ӘБЛЯЗОВ ЖӘНЕ "ҚЫЗҒАЛДАҚ ТӨҢКЕРІСІ"
Желтоқсанның 13-і күні Францияның Liberation газеті Ресей мен Украинаның сұрауымен қозғалған экстрадициялау ісі бойынша Франция түрмесінде үш жылдан аса отырған БТА Банктің бұрынғы иесі әрі қуғындағы қазақстандық оппозиционер Мұхтар Әблязовтан қамаудан босаған бетте алған сұхбатын жариялады.
Тұтқыннан босауына қатысты комментарий берген Мұхтар Әблязовтың сөзінше, Францияның мемлекеттік кеңесі "өтінішті Ресей мен Украина арқылы саяси себептермен Қазақстан берген" деген уәжбен экстрадициялау шешімінің күшін жойған. Мұхтар Әблязов Францияда заңды негізде бола алатынын және Ұлыбритания берген босқын мәртебесі әлі күшінде екенін айтқан.
Оның қаржы активтерін тексеруге қатысты Ұлыбританияда үстінен қозғалған істі Мұхтар Әблязов мемлекет меншігіне алынған БТА Банк қозғаған "әкімшілік іс" деп атайды. Оның сөзінше, ол сотта "банк тәуелсіз емес, ал менің үстімнен қозғалған істің артында іс жүзінде Қазақстан билігі және [Қазақстан президенті Нұрсұлтан] Назарбаев тұр" деп мәлімдеген, сондықтан ол британ сотына Франция соты арқылы жаңа дәйектер ұсынбақ ниетте.
Бұған қоса, Мұхтар Әблязов Мәскеуде тұрған 2003-2005 жылдары оппозициялық қызметін жалғастырғанын, тіпті Қырғызстанда президент Асқар Ақаевты биліктен қуған "Қызғалдақ төңкерісін" қаржылай қолдағаны туралы мәлімдеген. "2005 жылдың басында Қырғызстандағы режимді құлату үшін оппозицияны қаржыландырдым. Дұрыс реформалар жүргізу үшін, Қазақстанға үлгіге айналдыруды көздеп, бұл процесті постсоветтік елдердің бірінде бастау мен үшін маңызды болды" дейді ол. Бұдан кейін Әблязов Қазақстанда "енді президенттік режим болмауы тиіс, өйткені қоғамымыз әрдайым тоталитарлық жүйе болып келді. Біз жүйені реформалап, тәуелсіз сайлауы бар парламенттік республикаға айналдыруға тиіспіз" деген Liberation газетіне берген сұхбатында.
"Егер активтеріңіз тәркіленген болса, саяси жұмысыңызды қалай жалғастырмақсыз?" деген сұраққа Мұхтар Әблязов оларды қайтарып алу үшін сот арқылы күресетінін және оған келтірген зиян үшін өтемақы талап ететінін айтқан. "Бұған қоса, қазір әлеуметтік желілердің арқасында оппозицияны қаржыландырудың еш қажеті жоқ. Қазір Қазақстанда әлдебір кампания жүргізуді қажет етпейтін әлеуметтік ахуал қалыптасқын. Тек халықты ұйымдастыру керек" дейді Әблязов Франция газетіне сұхбатында.
Желтоқсанның 16-сы – Қазақстан тәуелсіздігі күні Киевтегі "Бәсе" атты қазақ сайты Youtube-тегі парақшасында Мұхтар Әблязовтан тікелей эфирде сұхбат алды. Қазақстанда көп қолданылатын Youtube және Facebook әлеуметтік желілері аңдатпасы алдын ала тараған осы сұхбаттан бірнеше сағат бұрын және одан кейін біразға дейін ел аумағында ашылмай қалды. "Техникалық себепке" байланысты бұл құбылыс Қазақстанда әлеуметтік желілерде мысқылға ұласып, желі қолданушылары бұғатталған сайттарға кірудің амалын бір-біріне үйрете бастаған еді.
ӘЛЕМДЕГІ ДИКТАТУРАЛАР АРАСЫНДА ҮШІНШІ ОРЫН
Америкалық Time журналындағы "Кастродан кейін - диктаторлар әлі басқарып отырған бес ел қалды" деген мақалада әлгі елдердің ішінде Қазақстан Куба мен Беларусьтен кейін үшінші орында тұр. Тізімнің соңғы жағына Зимбабве мен Солтүстік Корея орналасқан. "Ондаған жылдар бойы билікте отырған режимдер әлі көп. Олар уақытты тоқтатып қойды ма, әлде өзгерістер пісіп-жетіліп келе ме? Екеуінің де жауабы билікті отбасында қаншалықты ұзаққа сақтап қалу мүмкіндігіне байланысты болмақ" деп жазады Time.
Қазақстандағы жағдайды сипаттаған Time Нұрсұлтан Назарбаев кезінде Қазақ ССР-ін де басқарған, ал 2015 жылы қайта президент болды деп жазады. "Уақыты жеткен кезде ел басшылығына келетін келесі буынға мұнайға шамадан тыс тәуелділіктен арылып, экономикалық өсім халықтың әл-ауқатын арттыруы тиіс деген қоғамның үлкен үмітін ақтауға және Назарбаев тәрізді мықты беделге ие басшы табуға тура келеді. Біз Назарбаевтың жұрттың зәресін қашырған күйеу баласы Рахат Әлиев мұрагер болмайтынын білеміз. Былтыр ол Австрия түрмесінде өз-өзіне қол салды деген хабар тараған. Назарбаевтың қызы Дариға мен оның баласы Нұрәлі елеулі кандидаттар болып тұр" деп жазады Time.
Ұлыбританияның Express газеті Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай "Қазақстан туралы негізгі 10 факті" деген мақала жариялап, оған теңіз жолы жоқ, бірақ жер көлемі жөнінен әлемде тоғызыншы орын алатын елдің ұлан-байтақ территориясын, Каспий флотын, қымызды, Алматының алма ағаштарын, 1996 жылдан бергі жазғы Олимпиада ойындарында алған 14 алтын медальді және әлемдегі ең ірі уран өндірісін жатқызған. Бұған қоса, ғарышқа алғашқы спутник пен адам Қазақстандағы Байқоңырдан ұшырылғаны, қазақстандық спортшылардың елдің олимпиада комитеті басшыларынан Лондон олимпиадасына жылқы етін апаруға рұқсат сұрағаны туралы фактілер де газет назарына іліккен.