13 қазанда Жамбыл облысында «Қордай» шекарасы маңындағы бақылау-өткізу пункті арқылы Қазақстанға кірмек болған ресейлік рэпер Navai (шын аты — Наваи Бахманоғлы Бакиров) есірткі контрабандасы күдігімен ұсталды. Бұл жөнінде Жамбыл облысының полиция департаменті хабарлады.
Полицияның айтуынша, ол мініп келген көлікті тексеру кезінде есірткі табылып, тәркіленген. Есірткінің қай түрі және қандай көлемде табылғаны айтылмайды.
"Аталған дерек бойынша есірткі заттарының контрабандасына оқталу күдігімен қылмыстық іс қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр" деп хабарлады полиция.
Жергілікті БАҚ-тың жазуынша, рэпермен бірге ұсталған екі адам: концерттік директор Рауф Гасанов пен көлікті жалдаған Халмурад Манапов босатылған. Полиция оларды босату себебін айтпады, процессуалдық статусы жөнінде де мәлімет бермеді.
Бакиров – Ресейде тұратын этникалық әзербайжан. Ол HammAli & Navai дуэтіне қатысушы ретінде танылған.
14 қазанда Астанада рэпердің концерті өтуі керек болған. Алайда шара белгісіз мерзімге шегерілген. Ұйымдастырушылар мұны "техникалық себептермен" байланыстырды.