Accessibility links

"Соғыс қылмысын күлкі қылу – қолдаумен тең". Сабыровтың концертіне бойкот жариялаған қазақстандық құқық қорғаушымен сұхбат


Нұрлан Сабыров – Қазақстан азаматы, ресейлік стендап-комик.
Нұрлан Сабыров – Қазақстан азаматы, ресейлік стендап-комик.

Қазақстандық құқық қорғаушы Анастасия Миллер Азаттыққа берген сұхбатында Нью-Йоркке ресейлік стендап-комик Нұрлан Сабыровтың концертіне бойкот жариялауға не үшін барғанын, әзілдің зорлық пен қатыгездікті насихаттауға қандай қатысы барын айтып берді.

Анастасия Миллер – қазақстандық құқық қорғаушы. 2018 жылы Индианадағы Нотрд-Дам университетіне магистратураға оқуға түсіп, оны бітірген соң халықаралық PILnet құқық қорғау ұйымына жұмысқа тұрған. Өткен аптада Анастасия Нұрлан Сабыровтың Нью-Йорктегі концертіне қарсы наразылық акциясына қатысты. Сабыров – Қазақстан азаматы болғанымен, ресейлік стендап-әзілкеш ретінде танылған тұлға.

Сабыров АҚШ-қа гастроль сапарымен барып, сахнаға көпшілік алдына шыққанда сынға қалды. Лос-Анджелесте өткен концертте көрермендер әзілкештен Ресейдің Украинаға басқыншылығы жөнінде неге пікір білдірмегенін сұраған.

Залдан бір ер адам: "Нұрлан, тіліңді жұтып қойғандай неге үнсіз отырсың?" деп айқайлаған. Нұрлан оған: "Солай бауырым, менің отбасым бар. Менде де қорқыныш барын түсінулерің керек. Мені кім деп тұрсыңдар?" деп жауап берді.

Чикагодағы концертте сахнаға ресейлік әскерилер зорлаған украин әйелін бейнелейтін киім – үсті-басы "қанға" боялған ақ көйлек киген қыз жүгіріп шықты. Күзетшілер қызды сахнадан түсіріп жатқанда Сабыров: "Бұл не, етеккір ме?" деп әзілдеді. Бұған кей көрермен күлген.

Белсенді Ғани Стамбек Сабуровқа: Нұрлан бауырым, украиналық белсендіні неге қорладың?
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:52 0:00

Нұрлан Сабыровтың сөзі көп адамның шамына тиіп, әзілкештің концертіне бойкот жариялауды талап еткендер көбейе бастады. Көпшілік талабынан соң бірнеше концерт өтпей қалды. Блогер Илья Варламов YouTube арнасында Сабыровтың бұл қылығын талқылап, саясаттан шет қалуға тырысу ұят екенін айтқан.

Азаттық: Неге көп қолданушы сияқты әлеуметтік желіде пікір жазумен шектелмей, Нұрлан Сабыровтың концертіне бойкот жариялаймын деп шештіңіз?

Анастасия Миллер: Нұрланның соғыс жайлы пікір білдірмей үнсіз қалғанына, кейін "отбасым бар, қорқамын" дегеніне түсіністікпен қарадым. Бірақ қан-жоса көйлегімен сахнаға шыққан украин белсендісін күлкіге айналдырғаны сұмдық болды. Соның алдында ғана Харьковтағы әріптестерімнің өлтірілген және зорланған балалар жайлы есебін оқығанмын. Ондағы суреттерді кез келген ақпарат құралы жариялай бермейді. Осыдан кейін Нұрланның сөзі белгілі бір деңгейде сол оқиғаларға атсалысу болып саналатынын түсіндім. Бұл туралы Instagram-ға жазғанымда қазақстандықтардан жағымсыз пікірлер естідім. Мысалы, Қазақстандағы әріптесім АҚШ-тағы Сабыровтың концерттеріне байланысты шуды түсінбейтінін, әзілкештің бұрыннан гомофоб, сексист болғанын, үнемі осылай әзілдейтінін жазды. Бірақ сексизм мен гомофобия туралы әзілдеу бір бөлек те, сөзіңмен соғысты қолдау, басқаларды күлдіріп, бұл қалыпты құбылыс деген ой қалыптастыру мүлде басқа дүние ғой.

Қазақстандық Анастасия Миллер ресейлік стендап-комик Нұрлан Сабыровтың концертіне бойкот жариялаған адамдармен бірге тұр.
Қазақстандық Анастасия Миллер ресейлік стендап-комик Нұрлан Сабыровтың концертіне бойкот жариялаған адамдармен бірге тұр.

Әлеуметтік желі қолданушылар Қазақстан азаматын қолдамағаныма ашуланып, "онсыз да қиналып жүрген байғұсты АҚШ-та езгіге салып жатырсыңдар" деген мазмұнда пікір жазды. Олардың "біз" және "сендер" деп бөлгені жанға батады. Мен де жерлестерімді мақтан тұтамын, бізде тамаша адамдар көп, бірақ бұл жағдайда Сабыровты мақтан тұта алмаймын.

Достарыммен әзілдің шегі жайлы сөйлестік. Адам соғыс кезінде жасалған қылмыс туралы әзілдесе, демек, бұл әрекетті қолдайды деген сөз. Осы арқылы басқа адамдарға мұндай қылмысты күлкіге айналдыру қалыпты нәрсе деген ой қалыптастырады. Сабыровтың Нью-Йоркте концерт беретінін естігенде, міндетті түрде баруым керек деп шештім.

Азаттық: Сабыровтың концертіне бойкот жариялауға көп адам келді ме? Нью-Йоркте қазақстандықтар көп екенін білемін.

Анастасия Миллер: 2019 жылы Алматыда "Шындықтан қашып құтыла алмайсың" акциясына шыққан Ася Төлесова мен Бейбарыс Толымбековты полиция ұстап әкеткенде Нью-Йорктегі Қазақстан елшілігінің алдына наразылыққа шықтым. Онда басқа қазақстандықтармен таныстым, олармен әлі күнге араласып тұрамыз.

Наразылық акциясына қанша адам келетінін білген жоқпын. Жай өз пікірімді білдіруге бардым. Барсам, үлкен топ жиналып қалған екен. Біз жолдағы жаяу адамға арналған жолақта тұрдық. Концертті ұйымдастырушылар көрермен қауымды залға қарай өткізуді сұрады. Полиция жаяулар өтетін жолды бөгеуге тыйым салды, өйткені бұл қоғамдық тәртіпті бұзады. Концерт өтетін жерге келгенімде наразылардың арасынан өтуге тура келді. Осы кезде өзімді жайсыз сезіндім. Сабыровтың шоуына барып, осы дәліз арқылы өткендер бір сәтке Ресей агрессиясын қолдайтын адамның концертіне келгенін ойланған шығар деп үміттенемін.

Азаттық: Сабыровтың концертіне бойкот жариялауға келгендердің көбі ТМД елдерінен шыққан азаматтар болды ма?

Анастасия Миллер: Иә. Концерт өткен Брайтон-Бич ауданында орыс тілінде сөйлейтіндер көп тұрады. Наразылық акциясында украин, орыс тілінде сөйлейтін, Әзербайжан, Грузия, Қазақстан туын ұстаған адамдарды көрдім. Отандастарымды көргеніме қатты қуандым. Наразылық акциясына келгендер билеттің түгел сатылып кеткенін, көрермендер ештеңеге қарамастан, концерттен бас тартпағанын білгенде қатты қынжылды. Билет бағасы едәуір қымбат (115-135 доллар аралығында) болды. Қолыма көрермендерге қарата айтылған "Сендер де Украинада зорланған әйелдер мен балаларды күлкі қылуға келдіңдер ме?" деген жазуы бар плакат ұстап бардым.

Азаттық: Сабыровтың концертіне келген көрермендермен сөйлесіп көрдіңіз бе?

Анастасия Миллер: Көрермендермен әңгімелесем деген мақсат қойған жоқпын. Бірақ концертке келген адамдарды сырттай бақылап тұрдым. Негізінен 35-ке дейінгі жастар болды. Кей адамдар келгеніне ұялғандай көрінді, олар наразылардың арасынан өткенде бетін бүркеп алды. Бірақ көбі бізге күле қарап, камераға түсіріп, наразыларды жағымсыз әзілге қосуға тырысты. Көрермендер арасынан бір жігіт (қазақстандық па, жоқ па, білмедім) "маған бәрібір" деді. Наразылық акциясының басты мақсаты – көрерменге мұндай орынсыз әзіл айтатын адамның концертіне бару дұрыс емес екенін түсіндіру болды деп ойлаймын.

Соғыс жаңа басталған кезде Тайм-скверде Украинаға қолдау білдірген алғашқы митингіге қатысқам. Сабыровтың концертіндегі акция көңіл-күйге әсері жағынан Тайм-сквердегі митингіден де ауыр болды. Өйткені митингіде бәріміздің ойымыз ортақ екені сезіліп тұрды, жиналғандар тегіс соғысты айыптады. Ал бойкот кезінде Сабыровтың концертіне баруды құптамайтындар мен "маған бәрібір" деп көңіл көтеруге келген адамдардың текетіресіне куә болдық. Кейбір адамдар Путинді жақтайтын пікір айтты. Жаппай кісі өлтіру, ату, зорлау жайлы жаңалықтардан кейін соғыс бастап, бейбіт халықты қыруды дұрыс деп есептейтін жастарды көру ауыр тиеді екен.

Қазақстандық Анастасия Миллер Украинаны қолдау акциясында тұр. Нью-Йорк, АҚШ.
Қазақстандық Анастасия Миллер Украинаны қолдау акциясында тұр. Нью-Йорк, АҚШ.

Азаттық: АҚШ-та тұрып жатқанызға бірнеше жыл болды. Америкада көптің алдына шығып жүрген қоғамға танымал адам әлемде болып жатқан, өз елімен байланысты қайғылы оқиғалар жөнінде пікір білдірмей, үнсіз қала ала ма?

Анастасия Миллер: Иә. АҚШ мінберден ақылға қонымсыз дүниелер айтып жүрген Трампты да президент етіп сайлады ғой. Оны да жақтайтындар болды. Бірақ екінші жағынан, мұндай адам қоғам сынына қалады. Ал Қазақстан қоғамы отандасын танымал болып, гастроль сапарымен әлемді шарлап жүргені үшін ғана кешіре салатын сияқты.

"Нұрлан Сабуровтың "соғыс жайлы айтудан қорқамын" деген сөзі талқыланды
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:42 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG