Accessibility links

Назарбаев және Қазақстандағы тұрақтылыққа төнген қатерлер


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткішінің ашылу салтанаты кезінде суретке түсіп тұрған әйел. Алматы, 11 қараша 2011 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткішінің ашылу салтанаты кезінде суретке түсіп тұрған әйел. Алматы, 11 қараша 2011 жыл.

Халықаралық басылымдар нәтижесі «күнібұрын белгілі» алдағы кезектен тыс парламент сайлауын талдап, «100 қадам» бағдарламасының іске асатынына күмән келтіреді.

АЛДАҒЫ ҚАТЕРЛЕР

Америкалық Carnegie Endowment for International Peace қоры сайтының жазуынша, Қазақстанға «саяси және экономикалық қатерлер төніп тұр». Мұнай бағасы шарықтаған замандағы «қарқынды өсім» кезеңі аяқталып, экономиканы диверсификациялауға жете көңіл бөлмей келген ел енді оның зардаптарын тарта бастады. Сайт сарапшылары Қазақстан таяу жылдары «көптеген саяси және экономикалық қатерге тап болуы мүмкін» деген болжам жасайды.

«Қазақстан элитасының көбі (шетелдік инвесторларды айтпағанда) Назарбаев – Қазақстанды бұл қатерлерден аман алып шығып, елдегі тұрақтылықты қамтамасыз ете алатын адам деп санайды. Бірақ Назарбаевтың өзі Қазақстан үшін ең үлкен қауіпке айналуы мүмкін болғандықтан, бұл саяз көзқарас болып шығуы ықтимал» деп жазады мақала авторлары.

Нұрсұлтан Назарбаев кезектен тыс президент сайлауында жеңіске жетуіне арналған мерекелік концертте үлкен қызы, парламент мәжілісі төрағасының орынбасары Дариға Назарбаевамен бірге тұр. Астана, 27 сәуір 2016 жыл.
Нұрсұлтан Назарбаев кезектен тыс президент сайлауында жеңіске жетуіне арналған мерекелік концертте үлкен қызы, парламент мәжілісі төрағасының орынбасары Дариға Назарбаевамен бірге тұр. Астана, 27 сәуір 2016 жыл.

Президент қызметіне кезекті мәрте қайта сайланғаннан кейін Нұрсұлтан Назарбаев «өзінің шектен тыс президенттік билігін шектеп», парламент пен мемлекеттік аппаратқа көбірек өкілеттілік беретін жүйеге көшу сияқты саяси реформалар жүргізуге уәде берген. 2015 жылдың мамырында қабылданған ұлттық іс-қимыл жоспарына сәйкес, 100 нақты қадам арқылы бес институттық реформа жүргізу жоспарланған. Мысалы, мемлекеттік аппараттың кәсіби деңгейін арттыру, сот жүйесін реформалау, мемлекеттің халыққа есеп беру деңгейін арттыру, экономиканы диверсификациялау және жаңа салаларға шетел инвесторларын тарту сияқты уәделер берілген. Биліктің бұл жоспары «Назарбаевтан кейінгі дәуір үшін негіз қалар еді» деп жазады Carnegie Endowment.

Бірақ, мақала авторлары билік «көпірме сөзден аса қоймайды» деп күмән келтіреді. «Тіпті олар іске көшкен күннің өзінде, әлгі амбициялық жоспардың қай бөлігі Назарбаев сахнадан кеткенге дейін орындалатыны түсініксіз әрі келесі президент ел ішіндегі бәсекелес күштер мен елдің сыртқы мүдделерінің тепе-теңдігін сақтауда ол сияқты ептілік таныта ала ма, бұл – белгісіз» делінген мақалада.

Елге төнген геосаяси және экономикалық проблемаларды елдің ішінде бақылауда ұстау мүмкін емес. «Бірақ елге төнген ең үлкен қатер – Назарбаевтан кейінгі дәуірге өту» деп түйіндейді Carnegie Endowment сарапшылары.

«ЗОМБИ-БАҚЫЛАУШЫЛАР»

Жапонияның Diplomat газеті Қазақстандағы наурызда өтетін парламент сайлауына мақала арнапты.

«Астананың сайлауды неліктен тағы қауырт өткізуге бел байлағанын түсіну қиын емес. Ел валютасы Ресей рублімен әлемдегі ең нашар орын үшін бәсекеге түсіп жатқанын ескерсек, Астана ел басшылығына қатысты ұлғайып келе жатқан сынның алдын алудан үміттенеді. Бұл сайлау ұлғайып келе жатқан наразылықты әлсіретіп, билік пен халық арасында диалог бар-мыс деп көрсеткісі келеді» деп жазады Diplomat газеті.

Кезектен тыс президент сайлауы кезінде сайлаушылардан дауыс жинап жүрген сайлау комиссиясы мүшелері. Чкалово ауылы, Қарағанды облысы. 26 сәуір 2016 жыл.
Кезектен тыс президент сайлауы кезінде сайлаушылардан дауыс жинап жүрген сайлау комиссиясы мүшелері. Чкалово ауылы, Қарағанды облысы. 26 сәуір 2016 жыл.

Мақалада Қазақстан сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовтың кезектен тыс парламент сайлауын өткізу себептерін түсіндірген және сайлау мониторингіне халықаралық бақылаушыларды шақырған сөздерін келтірген. Жапонияда ағылшын тілінде шығатын газет мерзімінен бұрын өткен соңғы президент сайлауын ЕҚЫҰ-ның «оппозициялық кандидаттар мен нағыз саяси дебаттардың болмауы бәсекелестіктен жұрдай жағдайға ұласты» деген сөздерімен сипаттаған.

«Назарбаев 100 пайызға сәл ғана жетпейтін дауыс алған сайлау нәтижелерін мақтауға даяр бір топ «зомби-бақылаушы» соңғы сайлау кезінде Қазақстанға «парашютпен топ ете түсті». Қазақстанға «аса маңызды демократиялық оқиғаның жария сипатын» ашық қошеметтеген батыстың бір топ бақылаушысы келді» деп жазады Diplomat. Газет мұндай бақылаушылар ретінде Алекс Ватанкуды (Middle East Institute), София МкКленненді (Pennsylvania State University) және АҚШ конгресінің бұрынғы мүшесі Роберт Уэкслерді атайды.

«Егер Қазақстанда таяуда ғана өткен сайлауды индикатор ретінде алар болсақ, сайлау нәтижелерінің болжамдылығы мен саяси оппозицияның қаншама өкілі түрмеде отырғанына қарамастан, Қазақстандағы сайлаудың «ашық, жария әрі әділ» өткеніне сенетіндерді Ыдырысов оп-оңай тауып алады» деп жазады Diplomat басылымы.

XS
SM
MD
LG