Қазақстан мен Өзбекстандағы жалған демократия мен екі елде билік ауысуының нақты нормалары жоқ екенін жазған Ұлыбританияның Economist журналындағы мақала тақырыбы «Таңдау жоқ» деп аталады.
ҚОС АРДАГЕР
Economist журналының жазуынша, Орталық Азиядағы биылғы президенттер сайлауы совет заманынан келе жатқан екі диктатор – Өзбекстан президенті Ислам Каримов пен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кезекті билік мерзімін қамтамасыз етуді көздейді. СССР күйрегеннен кейін екеуі де Ресей президенті Владимир Путиннің режимінен еш өзгешелігі жоқ жеке-дара билік режимін құрып алған.
«Бірқалыпты саяси сабақтастықты қамтамасыз ету жүйесін құрудың орнына, екеуі мәңгі билік құрғысы келетін сияқты. Олар үшін сайлау –билікті заңдастырудың мұқият дирижерленген рәсімі ғана. Каримов пен Назарбаев сайлауда қуыршақ кандидаттармен «бәсекелесіп», нағыз оппозицияның жұмыс істеуіне жол бермейді. Елдерінің конституцияларын өз ыңғайына қарай өзгертіп алған екеуі сайлау науқанын әділ өткізуге онша қам жемейді» деп жазады басылым.
Наурыздың 29-ы күні сайлаушылардың 90 пайыз дауысын жинаған Каримов президенттікке кезекті рет сайланды. Economist журналының жазуынша, «мұндай шоу өткізу» кезегі сәуірдің 26-сі күні Қазақстанға тиеді.
«Сайлауға шексіз мәрте түсу құқығы заң жүзінде бекітілген «елбасы» Назарбаев президент сайлауына 2016 жылдың аяғында түсуі тиіс еді. Бірақ ол бұрынғы әдетіне басып, сайлау мерзімін ертерек уақытқа ауыстырды. Мемлекеттік БАҚ мұны 74 жастағы президенттің тезірек сайлау өткізуді талап еткен жақтастарының сүйіспеншілігіне қайтарған жауабы деп түсіндіреді» деп жазады Economist.
Журнал Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институты (КИМЭП) қызметкері Нарғыз Қасенованың «Сайлау мерзімі халықтың басым бөлігі елбасын қолдайтынын көрсету үшін ауыстырылды» деген пікірін келтіреді. Биліктің пікірінше, мерзімінен ерте сайлау өткізу елдегі тұрақтылықты нығайтып, Назарбаевқа мұнай бағасының арзандауы мен Қырымды аннексиялап алған Ресейдегі экономикалық қиындықтардың салдарынан зардап шеккен Қазақстан экономикасын қайта қалпына келтіру мандатын жүктейді.
«МӘДЕНИЕТТІ ДИКТАТУРА»
«Қиянатқа бейім әрі оппозицияны барынша басып-жаншуға тырысқанымен, Назарбаев – беделді тұлға, ал Қазақстандағы проблемаларға қарамастан, ел экономикасы Орталық Азияның халі мүшкіл өзге елдерімен салыстырғанда өркендеудің үлгісін танытып отыр» деп жазады Economist.
Кезінде Назарбаев өз билігін «мәдениетті диктатура» деп атаған. Шетелге елдің жағымды бейнесін көрсету үшін мемлекет қыруар ақша жұмсайды. Ал полиция үстемдік ететін мемлекетте параноик билік басында отырған Каримов өз имиджін онша ойламайды. Билікті сынаған жандарды оның баскесерлері психиатриялық ауруханаларға жөнелтеді. Халықаралық Human Rights Watch құқық қорғау ұйымы сарапшыларының айтуынша, Өзбекстан түрмелерінде «саяси астары бар айыптаулармен» сотталған ондаған адам мен дін жолында жүрген мыңдаған мұсылман отыр.
Бірақ Economist журналының жазуынша, Каримовты Ауғанстанның солтүстік шекарасындағы исламшыл террористерге қарсы күрестің тірегі санайтын Батыс Өзбекстандағы заң бұзушылықтар жайлы әдетте үндемейді. Қаңтар айында Барак Обаманың әкімшілігі Өзбекстан президентіне 300 дана бронетехника жіберетінін мәлімдеген.
Ұлыбританияның Foreign Policy басылымы Өзбекстанда тыйым салынған оппозициялық «Эрк» («Азаттық») партиясының Стамбулда тұратын басшысы Мұхаммед Салихтың «АҚШ-тың Ташкентке әскери көмегі мен Каримовты ислам экстремизмімен күрестегі одақтасы ретінде көруі билікті бейбіт жолмен ауыстыруға мүмкіндік бермеді» деген пікірін келтірген.
Өзбек оппозициясының жетекшісі «Вашингтон мен Каримовтың одағы көптеген жастарды әлемді жаулап алғысы келетін соғысқұмар қозғалыстарға қосылуға итермелеуі мүмкін» деп қауіптенеді.
Economist журналының жазуынша, көп жылдан бері «екі президент өз орындарына балаларын дайындап жатыр» деп болжам айтылып келген. Бірақ, Каримовтың 42 жастағы үлкен қызы Гүлнара Каримова былтыр күзден бері Ташкентте үй қамағында отыр. Назарбаевтың отбасында да проблема жеткілікті. Ақпан айында Австрия түрмесінің камерасында президенттің қызы Дариға Назарбаеваның бұрынғы күйеуі Рахат Әлиевтің өлі денесі табылған. Оны қастандықпен кісі өлтіруге қатысты қылмыстық іс бойынша тұтқындаған. Бұрынғы күйеуінің өлімі Дариға Назарбаеваға өзінің немесе қазір Астана әкімі орынбасары болып істейтін 30 жастағы ұлының кандидатурасын президенттікке ұсыну үшін тиімді болар еді. Бірақ нақты жағдай қандай екенін ешкім білмейді.
ӘРІПТЕСТІКТЕН ҮМІТ КҮТУ
Каримовтың президенттікке қайта сайлану фактісін Батыс басылымдары сынап жазса, Ресей баспасөзінің бұл мәселеге қатысты көзқарасы сәл өзгешелеу.
Жергілікті оптимистер Өзбекстан Каримовпен бірге тұрақтылықты таңдағанын айтады. Елдегі пессимистер үндемейді.
Ресейлік саясаткер Сергей Станкевич «Известия» газетіне берген сұхбатында «Өзбекстанның 31 миллион халқы үшін 25 жыл билік құрған Каримов советтік партия функционерінен жалғыз әрі баламасыз ұлт жетекшісіне айналған. Ол ештеңені қалт жібермей бақылауында ұстайды, бәріне жауап береді. Шаршап-шалдыққаны мүлде білінбейді» дейді.
Ал стратегиялық әріптестік туралы Станкевич «көп векторлы» Өзбекстан жан-жақтан күшейген қысымды дұрыс бағалай алады әрі «елдің жетекші сыртқы әріптесі болуға Ресейдің мүмкіндігі зор» деп үміттенеді.
Ресейдің «Новости» жаңалықтар агенттігі Каримовтың қайта сайлануына арналған мақаласын «Жергілікті оптимистер Өзбекстан Каримовпен бірге тұрақтылықты таңдағанын айтады. Елдегі пессимистер үндемейді. Ал шеттегілері Каримов билігінен тоқырау белгілерін көреді. Ел президентінің ең соңғы елеулі жетістігі – қартайғаны болса да, Өзбекстан тіршілік етіп, өз позицияларынан айырылмай келеді» деп қорытқан.