СЕРЖАН ЖҰМАШОВ ЖӘНЕ ШВЕЦИЯ БАНКІ
Швецияның Local газетінің жазуынша, Скандинавия елдеріндегі ең ірі банктердің бірі Nordea «олигархтардың заңсыз жолмен алған миллиардтарының ізін жасырды» деген айыптауға қалып, Швецияда офшорлық есеп-шоттарға байланысты жанжал күшейген.
«Сәрсенбі күні Швецияның SVT телекомпаниясы Nordea банкі Мәскеудегі құрылыс жобасына деп жуырда берген несие ақыр соңында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жақын серігі Сержан Жұмашовтың офшорлық есеп-шотынан табылғаны жайлы хабарлады» деп жазады Local басылымы.
Газеттің хабарлауынша, банк Қазақстанмен байланысты айыптауларға әзірше жауап қайтармаған. Бірақ қаржы сарапшысы Джейкоб Кениг SVТ арнасына «қарапайым клиенттердің Nordea банкіне сақтауға өткізген ақшасы коррупцияны қаржыландыру үшін пайдаланылуы мүмкін екені масқара жағдай» деп санайтынын айтқан. Швецияның қаржы саласын қадағалайтын Finansinspektionen қызметі өкілдері Nordea банкінің шетелдегі қызметін мұқият тексеруге ниетті екені хабарланды.
Активтерінің көбі жылжымайтын мүлік саласында шоғырланған Сержан Жұмашов Қазақстанның ықпалды әрі аса бай адамдарының бірі саналады. Былтыр қазақстандық Forbes журналы Жұмашовтың байлығы 376 миллион долларды құрайды деп бағалаған.
ШЕРЛОК ХОЛМСТЫҢ ҮЙІ
Ал Mashable танымал интернет-блогының жазуынша, панамалық заң компаниясының белгілі саясаткерлердің офшор-шоттары барын растайтын құжаттары жарияланып кеткеннен кейін Ұлыбритания үкіметіне қоғам тарапынан қысым күшейген. Енді «Панамагейт» деген атауға ие болған жанжалдан кейін Лондон Ұлыбритания юрисдикциясына қарайтын территорияларда тіркелген офшорлық компанияларға назар аударуы мүмкін.
Mashable блогының мәлімдеуінше, «Ұлыбританияның Виргин аралдары сияқты салық «айлақтарында» орналасқан офшорлық компаниялар Үлкен Лондон аумағынан үш есе үлкен территорияға иелік етеді». Бұл территорияларға «қазақстандық бизнесмен Рахат Әлиев пен оның отбасымен байланысты деп болжанған бірнеше офшорлық компанияға тиесілі орталықтағы Бейкер-стриттің біраз жері де енеді» деп жазады Mashable.
Мақала авторлары «Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеубаласы қастандықпен кісі өлтірді, адам азаптады және заңсыз жолмен алған ақшаның ізін жасырды деп айыпталған. Кісі өлтіру айыбы тағылып, Австрия түрмесінде отырған ол былтыр ақпанда өлі күйі табылған» деп түсіндіреді.
Ағылшын жазушысы Артур Конан Дойлды пір тұтатын жандарға Бейкер-стрит көшесі жақсы таныс. Оның әйгілі әдеби кейіпкері Шерлок Холмс осы көшеде 221б мекен-жайы бойынша үйде «тұрған». Қазір Бейкер-стриттегі бұл үйде мұражай ашылған.
Global Witness үкіметтік емес ұйымына сілтеме жасаған Mashable блогының дерегінше, көпшілігі британдық офшорларда тіркелген компаниялардың Ұлыбританиядағы жылжымайтын дүние-мүлкінің құны 170 миллиард фунт стерлингке (241 миллиард доллар) дейін жетеді.
НҰРӘЛІ ӘЛИЕВТІҢ ЯХТАСЫ МЕН КОМПАНИЯЛАРЫ
Жапонияда шығатын Diplomat газеті жуырда жариялаған «Панамалық құжаттарда Қазақстан президенті жиенінің есімі жүр» деген мақалада Нұрәлі Әлиевтің офшорлық жанжалға қатысы болуы мүмкін деген болжам туралы жазған. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен жиенінің аты-жөні офшорлық компаниялар ұйымдастырумен айналысатын панамалық Mossack Fonseca фирмасы құжаттары жарияланып кеткен сәтте жария болған. Әлемдік ақпарат құралдары «Панамагейт» тақырыбы аясында Ұлыбританияның Виргин аралдарында тіркелген бірнеше компанияға Нұрәлі Әлиевтің (Дариға Назарбаева мен Рахат Әлиевтің ұлы) қатысы бар деп хабарлаған.
Оқи отырыңыз: «Панамагейт»: Назарбаевтың жиені Нұрәлі Әлиевтің «офшордағы әрекеттері»
Diplomat басылымының жазуынша, «Панама құжаттары» деген атпен жарияланып кеткен әшкере материалдарға сәйкес, [Нұрәлі] Әлиев 2008 жылы Nomad деп аталатын яхта сатып алу үшін холдинг компаниялар арқылы әрекет еткен». Diplomat басылымы яхта үшін қанша ақша төленгені белгісіз болғанымен, OCCRP (Organized Crime and Corruption Reporting Project., офшорлар туралы зерттеу авторлары – ред.) ұйымы 1,8 миллион долларға сату үшін екінші деңгейлі нарыққа шығарылған ұқсас яхтаны тапқан деп көрсетеді. Мақалада сондай-ақ OCCRP ұйымының Біріккен Араб Әмірліктеріне бара жатқан жолда зақымданған яхтаны Нұрәлі Әлиев 2011 жылы сатып жіберген деген дерегі келтірілген.
«Панама құжаттарының» Қазақстандағы ізі өткен аптада Американың Stratfor сараптама орталығы сайтында шыққан мақалада да бар. «Қазақстанда коррупцияға қатысты, әсіресе президент Нұрсұлтан Назарбаев, оның отбасы және достарымен байланысты айыптаулар жиі тарап жатады әрі тұрақты [құбылыс]. Бірақ оның елі экономикалық рецессия мен билік ауысатын сәттің алдында тұрғандықтан, соңғы айыптаулардың әсері бұрынғыдан гөрі күштірек болуы мүмкін» деп санайды Stratfor.
Офшорлық жанжал тудырған «Панама құжаттарында» 50-ден аса елдің 140 саясаткерінің аты-жөні бар. Материалдар жарияланғаннан кейін Исландия премьер-министрі Сигмюндюр Давид Гюннлёйгссон оставкаға кетті. Испания өнеркәсіп министрі міндетін атқарушы Хосе Мануэль Сория офшор компанияларға қатысты жанжалдан кейін қызметінен кететінін мәлімдеді. Ұлыбританияның қазіргі премьер-министрі Дэвид Кэмерон кезінде әкесінің офшорлық компаниясында үлесі болғанын мойындап, жақтастарына бұдан былай өзінің салық құжаттарын мұқият тексеріп отыруға уәде етті. Ал Қазақстанда президент жиенінің аты-жөні «Панамагейтте» аталғанына байланысты реакция байқалмады.