Маусымда Азаттықтың Орыс қызметі спутниктен түсірілген суреттерге сүйеніп, Ресей президенті Владимир Путиннің Валдайдағы резиденциясында зымыранға қарсы қорғаныс жүйесі орнатылғанын жазды. Оны сәулетті демалыс орнын Украина зымырандарынан қорғау үшін қойса керек.
Санкт-Петербург пен Мәскеу арасындағы көл жағасында орналасқан, Кремльден тікұшақпен 20 минутта жетуге болатын зәулім үйде Путиннің ұлдары тұрады. Путинді сынаушы, қуғында жүрген бұрынғы мұнай магнаты Михаил Ходорковский қаржыландыратын "Досье" орталығының жаңа зерттеуі осылай дейді. Журналистер Путиннің гимнастикадан олимпиада чемпионы, мемлекеттік дума депутаты болған Алина Кабаевадан туған ұлдары барын бұрын да жазған.
"Досье" зерттеуі резиденцияда тұрып, жұмыс істеген, Путиннің балаларымен сөйлескен адамның сұхбатына негізделген.
71 жастағы Путин мен Кремль ондаған жыл бойы президенттің отбасы жайлы жақ ашпай келді. 2015 жылы өткен телевизиялық баспасөз конференциясында Путин "Ешқашан ешкіммен отбасым жайлы сөйлеспеймін. Әр адам өз тағдыры болуына құқылы. Олар өзінше, құрметке лайық өмір сүріп жатыр" деген.
Осы айда Путин Тываға сапары кезінде жергілікті мектепке барып, қызық ақпарат бөлісті.
"Отбасымның кішкентай мүшелері қытай тілінде еркін сөйлейді", — деген президент. Ол кішкентайлар деп үш немересін айтты ма, әлде 2015 және 2019 жылдары Кабаевадан туған балаларын меңзеді ме, белгісіз. Ресей президентінің Людмила Путинадан туған екі қызынан немерелері бар. 2014 жылы Владимир мен Людмила ресми түрде ажырасқан.
ҚЫЗДАРЫ
Путиннің үлкен қызы Мария 1985 жылы Ленинградта (қазіргі Санкт-Петербург) туған. Қазір 39 жаста. Путин бұл ақпаратты растамағанымен, көбі эндокринолог Мария Владимирқызы Воронцеваны президенттің қызы деп таниды. Ол – Санкт-Петербург сыртындағы мемлекет қаржыландыратын онкологиялық орталықты басқаратын "Номеко" компаниясының негізгі акционерлерінің бірі. Онкологиялық орталық 634 миллион доллар тұрады.
Путиннің кенже қызы Екатерина 1986 жылы Дрезденде (сол кездегі Германия Демократиялық Республикасы) туған, қазір 38 жаста. Журналистер Екатерина бұрын акробат болған, қазір Мәскеу мемлекеттік университеті жанындағы мемлекет қаржыландыратын бизнес инкубаторды басқаратын Катерина Владимировна Тихонова екенін жазған. Ол – сондай-ақ университеттегі күрделі жүйелерді математикалық зерттеу инситуты директорының орынбасары. 2013-2018 жылдары Катерина миллиардер бизнесмен Кирилл Шамаловпен некеде тұрған.
ҰЛДАРЫ
Путин Кабаевамен 2008 жылы бірінші әйелімен ажыраспай тұрып-ақ кездесе бастаған. Ресей президенті Людмиламен ресми түрде 2014 жылы ажырасқан.
2020 жылы ресейлік The Insider басылымы денсаулық сақтау министрлігінің бас акушер-гинекологы Лейла Адамян мен оның қызының атында Мәскеудегі құны 1 миллиард рубль (11 миллион доллар) тұратын қымбат пәтер барын жазды. Адамян бұл пәтерді Кабаева Мәскеудегі Кулаков атындағы ұлттық акушерлік, гинекология және перинатология зерттеу орталығында босанғаннан кейін бірнеше айдан кейін сатып алған. Адамян сол орталықта жұмыс істеген. Зерттеуші журналист Сергей Канев федералды күзет қызметі аурухананы түгел тексеріп шығып, қарулы күзет қойғанын айтқан.
2019 жылы 23 мамырда Кабаева босанғаннан кейін екі аптадан соң, Путин Кремльде өткен салтанатты жиында Адамянға II дәрежелі "Отан алдындағы еңбегі үшін" орденін табыстады.
"Досье" есебіне сәйкес, Путин мен Кабаеваның бірінші ұлы Иван 2015 жылы, екінші ұлы Владимир 2019 жылы туған. "Досье" авторларында балалардың суреттері бар, бірақ олар кәмелет жасына толмаған балаларды қорғау мақсатында суреттерді жарияламаған.
"Олар ата-анасымен көп уақыт өткізбейді", — деді "Досье" есебінің жетекші тергеушісі Илья Рождественский. "Біздің дерек бойынша, күніне 30–60 минут ғана... Ата-анасының орнын күтушілер басады, олар балалармен таңғы ас ішіп, сабағын оқытып, спортқа баулиды".
Рождественскийдің сөзінше, Иван Путинді жақсы көреді.
"Ұлы әкесімен бірге ойнайтын, хоккей матчтарын бірге қарайтын кездерін жақсы көреді", — дейді ол. "Ұлдары Владимир Путинмен бір команда болып, Федералды күзет қызметкерлеріне қарсы ойнайды. Иван қызметшіге ата-анасынан естіген хикаясын айтып берген. Оның айтуынша, Иван туғанда Путин "Сүйінші! Ақыры ұл туды!" деп қатты қуанған".
Рождественский Путиннің ұлдары ағылшын және неміс тілдерін үйреніп жүргенін айтады.
"Оларды спорттағы карьераға дайындап жатқан сияқты", — дейді ол. "Кәсіби жаттықтырушылары бар, бірі гимнастиканы, екіншісі жүзуді үйретеді. Шахмат үйрететін мұғалім бар. Үлкен ұлы академиялық пәндер бойынша да сабақ алады".
"Олар өзі қатарлы басқа балаларды сирек көреді", — дейді Рождественский. "Жаңа жыл сияқты мереке кездерінде ата-анасы достарын шақырады, сол кезде ғана басқа балалармен ойнайды. Достары бірнеше апта карантинде болып, балаларын алып, Валдайға келеді".
"ТАҚ МҰРАГЕРЛЕРІ"
"Досьенің" ақпарат көзі Ресей, Қазақстан, Қытай немесе өзге де елдердегі бай адамдарға үй қызметшілерін тауып берумен айналысатын English Nanny агенттігінің сайтына жыл басында жарияланған хабарландыруды жіберді. Онда "Санкт-Петербург аумағында 4 және 8 жастағы балаларға үйде тұрып, ағылшын тілін үйрететін ағылшын тілі мұғалімі керек" делінген.
"Отбасы оқшау тұрады", — делінген хабарландыруда. Мұғалімнің айлығы – 7700 еуро (8500 доллар). "Мұғалім оқшау аймақта жұмыс істеп, жұмыс берушінің территориясынан шыға алмайды".
"Досье" есебіне сәйкес, үй қызметшілері балаларға мүлде ұрыспайды, еш шектеу қоймайды. Балалар жеке ұшақ пен кеме атмосферасында, "бәрі маған тиесілі" деген сезіммен өсіп жатыр. 2022 жылы Мәскеу Украинаға басып кірмей тұрып, Кабаева мен балалары Ресей президентінің құны 119 миллион доллар тұратын, 82 метрлік Graceful кемесінде уақыт өткізетін.
"Туғанынан балалардың айналасында бәрі құрақ ұшып жүгіріп жүр. Кез келген қалауын орындайды, оларға тақ мұрагерлері сияқты қарайды... Осыдан балалар жұрттың бәрі бізге қызмет етуі керек деген сезіммен өседі", — дейді Рождественский.
Deutsche Welle басылымында істейтін ресейлік журналист Константин Эггерт Путиннің ұлдары "Ресей патшасының балалары сияқты өмір сүреді, бірақ олар әлдеқайда жабық кеңістікте өсіп жатыр" дейді.
"Олар өздерін жаңа дворяндар, аристократия санайды. Ресейді крепостной құқығы болған кездегідей басқарып отыр. Жаңа дворяндардың өмірі Украина қалаларын жаппай атқылаумен салыстырғанда, ең сорақы контраст. Бұл әрине, Ресей элитасында мораль, Ресей қоғамында аяушылық қалмағанын көрсетеді. Ресейде моральдық дағдарыс болып жатыр. Екі баланың тағдыры — көп жылдан бері жалғасып келе жатқан дағдарыстың кішкене бөлігі ғана", — дейді Эггерт.
ПІКІРЛЕР