Accessibility links

Генералдың өмірін қиған қастандықтан соң Ресейдегі Орталық Азия мигранттары үрейде отыр


Мәскеудегі көші-қон мекемесі алдында кезекте тұрған адамдар.
Мәскеудегі көші-қон мекемесі алдында кезекте тұрған адамдар.

Мәскеуде жарылыстан мерт болған жоғары лауазымды ресейлік генералдың өліміне күдікті ретінде Өзбекстан азаматы ұсталған соң, Ресейде жұмыс істеп жүрген Орталық Азия елдерінен барған мигранттар арасында үрей күшейді.

Ресей билігі Мәскеуде жарылыстан мерт болған генерал-лейтенант Игорь Кирилловтың өліміне байланысты 18 желтоқсанда 29 жастағы Өзбекстан азаматы ұсталғанын хабарлады.

Бұл хабар Ресейдегі Орталық Азия елдерінен шыққан мигранттардың үлкен қауымына өте жайсыз тиді.

Ресей Украинаға қарсы кең көлемді басқыншылық соғыс ашқан 2022 жылдың ақпанынан бергі уақытта өлтірілген әскери шенділер арасындағы лауазымы ең жоғары тұлғаға жасалған қастандықтың артында Киев тұр дейді Мәскеу. Украина қауіпсіздік қызметіндегі дереккөз Азаттыққа ресейлік генералға жасалған қастандықты Украина тарапы ұйымдастырған деп айтқан.

Бірақ, Мәскеудің Өзбекстан азаматын ұстап, генерал Кирилловтың көзін жою жөнінде Украинаның тапсырмасын орындаған осы деп мәлімдеуі Ресейдегі Орталық Азиядан барған мигранттарды үрейге салып қойды.

Ресей генерал-лейтенанты Игорь Кирилловтың өліміне күдікті ретінде ұсталған Өзбекстан азаматы. Видеодан скриншот.
Ресей генерал-лейтенанты Игорь Кирилловтың өліміне күдікті ретінде ұсталған Өзбекстан азаматы. Видеодан скриншот.

Кейінгі жылдары Ресейде Орталық Азия елдерінен барған мигранттарға қарсы ксенофобиялық шабуылдар жиілеп кетті. Мыңдаған адам депортацияланды немесе оларға Ресейге кіруге тыйым салынды. Қоқан-лоқы көріп, қатыгез қатынасқа тап болғанына шағынғандар көбейді.

Орталық Азия елдерінен барған мигранттар енді мына оқиғадан кейін Ресейде жағдайымыз одан сайын қиындайды деп қауіптеніп отыр.

"Барлық жерде полиция көліктері (автозактар) тұр, – деді Мәскеуде тұрып жатқан Өзбекстан азаматы Зүлфия. – Бүгін базардың қасынан өтіп бара жатқанымда бірнеше автозак көрдім. Өзбек, қырғыз, тәжік – бірін қалдырмай ұстап жатты".

"Кеше олар танысымды қызымен қоса депортациялады", – деді Зүлфия. Басыма бәле болар деген қауіппен өз сойын атамағанды жөн көрді.

МИГРАНТТАРҒА ҚАРСЫ РИТОРИКА

Ресей ондаған жылдар бойы Орталық Азия елдерінен шыққан миллиондаған еңбек мигранты жұмыс іздеп баратын негізгі ел болатын. Отбасын асырау үшін мигранттар қысым мен кемсітуге ұшыраса да көнбістік танытып, сол елде жұмыс істейтін.

Ал биыл наурызда Мәскеу түбіндегі "Крокус Сити Холл" концерт залына жасалған, 140-қа жуық адам мерт болған шабуылдан соң Ресей билігі мигранттарға қарсы қысым мен оларды қудалауды күшейтті.

Ресейде кейінгі он жылда болған ең үлкен қантөгіске әкелген осы шабуылға күдікті ретінде Тәжікстанның бірнеше азаматы ұсталып, қамауға алынды. Сот алдына әкелінген олардың денесіндегі іздер мен қимыл-әрекеті қатты таяқ жеп, азапталғанынан хабар бергендей болды.

Ресей қарулы күштерінің радиациялық, химиялық және биологиялық қорғану әскерінің басшысы генерал Кирилловтың өлімінен кейін биліктің өзбекстандық азаматты едел-жедел ұстап, оны жарылысқа күдікті деп жариялағанына кейбір талдаушылар "қасқырдың аузы жесе де – қан, жемесе де – қан" етіп көрсетіп отырған жоқ па деп секеммен қарайды.

Генерал Игорь Кириллов пен көмекшісі қаза тапқан жерді зерттеп жүрген тергеушілер. Мәскеу, 17 желтоқсан, 2024 жыл.
Генерал Игорь Кириллов пен көмекшісі қаза тапқан жерді зерттеп жүрген тергеушілер. Мәскеу, 17 желтоқсан, 2024 жыл.

Ұлыбританияда орналасқан Central Asia Due Diligence талдау орталығының директоры, өзбек сарапшысы Әлішер Илхамов күдіктіні азаптаған болуы "әбден мүмкін" деп топшылайды.

Өзбектерді "бұл төтенше оқиғада белгілі бір дәрежеде зұлым етіп көрсетпек" деген пікір білдірді Илхамов.

Ресейдің федерациялық қауіпсіздік қызметі (ФСБ) күдікті өзбекстандық азамат – Украина арнаулы қызметінің нұсқауын алып әрекет еткен жансызы деп мәлімдеді. Тергеу нұсқасы бойынша, Кириллов пен көмекшісі көпқабатты тұрғын үйден далаға шыққан сәтте болған жарылыс салдарынан қаза тапқан. Жарылғыш зат сол маңда тұрған электр қуатымен жүретін көлік құралына (электросамокат) орнатылған.

ФСБ күдіктінің "мойындаған" сөзі жазылған видеоны жариялады. Онда бет-жүзінде жарақатқа ұқсайтын із қалған ер адам өзіне "100 мың доллар мен еуропалық төлқұжат" береміз деп уәде еткенін айтады.

"Кейінгі кезде ресейлік саясаткерлер мигранттарға қарсы риториканы өте жиі қолданатын болған, – деді Илхамов. – Енді ол күшейе бермек. Ресей телевидениесінен сөйлейтін сарапшылар мен заң шығарушылардан сондайды еститін боламыз".

БОЛЖАМ: КӨШЕДЕ ТЕКСЕРУ КҮШЕЙЕДІ

Мигранттарға қарсы мәлімдеме жасаған ресейлік саяси тұлғалар арасында президент Владимир Путиннің негізгі одақтасы әрі Ресейдің тергеу комитетінің басшысы Александр Бастрыкин де бар.

Былтыр Бастрыкин Ресей азаматтығын алған мигранттар Украинаға соғысқа барудан бас тартса, оларды азаматтықтан айыру керек деп мәлімдеген.

Бұған қоса ол мигранттар арасында қылмыс күрт көбейіп кетті деп айтқан.

"Орыстар майданда жүрген шақта тылымызда мигранттар шабуылдап жатыр" деп жұрт айтып жүр", – деген Ресейдің тергеу комитетінің басшысы.

Мәскеуде тұратын қырғызстандық әйел қазіргі кезде Ресейде жүрген Орталық Азия мигранттарының жағдайы онсыз да қиын екенін айтты.

"Осы оқиғадан соң Орталық Азия мигранттарвның жағдайы тек нашарлай береді деп ойлаймын, – деді жеке басының қауіпсіздігі үшін аты-жөнін атамауды жөн көрген қырғызстандық мигрант. – Көшеде тексеру күшейетін шығар".

XS
SM
MD
LG