Қазақстанның ұзақ жылдардан бері билік басында келе жатқан президенті Нұрсұлтан Назарбаев сәуірдің 3-іне мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізуге шешім қабылдады. Бұл сірә, араб елдеріндегі бірінен соң бірі төңкеріліп жатқан автократиялық режимдердің кебін құшпау үшін жасалған қадам болса керек дейді аталған басылым.
Президент Назарбаевтың бұл сайлауда жеңіп шығып, Орталық Азияның «іргелі» мемлекетін ары қарайғы он жыл басқару мүмкіндігіне ие болатынына шүбә жоқ. Осы жолғы сайлауда жеңіске жетсе, 70-ке келген президент бес жыл ішінде өз мұрагерін дайындап ала алады дегенді айтады Reuters. 2020 жылға дейін елді еш қарсылықсыз басқару үшін референдумнан екіұдай күйде бас тартып, табан астында сайлау өткізуге шешім қабылдаған қазіргі президент өз билігіне жасанды демократиялық реңк беріп отыр. Бұл Қазақстанның әлемнің дамыған елдерінің қатарына ену жоспарымен тұспа-тұс келіп тұр.
Әлемдегі уранға ең бай және 40 жылдан бермен қарай әлемдегі мұнай алпауыттарының қатарынан көрініп жүрген Қазақстан 1991 жылдан бері шет елден 150 миллиард АҚШ доллары көлемінде инвестиция алса, алдағы он жылға тағы 100 миллиард АҚШ доллары мөлшерінде инвестиция көзін іздестіріп жатыр деп жазады Reuters. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанды тәуелсіздік алғанға дейін, 1989 жылдан бері үзіліссіз басқарып келеді. Шет елдік инвесторлар 16 миллион халқы бар, әлемде жер көлемі бойынша тоғызыншы орында тұрған мемлекетте билікті өзгеге табыстау бойынша айқын жоспардың болмауы елдің тұрақтылығына үлкен қауіп төндіреді деп санайды. Төменде Қазақстан үшін төтенше маңызды деп саналатын саяси тәуекелдердің тізімі келтірілген.
МҰРАГЕР ДАЙЫНДАУ
Президент сайлауына қалауынша түсе алатын Назарбаевтың қолында қазір шексіз билік бар. Мемлекетте Назарбаевты ашық сынауға тыйым салынғанын және оппозиция құрамында парламенттен бірде-бір өкіл жоқ екенін жазады басылым. Совет одағының коммунистік партиясы саяси бюросының соңғы мүшесі болған Нұрсұлтан Назарбаев үшін өткен он жыл бойына экономиканың жылдық өсімі орта есеппен 8 пайыз «несиеге берілген ұпай» болды. Қазақстанда Жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім 9000 АҚШ долларына дейін өсті, бұл 1994 жылғы көрсеткіштен 12 есеге артық.
Назарбаевты 2012 және 2017 жылғы өтетін сайлаулардан айналып өтуге мүмкіндік беретін референдум идеясы 2010 жылдың желтоқсанында жеке азаматтың ұсынысынан шығып, ол дереу қолдау тапқан. Кейбір сарапшылар референдум бастамасы бәсеке мен ашық қақтығыстан қорыққан Назарбаевтың айналасындағы саяси элитаның ойлап тапқаны дейді. Алайда, президент Назарбаев Конституциялық кеңестің референдумды заңсыз деп тапқан шешімімен келісіп, аталмыш идеядан көпшілік алдында жария түрде бас тартты. АҚШ бұл шешімді құптады. Алайда президенттің референдумды қабылдамай тастауы оның өз қызметінен бас тартқаны емес. Бұған дәлел, Назарбаев қаңтар айында жыл сайынғы Қазақстан халқына арналатын жолдауында халықтың қолдауы мен денсаулығы бар кезде елді ары қарай да басқара беретінін мәлімдеді.
Reuters қайта сайлауға түсу арқылы президент сахна сыртындағы билік үшін болып жатқан күресті уақытша бәсеңсіте тұрады деген пікірде.
Сарапшылар осыған орай Назарбаев өзінің келесі мерзімін соңына мұрагер дайындап қалдыру үшін пайдалануына болады деп санайды. Бұрынғы металлург, қазіргі президенттің отбасында үш қызы бар, бірақ мұрагер болатын ұлы жоқ. Демек, бұл айтылғандардан мынадай жайттарды түюге болады дейді Reuters.
Біріншіден, бұдан былай Назарбаевтың денсаулығы маңызды саяси факторға айналады. Әзірге ол ел арасына оқтын-оқтын шығып тұрады. Болашақта ұзақ уақыт ел көзіне түспей қалса президенттің денсаулығында бір кінәрат бар деген болжамға негіз болады деп жазады Reuters.
Екіншіден, Назарбаевтың айналасындағы белгілі бір тұлғалардың жауапкершілігінің артуы мұрагердің ендігі анықталып қойғандығын білдіреді. Сарапшылар болса Назарбаевтың орнын басатын төмендегі бірнеше үміткерді атайды.
Алғашқысы – президенттің күйеу баласы және бірнеше мемлекеттік кәсіпорынның, оның ішінде мұнай өндіретін «Қазмұнайгаз», уран өндіретін «Қазатомпром» және «Қазақстан теміржолы» сияқты ірі монополист компаниялардың ресми һәм бейресми басшысы Тимур Құлыбаев.
Одан кейінгісі – Сенат төрағасы Қасымжомарт Тоқаев. Президент алда-жалда олай-бұлай болып кеткен жағдайда оның қалған өкілетті мерзімі осы сенат төрағасының қолына өтеді.
Соңғысы – президент Назарбаевтың жеке қадағалауымен тұрғызылған Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов.
ЭЛИТАЛЫҚ ТОПТАР АРАСЫНДАҒЫ СОҒЫС
Президенттің айналасындағы жақын адамдардың біразының жасы жетпісті маңайлап қалған, ал кейінгі жас буын билік үшін күрес жүргізіп жатыр. Биліктің бірнеше баспалдағынан өткен олардың біразын Назарбаевтың өзі тұрақты түрде үкіметтік ауыс-түйістер арқылы тұсап отырады деген пікір айтады басылым.
Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев 2007 жылы Қазақстаннан қашып кетіп, президентті билікті меншіктеп алды деп сынаған. Рахат Әлиевтің елден кетуінен соң мемлекеттің қауіпсіздік қызметі органдарында тазарту жүріп, бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары үкіметтің қарамағына өтті. Қазақстан қазір Ұлыбританияға қашып кеткен банкир Мұхтар Әблязовты елге қайтаруды талап етіп отыр. БТА банкінің бұрынғы басшысы болған Әблязовке алаяқтық жасады және мемлекет қаржысын жымқырды деген айыптар тағылды.
Бұл салада үнемі бақылап отыратын мәселе - сыбайлас жемқорлыққа қатысты қозғалған қылмыстық істердің ішкі саяси күрестің құралына айналып кеткендігі деп санайды Reuters. Президенттің айналасындағы қандай да бір адамның үстінен жемқорлықпен байланысты қылмыстық іс қозғалса немесе соған қатысы бар деп айып тағылса, онда ол Назарбаевтың кәріне ұшырады деген сөз.
ИНВЕСТОРЛАР ҚОЗҒАЛАҚТАЙ БАСТАДЫ
Басылым Қазақстан өзінің мол табиғи байлығына үкіметтік бақылау жасауды күшейтіп жатқанын да тілге тиек етеді. Бұл тұрғыда билік негізінен тәуелсіздік алған алғашқы жылдарда қолма-қол қаражат қажет болған кезде шет елдік жетекші мұнай-газ компанияларымен жасасқан келісімдерін қайта қарап жатыр. Мемлекеттік компаниялар энергоресурстар саласындағы шет елдік консорциумдардың біраз үлесін сатып алған және ары қарай да иелену жолдарын қарастырмақ. Мұндай әрекеттер көбінесе шет елдік компанияларға экологияға зиян келтірді, салық төлеуден жалтарды я болмаса келісім-шартты бұзды деген айыптаулар арқылы жүзеге асады.
Ал инвесторлар мен дипломаттар үкіметтің мұндай әдіс қолдануына қарап алаңдап отыр. Олар мұның ақыры экономикалық жаңа жобаларды іске асыруда қаржы көзі қажет болған жағдайда шет елден инвестиция тартуды қиындатады деп санайды. Қарашығанақ газ кен орнын игеріп жатқан шет елдік акционерлер егер мемлекет кен орнының 10 пайыз үлесін иеленетін болса, онда өз үлестерін қысқартуға мәжбүр болады деп жазады басылым. Мәселен, бұл кен орнының иегерлеріне, оның ішінде италиялық ENI және британдық BG Group компанияларына салық төлеуден жалтарды деген айып тағылып отыр. Бұдан өзге Қашаған мұнай кен орнын игеру жобасына қатысушы компаниялар да мемлекеттің қырына іліккен. 1960 жылдары табылған әлемдегі бұл ірі мұнай кен орнынан жоспар бойынша 2012 жылдың аяғына қарай мұнай өндіріле бастайды. Алайда, жобаның екінші кезеңін бастауды үкімет әлі мақұлдаған да жоқ.
Reuters-тің жазуынша бұл салада болашақта назар аударып отыруға тиіс екі фактор бар. Біріншісі – Қарашығанақ пен Қашаған кен орындарындағы инвестициялық ахуалдың енді қалай өзгеретіні. Қашаған жобасының екінші кезеңін үкіметтің иелік ету құқығын немесе келісім-шарттың қандай да бір тұсын еш өзгертпей мақұлдауы билік үшін оң шешім болмақ.
Екіншісі – Қытайдың Қазақстанға ықпалының арта бастауы. Қазақстан шығыстағы көршісінен миллиардтаған доллар инвестиция алып отыр, ал бұл Астананы батыстың капиталына тәуелді болудан біршама сақтап тұра алады.
ӘЛЕУМЕТТІК МЕМЛЕКЕТ НЫШАНДАРЫ
Басылымның айтуынша, Қазақстанның халқы өзге кедей көршілерімен салыстырғанда табиғи байлығынан тең мөлшерде үлес алып отыр. Халықтың орташа айлық жалақысы 527 АҚШ долларын құрайды. Бұл Тәжікстанның деңгейінен алты есеге көп. Ал жұмыссыздық деңгейі аймақ үшін төменгі көрсеткіш - 5,5 пайызды құрайды. Ресми деректер бойынша, 2010 жылдың қыркүйегінде 15 пен 24 жас аралығындағы тұрғындардың тек 4,7 пайызы жұмыссыз ретінде тіркелген. 2010 жылы инфляция деңгейі 7,8 пайызды көрсеткен, ал үкімет келесі бесжылдық бойына инфлияцияның жылдық деңгейі 6-8 пайыз аралығында тұрақтайды деп болжап отыр.
Бей-берекетсіздік пен тұрақсыздық орын алған көршілес Қырғызстанда 2010 жылғы инфлиция деңгейі 19,2 пайызға жеткен. Егер көршілес Өзбекстан мен Қырғызстан сияқты мемлекеттерде толқулар орын алатын болса, онда ол Қазақстанның ұлттық құрамы әртүрлі оңтүстік аймақтарында да шиеленісті жағдайдың тұтануына дем беруі мүмкін. Бұл салада болашақта көз тігіп отыратын негізгі фактор – Қырғызстанда жаңа жасақталған үкіметтің Орталық Азияда жаңа парламенттік демократияны басшылыққа алып қызметін бастағаны деп қорытындылайды өз сараптамасын Reuters басылымы.