ЖАС ҰЗАРТУ ФАБРИКАСЫНДА
Ұлыбританияның Daily Mail таблоиды "Путин мәңгі өмір сүру құпиясын ашуға тырысып жүр ме? Владимир кәрілікке қарсы таблеткалар шығаратын әрі 130 жылға дейін өмір сүруге мүмкіндік беретін формуланы іздеп жатқан фабрикаға барды" атты мақаласында Ресей президенті Владимир Путин мен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жоғарыда айтылғанға қоса қатерлі ісік дертін емдеу тәсілдерін де зерттейтін Санкт-Петербургтегі Biocad фармацевтика фабрикасына барғаны туралы жазған.
Газет дерегінше, ғалым Александр Карабельский Владимир Путин мен Нұрсұлтан Назарбаевқа "бір жылдан кейін алғашқы нәтижелерді күтуге болатынын" және олар "өмірді ұзарту дегеннен гөрі, адамның өмір сүру сапасын жақсарту мен қартайған шағында өзін жасырақ сезінуге мүмкіндік беру" мақсатын көздейтінін айтқан. Бұл зерттеу әлемдегі адам өлімінің екі негізгі себебі - кардиологиялық (жүрек) және рак ауруына шалдығу қатерін азайтуға көмектесуі мүмкін. Екі президентке егер клиникалық сынақтар сәтті өтсе, небәрі 20 немесе 30 жылдан кейін адам жасын ұзартатын таблеткалар адам өмірін 130 жылға дейін ұзартуы мүмкін екенін айтқан.
"Конституцияға сәйкес, Путиннің Кремльдегі қызметі тағы алты жыл мерзімге созылуы мүмкін, ал Назарбаев денсаулығы жараса, мәңгі билік ете алады" деп жазады Daily Mail. "Орталық Азиядағы энергия ресурстарына бай ел – Қазақстанның 76 жастағы басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жасы ұлғайғанына қарамастан, мұрагерін әзірше жариялаған жоқ" делінген мақалада.
Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдары адам өмірін ұзартуға қатысты тақырып бойынша ғылыми зерттеулермен Астанадағы Назарбаев университеті де айналысып жатқанын хабарлаған.
ҚАЗАҚСТАН БАНКТЕРІ ЖӘНЕ ДАҒДАРЫС
Америкалық Bloomberg сараптама сайты "2009 жылдан бергі кезеңде Қазақстан банктерді құтқаруды ойластырып жатыр" деген мақаласында елдегі ірі банк – Қазкоммерцбанкке шұғыл көмек берілгені туралы жазған. "Билік жоспарынан хабардар жандардың айтуынша, бұл – 1,5 триллион теңгеге (4,5 миллиард доллар) жетуі ықтимал құтқару шарасының алғашқы қадамы болуы мүмкін" деп жазады Bloomberg.
"Мұнайдың арзандауы мен көрші Ресейдегі рецессия зардабымен күресіп жатқан [Қазақстанның] қаржы жүйесі үдеп бара жатқан дағдарысқа тап болды, ал S&P Global Ratings агенттігінің қазан айындағы есебінше, шамамен әр үш қарыздың біреуі – өтелуі мүмкін емес немесе шарттары өзгерген борыш ақша" деп жазады Bloomberg. Аты-жөндері айтылмаған дереккөздерінің ақпаратына сілтеме жасаған сайттың хабарлауынша, Қазкоммерцбанк өтімділікті қамтамасыз ету мақсатында желтоқсанның 15-інен бастап Қазақстан ұлттық банкінен 400 миллиард теңгеге жуық қарыз алған.
Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышевтің желтоқсанның 7-сіндегі мәлімдемесіне сілтеме жасаған мақалада экономика өсімі баяулап, кіріс азайған тұста кей банктер келер жылы бірігуі мүмкін екені айтылған. "Банктердің қарызын тағы бір рет қайта құрылымдауға Қазақстанның шамасы жете ме?" деген сұраққа Данияр Ақышевтің комментарий беруден бас тартқанын жазған.
"Өткен айда президент Нұрсұлтан Назарбаев билік Қазкоммерцбанкті сауықтырудың екі амалы бар деп біледі – акционерлер оның активтерін көбейтуге, оның "тіршілігін қамтамасыз етуге ақша тауып, ол қарыздарын дұрыстап төлейтін болады" немесе банк қарыз сұрап, мемлекетке жүгінеді деп айтқан болатын" деп жазады Bloomberg.
Бұл мақаладан кейін Қазкоммерцбанк өзінің "қаржы жағдайы тұрақты" екені туралы ресми мәлімдеме жасады. Tengrinews агенттігінің хабарлауынша, бұл мәлімдемеге интернетте тараған қауесет себеп болған. Банк өкілдерінің айтуынша, қолданушылар Назарбаевтың Bloomberg агенттігіне берген сұхбатындағы банкті сауықтыру қажеттігі туралы сөзін контексттен бөліп алып таратқан. Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев сонымен бірге банктің қазіргі жағдайына оң баға берген деп жазады Tengrinews. Ұлттық банктің Қазкоммерцбанкке берген қарыз ақшаға қатысты Ақышев "бұл стандартты сома, ол [банк] активтерінің өте аз ғана бөлігін құрайды" деп айтқан.
"БҮРКІТШІ" ФИЛЬМІ ҮЗДІКТЕР ТІЗІМІНДЕ
Ұлыбританиялық Standard газеті Моңғолияның тұңғыш әйел бүркітшісі болуды армандайтын қазақ қызы туралы "Бүркітші" (The Eagle Huntress) деректі фильмін 2016 жылғы ең үздік фильмдер тізіміне енгізген. Газеттің киносыншысы Шарлотт О’Сулливан фильм жобасын "шағын" деп атағанымен, "жұртқа онша таныс емес деректі фильм мен оның өзгеше сюжетінен мақтауын аямаған". Standard басылымы Шарлотт О’Сулливанның "жұрттың көбі бұл фильмді рахаттанып көреді әрі өте күлкілі санайды" деген сөздерін келтірген.
Канадалық Well and Tribune сайты да "тамаша әрі әсерлі" деп "Бүркітші" фильмін мақтаған. "Айшолпанның өнегесі сан ғасырлық тарихына қарамастан, салт-дәстүр, әдет-ғұрып адамдарға қалай өмір сүруді нұсқайтын заңға айналмауы тиіс екенін көрсетеді. Айшолпан мен оның бүркіті қасаң қағида бұғауынан босап, биікке самғауға және әлемді өзгертуге болатынын көрсетеді" деп жазады Well and Tribune сайты.