Accessibility links

Қытайдың жекеменшік әскері және "саяси тұрақсыздық қаупі бар" Қазақстан


Қытайдың жекеменшік әскери компания жауынгерлері жаттығу үстінде (скиншот).
Қытайдың жекеменшік әскери компания жауынгерлері жаттығу үстінде (скиншот).

​​​​​​​Осы аптада халықаралық БАҚ Қытайдың Орталық Азияға жекеменшік әскери құрылымдар жіберу мүмкіндігін саралады. Түрлі сарапшылардың талдауына сүйенген шетел басылымдары Қазақстанды "саяси тұрақсыздық болуы мүмкін" елдер қатарына қосты және елдегі заң үстемдігі тым әлсіз деген қорытынды жасады.

ОРТАЛЫҚ АЗИЯҒА ҚЫТАЙДЫҢ ЖЕКЕМЕНШІК ӘСКЕРІ КЕЛЕ МЕ?

Америкалық Jamestown қорының Еуразия жөніндегі сарапшысы Пол Гобл Қытай Орталық Азияға жекеменшік әскери құрылымдар жіберуі ықтимал деген мәселені тағы қозғады. Әзірге әңгіме тек Қырғызстан туралы, бірақ автор бұл бүкіл Орталық Азия аймағына ортақ мәселе екенін жоққа шығармайды.

Оның пікірінше, "жергілікті билік органдарының әлсіздігін пайдаланған" Ресей "ықпалын жүргізу үшін" Украина, Сирия және Африка елдері сияқты "орталық үкіметі әлжуаз я тиімсіз жұмыс істейтін мемлекеттерде" "осындай тәуелсіз құрылымдарды не олардың симулякрларын" пайдаланып келеді. Ал АҚШ сияқты өзге елдер мұндай құрылымдарды ресми әскерге көмекші ретінде қолданады. Қытай Африканың кей елдерінде аздап болса да осындай әдіске барған. Енді Пекин "мүдделерін қорғау үшін не өз ықпалын жүргізу үшін" Орталық Азиядағы "саяси тұрғыда тұрақсыз" Қырғызстанға бұл тәсілді қолдануы ықтимал деген болжам бар дейді автор.

"Бір белдеу - бір жол" саммитіне қатысып жатқан мемлекет басшылары. Пекин, Қытай. 27 сәуір, 2019 жыл.
"Бір белдеу - бір жол" саммитіне қатысып жатқан мемлекет басшылары. Пекин, Қытай. 27 сәуір, 2019 жыл.

Гоблдың жазуынша, "Қырғызстанға Қытайдың "жекеменшік әскери компаниялары" келе қойған жоқ, бірақ Ресей сарапшылары олар жақында пайда болып, Мәскеуге проблема тудыруы ықтимал деп болжайды".

Пекинді Орталық Азияға "бейресми әскери құрылым" жіберуге итермелейтін екі себеп бар. Олардың бірі – Қытайдың экономикалық мүдделерін қорғау. "Қырғызстандағы саяси тұрақcыздық ондағы Қытай мүдделеріне қауіп төндіреді. Пекин көрші елге өте көп инвестиция салды, сондықтан ол жалғасып жатқан берекетсіздік ондағы экономикалық және саяси ықпалына кесірін тигізеді деп қауіп етеді" деп жазады автор.

Қытайды мұндай қадамға итермелейтін екінші фактор – Орталық Азиядағы Қытайға қарсы көзқарас. "Қырғыздардың көбі Қытайдың Шыңжаңдағы мұсылман халқына жасап жатқан қысастығына (ұйғыр, қазақ, қырғыз сияқты мұсылмандарды "саяси үйрену лагері" деп аталатын жабық мекемелерге күштеп қамау – Ред.) ашулы. АҚШ үкіметі және адам құқықтарын қорғайтын көп ұйым мұны "геноцид" деп атаған". Автордың айтуынша, Бішкек бұл үшін Қытай басшылығын сынап отырған жоқ. "Қытайдың мұсылмандарға жасап жатқан әрекеті туралы жаңа мәлімет шығып, Бішкекте және Орталық Азияның басқа елдерінің астаналарында жаңа буын өкілдері билікке келгенде бұл [ұстаным] өзгеруі мүмкін" деп болжайды Пол Гобл.

"МҰНАЙ САУДАСЫНА ТӘУЕЛДІ ЕЛДЕРДЕ САЯСИ ТҰРАҚСЫЗДЫҚ БОЛУЫ МҮМКІН"

"Қазба отыннан бас тартудың жаһандық үрдісіне бейімделмеген, мұнай саудасына тәуелді елдерде тұрақсыздық қаупі бар". Осындай болжам жасаған Verisk Maplecroft тәуекелді талдау ұйымы қатер төнуі мүмкін деген елдер қатарында кейбір Африка және Азия мемлекеттерімен қоса Қазақстанды да атады.

Ұйымның 2021 жылғы саяси тәуекелдер жөніндегі есебі "Бәсекеге қабілеті төмен мұнай өндіруші елдер үшін энергетикадағы транзит саяси дүрбелең әкелуі ықтимал" деп аталады. Британдық Guardian басылымы осы есепке шолу жариялады.

"Энергетикалық транзиттің жылдамдауы және Covid-19 [пандемиясының] соңғы жылдардағы мұнай [өндіруді] кері кетіруі экономикасын қазба отыннан өзге [өнімдермен] әртараптандыра алмаған елдердің заманы өтіп бара жатқанын айғақтады" деп жазылған есепте.

Каспий теңізі жағалауындағы Қашаған мұнай кеніші маңында тұрған мұнай танкерлері.
Каспий теңізі жағалауындағы Қашаған мұнай кеніші маңында тұрған мұнай танкерлері.

Саяси тұрақсыздық болуы ықтимал мемлекеттер деп ең алдымен Алжир, Ирак және Нигерия аталады. "Бұған қоса Чад пен Қазақстан да саяси дүрбелең болу қаупі жоғары елдер қатарына жатқызылды, себебі энергетика транзиті олардың экономикасын жұтып жатыр" деп жазады Guardian.

"Автократиялық я жартылай автократиялық әлжуаз саяси режим қалыптасқан" Ангола, Габон, Конго және Экваторлық Гвинея да "қауіпті ел" деп аталған.

Бұл мемлекеттердің мүмкіндіктерін бағалауда сарапшылар сыртқы сауда шығындарын, елдің экономиканы әртараптандыру мүмкіндігін және саяси тұрақтылық деңгейін есепке алған.

"Бұл нарықтар үшін жай қарап отыру жарамайды, ойын ережесі өзгерді. Энергетика транзитінің артында тұрған басты күш – климаттың жылынуын тоқтатуды талап еткен саяси және қоғамдық қысым" дейді Verisk Maplecroft-тың аға ғылыми зерттеушісі Франка Уолф.

ЖАСЫЛ ЭКОНОМИКА vs ТЕҢСІЗДІК, КЕДЕЙЛІК, ЖҰМЫССЫЗДЫҚ

Өнеркәсіп өндірісін арттыру, транспорт логистика, ақпараттық технология салаларын дамыту, жасыл экономикаға бет түзеу, медициналық туризмді қолға алу. Diplomat басылымында Қазақстан үкіметінің 2025 жылға дейінгі стратегиялық жоспарына шолу жасаған Уилдер Алехандро Санчес Нұр-Сұлтанның алдағы жылдарға осындай амбициялық жоспар құрып отырғанына тоқталады. Дегенмен, автордың айтуынша, Қазақстан кейбір көрсеткіштер бойынша әлі тым артта келеді, оның үстіне аймақтар арасында алшақтық көп, өңірлерді кедейлік пен жұмыссыздық жайлаған.

Стратегиялық жоспарда үкімет "экономиканы әртараптандыруды әрі қарай жалғастыруды" көздейді. Ол үшін Қазақстан технологияға мол инвестиция салып, өнеркәсіп тауарларын көп экспорттауға және транспорт, логистика, аэроғарыш, инжиниринг, ақпарат және коммуникация технологиялары және тіпті медициналық туризм сияқты "жаңа" салаларға басымдық бермек. Бұған қоса үкімет "3D принтер, автомат дрон және сенсор сияқты құрылғыларды сатып алып, пайдалану арқылы" зауыттар мен жекеменшік бизнес мекемелерін модернизациялауды жоспарлап отыр.

Нұр-Сұлтандағы халықаралық Expo2017 көрмесі өткен "Нұр Әлем" сферасы. Көрме тақырыбының бірі жасыл экономика болды.
Нұр-Сұлтандағы халықаралық Expo2017 көрмесі өткен "Нұр Әлем" сферасы. Көрме тақырыбының бірі жасыл экономика болды.

Жоспарда Қазақстанның оңтүстігіндегі Түркістан облысын Өзбекстанмен бірлескен туристік дәлізге айналдыру туралы айтылған. "Әлем әлі Covid пандемиясымен күресіп жатқан тұста аймаққа сырттан қанша турист тарту мүмкін болары түсініксіз" деген автор бұл жоспарға күмәнмен қарайды.

Бұған қоса, Қазақстан медициналық туризмді де қолға алуды көздеп отыр. Дегенмен "құжатта шетелдіктер Қазақстанға қандай медициналық қызмет түрлері үшін келетіні туралы нақты айтылмайды" деп жазады Санчес.

Қазақстан басшылығы 2025 жылға дейін "Заң үстемдігі индексінде" (Rule of Law Index) 55-60 елдің, экономиканың кешенділігі (index of the complexity of economy) бойынша 55 елдің қатарына қосылуға ниетті. Алайда, бұл рейтингтерде Қазақстан қазір сәйкесінше 62 және 93-орындарды иеленіп отыр.

Автордың айтуынша, үкімет "ел аумағы бойынша тұтас дамуда теңдіктің жоқ екенін мойындайды". Мәселен, Алматы қаласы елдегі өндірілетін өнімнің 20 пайызын шығарса, тұтас Солтүстік Қазақстан облысы тек 2 пайызын ғана береді.

"Өкінішке қарай, өнеркәсіптің, инфрақұрылым мен жұмыс табу мүмкіндіктерінің жоқтығынан Қазақстанның оңтүстігіндегі Жаңатас сияқты қалалар шектен тыс кедейлік пен жұмыссыздықтан жапа шегіп отыр" деп жазады Diplomat.

"ЕКІ ШЫНАЙЫЛЫҚ ЕЛІ"

"Қазақстанның халықаралық арбитраждағы өзімбілермендігі оның инвестиция салуға ыңғайлы ел болуға талпынысына көлеңке түсіреді". Халықаралық әділдік жүйесін зерттейтін лондондық 9 Bedford Row International фирмасының Қазақстан туралы есебін талдаған Diplomat осындай ой түйеді.

Есеп авторлары Стивен Кей мен Джон Траверси судья, прокурор, адвокаттарға тренинг өткізу жобасының аясында 2006 жылы Қазақстанда болып қайтқан. Ол кезде Қазақстан алқабилер сотын енгізіп, үлкен реформаны қолға алып жатқан. Авторлар араға 15 жылдай уақыт салып, елдің құқықтық реформа ісіндегі жетістіктерін бағалапты.

Олардың тұжырымы бойынша, "әділдікке, жемқорлықпен күреске бағытталған, адам еркіндігі мен құқықтарын қорғайтын нақты заңдарды жемқорлықтан, баспасөз еркіндігінің шектелуінен және құқық қорғау органдарының жүгенсіздігінен жапа шегіп отырған [Қазақстандағы] шынайы жағдай үнемі жоққа шығарады". Авторлардың жазуынша, "Қазақстанның әділет министрлігі шетелде шыққан, елдің ұстанымына қайшы келетін сот шешімдерін елемейді..."

Заңгерлер Дүниежүзілік банктің "бизнес жүргізуге ыңғайлы ел" рейтингіндегі Қазақстанның 25-орнына, ұйымның оған берген жалпы бағасына күмәнмен қарайды. Әсіресе Дүниежүзілік банктің "келісімшарттардың орындалуы" категориясы аясында "сот процестерінің сапасына" өте жоғары баға беруі күмәнді деген авторлар елдегі шынайы жағдай Қазақстанды инвестиция салуға ыңғайлы аймақ етіп көрсеткісі келетін ұстанымнан мүлде бөлек деген тұжырымға келеді.

"Қазақстан – екі шынайылық елі, оның бірнші жағында қарапайым азамат болса, екінші басында – элита мен сыртқы әлем тұр" деген авторлар Қазақстанды "өзіне қарсы шығарылған шешімдерді жоққа шығарып", "істі өзіне ыңғайлы юрисдикцияларға бұруда шектен тыс әрекеттерге баратын ел" деп сипаттаған. Соның бір мысалы ретінде сарапшылар Қазақстанның мұнай саласына инвестиция салған Молдова тумасы Анатол Статидің ісін келтіреді. Ол Қазақстанның мемлекеттік органдары өзін "мұнай комппаниясын тым арзанға сатуға мәжбүрледі" деп, үкіметпен соттасып жүр. Стати бірнеше мемлекетте Қазақстанға қатысты шыққан сот шешімін күшпен орындатуға күш салып келеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG