Ресей президенті Владимир Путин Қытайға екі күндік ресми сапармен барды. Ол қытайлық әріптесі Си Цзиньпиннен санкциядан зардап шеккен Ресей экономикасы мен Украинаға қарсы соғыс машинасын қолдауға көмек сұрайды.
16-17 мамырда Путин бесінші президенттік мерзімі басталғалы шетелге жасаған алғашқы сапарын Қытайдан бастайды. Пекин Ресейді ғаламдық тауар тізбегі мен халықаралық нарықтан айырған Батыс санкцияларының салмағын жеңілдетіп, Мәскеудің негізгі экономикалық одақтасы болып отыр.
Кейінгі кездері АҚШ Қытайдың Ресейге әскери техника өндірісінде қолданылатын бөлшектер жеткізіп, агрессор мемлекеттің қорғаныс өнеркәсібіне көмектесіп отырғанын айтып, Пекинге ескерту жасаған.
Сарапшылар Путин бұл сапарында наурыз бен сәуірде АҚШ шектеулеріне байланысты қысқарған Қытай экспортын қайта жолға қоюға тырысады дейді. 2022 жылы ақпанда Ресей Украинаға басып кірген соң, Батыс елдері Мәскеуге қарсы жаппай санкция салған. Содан бері Қытайдан Ресейге тұтыну тауарлaры мен әртүрлі мақсатта қолданылатын тауарлар экспорты күрт өсті.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен мен қаржы министрі Джанет Йеллен сәуірде Пекинге барып, қытайлық компаниялар мен қаржы ұйымдарына Ресейдің қорғаныс өнеркәсібіне көмектескені үшін қосалқы санкция салынуы мүмкін екенін ескерткен.
– Бұл сапардың басты мақсаты – соғыстың экономикалық жағын сөйлесу. Қытай ай сайын Ресейге 300 миллион долларға екі мақсатта қолданылатын тауарлар жібереді. Онысын жасырмайды да. Тауар экспортын қазір неге тоқтатсын? – дейді Қытайдағы Карнеги қорының аға сарапшысы Натаниэль Шер.
Сарапшы Қытайдың кеден деректеріне талдау жасаған. Шердің дерегінше, Украинада соғыс басталғалы Қытайдан Ресейге экспорт көлемі 60 пайызға артқан. 2023 жылы қару-жарақ өндірісінде қолданылатын аса қажетті бөлшектердің 90 пайызы Қытайдан жеткізілген. Дәл осы жылы Қытай мен Ресей арасындағы сауда көлемі 26 пайызға өсіп, рекордты 240 миллиард долларға жеткен.
Бұл сапарда қорғаныс мәселесі сөз болатынын жақында Кремльде болған кадрлық өзгерістерден-ақ байқауға болады. 12 мамырда Путин экономист Андрей Белоусовты қорғаныс министрі етіп тағайындады. Сарапшылар мұны Украинаға қарсы ұзақ соғыста әскери техника мен қару-жарақ өндірісін арттыру амалы деп түсінді.
Экономика саласында жоғары лауазымдарда істеген Белоусовтың Қытаймен жұмыс тәжірибесі үлкен. Си Цзиньпин мен Путин сауда, энергетика, қауіпсіздік саласындағы саяси шенеуніктермен де кездеседі. Ресейдегі Карнеги орталығының директоры Александр Габуевтің айтуынша, 2023 жылы Си Цзиньпин Мәскеуге іссапармен келгелі қос тарап екі елдегі өкілетті тұлғалардың бірін-бірі жақсы тануына көп күш салған.
– Пекин мен Мәскеу қорғаныс саласындағы әріптестігін күшейтіп жатқандықтан, Путин Қытайда жұмыс істеген біліктілігі жоғары мамандарды дайындап шығарды, – деп жазды Габуев.
ЕСКІ ДОСТАРДЫҢ КЕЗДЕСУІ
Ресей мен Қытай 2022 жылы ақпанда қос мемлекет арасында "шексіз әріптестік" орнағанын жариялады. Осыдан кейін бірнеше күннен соң, Ресей әскері Украинаға басып кірді. Мәскеу мен Пекин Батыс санкциялары мен саяси қысымына қарсы күш біріктірді.
Кремль "Кездесу барысында жан-жақты әріптестік пен стратегиялық қарым-қатынасқа қатысты бар мәселе талқыланады" деп мәлімдеді. Путин мен Си Цзиньпин сондай-ақ бірлескен мәлімдемеге қол қойып, Қытай мен Совет Одағының дипломатиялық қарым-қатынасына 75 жыл толуына орай ұйымдастырылған шараға қатысады.
Путин Қытай премьер-министрі Ли Цянмен кездесіп, сауда және гуманитарлық мәселелерді талқылайды. Ресей басшысы Қытайдың солтүстік-шығысындағы Харбин қаласына барып, 2 бірлескен сауда жәрмеңкесін ашады.
Бұл – Путин мен Си Цзиньпиннің 43-кездесуі. 15 мамырда Путин Қытайдың Синьхуа мемлекеттік ақпараттық агенттігіне берген сұхбатында Си Цзиньпинмен ескі достар екенін, Мәскеу-Пекин қатынасы жаңа деңгейге көтерілгенін, қос мемлекет көпполярлы әлемдік тәртіп құру үшін сыртқы саяси әріптестігін нығайтып жатқанын айтты.
Халықаралық қатынастар жөніндегі Еуропа кеңесінде Қытай саясаты бойынша сарапшы болып істейтін Алисия Бачульска "Путиннің Қытайға дәл қазір баруының өз себебі бар, өйткені Си Цзиньпин жақында ғана Франция, Сербия мен Венгрияға еуротур жасап келді" дейді.
– Қос басшы Си Цзиньпиннің Еуропа сапарынан не түйгенін, Украина мәселесі бойынша не айтылғанын талқылайтын сияқты.
Қытай мен Ресей АҚШ-қа қарсы тұруда бір-біріне үнемі қолдау көрсетіп келеді. Мәскеу Пекинмен бірге Шығыс Қытай теңізінде әскери жаттығулар жүргізе бастады. Мамырда АҚШ-тың барлау қызметі Ресей мен Қытай әскери салада тығыз әрекет етіп отырғанын, тіпті, Тайваньға басып кіру жоспары болуы мүмкін екенін айтып, алаңдаушылық білдірген.
Бұрын Ресейдің ең ірі сауда серіктесі Еуроодақ болса, Батыс санкцияларынан кейін оның орнын Қытай басты. Ресей қазір мұнайы мен газын Қытайға сатып отыр.
Бірақ бұл Ресейдің Қытайға экономикалық тәуелділігін арттырып, энергетика сияқты маңызды мәселелерге келгенде Пекинге ықпал ету тетігінен айырады.
Ресей мұнай-газ экспорты үшін Еуропаның орнына Қытай нарығын пайдаланғысы келеді. Бұрын Еуропаға газ жеткізген кен орындарынан Қытайға жаңа дәліз ашып, "Сібір қуаты 2" жобасын бастау жоспарланған. Бірақ қос тарап әзірге бұл жоба бойынша келісімге келген жоқ.
ШЕКСІЗ ӘРІПТЕСТІКТІ СЫНАУ
АҚШ ұлттық қауіпсіздік кеңесінің Қытай бойынша бұрынғы директоры Деннис Уайлдер "Қытайдың екі мақсатта қолданылатын тауарлар жеткізіп отыруы да шектен тыс тәуелділік қаупін туғызатын фактордың бірі" дейді.
– Путин Қытайдың қорғаныс өнеркәсібінен қолдау алып отырғанына қуанышты сияқты. Ол Қытайдан қару-жарақ алғысы келмейді. Ресей соғысқа керек-жарағын өзі өндіргенін қалайды. Мәскеуге сол арзан түседі, – дейді Уайлдер.
Джорджтаун университетінің ғылыми қызметкері Уайлдердің айтуынша, Ресей қорғаныс өнеркәсібін аяққа тұрғызу үшін Қытайдан әртүрлі мақсатқа қолданылатын тауарлар экспорты үзілмегенін қалайды. Украинадағы соғыс үшінші жылға жалғасты, сондықтан Ресей қару-жарақ пен әскери техника өндірісін арттырғысы келеді.
Солтүстік Корея Ресейге соғыста пайдалану үшін миллиондаған снаряд пен баллистикалық зымыран жіберген. Ресей орнына азық-түлік пен қару-жарақ өндірісіне қажетті шикізат берді. АҚШ пен Оңтүстік Корея Ресей мен Солтүстік Кореяны қару-жарақ саудасына қатысты БҰҰ санкциясын бұзды деп айыптады. Вашингтон мен Сеул Ресей Солтүстік Кореяға заманауи әскери технологиялар жіберуі мүмкін деп қауіптенеді.
Ким Чен Ын Путинді өз еліне шақырған. Ресей басшысы Солтүстік Кореяға қаңтарда баратынын айтты. Бірақ бұл сапар ресми түрде расталған жоқ. Кей сарапшылар Путин Қытайға сапарынан кейін Пхеньянға барады деп топшылайды.
– Бұл қарым-қатынаста Солтүстік Кореяның рөлі маңызды. Пекинде осы мәселе де талқыланады деп ойлаймын. Ресейге Қытай көмектесе алмайтын тұстарда Солтүстік Корея көмекке келеді. Бірақ қытайлар Путин мен Кимнің достығына алаңдаушылықпен қарайды. Өйткені бұл қарым-қатынас Корей жартытүбегіндегі тұрақтылықты бұзуы мүмкін, – дейді сарапшы.
ПІКІРЛЕР