Accessibility links

Ресейде "Яблоко" партиясы төрағасының орынбасары Лев Шлосберг 11 жыл 1 айға сотталды

Ресейлік саясаткер Лев Шлосберг сот залында Псков, 17 тамыз, 2026 жыл.
Ресейлік саясаткер Лев Шлосберг сот залында Псков, 17 тамыз, 2026 жыл.

17 тамызда Ресейдің Псков қалалық соты "Яблоко" партиясы төрағасының орынбасары Лев Шлосбергті "Ресей армиясының беделін түсіріп, ол жайлы жалған ақпарат таратқаны" үшін айыпты деп танып, 11 жыл 1 айға бостандығынан айырды. Бұл туралы "Медиазона" және басқа да ақпарат құралдары хабарлады.

Прокурор соттан саясаткерді бұрынғы жазасын ескере отырып 12 жыл 1 айға түрмеге қамауды сұраған – 2025 жылдың қарашасында Шлосберг "шетел агенті" ретіндегі міндеттерін орындамағаны үшін 420 сағат қоғамдық жұмысқа тартылған еді.

14 тамызда өткен сот тыңдауында судья Виктория Малямова саясаткердің адвокаттарының болмауына және сот тағайындаған қорғаушының жарыссөзге дайын еместігіне қарамастан, Шлосберг ісі бойынша сот тергеуі кезеңін аяқтаған.

Сонымен қатар сот Шлосбергке сұрақ қоюды қажет деп таппады деп хабарлайды Азаттықтың Орыс қызметі. 28 шілдедегі тыңдауда айыпталушының алдын ала тергеу кезінде берген куәлігі оқылған. Бұған қарсылық білдірген саясаткер қорғаушы тарап қалған дәлелдемелерді ұсынғаннан кейін сотта куәлік беруге дайын екенін мәлімдеген. Ал судья оның бұл ұстанымын сот тергеуіне жауап беруден толық бас тарту деп бағалаған.

Алдымен біраз уақыт үйқамақта, ал 2025 жылдан бастап тергеу абақтысында қамауда отырған Шлосберг сот барысында өзінің қорғану құқығы бірнеше рет бұзылғанын мәлімдеген. Соттағы соңғы сөзінде саясаткер заң талаптары бұзылғанын айтып, Украинадағы соғысты тоқтатуға шақырған сөзін қайталаған.

  • Лев Шлосберг - ресейлік "Яблоко" партиясының көрнекті қайраткері және Псков облыстық думасының бұрынғы депутаты. Ол Ресейдің Украинамен соғысына қарсы болып келді. Принципті себептерге байланысты Ресейден кетпей, елде қалуды ұйғарған. Бұған қоса ол Ресейдің соғыста жеңілгенін жақтайтын кейбір ресейлік эмигранттармен өткір пікірталас жүргізді. Ол атысты тоқтатуға басымдық беретінін айтқан.
  • Саясаткердің үстінен іс қозғауға оның соғыс жайлы пікірталастарға қатысқаны және британдық Daily Mirror газетінің бірінші бетінің суретін жариялаған "Эхо Москвы" телеграм-арнасынан оны көшіріп жариялағаны себеп болған.
  • Сот құжаттарына сәйкес, 2022 жылғы 25 ақпанда Шлосберг желідегі постында қанға боялған әйел мен Ресей президенті Владимир Путиннің бейнесі бар газет мұқабасын "Эхо Москвы" Telegram арнасынан көшіріп жариялаған. 2025 жылдың желтоқсан айында ол пост Шлосбергтің Telegram аккаунтынан жойылды, ал "Эхо Москвы" Telegram арнасы 2022 жылы, редакцияны тарату туралы шешім қабылданғаннан кейін жұмысын тоқтатқан.
  • 10 тамыз күні Ресей жоғарғы соты "Яблоко" партиясын қыркүйекке белгіленген Мемлекеттік дума сайлауынан шеттетуді сұраған "Родина" партиясының арызын қанағаттандырды. Прокурор мен Орталық сайлау комиссиясы сотта ол арызды қолдаған. 17 тамызда жоғарғы сот "Яблоко" партиясының апелляциялық шағымын қанағаттандырмай тастады.
Айдар
XS
SM
MD
LG