Accessibility links

Қырғызстанда тіл мәселесі шиелене түсті


Мемлекеттік тіл күніне арналған жазу. Бішкек, 23 қыркүйек 2010 жыл
Мемлекеттік тіл күніне арналған жазу. Бішкек, 23 қыркүйек 2010 жыл

Eurasia View басылымы ақпанның 17-сі күнгі санында «Қырғызстанда орыс тілі қоғамдық өмірдің бірқатар саласынан шеттетіліп жатыр» деп жазды. Басылым «бұл саясат жоғары білімді мамандарды Қырғызстаннан кетуге мәжбүрлейді» деген пікірде.


Қырғызстанда қырғыз тілінің қолданыс аясын кеңейтуге деген талпыныс басым болып тұр. Бірақ бұл орыс тілінде сөйлейтіндерге ұнамай отыр. Олардың айтуынша, қырғыз тілін күшейту өздерінің конституциялық құқықтарына нұқсан келтіреді.

АТАУЫН ӨЗГЕРТСЕҢ, АҚШАДАН ҚАҒЫЛАСЫҢ

Қырғызстанның 2010 жылғы конституциясы қырғыз бен орыс тіліне бірдей ресми тіл құқығын бекітіп берген. Орыс тілі «этносаралық байланыс» тілі ретінде танылған әрі ресми құжаттарда қолданылады. Ал қырғыз тілі ұлттық символ әрі мемлекеттік тіл ретінде дамуы тиіс еді. Бірақ орыс тілділер, оның ішінде орыс тілінде сөйлейтін этникалық қырғыздар «биліктің атқару және заң шығару саласындағы ұлтшыл шенеуніктер тілге қатысты заңнамаларды қырғыз тілін білмейтіндерді шеттету мақсатында қолданғысы келеді» деп шағым айтады.
Қырғызстан тек бір ұлтты мемлекетке айналып бара жатыр.

Бұрын Ошта күтуші қызметін атқарған Наташа Антонова Мәскеуден телефон арқылы берген жауабында Қырғызстаннан өткен жылдың күзінде кетіп қалғанын, себебі онда тек орыс тілін білетіндерге жұмыс табудың қиын екенін айтқан. Бұрынғы күтуші: «Бұл ұлттық саясаттың азшылық топтарды ығыстырып шығаратын түрі бар. Тек этникалық орыстар ғана емес, өзге тұрғындар да Қырғызстаннан кетіп тынады, себебі Қырғызстан тек бір ұлтты мемлекетке айналып бара жатыр» деген қаупін айтады.
Елді мекен атауларын өзгерту – масайраған шенеуніктердің саяси ұпай жинау мақсатында ойлап тапқан бастамасы.

Ақпанның 10-ында Мемлекетттік тіл комитетінің басшысы Азимжан Ибраимов үкіметке орысша атаудағы 150 ауылдың атын өзгерту туралы ұсыныс жасады. Ал ақпанның 11-інде қырғыздың 24.kg ақпарат агенттігіне осы ұсынысқа байланысты берген пікірінде Социал-демократиялық партияның фракциясынан сайланған депутат Исмаил Исаков: «Елді мекен атауларын өзгерту – масайраған шенеуніктердің саяси ұпай жинау мақсатында ойлап тапқан бастамасы. Одан қырғыз тілінің қолданыс аясы кеңіп кетпейді. Керісінше, біз тарихымыздан айырыламыз» дейді.

Қырғызстандық саясаттанушы Орозбек Молдалиевтің пікірі бөлектеу. Ол бұрын аты қырғызша болған, тек кейін заңсыз орысша атау берілген елді мекендердің ғана атауын өзгертуді қолдайтынын айтады. Саясаттанушы: «Бұл мәселені тұрғындар мен жергілікті кеңештің өздері шешу керек. Оны жоғарыдан таңуға болмайды» деген ойын жеткізді. Келесі күні, ақпанның 11-інде президент Роза Отунбаева Тіл комитетінің басшысын қызметінен босатты. Бұны ақпарат құралдары «Ибраимовтың сөзі Бішкектің басты қамқоршысы Мәскеуден келетін қаржылық көмекке тұсау салды» деп жорамалдайды.

ТЕЛЕАРНА ТІЛГЕ ӘСЕР ЕТЕ МЕ?

Қырғызстандағы Ресей дипломаттарын тек атауларды өзгерту ұсынысы ғана ренжіткен жоқ дейді Eurasia view. Ақпанның 8-інде қырғыздың Мәдениет және ақпарат министрлігі ешқандай ескертусіз Қырғызстандағы ресейлік «Бірінші арна» мен қырғыздың мемлекеттік хабар тарататын қоғамдық телерадиокорпорациясының таралу жиіліктерін бір-бірімен алмастырған.
Бірақ ресейлік ақпарат құралдарын ығыстыру әрекеті парламентте тіл төңірегіндегі қызу пікірталастарға түрткі болды.

Басылым «бұл әрекет орыс тілі басым солтүстік аймақтың тұрғындарына аталған телеарналарды қабылдауда қиындық келтірді» дегенді айтады. Министрлік ақпанның 14-і күні, Ресей елшілігінің қарсылығына карамастан, ресейлік танымал РТР және РТР Планета станциялары пайдаланып келген бірқатар телеарна жиіліктерін жергілікті қырғыз станциясына өткізетіндігін мәлімдеді. Ал орыс тілді қауым, оның ішінде этникалық қырғыздар да жергілікті бағдарламалардың сапасы нашар дейді.

Телеарнаға қатысты бұндай даудың төркіні Ресей ақпарат құралдарының ықпалынан арылуға байланысты туындауы мүмкін деген болжам айтады Eurasia View. Басылым бұған байланысты «өткен жылы бұрынғы президент Құрманбек Бакиевтің орнынан кететін кезде Ресей ақпарат құралдарында оппозициялық күштер оған қарсы медиа насихат ұйымдастырған еді» деген уәж айтады. Бірақ ресейлік ақпарат құралдарын ығыстыру әрекеті парламентте тіл төңірегіндегі қызу пікірталастарға түрткі болды.
Ендігі жерде орыс тіліне шорқақ ауылды жердің тұрғындары парламент сессияларын радио мен теледидардан еркін тыңдап, тамашалай алады.

Социал-демократиялық партиядан сайланған депутат Ирина Карамушкина «Атажұрт» партиясының жетекшісін «жеке басымды кемсітті» деп айыптап отыр. Депутаттың айтуынша, партия жетекшісі оның қырғыз тілінде еркін сөйлей алмайтындығын және аудармашы қажет ететіндігін айтып сынаған. «Менің және қырғыз тілін жетік түсінбейтін өзге де депутаттардың парламентте синхронды аударма жасау жағы қарастырылмауы себепті көптеген мәселелерді талқылаудан шет қалып қойған кездеріміз болды» дейді этникалық орыс Ирина Карамушкина Eurasia View басылымына айтқан пікірінде. Карамушкина қырғыз тілінің қанат жаюына қарсы еместігін, алайда ол бастама қырғыз тілін білмейтіндердің құқын шектемеуі керектігін білдірді. Оның айтуынша, өзгенің құқын шектеу - конституцияға қайшы.

ҚЫСЫМ КӨРГЕН ТЕК ОРЫСТАР ҒАНА ЕМЕС

Тілге қатысты тек орыстар ғана тепіреш көріп отырған жоқ дегенді айтады Eurasia View. Этникалық қырғыз шенеуніктері де орыс тілін қолданғандары үшін сынға ілінеді. Мәселен, ақпанның 10-ында мемлекеттік кеден қызметінің басшысы Құбанышбек Құлматов баяндамасын орыс тілінде оқи бастап еді, біраз депутат оны тоқтатып тастап, баяндамасын қырғыз тілінде оқуын талап етті. Депутаттар «парламентте тек қырғыз тілінде сөйлеу керек» деген ұстанымда. Ендігі жерде орыс тіліне шорқақ ауылды жердің тұрғындары парламент сессияларын радио мен теледидардан еркін тыңдап, тамашалай алады дейді басылым.

Ал азшылық топтар мемлекеттік бағдарламаның түзілгеніне қарамастан, қырғыз тілін меңгеруге жағдай жасалмай отыр деп уәж айтады (2009 жылғы санақ бойынша, халықтың 30 пайызға жуығын өзге ұлт құрайтыны анықталды). Ош қаласында тегін заңгерлік қызмет көрсететін үкіметтік емес «Благодать» ұйымының өкілі Лариса Кузнецова: «Жалпы біздің мемлекеттік тілді үйренуіміз қажет және оны алға қарай дамытуымыз тиіс. Бірақ ол біртіндеп жүзеге асуы керек қой» дегенді айтады.
Іс-қағаздарын ресми тілде жүргізетін он сегіз құрылым сөгіс алды. Оларға құжаттарын мемлекеттік тілге көшіруге үш ай уақыт берілді.

Өткен жылы жазда Ошта болған этникалық қақтығыстар кезінде Ош билігі барлық үкіметтік емес ұйымдар мен жеке бизнес секторынан құжаттарын орыс тілінен қырғыз тіліне жедел аударуды талап еткен, тіпті аяқ астынан тексеру де жүргізген. Кузнецова бұндай «тілдік дискриминация» заңсыз деп есептейді. Өткен жылғы желтоқсан айында Ош шенеуніктері 109 бизнес құрылымына тексеру жүргізген. Оның нәтижесі жайында Ош облысы әкімшілігінің баспасөз хатшысы Қанболат Тутуев Eurasia View басылымына: «Іс-қағаздарын ресми тілде жүргізетін он сегіз құрылым сөгіс алды. Оларға құжаттарын мемлекеттік тілге көшіруге үш ай уақыт берілді» дегенді айтады.

«Тілдік кемсітушілік - орыс тілінде сөйлейтін көптеген қырғыз және қырғыз емес ұлттар үшін Қырғызстанның ұлттық мүдделеріне қайшы» дейді Eurasia View. Басылымның пікірінше, бұндай жағдай Қырғызстаннан білімді адамдардың көптеп кетуіне түрткі болады.

Оштағы бір журналистің: «Мен қырғыз тілінде оқып, сөйлей аламын, бірақ жаза алмаймын. Мен сияқты этникалық қырғыздар өте көп. Басқа - басқа, мұнда біз, орыс тілді қырғыздар да жаңа биліктің қатаң саясатының құрбаны болып отырмыз. Бұның ақыры жан-жақты білімі бар азаматтарды этникалық белгісіне қарамастан елден кетуге мәжбүр етеді және одан Қырғызстан зардап шегеді» деген сөзін мысалға келтіреді басылым.
XS
SM
MD
LG