғы соты тергеушілердің “Назарбаевтар үйді сатып алғанда ақшаны заңдастыруға тырысты” деген дәлелдерін негізсіз деп тапқанымен, сарапшылардың көбі Ұлыбританиядағы қымбат үйлердің қожайындарын және ол үйлерді сатып алуға көмектесетін делдалдардың аты-жөндерін анықтауда UWO құралының тиімді екенін байқаған.
“Бұл ордер Ресей бұрынғы Совет одағы елдеріндегі жемқорлықпен байығандарға қарсы [құрал] деп саналатын, ал жақында болған оқиға бұл ордерді мүлде басқа адамдар тобына, атап айтсақ, байларға кеңес беретін тәуелсіз делдалдарға қарсы қолдануға болады деген тұжырымға жетелейді” деп жазды Hickman & Rose заңгерлік кеңсесінің негізін қалаушы Бен Роуз.
Баспасөздің хабарлауынша, сот Назарбаевтардың мүлкі туралы ақпарат беруді талап еткен адамдардың арасында заңгер Эндрю Бейкер де бар. Ол атына екі үй тіркелген Панамадағы қорды басқарды деген дерек бар. NCA-дың мәліметі бойынша, Бейкер Назарбаеваның бұрынғы күйеуі, марқұм Рахат Әлиевпен “байланыста” болған. Ал Бейкер болса бұған “тек әділет жолымен жүретін адвокатпын” деп жауап қатқан. Euronews.com мәліметінше, Лондонның жоғарғы соты Бейкерді ақтаған.
Өткен аптада британдық Financial Reporter сайтында жарық көрген “Біз неге UWO-ға ерекше мән беруіміз керек?” деген материалда Эндрю Бейкер қазір Лихтенштейнде тұратын, “ондаған миллион фунт ақшаны заңдастыруға қатысқан” қаржы консультанты деп сипатталған (Лондон соты бұл көзқараспен келіскен жоқ).
Бұл – бай адамдарға кеңес берген заңгердің UWO құрығына алғаш ілігуі.
2018 жылғы қыркүйекте NCA-дың экономикалық қылмыспен күрес бөлімінің басшысы Дональд Тун журналистерге қылмыстың “кәсіби жандайшаптарын” табу үшін заңның күшін пайдаланамыз деген. Ол кезде заңгерлердің көбі бұл мәлімдемеге қырын қараған, дегенмен Назарбаевтардың үйлеріне қатысты іс оның діттеген мақсатына жетпей қоймайтынын аңғартса керек.
“Әлиев ісі бай клиенттерге көмектескенде кәсіби кеңесшілердің жасаған жұмысы үшін UWO-ға қатысты болатынын көрсетті. Бұл мамандарға қылмысқа жәрдемдесті деген негізсіз айып арқаламау үшін аса сақтықпен әрекет еткен артық болмас. Бұл үшін олар мәміледен бұрын, мәміле кезінде және одан кейін әртүрлі шаралар қолдануы керек” дейді Бен Роуз.
СЫНШЫЛАРДЫ ҚУДАЛАУ
Ағылшын тілінде шығатын Eurasianet.org сайтындағы “Қазақстан: үкімет сыншыларды қудалауды бастады” деп аталған мақалада соңғы күндері белсенділердің көп қамалып және тұтқындалып жатқаны туралы жазады. Онда “төтенше жағдай кезінде тәртіп бұзуға шақырған әрекет жасады” деп айыпталып, он тәулікке қамалған Геннадий Крестьянский, “жалған ақпаратты қасақана таратты” деген қылмыстық айыпқа іліккен Әлнұр Ильяшев пен Арман Шораев туралы айтылады (25 сәуірде Шораевқа қатысты істің тоқтатылғаны туралы ақпарат тарады).
“Бір қарағанда соңғы аптада болып жатқан тұтқындауларға көз жіберсек, билік коронавирусқа байланысты енгізілген төтенше жағдайды пайдаланып, қарсы пікірді басып тастаудың ескі әдістерін қолданып жатқандай көрінеді” деп жазады Eurasianet.org.
Соның ішінде бір оқиға арнайы күштердің бұрынғы президент Назарбаевқа қатысты сыни пікірмен күресте қандай әрекеттерге баратынын айғақтап берді. 20 сәуірде Қарағанды соты “тұңғыш президенттің абыройы мен ар-намысына тиді” деген қылмыстық іс бойынша тергеу жүріп жатқанда Арман Хасеновті қамауда қалдыру туралы шешім шығарды. Соның алдында Хасенов экс-президент пен оның отбасы мүшелерінің атына өткір сын айтқан видеожазба таратқан еді.
“Елбасы және Қазақстанның тұңғыш президенті деген институтталған мәртебелерін сақтап отырған Назарбаевқа тіл тигізген адамдар үш жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қоғамның қатардағы мүшесінің жай сынына қарсы шара қолданғанының өзі экономиканың ахуалы нашарлап бара жатқанда наразылықтың өршуіне биліктің қаншалық сергек қарайтынын аңғартады” деп жазады Eurasianet.org.
“ҚЫТАЙ ӘЛЕМІ”. ПАНДЕМИЯДАН ҚЫТАЙ ҰТА МА?
Америкада шығатын Foreign Policy журналында жарияланған “Пандемия Қытайдың Еуразияны бақылауын күшейтуі мүмкін” деген мақалада пандемияның Батысты әлсіретіп, ал Пекиннің “қытай әлемін” қалыптастыруына жағдай жасап жатқаны туралы айтылған.
Автордың ойынша, Қырымды аннексиялағаны үшін Батыс Мәскеуге санкция салған соң Қытай мен Ресейдің арасы тым жақсарып кеткен. Шығысқа көз тіккен Кремль Пекинді өзінің одақтасы әрі әріптесі деп атады.
“Коронавирус екі алып көршінің арасында әлі де бар сенімсіздікті ашық көрсетіп берді. Қытай Ресейді өзімен немесе АҚШ-пен әлемдегі көшбасшылық үшін таласқа түсе алатын ұлы держава ретінде қарастырмайды. Ресми түрде жиі айтылмаса да, Қытайдың ең ашық деген сарапшылары оңаша әңгімеде бұл елді халқының саны азайып, жемқорлық өршіп, мұнай мен газ саудасына кіріптар болып, ұзақтан бері құрдымға кетіп бара жатқан мемлекет деп қарастырады” делінген мақалада.
Алғаш Уханьда коронавирус бұрқ еткенде Ресей Қытаймен арадағы құрлықтағы шекараны жауып, қытай студенттерінің көбін елінен шығарып жіберді. Ресей ресми түрде Қытайдың вируспен күрес шараларына жоғары баға берген. Дегенмен сахна сыртында “жоғары лауазымды шенеуніктер қытайлық әріптестері таратқан пандемия туралы ақпараттың ауқымы мен сапасына көңілі толмайтындарын” айтқан. Орталық Азия елдері басшыларының да реакциясы соған ұқсас болды.
“Арада бірнеше апта өткенде жағдай мүлде өзгеріп шыға келді. Пандемиядан болған қауіп-қатермен күресіп жатқан Ресей мен Орталық Азия елдері үшін Қытайдың маңызы бұрынғыдан арта түсті” деп жазады Foreign Policy.
Ресейде коронавирус жұқтырғандар мен одан қайтыс болғандардың саны артып барады, жақсы қаржыландырылмайтын денсаулық сақтау жүйесіне дағдарыс қаупі төніп келеді. Мұнай бағасының арзандауы жағдайды тіпті ушықтырып жіберді. Көп қаржы қоры жоқ Орталық Азия елдерінің халі тіпті мүшкіл.
“Осындай қиын жағдайда Қытай шынымен де, тығырыққа тірелген режимдер үшін сырттағы ең маңызды әріптеске айналып барады. Біріншіден, Еуропа мен АҚШ-пен салыстырғанда Қытай экономикасын жылдам көтеріп алады деген болжам Ресей мен Орталық Азиядағы шикізат экспорттаушыларға үлкен үміт ұялатып отыр. […] Екіншіден, Еуразиядағы өздеріне сенімсіз басшылардың көбі қоғамды бақылау мен қадағалаудың қытайлық моделін қайталауға ниетті”, деп жазады Foreign Policy.
Hikvision және Huawei сияқты қытайлық компаниялар кісіні бет-жүзінен тану технологияларына негізделген өнімдерін пандемиядан бұрын-ақ аймақтағы авторитар басшыларға сатып жүрген.
Қарай отырыңыз: Face pay. Нұр-Сұлтан автобустарына Қытай камераларын орнатпақ (17 қазан 2019 жыл).
Мақала авторының жазуына қарағанда Қытай қазір-ақ саудадағы позициясын нығайтып келеді. Қытай кеденінің бірінші тоқсанға қатысты мәліметтеріне қарасақ, Пекиннің сыртқы әлеммен арадағы тауар айналымы 8,4 пайызға азайған, есесіне Ресеймен арадағы сауда - 3,4 пайызға, ал Қазақстанмен – 17,8 пайызға артқан.
“Пекин өздерін барған сайын әлжуаз сезініп келе жатқан режимдерге саяси бақылаудың жаңа түрлерін орнатуға көмектесетін аса маңызды технология мен құралдарды жеткізіп отыратын, Еуразиядағы экономикалық өсімнің басты қозғаушысы ретіндегі рөлін күшейтуге ынталы. Бір қызығы, вирустың таралуы Қытайды Пекинге бағытталған, Еуразияның үлкен бөлігін қамтитын аймақтық тәртіп – Pax Sinicaны ("қытай әлемін". - Ред.) құруға бір табан жақындататын сияқты” деп жазады Foreign Policy.
PAX SINICA, ПАНДЕМИЯ ЖӘНЕ ТЕМІРЖОЛ
Америкадағы Jamestown Foundation сараптама орталығы Қытай ықпалының және бір аспектісі – Еуропаға Ресей емес, Орталық Азия арқылы өтетін теміржол тасымалының балама бағыттары туралы сөз еткен. Қытайдың “Бір белдеу – бір жол” бастамасы аясындағы инфрақұрылымды дамытуға Қазақстан қолдау көрсетіп отыр.
Деректі фильм: Жаңа Жібек жолы: даму ма, алдану ма? (23 қаңтар 2018 жыл).
“Қытайдың Орталық Азиада теміржолды дамытуға назар салуы тек бағаға ғана емес, геосаяси жоспарға негізделген. Қытай мен Еуропа арасындағы теміржол қатынасы артуының геосаяси салдары қазір-ақ байқалып жатыр, ал бір-екі жылдан соң Иран бағыты ашылып жатса, жағдай мүлде өзгеруі мүмкін. Қытай Орталық Азиядағы басты күшке айналады, ал Ресей ықпалын сақтап қалуға тырысады”, деп жазады автор.
Болашақта Қытай Орталық Азия елдерін теміржол табанының халықаралық стандарттарына өтуге мәжбүрлеуі мүмкін (бұл стандартты Қытай мен Еуропа қолданады, ал бұрынғы Совет одағы елдерінде теміржол табаны жіңішке), немесе қазір жатқан ресейлік жолдардың жанынан стандарт жол жүргізеді. Мәскеу өзіндегі теміржол табанын өзгертуге қарсылық танытып, басқа постсоветтік елдердің де жаңа стандартқа көшуіне мүмкіндік бермей отыр. Ресейдегі кейбіреулер қазірдің өзінде Қытайдың теміржол арқылы Орталық Азияда Pax Sinica орнатуға жақын қалғанын айтады. Мәскеу бұған қарсы болып келеді, дегенмен, оның бұл процесті тоқтатуға шамасы жете қоймас дейді автор.
Пандемия өршіп, көп ел қозғалысты шектеп жатқанына қарамастан, шегініп отырған Қытай жоқ: жақында Ташкенттен шыққан пойыз батысқа жол тартып, Баку – Тбилиси – Карс жолы арқылы бірнеше күн ішінде Түркияға жетті, ол жерден Босфордағы Мармарай ұңғыжолы арқылы Еуропаға еркін өтуге болады.
“Пандемия да, онымен ере келген экономикалық дағдардыс та аяқталғанда Ресей Орталық Азия мен Ирандағы ықпалының бұрынғыдан да әлсіреп кеткенін байқайтын сияқты. Себебі Қытай екі бағыттағы теміржол қатынасын ұлғайтып, саяси рөлін де арттырып жатыр” деп топшылайды Jamestown Foundation.
Euronews.com сайтындағы мақала 27 сәуірде толықтырылып, Лондон соты Эндрю Бейкерді ақтағаны жайлы ақпарат қосылған. Сондықтан осы мақаланың бесінші абзацына түзету енгізілді.
ПІКІРЛЕР