Ресей ядролық оқтұмсықтар жеткізе алатын орта және жақын қашықтыққа ұшатын зымырандарды орналастыруға қойылған мораторийді алып тастамақ. Елдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров 29 желтоқсанда осылай деп айтты. "Америка дауысы" сайтының жазуынша, Лавров АҚШ-тың осыған ұқсас қару қоятынын алға тартқан.
2024 жылы шілдеде Берлин мен Вашингтон Германияға америкалық орта қашықтыққа ұшатын зымырандар орналастыру жоспары барын жария етті. Тараптар зымырандар ядролық болмайды деп хабарлады. Кремль бұған дейін мұндай зымырандардың Филиппинде орнатылуы мүмкін екенін сынға алған.
Орта және қысқа қашықтыққа ұшатын зымырандар – 500-ден 5500 шақырымға дейін жететін баллистикалық және қанатты зымырандар, оларды жерден басқарады. "Қырғи-қабақ соғыс" кезеңінде советтік "Пионер" зымыранын орнатуға жауап ретінде Батыс Германия аумағына америкалық "Першинг" зымырандары қойылған.
Сол кезде Батыс елдері Совет Одағына зымыранның осы түрін жою туралы келіссөз жүргізуді ұсынған. Келісімге 1987 жылы АҚШ президенті Рональд Рейган мен Совет одағының басшысы Михаил Горбачев қол қойған.
2018 жылы АҚШ президенті болған Дональд Трамп осы келісімді бұзғысы келетінін мәлімдеген. Ол Ресейді "келісім шарттарын бұзды" деп айыптады, зымырандарды жою туралы міндетті Қытай орындамайтынына алаңдады. АҚШ 2019 жылы келісімнен шықты.
ПІКІРЛЕР