Accessibility links

Ресей Қазақстандағы кей уран кен орнындағы үлесін Қытайға сатып жатыр


Түркістан облысында уранды жерасты ұңғымада сілтісіздендіру әдісі арқылы өндіретін "Қазатомөнеркәсіп" кеніштерінің бірі. Көрнекі сурет.
Түркістан облысында уранды жерасты ұңғымада сілтісіздендіру әдісі арқылы өндіретін "Қазатомөнеркәсіп" кеніштерінің бірі. Көрнекі сурет.

Қазақстанда уран өндіретін "Қазатомөнеркәсіп" компаниясы ресейлік "Росатомның" елдегі кей уран кен орнындағы үлесін Қытай компанияларына сатып жатқанын хабарлады.

Бұған дейін "Росатом" "Қазатомөнеркәсіптің" 14 кен орнының алтауынан үлес алған.

17 желтоқсанда "Қазатомөнеркәсіп" "Росатомның" "Ураниум Уан Груп" деген еншілес компаниясы Түркістан облысындағы "Заречное" кен орнындағы 49,979 пайыз үлесін SNURDC Astana Mining Company Limited компаниясына сатты деп мәлімдеді. Оның түпкі бенефициары – Қытайдағы ядролық уран ресурстарын дамыту жөніндегі мемлекеттік компания.

Бұдан бөлек, "Ураниум Уан Груп" акционерлік қоғамы Қызылорда облысындағы Солтүстік Хорасанда кен өндіретін "Хорасан-U" бірлескен уран кәсіпорнындағы 30 пайыз үлесін China Uranium Development Company Limited компаниясына сатпақ деді. Оның түпкі бенефициары – Қытайдың атом энергиясы жөніндегі бас корпорация.

Қазақстандағы атом компаниясы "Хорасан-U" кәсіпорнындағы "Қазатомөнеркәсіп" үлесі өзгермейді, 50 пайыз болып сақталады деп хабарлады.

"Қазатомөнеркәсіп" мәліметінше, 2024 жылдың басында "Заречное" кен орнындағы уран қоры шамамен 3,5 мың тонна болған. Кен орнын игеруді 2028 жылы аяқтау жоспарланған.

Ал "Хорасан-U" бірлескен кәсіпорны Жаңақорған ауданындағы "Хорасан-1" учаскесінде уран өндіреді. "Қазатомөнеркәсіптің" ақпаратынша, 2024 жылдың басында бұл кен орнындағы уран қоры шамамен 33 мың тонна болған. Бұл орын 2038 жылға дейін пайдалануға берілген.

"Қазатомөнеркәсіптің" бағалы қағаздары Лондон қор биржасы мен Astana International Exchange биржасына қойылған. "Қазатомөнеркәсіп" – әлемдегі ең ірі уран өндіруші. Ресми ақпарат бойынша, "Қазатомөнеркәсіп" еншілес, тәуелді және бірлескен ұйымдармен бірге 14 уран өндіруші кәсіпорынға біріктірілген 27 кен орнын/учаскені игеріп жатыр.

"Қазатомөнеркәсіптің" бас директоры Мейіржан Жүсіпов қыркүйекте Financial Times газетіне Украинадағы соғысқа байланысты Ресейге салынған санкциялар Батыс компанияларына уран сатуды қиындатты деп айтқан.

Компания құжаттарына сәйкес, "Қазатомөнеркәсіп" өнімінің 29 пайызын Еуропаға сатады деп жазды Reuters агенттігі.

Ұлттық компания жылдық есебінде "Росатомға" тікелей санкция салынбағанын, алайда оның кей еншілесі мен Ресей атом өнеркәсібінің жоғары лауазымды тұлғалары Батыс санкцияларына іліккенін айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG