Accessibility links

Интернет бұғатталғанда қаржы орталығы ашылды


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Астана" халықаралық қаржы орталығын ашу салтанатында сөйлеп тұр. Астана, 5 шілде 2018 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Астана" халықаралық қаржы орталығын ашу салтанатында сөйлеп тұр. Астана, 5 шілде 2018 жыл.

Батыс баспасөзі сот шешімімен "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысына тыйым салынғаннан кейін әлеуметтік желілерге кіру қиындағанына қатысты қолданушылар реакциясын, "Астана" халықаралық қаржы орталығы ашылуын талдап, қазақстандық ENRC компаниясы мен Трамптың бұрынғы адвокаты іліккен дауды талқылаған.

ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРГЕ КІРУ ҚИЫНДЫҒЫ

Ағылшын тілінде шығатын Eurasianet.org сайты "Президенттің қарсыласы онлайн эфирге шыққан кезде Қазақстан интернетті өшіріп тастайды" деген мақаласында Қазақстанда "кейінгі төрт айдан бері" кешкі мезгілде әлеуметтік желілерге кіру қиындап кеткені туралы жазған.

"Жұрт жұмыстан үйіне келетін кешкі сағат сегізден кейін Facebook, YouTube, Twitter және Telegram тәрізді хат-хабар алмасатын қосымшалардың жұмысы екі сағат бойы баяулайды немесе мүлде жұмыс істемей қалады. […] Интернетті күнде кешкісін бұғаттаудың ҚДТ-ға [Қазақстанда тыйым салынған ұйым] қарсы тағы бір қару екенін билік ашық мойындайды" деп жазған Eurasianet.org.

Әлеуметтік желілерге кірудің қиындап кетуі Қазақстанда "әдеттегіден өзгеше наразылыққа ұласып отыр", ал "бұған ҚДТ-ны қолдаудан мүлде аулақ адамдардың ызасы келеді" деп жазған Eurasianet.org.

Мысалы, интернет байланысының нашар сапасына қатысты шағымдар қолданушылар пікірінше, "сапасы нашар қызмет" көрсететін компанияға түсіп жатыр. Бірақ, "тыйым салынған материалдарды шынымен көргісі немесе YouTube тәрізді танымал сайттарға салынған тосқауылды айналып өткісі келетіндер мұны оп-оңай істей алады" деп жазған Eurasianet.org.

Қазақстанның ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев.
Қазақстанның ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев.

Қазақстандағы халықаралық адам құқығы және заң тәртібі бюросы шығаратын бюллетень редакторы Сергей Дувановтың пікірінше, "интернет-цензура ақысы төленген қызметті пайдалана алмай отырған адамдардың наразылығын тудырып отыр, ал интернетті бұғаттаудың артында Қазақстан азаматтарына ақпарат беруді қамтамасыз етеді деген айқын мақсатпен 2016 жылы құрылған Ақпарат министрлігінің тұрғаны күлкілі" делінген мақалада.

18 МИЛЛИОН ХАЛЫҚҚА ЕКІ БИРЖА МА?

Ұлыбританиялық Reuters жаңалықтар агенттігі сайты "Белдіктің айылбасы" рөліне ұмтылған Қазақстан Қытайдың қолдауымен қаржы орталығын іске қосып жатыр" деген мақаласында Астанада халықаралық қаржы орталығының (ХҚО) ашылуына байланысты комментарий жазған әрі оны "ірілеу ұлттар мен бүкіл Орталық Азия бойынша тартылған шетелдік инвестицияға арналған қақпа арасында Люксембург стиліндегі делдалға айналғысы келетін қазақстандық амбицияның бір бөлігі" деп атаған.

ХҚО-да жанжалдарды реттеу жөніндегі қызметті құнды қағаздар саудасынан бөлек, "соттар тәуелді әрі әділетсіз" деп жиі шағынатын өзге қазақстандық компаниялар да пайдаланатын болады деген үміт айтылып жүр. Бұдан бөлек, ХҚО Қытай және Ресей компаниялары арасында арбитраж ретінде төрелік ете алады.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Астана" халықаралық қаржы орталығының ашылу салтанатында. Астана, 5 шілде 2018 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Астана" халықаралық қаржы орталығының ашылу салтанатында. Астана, 5 шілде 2018 жыл.

"Дегенмен Астанада құнды қағаздар саудасы шын мәнінде басталғанға дейін бірнеше ай керек болуы мүмкін, ал сауда басталған кезде ол онсыз да шектеулі өтімділік қорына ортақтасып, екі биржа арасында бөліске салатын болады" деп жазған Reuters әрі Батыстағы бір компанияның басшы қызметкерінің "18 миллион халқы бар ел үшін екі биржа "тым көптік етеді" деген пікірін келтірген.

АДВОКАТТАР МЕН ENRC АРАСЫНДАҒЫ ДАУ

Британдық Financial Times газеті "Адвокаттар кеңсесі ENRC компаниясын пара берді, санкцияны айналып өтті және бағаны әдейі шарықтатты деп айыптайды" деген мақаласында "еуразиялық үштік" – Машкевич, Шодиев және Ибрагимов қожайыны саналатын қазақстандық ENRC ірі компаниясы мен олардың әлемдегі Dechert ірі адвокаттық фирмасындағы бұрынғы заңгерлерінің арасында Лондон сотында басталған процесс пен олардың бір-бірін айыптаулары туралы жазған.

ENRC компаниясының аға менеджерлері Африкадағы жоғары лауазымды тұлғаларға пара беруді басқарған, санкция талаптарын бұзған және үлестес компанияларды сатып алу кезінде артық ақша төлеген

"ENRC компаниясының аға менеджерлері Африкадағы жоғары лауазымды тұлғаларға пара беруді басқарған, санкция талаптарын бұзған және үлестес компанияларды сатып алу кезінде артық ақша төлеген" делінген сотқа тау-кен өндірісі тобының бұрынғы заңгерлері берген құжаттарда. Оларда Ұлыбританияның аса ірі қаржы алаяқтық әрекеттерге қарсы күрес агенттігі (Serious Fraud Office - SFO) тексеріп жатқан ENRC "Конго Демократиялық Республикасындағы коррупциялық сипаттағы бизнес мәмілелерге қатысқан деген күдікпен жуырда АҚШ тарапынан санкцияға іліккен израильдік миллиардер бизнесмен Дэн Гетлерге 40 миллион доллар көлемінде ақша берген" деп жазған Financial Times.

SFO тексеріп жатқан "ірі минералогиялық нысандарды сатып алуға байланысты алаяқтық әрекеттерге, пара беруге және коррупцияға" қатысты айыптарды ENRC компаниясы жоққа шығарады әрі адвокаттық кеңсе мен оның негізгі серіктерінің бірін "келісім шарттарын бұзды, фидуциарлық міндеттерін орындамады және құнтсыздық танытты" деп айыптап, сотқа берді. Бұған қоса, ENRC өкілдері "мемлекеттік өкілеттігін асыра пайдалану" сияқты бірқатар шағым бойынша SFO агенттігіне қарсы азаматтық сот өндірісін бастауға ниетті және агенттік әрекеттерін тәуелсіз тексеруге шақырған.

Бұған дейін Financial Times басылымы ENRC-нің шағымы бойынша Dechert фирмасы үстінен қозғалған істің жай-жапсары туралы жазып, оны "бәлкім, бұл – кейінгі 10 жылдағы құпия ақпарат туралы ең үлкен іс" деп атаған. Әңгіме өз клиенттері туралы адвокаттар берген құпия ақпаратты SFO бюросына беруді ұйғарған Ұлыбритания жоғарғы сотының "ақ жағалылардың қылмыстарын" тексеруге маманданған адвокаттар мен корпоративтік заң бөлімдерін қайран қалдырған" шешімі жайлы туралы болып отыр.

ТРАМПТЫҢ БҰРЫНҒЫ АДВОКАТЫНЫҢ СЫРЫ

Америкалық Washington Post газетінде "Біз тәрізді заңгерлерге Майкл Коэн Трампты сатып жіберуге дайын тұрғандай көрінеді" деген мақала шықты. Оның авторлары – президент Барак Обама тұсында Ақ үйде этика мәселелері бойынша адвокат болып істеген Норман Ейсон, Kramer Levin Naftalis and Frankel адвокаттар кеңсесінің сот бөлімінің теңтөрағасы Бэрри Берк және бұрын федералдық прокурор болып жұмыс істеген, қазір Kramer Levin Naftalis and Frankel кеңсесі заңгері Дэни Джеймс үшеуінің пікірінше, президент Дональд Трамп пен Ресей арасындағы ықтимал байланысты тексеріп жатқан арнайы прокурор Роберт Мюллердің тергеуі "Ақ үйге анық қатер төндіре бастаған". Олардың пікірінше, Трамптың бұрынғы адвокаты әрі серігі Майкл Коэн "президентті "сатып жіберуге", билікпен ынтымақтасуға және негізгі куәгерге айналуға тырысуы мүмкін".

Майкл Коэн.
Майкл Коэн.

"Президентке кесірі тиетін ақпарат" өзге ешкім емес, "Трамптың үлестіруші шебері" рөлін атқаруына байланысты дәл осы Коэннің қолында болуы мүмкін" делінген мақалада. Заңгерлер "Трамп туралы ақпарат саяси, іскерлік және жеке басына қатысты ақпарат деп үш категорияға жіктелетін болады" деп санайды. Коэн Ресейге қатысты көптеген мәселелерді, оның ішінде, 2016 жылы Трамптың президенттік кампаниясы кезінде Мәскеуде Трамп мұнарасын салуды талқылауға қатысқан, бұған қоса, 2017 жылы Ресейге салынған санкцияларды алып тастауға делдалдық еткен, екі жыл бұрын Прагада ресейліктермен кездескен деген болжам бар. Саяси мәселелерден бөлек, Коэн бизнеске байланысты да өзге күмәнді мәмілелерге қатысқан болуы мүмкін: "[Трамп] Ресейден бөлек, көп жылдар бойы өзге елдерден, мысалы, ол істес болған адамдар коррупцияға қатысты айыптауларға іліккен Индонезия, Үндістан, Бразилия және Қазақстан мен Грузиядан мәміле жасасу жолдарын іздеген немесе мәмілелер жасасқан" деп жазған Washington Post.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG