Accessibility links

Клондар сайысы: Ресейде сайлау қарсаңында аттас кандидаттар тіркеліп жатыр


"Яблоко" партиясының Санкт-Петербург қалалық думасындағы фракциясын басқаратын оппозициялық саясаткер Борис Вишневский.
"Яблоко" партиясының Санкт-Петербург қалалық думасындағы фракциясын басқаратын оппозициялық саясаткер Борис Вишневский.

17-19 қыркүйекте Ресейде өтетін парламент және мәслихат сайлауы қарсаңында оппозициялық саясаткерлердің көбі елден кетті. Кейбіріне түрлі айып тағылып, айыппұл салынды. Бұл олардың сайлауға түсуіне жол бермеді. Ал кандидатурасын ұсына алғандар өзімен аттас кандидаттарға тап болып жатыр. Бұл –  Ресейде бұрыннан келе жатқан айла. 

Санкт-Петербург жұрты жергілікті думада "Яблоко" партиясының фракциясын басқаратын оппозициялық саясаткер Борис Вишневскийді жақсы біледі. Ол – "Новая газета" тәуелсіз басылымның шолушысы, қаланың мәдени мұрасын қорғаушы. Бірақ парламент сайлауы қарсаңында Борис Вишневский есімді қоғам қайраткерлері көбейіп кетті.

Мамырда Борис Лазарұлы Вишневский Санкт-Петербург қалалық думасына да, Ресей парламентінің төменгі палатасы – Мемлекеттік думаға да қала орталығындағы екі ауданның атынан кандидатурасын ұсынған.

Ал шілденің басында Ресейдің "Жасылдар" партиясы Мемлекеттік думаға Борис Иванұлы Вишневский есімді кандидатын тіркеген.

11 күннен кейін оның Вишневскийге жергілікті дума сайлауында да бәсекелес болатыны белгілі болды. Ал 17 шілде күні Санкт-Петербург сайлау комиссиясы жергілікті дума кандидаттығына тағы бір Вишневскийді Борис Геннадийұлын тіркегенін мәлімдеді. Яғни мемлекеттік дума сайлауында бір орынға екі, жергілікті дума сайлауында үш "Борис Вишневский" таласпақ.

"Бұл алаяқтар осындай амалмен ғана маған қарсы тұра алады" деп жазды ол Тwitter-де. Ол бұл сөзінде биліктегі "Единая Россия" партиясына қарата жиі айтылатын "Алаяқтар мен ұрылар партиясы" деген тіркесті пайдаланған.

"Новая газета" зерттеу жүргізіп, қалған екі Борис Вишневскидің кім екенін анықтаған. Оның бірі "Единая Россияға" қатысы бар төменгі деңгейлі шенеунік те, бірі автокөлік жөндейтін ірі компания қызметкері болып шыққан. Олар аты-жөнін сайлауға тіркелмес бұрын ғана өзгерткен.

Бұл айла Ресейде 1990-жылдардан бері қолданылады. Билік танымал емес адамдарға оппозициялық кандидаттың аты-жөнін алып, құжатын өзгертуді ұсынады. Кейін оны қарсылас кандидат ретінде тіркейді. Кейде оппозициядан шыққан кандидатпен аттас адамдарды тауып алады.

Бұл айланың логикасы қарапайым: оппозициялық кандидатты қолдаймын дегендер аты-жөні бірдей адамды көріп шатасады, кандидаттың дауысы қақ жарылады.

17-19 қыркүйекте өтетін сайлауға түсіп жатқандар ішінде аттас кандидат атанған Вишневскийлер ғана емес. Мемлекеттік және жергілікті дума сайлауы қарсаңында Ресей билігі оппозициялық кандидаттарды, азаматтық қоғам белсенділерін, журналистерді басып-жаншыды. Олардың көбі қылмыстық айыптан, қысымнан қашып, елден кетті.

Ресейдің Марий Эл ауданында Коммунистік партия кандидаты Сергей Казанков шілдеде әкесі Иван Казанковпен аттас адамның сайлауға тіркелгенін білген. Оны "Ресей коммунистері" атты кішігірім партия ұсынған. Бұл партияның аты қысқартқанда КПКР деп жазылады. Бұл "Коммунитер партиясының" (КПРФ) аббревиатурасына ұқсайтындықтан, сайлаушыларды жаңылыстыруы мүмкін.

Сергей Казанков әкесімен аттас кісімен бір сайлауға түсіп жатыр.
Сергей Казанков әкесімен аттас кісімен бір сайлауға түсіп жатыр.

Ресейдің орталық сайлау комиссиясы сайлаушыларды шатастыратын адамдарды тіркеуді шектейтінін айтып келеді. Бір қарағанда бұл Ресей жоя алмаған проблема сияқты көрінеді.

Сергей Казанковтың әкесімен аттас кандидат Иван Иванович Казанков.
Сергей Казанковтың әкесімен аттас кандидат Иван Иванович Казанков.

"Бірнеше шағым алдық. Біршама ауданда аттас адамдардың тіркеліп, клондар технологиясы қолданылып жатқанын көріп отырмыз. Алаңдап отырған партия лидерлерінің хабарламалары бар" дейді ОСК басшысы Элла Памфилова ТАСС агенттігіне.

Санкт-Петербургтегі "Жасылдар" партиясының лидері мұны ойламаған да сыңайлы. Ол Fontana.ru сайтының журналистеріне совет кезеңінен келе жатқан белсенді саясаткер, ондаған жыл бойы қалалық дума мүшесі болған Борис Вишневский туралы білмейтінін айтты.

"Біздің Вишневскиді білемін. Ал сіз кім туралы айтып отырсыз? "Яблоко" партиясынан шыққан Вишневскийді танымаймын. Ол кім?" депті ол журналистерге.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG