"Қоғамдық кеңестер туралы" арнайы заң қабылдап, мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік құрылымдар жанынан жүздеген кеңес құрған Қазақстан билігі бұл институт қоғамның мемлекеттік органдар жұмысын бақылауына мүмкіндік беретініне сенімді. Ал қоғам белсенділерінің кейбірі мұндай кеңестер бақылаушы орган емес, әкімдіктің айтқанынан шықпайтын көп ұйымның біріне айналды деп санайды.
"ӨМІРБАЯНЫНА ҚАРАП ДАУЫС БЕРУ"
Жұма, 2 сәуірде түстен кейін Алматы қалалық мәслихаты жанындағы 39 адамнан тұратын қоғамдық кеңестің 13 мүшесі сайланды. Түрлі себептермен кеңес құрамынан шыққан 13 адамның орнына 52 кандидат дауысқа түсті.
Кандидаттарды ұсыну процесі онлайн өтті. Төраға Рахман Алшанов бастаған қоғамдық кеңес мүшелерінің көбі мәжіліс залына жиналды, ал кандидаттардың жартысы онлайн қатысса, кейбірі кеңес мүшелері қатысқан кабинетте отырды.
"Нұр Отан" партиясының мүшесі Рахман Алшанов 2021 жылғы 10 қаңтардағы парламент сайлауы кезінде Алматыдағы Республика алаңында полицияның құрсауына алынған жастарды "елдің тыныштығын бұзып, халықты арандатқысы келетіндер" деп кінәлаған.
Алшанов әр кандидаттың аты-жөнін атағанда қысқаша өмірбаяны монитордан көрініп тұрды. Үміткерлердің кейбіріне "қоғамдық кеңестің ішіндегі қайсы комитетке барғыңыз келеді?" деген сұрақ қойылды. Кейбір кандидат онлайн да, офлайн да қатыспады, бірақ залда отырғандар "танимыз, дауыс беруге құжаты қабылдансын" десті.
Кандидаттарды дауыстап атап отырған төраға "өтпей қалсаңыздар резервке аламыз, комитеттерге сарапшылыққа шақырамыз" деп алдын ала жұбатып отырды.
Бір адамның ғана құжаты дұрыс болмай, дауыс беруге қабылданбады. Дауыс беретін сәтке келгенде онлайн байланыс ажыратылды. Қоғамдық кеңес ережесі бойынша, дауыс құпия түрде берілетін болып шықты.
Әрбір қоғамдық кеңестің өзі құрған есеп комиссиясы ғана бақылайтын мұндай кішігірім сайлау жайлы жалпы жұртшылық біле бермейді.
Белсенді Тоғжан Қожалы да Алматы қалалық қоғамдық кеңеске мүшелікке кандидатурасын ұсынған. Бұрын кәсіпкер болған Тоғжан Қожалы кейінгі жылдары "ХАҚ" қозғалысын құратынын айтып, саясатқа араласып, сайлауды бақылап жүр.
– Жергілікті деңгейдегі сайлау бәсекесін байқап көрмек болдым. Тым болмаса қалалық мәслихат жанындағы қоғамдық кеңес мүшелерін сайлау ашық болатын шығар деп үміттендім. Керісінше, бұл кеңеске сайлау кезінде бағдарламаңды, жоспарыңды таныстыра алмайды екенсің. "Қоғамдық кеңестің бюджет комиссиясында жұмыс істейтіндей тәжірибеңіз бар ма?" деп сұрады. Онлайн режимінде, бір минуттан да аз сөйледім, бірнеше сағаттан кейін өтпегенімді хабарлады, – дейді ол.
Тоғжан Қожалының сөзінше, кандидаттардың ешқайсысы да бағдарламасын таныстырмаған.
– Бәрінің өмірбаяны ғана тұр. Сонда адамның өмірбаянына дауыс беретін болғаны ма? Кандидаттардың көпшілігін кеңес мүшелері бұрыннан танитыны байқалып тұр. Қоғамдық кеңестің "экономика және мемлекеттік муниципалдық басқару" деген комиссиясында жұмыс істегім келген. Қала, аудан бюджетін қарастыратын комиссиядағы екі адамның екеуі де [билік партиясы –] "Нұр Отаннан". Мен сияқты билікке "ыңғайсыз" адам қосылса, бюджет жайлы ақпарат қоғамға тарап кетеді деп қауіптенсе керек, – дейді ол.
Тоғжан Қожалы "мәслихаттар шын мәнінде жұмыс істесе, қоғамдық кеңестердің қажеті де болмас еді. Билік өзіне ұнамаған белсенділерді депутаттыққа өткізбей, қоғамдық кеңеспен алдарқатқысы келеді, бірақ оған адам алғанда да аяғын аңдап басады" деп санайды.
"ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС МӘСЛИХАТТАН ГӨРІ ЕРКІН"
2015 жылы қабылданған "Қоғамдық кеңестер туралы" заңда кеңес мақсаты "мемлекеттік органдардың, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың шешіміне коммерциялық емес ұйымдар мен азаматтарды араластыру" деп көрсетілген. Бұл заң бойынша, қоғамдық кеңес мүшелерінің үштен екісі азаматтық қоғам өкілдерінен құралуы тиіс.
Алматы қалалық қоғамдық кеңес мүшесі, жазушы Бекнұр Қисықов "заң талабы Алматыда өте жақсы орындалып отыр, өйткені қалалық қоғамдық кеңесте мемлекеттік орган өкілдері аз, азаматтық қоғам белсенділері көп" дейді.
– Сайлау болған соң біреудің көңілі толады, біреудің көңілі толмайды. Кандидаттарды саяси көзқарастары бойынша іріктеу жөнінде тапсырма болғанын көрген емеспін. Әкімдіктің бізге тапсырма беруге құқығы жоқ, – дейді ол.
Бекнұр Қисықов та, Алматы қалалық қоғамдық кеңестің тағы бір мүшесі Қазыбек Шайх та "дауыс беру процесі ашық болғанын қалайтынын" айтады, бірақ "ережемен келісуге мәжбүр". Ереже бойынша, дауыс құпия беріледі.
Қоғамдық кеңес мүшелерінің сөзінше, "кандидат біреуге белсенді, біреуге белсенді емес болып көрінуі мүмкін. Әр саланың өз белсендісі бар. Кеңеске "танымал жұлдыздардан" гөрі жұмыс істейтін мамандар керек".
Ұлттық кооперативтер қауымдастығының жетекшісі Қазыбек Шайхтың айтуынша, кеңеске кандиатурасын ұсынатын адамдарды кеңес мүшелерінің танитыны рас, өйткені олардың көбі бұған дейін кеңесте сарапшы болып істеген.
– Қоғамдық кеңес қалалық мәслихат жұмысын қайталамайды. Мәслихат бюджет мәселесімен байланысты мәселелерге араласады. Ал қоғамдық кеңес құзырына қала ішінде болып жатқан мәселелердің бәрі кіреді. Оның үстіне қоғамдық кеңес партиядан тыс, сондықтан партиялық қасаң тәртіп жоқ. Бұл тұрғыдан қоғамдық кеңесті еркінірек деуге болады. Мысалы, мен әкімдікке қоятын сұрақтарымды әуелі әлеуметтік желідегі жұртпен ақылдасып аламын. Оның бәрі әкімшіліке жайлы тие бермейді. Қалай болғанда да қоғамдық кеңеске азаматтық белсенділерді көп тарту керек, – дейді ол.
"ЗАҢНАН КЕЙІН ЗАҢ ҚАБЫЛДАУ"
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің мәліметіне қарағанда, Қазақстанда барлығы 234 қоғамдық кеңес бар. Республикалық деңгейде – 18, облыс, қала және аудан деңгейінде 216 кеңес жұмыс істейді.
2016 жылдан бастап құрыла бастаған бұл кеңестерді билік "мемлекеттік органдардың шешімдерін қоғам алдында ашық, жария түрде көрсетуге мүмкіндік беретін институт болады, бақылаушы органға айналады" деп насихаттаған еді.
Парламент депутаты Қанат Мусин "Біздің азаматтарымыздың бағалауы бойынша, қоғамдық кеңестер қоғамдық пікір білдірудің және ел мен билік арасындағы диалогтың дербес және маңызды институты ретінде қалыптасты" деп бағалады.
2019 жылғы маусымдағы президент сайлауынан кейін халықпен диалог орнату үшін құрылған ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Айгүл Орынбек қоғамдық кеңестер билік айтқандай еркін болған жоқ деп санайды.
– Қоғамдық кеңестер мемлекеттік органға ұқсап кетті. Оған көбіне билікті сынамайтын, қоғаммен жария жұмыс істемейтін адамдарды тартады. Қоғамдық кеңес мүшелері халықтың мұң-мұқтажын билікке жеткізуі керек. Кейде қоғамдық кеңеске кіргеннен кейін бұрын елдің сөзін сөйлеп жүрген белсенділер үні бәсеңдеп қалатынын байқап жүрміз, – дейді ол.
Бұрын Оңтүстік Қазақстан облыстық қоғамдық кеңес төрағасы болған, қазір Шымкент қалалық қоғамдық кеңес мүшесі, әрі Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Өмірзақ Мелдеханов "қоғамдық кеңес мүшелігін қалай пайдаланатыны әр адамның өзіне байланысты" деп санайды.
– Қоғамдық кеңестер билік шешіміне халықтың ықпал етуіне мүмкіндік беретін жақсы құралдың біріне айналып келеді. Оларға кез келген белсенді адам мүше бола алады. Азаматтар өз құқықтарын жақсы біліп, талаптанса, кеңестің есігі ашық. Кеңеске кіргеннен кейін де өкілетін дұрыс пайдалана білуі керек, – дейді ол.
Өмірзақ Мелдехановтің ойынша, "қоғамдық кеңестер әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешу бойынша жергілікті билікпен келісе жұмыс істейді, бірақ оны әкімдікке тәуелді деуге болмайды" деп санайды.
Айгүл Орынбек мұндай пікірмен келіспейді. Ол қоғамдық кеңестер жұмысы ашық-жария жүргізілмейді, сондықтан билік онда танымал белсенділерді тартпауға тырысады деп санайды. "Бұл мәселе жөнінде ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің жиынында президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзіне де айттым, президент қолдады, жағдайды өзгертуге уәде берді" дейді ол.
"Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасын ұсынған Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы қыркүйек айында "Қоғамдық бақылау туралы" заң әзірлеуді тапсырған. Билік өкілдерінің айтуына қарағанда, қазір парламентте қаралып жатқан заң жобасы "мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік секторды ашық әр жауапты ете түседі".
2015 жылы қабылданған "Қоғамдық кеңестер туралы" заңда да мұндай органды құрудағы мақсат – "халық алдында есеп беретін мемлекетті қалыптастыру жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыру" деп жазылған.
2019 жылғы маусымдағы президент сайлауы кезінде болған түрлі наразылық акцияларынан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев бастамасымен ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылған. Бұл кеңесті республикадағы барлық қоғамдық кеңестердің ең ірісі деуге болады. Қазірге дейін жұмыс істеп келе жатқан бұл кеңесті сарапшылар белгілі бір кезеңдегі саяси-әлеуметтік наразылықты тарқату үшін құрылған ұйым деп санайды.
ПІКІРЛЕР