Accessibility links

Мақтау айтылған Қазақстандағы "атом көлі"


Бұрынғы Семей полигоны аймағында ядролық сынақтар нәтижесінде пайда болған "Атом көлі". Шығыс Қазақстан облысы, тамыз, 2009 жыл.
Бұрынғы Семей полигоны аймағында ядролық сынақтар нәтижесінде пайда болған "Атом көлі". Шығыс Қазақстан облысы, тамыз, 2009 жыл.

Батыс баспасөзі Семей атом полигонындағы совет заманында пайда болған "Атом көлі" туралы сирек кадрлар мен қазіргі ядролық державалар жайлы жазған.

СИРЕК КАДРЛАР

Осы аптада Ұлыбританияның Daily Mail таблоиды совет заманында Семей атом полигонындағы "Атом көлінің" қалай пайда болғанын көрсететін сирек фотосуреттерді жариялады. Қазақстанда жұрт ажал көлі туралы баяғыдан білгенімен, ядролық жарылыс орнында қалған әрі өзен суына толған алып қазаншұңқыр жайлы деректер Батыс аудиториясы үшін әлдебір жаңалық болып көрінуі мүмкін.

"Адам шошитын суреттер резервуар жасау үшін атом бомбасын пайдаланған Ресейдің әрекеті "Атом көлі" деп аталатын радиоактивті су айдыны пайда болуымен аяқталған сәтті көрсетеді. Шағандағы әлгі көл қуаты 140 килотонна жерасты ядролық жарылысынан кейін пайда болып, кейін оған жанындағы өзеннің суын жіберген. Ертеректе совет генералдары әлгі көлді мақтан тұтатын, тіпті көлдің зиянды еместігінің дәлелі ретінде СССР машина жасау министрінің көлге шомылып жүргенін көрсететін фотосуреттер де бар. Совет одағының соғыс өнеркәсібі көбінесе осындай "өнеркәсіптік" министрліктер мен кәсіпорындардың атын бүркемелеп жұмыс істегені мәлім".

Ұлыбританияның Mirror таблоиды да әлгі көлдің қалай пайда болғанын көрсететін кадрлар мен видеоролик жариялаған. "Бұрынғы Совет одағы "Атом көлін" атом бомбасының көмегімен жасағанын адам шошырлық әлгі кадрлар дәлелдейді әрі көл қазірге дейін радиоактивті". Шағандағы сынақтар ядролық жарылыстардың резервуар жасауға жарамдылығын тексеру үшін жасалған, олар ядролық құрылғыларды бейбіт мақсатта қолдану тәсілдерін іздеу мақсатында "Ядролық жарылыстар ел экономикасы үшін" деген ұранмен өткен.

Семей ядролық полигоны іргесіндегі Саржал ауылы. Шығыс Қазақстан облысы, тамыз, 2009 жыл.
Семей ядролық полигоны іргесіндегі Саржал ауылы. Шығыс Қазақстан облысы, тамыз, 2009 жыл.

"Атом көліне" жақын маңдағы Саржал ауылы тұрғындарының тауқыметі, жоқшылықта өмір сүріп жатқаны, ауылда өзге түгілі, сапалы ауыз судың жоғын, көбі радиация зардаптарын әлі тартып отырғаны туралы Азаттық бұған дейін жазған болатын.

ТИЛЛЕРСОННЫҢ МАҚТАУЫ

Кездейсоқтық па, жоқ па – белгісіз, бірақ бүкіл әлемге доқ көрсетіп, өзінің ядролық арсеналын күшейтуге бағытталған амбицияларымен жағдайды шиеленістіріп отырған Солтүстік Корея зымырандарын сынақтан өткізіп жатқан тұста ядролық қауіпсіздік көкейтесті тақырыпқа айналды. Ал Қазақстанның сыртқы саясаты үшін Совет одағы күйрегеннен кейін ядролық қарудан өз еркімен бас тартқанын осы тұста әлем жұртының есіне тағы бір реет салып қою мүмкіндігі туды.

АҚШ мемлекеттік департаментінің сайтында АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсонның осы аптада Нью-Йоркте өткен БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесінің министрлер деңгейінде өткен ядролық қаруды таратпау жөніндегі жиынында сөйлеген сөзінің мәтіні жарияланды. Рекс Тиллерсон Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қарудан өз еркімен бас тарту туралы "парасатты шешімін" мақтаған.

Қос Кореяның арасындағы шекарада орналасқан Панмунжом ауылына сапармен келген АҚШ мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсонды Солтүстік Корея армиясының сарбазы терезеден суретке түсіріп тұр. 17 наурыз 2017 жыл.
Қос Кореяның арасындағы шекарада орналасқан Панмунжом ауылына сапармен келген АҚШ мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсонды Солтүстік Корея армиясының сарбазы терезеден суретке түсіріп тұр. 17 наурыз 2017 жыл.

"Тарихта ядролық бағдарламасы мен қаруынан өз мүддесі үшін бас тартқан оқиғалар болған. Беларусь, Қазақстан, Оңтүстік Африка және Украина елдері ядролық қарудан төнетін қатер мен оның жауапкершілігін әбден таразылап, өзінің ядролық бағдарламаларын жоюды немесе ядролық қаруынан бас тартуды ұйғарған" дейді Рекс Тиллерсон.

"Қазақстан Республикасы ядролық қарудан бас тартудағы парасаттылықтың айрықша көрнекі мысалы бола алады" дейді Рекс Тиллерсон. Бұдан кейін ол әлгі шешімі үшін Нұрсұлтан Назарбаевты жеке мақтап, "бұрынғы кәсіби қызметіме байланысты [Нұрсұлтан Назарбаевпен] талай мәрт кездескенмін, сондықтан ол кісіден әлгі шешімі жайлы сұрауға мүмкіндігім болған. Ол маған сол кездегі шешіміне қазір тіпті қатты қуанатынын айтқан. Бір күні ол "Бұл - жас еліміз үшін жасаған ең зор жақсылығым" деген болатын" деді.

Қазақстандық баспасөз, оның ішінде Tengrinews сайты Рекс Тиллерсонның сөзінен көп үзінділер мен Қазақстан сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахмановтың әлгі мақтауға қатысты жауабын келтірген.

ЯДРОЛЫҚ ДЕРЖАВАЛАР

Германияның Deutsche Welle радиосының сайты "Ядролық қару қай елде бар, қай елде жоқ?" деген мақаласында ядролық державалардың қазіргі жағдайын талдаған, ал әлем елдерінің үштен екіден көбі ядролық қаруға дүниежүзілік тыйым салуды ұсынады.

Ресей армиясының офицері Сібірдегі құрлықаралық баллистикалық зымыран ұшыратын алаңда тұр. Чита, 20 наурыз 1992 жыл.
Ресей армиясының офицері Сібірдегі құрлықаралық баллистикалық зымыран ұшыратын алаңда тұр. Чита, 20 наурыз 1992 жыл.

Мақалада қазіргі кезде тоғыз елде – АҚШ, Ресей, Франция, Ұлыбритания, Қытай, Үндістан, Пәкістан, Израиль және Солтүстік Кореяның ядролық қаруы бар деп жазады. Stockholm International Peace Research Institute (SIPRI) ұйымының дерегінше, бұл елдердің қолында жиыны 15 мыңға жуық ядролық зымыран бар, оның 93 пайызға жуығы АҚШ пен Ресейдің үлесінде.

1968 жылы ядролық қаруды таратпау туралы алғашқы келісім-шартқа қол қойған елдер – АҚШ, СССР/Ресей, Ұлыбритания, Франция және Қытай ресми түрде ядролық держава саналады. Қалған төрт елдің ядролық қаруы бар, бірақ әлгі шартқа қол қоймаған. Қазір жағдайды барынша шиеленістіріп тұрған Солтүстік Корея әлгі шартқа қол қойған, бірақ 2003 жылы шығып кеткен. Израиль ядролық қаруы бар екенін ешқашан ресми мойындаған жоқ, бірақ сарапшылар ядролық қаруы бар деп мәлімдеуден танбайды.

Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын (ортада) ядролық қарудың макетін қарап тұр. Ресми сурет.
Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын (ортада) ядролық қарудың макетін қарап тұр. Ресми сурет.

Бұған қоса, мақалада ядролық қарудан бас тартқан елдерді (оның ішінде Қазақстан да бар) атап өткен.

"Постсоветтік үш ел – Украина, Қазақстан және Беларусьті ерекше атаған жөн. Олар Совет одағы құрамында болған кезде жиналған ядролық қарудан құтылуға уәде етіп АҚШ-пен START I келісіміне қол қойған. Үшеуі де уәдені орындады" деп жазады Deutsche Welle.

Deutsche Wellе ядролық қарудан бас тартқан өзге елдер қатарында Иранды (ядролық технологияларды әскери мақсатта қолданудан бас тартқан), Оңтүстік Африка республикасын (атом бағдарламасын дамытуды апартеид аяқталғанға дейін доғарған) және Ливияны (диктатор Муаммар Каддафи тұсында ядролық жобаларын жойған) атаған.

XS
SM
MD
LG