Accessibility links

Түркияға сынақ болатын референдум


Түркия президенті Режеп Ердоған референдумге дауыс берді. Стамбул, 16 сәуір 2017 жыл.
Түркия президенті Режеп Ердоған референдумге дауыс берді. Стамбул, 16 сәуір 2017 жыл.

Түркияда өтіп жатқан конституциялық реформа жөніндегі референдумнің нәтижесі елдің қазіргі президенті Режеп Тайып Ердоғанға жаңа өкілеттіктер беру немесе бермеуді түбегейлі айқындайды. Ел азаматтары конституцияға енгізуге ұсынылған 18 өзгертуге қатысты пікірлерін білдіреді. Бұл өзгертулер елді парламенттік биліктен президенттік басқаруға көшіруді көздейді. Өзгертулер қабылданған жағдайда Түркияның билік жүйесінде соңғы бір ғасырға жуық уақыт ішінде болмаған түбегейлі өзгерістер жасалады.

Түркияда өтіп жатқан конституциялық реформа жөніндегі референдумнің нәтижесі елдің қазіргі президенті Режеп Тайып Ердоғанға жаңа өкілеттіктер беру немесе бермеуді түбегейлі айқындайды. Ел азаматтары конституцияға енгізуге ұсынылған 18 өзгертуге қатысты пікірлерін білдіреді. Бұл өзгертулер елді парламенттік биліктен президенттік басқаруға көшіруді көздейді. Өзгертулер қабылданған жағдайда Түркияның билік жүйесінде соңғы бір ғасырға жуық уақыт ішінде болмаған түбегейлі өзгерістер жасалады.

Түркияның қазіргі президенті Режеп Ердоғанның жақтастары сайлаушыларды «тарихи бетбұрыс жасауға» шақырып отыр, оппозиция болса билікті бір қолға шоғырландыруға жол бермеу үшін үкімет ұсынған конституциялық реформаға қарсы дауыс беруге үндейді.

Егер көпшілік реформаға қолдау білдіретін болса, онда жаңа Конституция бойынша президент мемлекет басшысы ғана емес, сонымен бірге атқарушы билік жетекшісіне айналады. Премьер-министр қызметі қысқартылып, оның орнына президент вице-президенттерді өзі тағайындайтын болады. Бұған қоса ол министрлерді қызметтен алып, елде төтенше жағдай жариялайды, жоғары лауазымды басшыларды тағайындайды. Президенттің қызмет мерзімі төрт жылдан бес жылға дейін ұзартылады, бір адам бұл қызметке қатарынан екі мерзімге ғана сайлана алады. Бұл өзгертулер қабылданған жағдайда ол 2019 жылдан бастап, Түркияда кезекті президент сайлауы өткен соң күшіне енеді. Егер ол сайлауда Ердоған тағы да жеңіске жететін болса, жаңартылған Конституция бойынша ол тағы бір мерзімге сайлануға, яғни 2029 жылға дейін президент қызметінде отыруға мүмкіндік алады.

"Иә" және "жоқ" деген жазу бар бюллетеньдер. 16 сәуір 2017 жыл.
"Иә" және "жоқ" деген жазу бар бюллетеньдер. 16 сәуір 2017 жыл.

Дауыс беретін күні сайлау насихатының кез келген түріне ресми түрде тыйым салынғанына қарамастан бүгін түрік баспасөз құралдары жарияланымдары бірінші бетінде дауыс беруге ынталандыратын материалдар басты. Мысалы, үкіметті қолдайтын газеттер алғашқы бетіне Ердоғанның суреті мен «қуатты Түркия» және «бір халық, бір Отан, бір ту» үшін дауыс беруге шақырған үндеулер басқан. Кейбір басылымдар реформаны қолдауға ашық шақырған «Иә! Ендігі сөзді халық өзі айтады» деген жазулармен шықты. Соңғы кезде Түркияда ерекше қысымға тап болған оппозициялық басылымдар «Халыққа сөзін айтар уақыт келді» деген тәрізді негізінен бейтарап тақырыптар қойған. Оппозициялық Cumhuriyet басылымы алғашқы бетіндегі материалға өз ұстанымын айқын білдіретін «Республика үшін дауыс беру» деген тақырып қойған. Бұл Мұстафа Кемал Ататүрік негізін қалаған республикадағы парламенттік билік жүйесін меңзейді.

Әйткенмен бұқаралық ақпарат құралдарында негізгі пікірталас дауыс беру күні қарсаңында өрбіді. Оппозициялық және үкіметті қолдайтын басылымдарда журналистер реформаның тиімділігі және зияны жайлы өз дәлел-уәждерін келтірді. Мысалы, үкіметшіл Yeni Şafak газетіндегі мақаласында журналист Юсуф Каплан Осман империясы ыдырағаннан кейін қазіргі Түркия орналасқан аймақ «тозаққа айналғанын» жазып, Түркия «болашағы мен тәуелсіздікке қадам басуы» және «мұсылмандардан қатты шошынған Батыстың отарлауын» тоқтату үшін реформаны қолдап дауыс беруге шақырған. Ол отандастарын ел тағдырын өз қолдарына алу және «тарихты өзгертуге» үндеген. «Бұл елге енді Тель-Авивтің, Вашингтонның, Брюссель мен Лондонның бұйрықтары жүрмейді» деп жазады ол.

Жазушы әрі журналист Енгин Ардыч Sabah газетіндегі мақаласында конституцияға жаңа өзгертулер енгізуге қарсы шыққан билік оппоненттері елде демократияға қауіп төніп тұрғандай және Түркияда ішкі жанжал басталатындай етіп көрсетуге құмар деп оппозицияны айыптаған.

Конституциялық реформаны қолдауға үндейтін жазулар мен сурет салынған көлік.
Конституциялық реформаны қолдауға үндейтін жазулар мен сурет салынған көлік.

Өз кезегінде оппозициялық журналистер президенттік басқару жүйесін енгізуге алып келетін билікті орталықтандыруға қарсылық білдіріп, үкімет ұсынған конституциялық реформаны қатты сынға алған. Түркиядағы танымал публицист Угур Дюндар оппозициялық Sözcü газетіндегі мақаласында бұл реформа іске асқаннан кейін конституциялық мемлекет келмеске кетеді деп жазған. Президент пен биліктегі «Әділет және даму» партиясы Жоғарғы сот судьялары мен прокурорларды, сонымен бірге Конституциялық сот судьяларын тағайындайтын болады. Бұған қоса жаңартылған Конституциядағы кейбір баптар Ердоғанға іс жүзінде билікте үш мерзім бойы – 2035 жылға дейін қалуға мүмкіндік береді деп ескерткен.

Реформаға қарсылар егер ол жүзеге асатын болса Түркияның жекелеген аймақтары, ең әуелі күрдтер қоныстанған аудандардың бөлініп кету қаупі барын айтады. Зерттеу мақалаларымен танымал журналист Сонер Ялчын президентке «бәрін өзі тағайындайтын» құқық беруді көздейтін референдум мен билікті орталықтандыру мақсатының артында «үлкен ойын» бар, оның нәтижесінде Түркия территориясынан айырылуы мүмкін деген пікір білдірген.

Осыған ұқсас аргументтерді Конституцияға өзгертулер енгізуді жақтайтындар мен қарсылық білдірушілер референдум қарасаңында таратқан насихат материалдарынан да кездестіруге болады. Әлеуметтік желілерде сайлаушылар «Әділет және даму» партиясының ресми парақшаларында Конституцияға өзгертулер енгізу не үшін қажет болғаны туралы түсініктеме жоқ, тек Түркияның ұлы болашағы туралы уәде ғана бар деп жазған.

Оппозициялық материалдарда, керісінше, реформаның елге қандай зиян-зардабы тиетіні жайлы егжей-тегжейлі жазылған. Және де, кейбір қолданушылардың жазуынша, көп жағдайларда қалалық муниципалитеттер қызметкерлері көшеге ілінген «реформаға қарсы» насихат материалдары мен оппозицияның плакаттарын жұлып тастап, тек реформаны жақтап дауыс беруге шақырған жазуларды қалдырған.

Түркияда сайлаушылар референдумге дауыс беріп жатқан сайлау учаскелерінің бірі. 16 сәуір 2017 жыл.
Түркияда сайлаушылар референдумге дауыс беріп жатқан сайлау учаскелерінің бірі. 16 сәуір 2017 жыл.

Насихаттау амал-тәсілдері мен дауыс беру нәтижесінен бөлек Түркия тұрғындарын референдум аяқтала салысымен не болатыны алаңдатады. Кей сайлаушылар дауыс беру нәтижесі тәртіпсіздіктерге, тіпті қантөгіске ұласуы мүмкін деп қауіптенеді. Әлеуметтік желілерде қолданушылар референдум нәтижесі қалай болып шықса да әлгіндей оқыс оқиғаларға ұласып кетуі ықтимал деген болжам айтады.

Насихаттау амал-тәсілдері мен дауыс беру нәтижесінен бөлек Түркия тұрғындарын референдум аяқтала салысымен не болатыны алаңдатады. Кей сайлаушылар дауыс беру нәтижесі тәртіпсіздіктерге, тіпті қантөгіске ұласуы мүмкін деп қауіптенеді. Әлеуметтік желілерде қолданушылар референдум нәтижесі қалай болып шықса да әлгіндей оқыс оқиғаларға ұласып кетуі ықтимал деген болжам айтады.

Егер референдум нәтижесі реформаға қарсылардың пайдасына шешілетін болса, онда Ердоғанның жақтастары бүлік шығарып, ең танымал оппозиционерлерді жоюға кірісе бастауы мүмкін деп қауіптенеді тұрғындар. Сонымен бірге, егер көпшілік конституциялық реформаны қолдап дауыс берсе, онда оппозиционерлер, ең әуелі «кемалшылар» (Мұстафа Кемал Ататүрік принциптерін жақтайтындар) көшеге жаппай наразылық акцияларына шығып, билік оларды қатал түрде басып-жаншуы мүмкін деген де қауіп айтылады. Тәртіпсіздіктерден қауіптенгендер алдын ала қамданып та жатыр: шоттарынан ақшаны алып, азық-түлік қорын жасап, ертерек дауыс берген соң қаладан аулаққа кетуді жөн көргендер де бар. Олар осылайша өздерін және жақындарын қауіп-қатерден аман сақтап қалуға тырысады.

Түркияда конституциялық реформаға қатысты референдумге дауыс беру өтіп жатқанда, Диярбакыр провинциясындағы Чермик қаласынан 30 шақырым жердегі Ябанарды ауылындағы мектепте орналасқан сайлау учаскесінде екі топ арасында шыққан жанжал кезінде атыс қаруы қолданылған деп хабарлады CNN Turk телеарнасы. Соңғы мәліметтер бойынша, атыс салдарынан екі адам қаза тауып, бір адам жараланған. Басылым оқиғаға не себеп болғаны туралы айтпаған.

Әлеуметтік желілердегі жазбаларда референдумге дауыс беру басталар алдында үкімет пен оппозиция бір-бірімен «мұрындары түйісіп» қатар келе жатқаны айтылады. Тәуелсіз әлеуметтік сауалнама мәліметтері бойынша, Ердоғанның реформасына қарсы дауыс беретіндер саны 50 пайыздан сәл астам (51-ден 53-ке дейін) болған. Дәл осы себепті Ердоған үшін шетелдегі, ең алдымен Еуропада тұратын түрік азаматтары арасындағы кампания соншалықты маңызды еді. Олардың қолдауы Ердоғанға жеңіске жетуге қажетті 3 пайыз дауыс әкелуі ықтимал. Шетелдегі сайлау учаскелерінде дауыс беру сәуірдің 9-ы күні өткен, олардың нәтижесі жалпыұлттық сайлау қорытындысымен бірге жарияланады.

Жексенбі күні жаппай бұрмалаушылықтар туралы хабарлар түскен жоқ. Әлеуметтік желіде сайлаушылар 2014 жылғы муниципалитет сайлауы кезіндегі оқиғаны меңзеп, «трансформатор тұрған жерге мысық әлі кіре қойған жоқ» деп қалжыңдап жатыр. Сол жолы Анкарада муниципалитет сайлауы өтіп жатқан кезде кенет жарық сөніп қалған еді. Сол-ақ екен, сайлауда жеңіліп жатқан «Әділет және даму» партиясы аяқ астынан көпшілік дауысқа ие болып шыға келген. Билік жарық «трансформаторға мысық кіріп кеткендіктен» сөніп қалды деп түсіндірген.

XS
SM
MD
LG