Сингапурдың Channel News Asia жаңалықтар сайты қазақстандық боксшы Данияр Елеусіновтің жеңісі туралы жазған. Рио-де-Жанейро олимпиадасында бокстан 69 килограмға дейінгі салмақ дәрежесі бойынша өткен финалдық жекпе-жекте Данияр Елеусінов 23 жастағы өзбекстандық Шахрам Гиясовты жеңді.
«Екінші жартылай орта салмақта Қазақстанға қатарынан төртінші мәрте Олимпиада алтынын әперген боксшы енді өмір бойы маңдайында қалатын терең тыртық Риодағы жеңісін рахат сезіммен еске салып тұратынын айтады» деп жазады сайт.
Сайт Данияр Елеусінов әлгі жарақатын француз боксшысы Сүлейман Сиссокомен жартылай финалдағы жекпе-жекте алғанын сипаттап, «жарақаты аса ауыр болғандықтан сайысты тоқтатуға тура келді» деп жазады. Олимпиададағы жеңісіне қатысты комментарий берген Данияр Елеусінов Гисовпен ақтық жекпе-жек кезінде жарақаты жайлы ойламағанын, бірақ кейінгі жекпе-жектерде жарасы қайта ашылып кетіп жатса, «жеңісін ризашылықпен еске алатынын» айтқан.
Америкалық Salon газеті де Данияр Елеусіновтің жеңісі мен оның жарақатын сипаттап, «ол енді айнаға қараған кезде бетінен сорғалай аққан қан мен жеңіп алған алтынын еске алатын болады» деп жазған.
«2012 жылы Лондон олимпиадасында медаль алмаған 25 жастағы Елеусінов Қазақстанның екінші жартылай орта салмақтағы басымдығын жалғастырды» деп жазады Salon. Бұл спорт жанкүйерлері мен сарапшылар арасында тараған 69 килограмға дейін салмақ – «Қазақстан салмағы» деген пікірді тағы да растайды.
Salon газеті Данияр Елеусіновтің: «Бұл – біздің, Қазақстанның салмағы. Мен мұны тағы дәлелдедім» деген сөзін келтірген.
Данияр Елеусіновтің Риода Азаттыққа берген сұхбаты:
Канаданың Globe and Mail газеті кей шешімдері ресми түрде қайта қаралғаннан кейін бірнеше арбитр мен төрешінің Риодағы бокс жарыстарынан шеттетілгені жайлы жазған. «Бұл Риодағы кей матчтардың күмәнді нәтижелері туралы күдікті тіпті күшейте түсті» дейді Globe and Mail басылымы.
Бұл дау 91 килограмм салмақ дәрежесі бойынша қазақстандық боксшы Василий Левит пен ресейлік Евгений Тищенко арасында өткен жекпе-жекке де қатысты туған болатын. Ирландия, Колумбия және Алжирден келген төрешілер үш раундтың қорытындысы бойынша жеңісті Евгений Тищенкоға берді. Бірақ жекпе-жек өтіп жатқан кешенге жиналған жұрт жаппай шулап, төрешілер шешіміне наразылық білдірді. «Ресейлік боксшы Евгений Тищенко қазақстандық Василий Левитті жеңді деп жариялаған сәтте жұрт гуілдеп тұрып алды» деп жазады Globe and Mail.
Алайда AIBA (халықаралық әуесқой бокс қауымдстығы) олимпиададан шеттетілген арбитр, төрешілердің аты-жөні «отбасыларының атына кір келтірмеу үшін» жарияланбайды әрі олардың қабылдаған шешімі күшінде қалады» деген мәлімдеме таратты.
Футбол саласындағы Soccerwayе ірі деректор қоры сайты Prosport KZ сайтына сілтеме жасап, қазақстандық «Қайрат» командасында ойнап жүрген ресейлік футболшы Андрей Аршавиннің допинг жайлы пікіріне қатысты комментарий берген. Ол Prosport KZ сайтына сұхбатында «спорттың циклды түрлерінің бәрінде допинг қолданады» деп мәлімдеген.
«Жүзу, шаңғы, велосипед сияқты спорт түрлерінде допингісіз мүлде болмайды. Меніңше, допингті бәрі қабылдайды. Ресей өзінің саяси шешімдерінің зардабын тартып жатыр, бұдан спорт та жапа шекті. Бұл әділ мен әлде әділ емес пе? Өмірдің өзі әділетсіздіктен тұрады. Мүмкін бұл субъективті ұғым шығар. Спортшылар, әсіресе олимпиадашылар үшін бұл, әрине, үлкен трагедия» дейді Андрей Аршавин.
Жүзу, шаңғы, велосипед сияқты спорт түрлерінде допингісіз мүлде болмайды. Меніңше, допингті бәрі қабылдайды
Бірақ Андрей Аршавиннің пікірінше, командалық спорт түрлерінде жағдай өзгеше. «Футбол мен хоккейде [допингті] аз қолданады. Футболда күні бұрын болжай алмайсың. Спорттың ойын түрлерінде допинг мүлде аз» дейді ол.
Допинг тақырыбындағы комментарийлерінде Тайландтың Bangkok Post газеті халықаралық ауыр атлетика федерациясы Риодағы олимпиада аяқталған соң допинг дауына іліккен Ресей, Қазақстан және Беларус спортшыларын бір жылға жарыстан шеттетеді деп хабарлайды. Маусым айында IWF алдыңғы екі олимпиада кезінде тапсырған допинг-сынамаларын қайта тексеру оң нәтиже көрсеткен кез-келген елдің спортшылары жарыстан бір жылға шеттетіледі деген шешім шығарған.
Мысалы, допинг жанжалына байланысты Рио олимпиадасындағы ауыр атлетика жарыстарынан спорттың осы түрінің дәстүрлі чемпиондары - ресейлік және болгариялық спортшылар шеттетілген болатын.
«IWF Қазақстан мен Беларусті де шеттетпек болған, бірақ халықаралық олимпиада комитеті Пекин және Лондон олимпиадалары кезінде алынған сынамаларды уақытында тексеріп үлгермеді» деп жазады Bangkok Post басылымы.