Accessibility links

Путин Әлиевтен Azerbaijan Airlines ұшағы апаты үшін кешірім сұрады


Ақтауда құлаған Azerbaijan Airlines ұшағының бөлшегі.
Ақтауда құлаған Azerbaijan Airlines ұшағының бөлшегі.

Ресей президенті Владимир Путин Әзербайжан басшысы Ильхам Әлиевтен Azerbaijan Airlines ұшағы апаты үшін кешірім сұрады.

Бұл жөнінде Кремльдің баспасөз қызметі хабарлады. Хабарламада Путин Ресейдің әуе кеңістігінде болған “қайғылы оқиғаға байланысты” кешірім сұрап, қаза болғандардың отбасына көңіл айтқаны жазылған.

“Әңгіме барысында кестеге сәйкес ұшып келген Әзербайжанның жолаушылар ұшағы Грозный әуежайына бірнеше рет қонуға талпынғаны атап өтілді. Ол кезде Грозный, Моздок және Владикавказ қалаларына украиналық соғыс дрондары шабуылдап, ресейлік әуе қорғаныс жүйесі шабуылға тойтарыс беріп жатқан еді” деп жазылған хабарламада.

25 желтоқсанда Embraer E190 ұшағы Ақтау маңында апатқа ұшыраған. Борттағы 67 адамның 38-і қаза болған, 29 тірі қалған.

Кремльдің жазуынша, қазір Грозныйда Әзербайжан бас прокуратурасының екі өкілі жүр. Олар Ресей тергеу комитеті мен бас прокуратурасы өкілдерімен бірге істеп жатқаны айтылады.

"Росавиация" бастапқыда "ұшаққа құстар соғылып, апат содан болуы мүмкін" деп хабарлаған еді. Авиация сарапшылары оған күмән келтірген. Батыс сарапшылары Әзербайжан билігіндегі дереккөздерге сүйене отырып, ұшақ апатына "құрлық-әуе" санатына кіретін ресейлік ракета түрті болуы мүмкін деп болжаған. Дереккөздің айтуынша, ракета Грозный әуесінде дронға қарсы режим күшінде болған кезде ұшырылған, снаряд ұшаққа жақын жерде жарылып, сынықтары салонға тиген.

Ұшақ апатын зерттеп жатқан Қазақстан билігі оқиғаға не түрткі болғанын ресми түрде жарияламады.

Бір күн бұрын Росавиация Azerbaijan Airlines ұшағы 25 желтоқсанда таңертең Грозныйға қонбақ болған кезде қала төбесінде "кілем" режимі күшінде болғанын растап, барлық әуе кемелері қауіпті аймақтан кетуі тиіс болғанын жеткізді. Дегенмен ол ұшақтың ресейлік ракетадан зақымданғаны жөнінде болжамдарға пікір білдірмеді.

27 желтоқсанда Azerbaijan Airlines апатқа дейін ұшаққа "сырт жақтан физикалық және техникалық әсер" болған. Компания алдын ала нәтижелер осылай көрсетті деп мәлімдеген. Бұл туралы Reuters агенттігі жазды.

Әуе компаниясы тергеу аяқталғанға дейін Ресейдің 10 қаласына ұшуды тоқтатқанын мәлімдеді.

XS
SM
MD
LG