АҚШ-тың New York Post газеті «Соходағы қымбат мейрамханада Қазақстан президенті бойындағы «Бораттың» болмысын танытты» деген мақалада Нұрсұлтан Назарбаевтың сәуірдің басында Нью-Йоркте ішкен кешкі асы жайлы жазған. Журналистер Қазақстан билігінің шамына тиген фильмдегі британдық актер Саша Барон Коэннің ойдан шығарған кейіпкері – «қазақстандық журналист» Борат Сағдиев бейнесін қайта жаңғыртты.
«Манхэттендегі кешкі ас кезінде қауіпсіздік шараларын күшейтуге алдын ала қам жасаған Қазақстан президентінің қылығына тіпті Бораттың өзі күлер еді. Дереккөздің хабарлауынша, Орталық Азияның өктем лидерлерінің бірі Сохо мейрамханасындағы даяшыларды жеке малайларына ауыстыруды әрі ыдыстарды арақпен шайып залалсыздандыруды талап еткен, ал дәрігерлер қауіпті ештеңе жоқтығына көз жеткізу үшін тамақтың әр түйірін тексеріп шыққан» деп жазады New York Post газеті.
Мақалада құпия куәгердің Mamo мейрамханасындағы қонақасыда «[АҚШ] құпия қызметінен сегіз адам, [президенттің] жеке күзетінен 15-20 адам болды» деген сөздерін келтірген. «75 жастағы Назарбаев қазіргі заманның басшысы емес, құдды ежелгі заманның әміршісіндей қызметшілеріне тіпті ішетін тамағын да тексеруді тапсырған» деп жазады New York Post.
Газеттің жазуына қарағанда, тағамдардың бәрі тексеруден сәтті өтіп, президент және онымен бірге ауқаттанған «ең жақын отбасы мүшелері» астан «үлкен әсер алғанға» ұқсайды. Басылым дерегінше, дастархан мәзірінде «трюфель [саңырауқұлақтың бір түрі] қосылған пицца, лобстері бар пенне, бургер және қақталған тауық еті» болған. Бұған қоса, газет дереккөзі ыдысты «арақпен шайып залалсыздандыруға не себеп болғаны белгісіз» деп хабарлаған.
«БОРАТ ЖАЙЛЫ ФИЛЬМГЕ ЛАЙЫҚ КӨРІНІС»
Бұл жаңалықты New York Post газетіне сілтеме жасап, Американың Fox News сайты да жариялаған. «Назарбаевтың не себепті қауіпсіздік шараларын соншалықты күшейткені түсініксіз, ал Қазақстан Республикасының бас консулдығы [болған жайтқа қатысты] комментарий беру туралы өтінішімізге жауап бермеді» деп жазады сайт.
Британдық Daily Mail газеті де Нұрсұлтан Назарбаевтың Нью-Йорктегі кешкі асына қатысты комментарий беріп, «Борат» жайлы фильмді еске алған: «Бұл Борат жайлы фильм көрінісіне лайық еді, бірақ осы жолы бәрі шынайы түрде болды» деп жазады.
«Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Нью-Йорктің аса үлкен талғаммен әзірленген тағамдарына қатысты қатты уайымдағаны анық, ақыр соңында ол кештен ләззат алу үшін қаптаған нөкерлерін бірге ертіп әкелді» деп жазады Daily Mail басылымы.
«Қазақстан басшысының неліктен бұлай мазасызданғаны белгісіз. Елді 1991 жылдан бері оппозициясыз басқарып келе жатқан президент бұған дейін өзін сынаған ақпарат құралдарын қудалайды деген айыпқа да қалған» деп жазады Daily Mail.
31 наурыздан бастап 1 сәуірге дейін АҚШ-қа сапармен барған Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ президенті Барак Обаманың бастамасымен өткен ядролық қауіпсіздік саммитіне қатысқан. Мәскеу ол форумға қатысудан бас тартқандықтан, Вашингтон саммитіне жиналған ондаған ел басшылары мен делегациялары арасында Ресей өкілдері болған жоқ.
АҚШ-тағы антиядролық саммит аясында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресеймен интеграция туралы позициясын жариялады. Вашингтондағы брифингте ол Еуразия экономикалық одағы (Ресей, Қазақстан, Беларусь, Қырғызстан және Армения мүше) Совет одағын қайта жаңғырту емес, «таза экономикалық жоба» деп мәлімдеген. Назарбаев «келешекке көз тігуге кедергі келтіретін қырғи-қабақ соғысы жылдарындағы стереотиптерден арылу» қажеттігін айтқан.
Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанда билік басында отырғанына 26 жылға жуықтады. Ресми дерек бойынша, ол 2015 жылы наурызда кезекті рет мерзімінен бұрын өткен президент сайлауында 97,75 пайыз дауыс алған. Қазақстан конституциясы бойынша, Нұрсұлтан Назарбаевтың президент қызметіне сайлануына шектеу қойылмаған.