Accessibility links

"Қытаймен интеграция - Ресей ықпалын азайтудың жалғыз амалы"


Алдыңғы қатарда солдан оңға қарай: Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей президенті Владимир Путин және Қытай президенті Си Цзиньпин. Мәскеу, 9 мамыр 2015 жыл.
Алдыңғы қатарда солдан оңға қарай: Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей президенті Владимир Путин және Қытай президенті Си Цзиньпин. Мәскеу, 9 мамыр 2015 жыл.

Батыс баспасөзі Қытайдың "Бір белдеу - бір жол" жобасының дамуы мен Қорғастың тыныс-тіршілігін сипаттаған. Бұған қоса, Financial Times газетінің Қазақстан астанасын көшіру туралы мақаласына ресми Астананың жауабы жарияланған.

ТҮЗ ДАЛАДАҒЫ ОАЗИС

Америкалық New York Times газеті "Теңіз жолы жоқ Қазақстан – Қытайдың жаңа амбициялық "портына" айналды" деген мақаласында Қытайдың Жібек жолын жаңғыртуды көздейтін "Бір белдеу – бір жол" жобасы және Қорғас пен Нұркенте тұратын жұмысшылардың өмірі туралы жазған.

"[Жібек жолын жаңғырту] үміті – ғаламдық транспорт маршруттарын қайта жүргізу ғана емес, қазақстандық және жаһандық саясатты да сілкіндіру болып саналады, өйткені Ресей өзінің абсолютті ықпал облысы деп санайтын аймаққа Қытай дендей еніп келеді. Бұған қоса, бұл орасан зор амбицияларын іске асыруға Қытай экономикасының шамасын тексеретін сынақ болмақ" деп жазған New York Times. Мақалада Ресей жобаға екіұдай көзқарас ұстанады - "Ресей жобаға бір жағынан жәрдемдесіп, бір жағынан бөгет болып отыр" делінген. Мысалы, Еуразия экономикалық одағын құру Қытайдың өр жоспарына көмектесіп, жүк транзиті мен кедендік процедураларды жеңілдетеді. Бірақ Ресейді аймақта Қытай ықпалының ұлғайып бара жатқаны және Еуропаға апаратын транспорт маршрутын Қазақстан мен Каспий теңізі арқылы әрі Ресейді айналып өтіп салу ықтималдығы алаңдатады.

Қорғас кеден бекетінің Қытай жағы. 18 ақпан 2013 жыл.
Қорғас кеден бекетінің Қытай жағы. 18 ақпан 2013 жыл.

Мақалада Жібек жолын жаңғырту идеясын алғаш рет Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев ұсынғанын жазған. Қытай басшысы Си Цзиньпин оны іске асыру жоспарын 2013 жылы Астанада сөйлеген сөзінде алғаш рет жария еткен болатын.

Қорғас транспорт орталығы "Еуразияның қиыр түкпірі" - Жер бетіндегі теңізден ең шалғай нүктенің іргесінде салынған. Қорғастың маңынан Нұркент деген жаңа шағын қала бой көтерген, қазір ол жерде Қорғаста жұмыс істейтін 1200 адам тұрады. Болашақта оның халқы 100 мың адамға дейін көбейеді деп болжанады.

Ресей жобаға бір жағынан жәрдемдесіп, бір жағынан бөгет болып отыр

Қытайдан теңіз жолы арқылы Еуропаға тауар жеткізу үшін 45-50 күн кетеді, ал Қорғас арқылы поезбен жеткізу кемі екі есе тез болады, бірақ 10 есе қымбатқа түседі. Бірақ бұл ұшақпен тасымалдауға қарағанда, бәрібір арзанға түседі әрі біршама тез.

2017 жылы Қорғас 100 мың стандартты тауар контейнерін, яғни 2016 жылға қарағанда, екі есе көп жүк қабылдаған. 2020 жылға қарай Қорғас арқылы 500 мың контейнер жүк өтеді деп жоспарланған, бірақ тіпті мұның өзі Азиядан теңіз арқылы Батыс елдеріне жөнелтілетін тауар көлемінің бір пайызға жуығын ғана құрайды. Қорғас арқылы өтетін Қытай өнімдерінің көп бөлігі әлі күнге дейін Орталық Азияға, оның ішінде Өзбекстан мен көрші ел базарларына түседі. Бірақ Еуропа оларға қарағанда, әлдеқайда үлкен нарық көзі, сондықтан кейін Қорғастың толық қуатымен жұмыс істеуі үшін қажет трафикке айналады деп жоспарланған.

"Қазақтардың көпшілігінің күмәніне қарамастан, Назарбаев үшін Қытаймен интеграция - Ресей ықпалын азайтудың жалғыз амалы" деп жазған New York Times.

Америкалық Wall Street Journal басылымы "Қытай Голливудтан үстемдігін арттыру үшін Жібек жолын жаңғыртып жатыр" деген мақаласында Қытай жобасының тағы бір қырына – жаңа Жібек жолының сауда маршрутын "Қытай мәдениетін экспорттау үшін", әсіресе кино арқылы пайдалану жоспарына қатысты комментарий жазған.

Қазақтардың көпшілігінің күмәніне қарамастан, Назарбаев үшін Қытаймен интеграция - Ресей ықпалын азайтудың жалғыз амалы

Жобаның "саясатты үйлестіру" және "қаржылық интеграция» сияқты өзге мақсаттарымен қатар, маршрут өтетін елдерде кинофестивальдар мен кино өндірісі арқылы "адамдар арасында байланыс" орнату мақсаты да жарияланған деп жазған Wall Street Journal. Қытай 2049 жылға дейін түрлі жобаларға бір миллиард долларға жуық инвестиция құюды жоспарлайды.

Мысалы, осы жоба аясында "елдердің сауда-саттық және ынтымақтастық тарихы нышаны" ретінде сипатталатын әрі Қытай-Қазақстан бірлесіп түсірген "Композитор" фильмінің түсірілімі аяқталып келеді. Фильмде ХХ ғасырда өмір сүрген әрі Қазақстанда жұмыс істеген қытай композиторы Си Синхайдың өмірі баяндалады. Фильм Қытай басшысы Си Цзиньпиннің музыкант туралы айтқан сөзінен кейін түсіріле бастаған.

"ӨЗ АСТАНАСЫН МАҚТАН ТҰТАДЫ"

Ұлыбританиялық Financial Times газеті "Қазақстандықтар жаңа астанасын шексіз мақтан етеді" деген тақырыппен жариялаған мақаласында Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісі Ерлан Ыдырысовтың газет бұған дейін жариялаған "Мемлекет астанасы даңғойлық жобасына айналған кезде" деген мақаласына қатысты реакциясын жариялаған.

Астанадағы Бәйтерек монументі.
Астанадағы Бәйтерек монументі.

Financial Times 27 желтоқсанда жариялаған әлгі мақала авторлары Египеттің ел астанасын Каирден шөл далаға көшіру ықтималдығы туралы жоспарына қатысты комментариінде астанасын ауыстырған бірнеше елді, мысалы Австралия, Бразилия, Түркия, Қазақстан және Мьянманы мысалға келтірген.

Астананың шамына тиген мақалада "Ұлттық көрме құру мен коррупцияға жол ашатын даңғойлық жобаның соңына түсудің арасында автократиялық режимді байқауға болатын әлсіз айырма бар. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ел астанасын Алматыдан солтүстіктегі түз далаға асығыс салынған қалаға көшіру шешімінің астарында "Ресейдің Қазақстан территориясына көз алартуының алдын алу" сияқты стратегиялық мақсат болды. Бірақ нәтижесінде Астана Назарбаевтың өзі ұсынып, халықаралық сәулетшілердің жобасымен салынған, көшпендінің шатыры бейнесіндегі сауда орталығынан бастап, қазақ фольклорындағы мұнарадаға дейін президенттің портреттерімен көмкерілген ғимараттардан көрінбейтін әлем-жәлем қалаға айналды" деп жазылған.

Ерлан Ыдырысов.
Ерлан Ыдырысов.

Ерлан Ыдырысов астананы көшіру туралы шешімге түрткі болған себептер "мүлде басқа" - Алматы сейсмологиялық қауіпті аймақта әрі елдің шығыс шекарасына жақын орналасқандықтан, "қауіпсіздікке қатысты алаңдаушылық" болды, бұған қоса, астананы көшіру Қазақстанға "советтік кезеңінен арылуға мүмкіндік" берді деп жазған. Елшінің жазуынша, 1999 жылы 281 мың тұрғыны болған Астана халқы 2007 жылы 600 мың адамға жетті, ал қазір ол жерде бір миллионнан астам адам тұрады.

"Бұл даңғойлық жобасы емес. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен қол жеткізген бұл айтулы жетістігін қазақстандықтар шексіз мақтан тұтады. Қалада Назарбаев культі орнықты деу - Лондонның Парламент алаңында орнатылған Уинстон Черчилльдің ескерткішіне қарап осындай ой түюмен бірдей сандырақ" деп жазған Ерлан Ыдырысов.

XS
SM
MD
LG