Accessibility links

Қазақстанды туристер үшін біршама қауіпсіз елге жатқызады


Әлем елдерін аралап жүрген француз инженерлері Антонен Ги мен Ксавье Дегонның электромобилі киіз үйдің жанында тұр. Солтүстік Қазақстан облысы, 2012 жыл.
Әлем елдерін аралап жүрген француз инженерлері Антонен Ги мен Ксавье Дегонның электромобилі киіз үйдің жанында тұр. Солтүстік Қазақстан облысы, 2012 жыл.

Халықаралық басылымдар Астанада өткен Сирия жанжалын реттеу келіссөзінің жаңа кезеңі сәтсіз болғаны және туристер үшін қауіпсіз елдер тізіміне Қазақстан да енгені жайлы жазған.

СИРИЯ КЕЛІССӨЗІ СӘТСІЗ БОЛДЫ

Euronews жаңалықтар сайты "Сирияда "қауіпсіздік аймақтарын" құру келіссөзі сәтсіздікке ұшырады" деген мақаласында шілденің 6-сы күні Астанада өткен Сирия жөніндегі бейбіт келіссөздің бесінші кезеңінің нәтижесі жайлы жазған.

Азаттық бұған дейін хабарлағанындай, Астанадағы келіссөз кезеңі сәтсіз аяқталғаннан соң Сирия үкіметі делегациясын бастап келген Башар әл-Жаафари журналистерге "қауіпсіздік аймақтарына" қатысты келісімге Түркия қарсы болды деп айтқан. Сирия жанжалын реттеу келіссөзіне қатысқан Ресей президентінің арнайы өкілі Александр Лаврентьевтің мәлімдеуінше, Түркияның ресми тұлғалары қарулы көтерілісшілер мен Сирия президенті Башар әл-Асад әскерінің арасын бөліп тұратын аймақтарды құруға қатысу мәселесін үйлестіру үшін қосымша уақыт сұраған.

"Бұл сәтсіздік бүкіл әлем атсалысып жатқан Сириядағы азамат соғысын реттеу ісіне жоспар құрып, жетекшілік етуге ұмытылып отырған Мәскеу үшін кері кету болып саналады" деп жазады Euronews. Бұған қоса, тамыздың аяғында Астанада өткізу жоспарланып отырған кезекті кезеңге дейін ортақ ұстанымға қол жеткізу үшін Ресей, Түркия мен Иранның қатысуымен жұмыс тобы құрылғаны жайлы хабарланды.

Сирияның Ракка қаласында "Ислам мемлекеті" экстремистік тобына қарсы соғысып жүрген күрд жасағы. 3 шілде 2017 жыл.
Сирияның Ракка қаласында "Ислам мемлекеті" экстремистік тобына қарсы соғысып жүрген күрд жасағы. 3 шілде 2017 жыл.

"Ресей, Түркия және Иран Сирияда қауіпсіздік аймақтарын құру жөніндегі ортақ келісімге келе алмады" деген мақаласында Reuters агенттігі де Астана келіссөзінің сәтсіздікке ұшырауына қатысты комментарий берген. "Лаврентьев оңтүстіктегі қауіпсіздік аймағына қатысты жайттарды ол жақта орналасқан көтерілісшілерді қолдайтын АҚШ және Иорданиямен келісу керектігін айтты" деп жазады Reuters.

Бірақ шілденің 7-сінде Гамбургте АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей президенті Владимир Путиннің арасында болған келіссөздерден кейін АҚШ, Ресей және Иордания шілденің 9-ынан бастап Сирияның оңтүстік-шығысындағы бітім және "деэскалация" жайлы тараптар ортақ келісімге келгені туралы жарияланды. "Үлкен жиырмалықтың" Гамбургтегі саммитінде мұны АҚШ мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсон мен Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров та растады, деп хабарлайды Reuters.

АСТАНАҒА МАДАҚ

Германия, Канада, Сингапур және Жапонияда тіркелген In Depth News халықаралық жаңалықтар сайтында Қазақстан дипломатиясының 25 жылдығы құрметіне "Дипломатия Қазақстан астанасы – Астананы әлемге танытты" деген мақала шықты. Мақтау мақаласының авторы Рамеш Джаура жуырда Астанада өткен ШЫҰ саммиті, ЕХРО-2017 халықаралық көрмесінің ашылуы, Астана экономикалық форумы және Еуразия медиа-форумы тәрізді Қазақстанның сыртқы саясатының жетістіктерін тізіп шыққан. Бұған қоса, елдің ядролық қаруды таратпауға қосқан үлесін, түрлі жанжалдарды реттеу келіссөздері, мысалы Украинадағы ахуал бойынша Минск саммитінің екі кезеңі және Сирия бейбіт келіссөздерінің Астанада өткенін Қазақстанның жетістіктері қатарына жатқызған.

EXPO-2017 халықаралық көрмесі аумағындағы нысандар. Астана, 22 маусым 2017 жыл.
EXPO-2017 халықаралық көрмесі аумағындағы нысандар. Астана, 22 маусым 2017 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың БҰҰ-ын реформалау, мысалы штаб-пәтерін Азияға көшіру жайлы ұсынысына қатысты да комментарий берген. "Президент Назарбаев Астана мен еуразиялық ел – Қазақстанды ресми түрде сан алуан мәдени мұрасы бар демократиялық, зайырлы, унитарлы әрі конституциялық республика деп санайтын сыңайлы" деп жазады In Depth News.

Өткен аптада Батыстың бірқатар белгілі басылымдарында осындай сарындағы мақалалар шыққан. Олар америкалық Foreign Policy журналының тілшісі Джеймс Палмер биылғы маусымның 15-і күні шығыны тым көп, ал бірақ жұмсалған "бес миллиард доллардың" нәтижесі мардымсыз ЕХРО-2017 көрмесін Қазақстанның қалай ұйымдастырғаны туралы сыни мақаласы жариялағаннан кейін жарыққа шыққан.

ҚАЗАҚСТАНДЫ ТУРИСТЕРГЕ ҚАУІПСІЗ ЕЛГЕ ЖАТҚЫЗДЫ

Ұлыбританияның Liverpool Echo басылымының сайты "Жаңа баяндамаға сәйкес, бұлар – баратындар үшін ең қауіпті елдер" деген мақаласында Швейцарияда орналасқан "Дүниежүзілік экономикалық форум" үкіметтік емес қорының жуырда жарияланған есебіне қатысты комментарий берген. "Саяхат пен туризмнің бәсекеге қабілеттілігі – 2017 баяндамасында" (The Travel & Tourism Competitiveness Report 2017) туристер үшін "қауіпті" елдердің рейтингі жарияланған.

Аягөз қаласындағы темір жол станциясы. Шығыс Қазақстан облысы, 3 тамыз 2014 жыл.
Аягөз қаласындағы темір жол станциясы. Шығыс Қазақстан облысы, 3 тамыз 2014 жыл.

Баяндамада 136 елді зорлық-зомбылық және терроризм қатері сияқты көрсеткіштер бойынша бағалаған, бірақ бұл тізімге Сирия, Ауғанстан және Ирак енбей қалған, себебі оған ертеден қалыптасқан дәстүр бойынша, әуелі экономикасы дамыған елдерді, сосын ғана дамушы елдерді қосады.

Қазақстан аталған рейтингте 5,5 ұпаймен 58-орында (мысалы, Франция 67-ші, Ұлыбритания - 78, ал АҚШ 84-ші орында) тұр.

Финляндия, БАӘ, Исландия, Оман және Гонконг ең қауіпсіз елдер ретінде аталған. Туристер үшін ең қауіпті елдер қатарына қазақстандықтар жиі баратын Түркия (116-орын), Таиланд (118-орын) және Египет (130-орын) тәрізді елдер енген.

XS
SM
MD
LG