Accessibility links

"Нағыз ессіздік". Запорожье АЭС маңында тұратын халықты ядролық апат қаупі алаңдатады


Ресей оккупациялаған Запорожье атом электр станциясы АЭС.
Ресей оккупациялаған Запорожье атом электр станциясы АЭС.

Украина шенеуніктері мен барлау қызметі Ресей оккупациялаған Запорожье атом электр станциясында кез келген сәтте апат болуы мүмкін дейді. Днепрдің төменгі сағасындағы бөгет жарылғаннан кейін су қоймасының жағалауындағы Никопольдің халқы бұл болжам шынға айнала ма деп алаңдап отыр.

Совет Одағы тұсында салынған ғимараттың үлкен терезесі Еуропадағы ең ірі электр станциясына қарайды. Ғимараттан 10 километр жерден – жақында апат болған су қоймасының арғы жағалауынан станция мұнарасы көзге түседі.

Бұл кеңседе Никополь аудандық әскери әкімшілігінің басшысы Евгений Евтушенко отырады. Қаба сақал, түрі сұсты, беліне үнемі тапанша іліп жүретін ол ядролық апат болуы мүмкін деген болжамға сенеді.

Никополь аудандық әскери әкімшілігінің басшысы Евгений Евтушенко ядролық апат болуы мүмкін деген болжамға сенеді.
Никополь аудандық әскери әкімшілігінің басшысы Евгений Евтушенко ядролық апат болуы мүмкін деген болжамға сенеді.

– Бұл – шынайы қауіп деп ойлаймын, – деді ол 3 шілдеде Азаттық тілшісіне берген сұхбатында.

Евтушенко Украинаның ресми тұлғаларының 2022 жылы наурызда Ресей әскері басып алған Запорожье атом электр станциясына қатысты болжамын қайталады.

1 шілдеде Украина президенті Владимир Зеленский Ресей Запорожье атом электр станциясында жарылыс жасауға техникалық тұрғыдан дайын екенін, радиация қаупі төніп тұрғанын ескертті. Ол "жағдай өте қауіпті" деді.

23 маусымда Украина барлау қызметінің басшысы, генерал-майор Кирилл Буданов Ресей атом станциясындағы 6 энергоблоктың төртеуіне және салқындату жүйесіне жарылғыш зат қойған деп мәлімдеді. Ол бұл сөзіне дәлел келтірген жоқ, дегенмен Ресей жарылыс жоспарын дайындап, бекітіп қойғанын, тек бұйрық беру ғана қалғанын айтты.

Ресей әскері Днепрдің қарсы жағалауынан Никополь қаласын күн сайын дерлік атқылайды.
Ресей әскері Днепрдің қарсы жағалауынан Никополь қаласын күн сайын дерлік атқылайды.

Ресей шенеуніктері шиеленісті одан әрі күшейтті. Олар Украина атом станциясында жарылыс жасап, бар кінәні Мәскеуге аудара салғысы келеді деді.

– Бұл реалити-шоу емес, бәрімізге төніп тұрған үлкен қауіп, – деді Евтушенко.

Жұмыс үстелінің үстіндегі қабырғаға Украина барлау қызметінің белгісі ілінген. Ол халықаралық қауымдастық баяу реакция білдіріп отырғанын айтады.

Запорожье атом электр станциясы ресейлік "Росатом" мемлекеттік компаниясына қарайды. Бірақ мекемені украин қызметкерлер басқарады. 2022 жылдың қыркүйегінен бастап Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (МАГАТЭ) пен БҰҰ-ның ядролық қауіпсіздікті бақылау органының сарапшыларына станцияға кіруге рұқсат берілген.

30 маусымдағы тексерістен кейін МАГАТЭ басшысы Рафаэль Гросси сарапшылар нысанға қойылды делінген жарылғыш заттарды таппағанын, тексерісті жалғастыру үшін станцияның басқа бөліктеріне – турбина цехі мен салқындату жүйесіне кіруге қосымша рұқсат керегін айтты.

Станцияда қасақана ұйымдастырылған немесе атыс салдарынан апат болуы мүмкін деген қауіп бірнеше айдан бері айтылып жүр. 6 маусымда Кахов бөгеті жарылып, елдімекендерді су басқаннан кейін ел арасындағы алаңдаушылық тіпті күшейді. Су қоймасының жағалауында Энергодар қаласын жарықпен қамтамасыз ететін атом электр станциясы орналасқан.

БҰҰ өкілдері түбі құрғап қалған Кахов су қоймасының орнында жүр.
БҰҰ өкілдері түбі құрғап қалған Кахов су қоймасының орнында жүр.

Киев жарылысқа Ресейді кінәлады. Су қоймасы ұзақ уақыт Мәскеудің бақылауында болған еді. Ресей қазір Украинаның оңтүстігінде экологиялық апат ұйымдастырды деген айыпқа қалып отыр. Апат салдарынан қалаларды су басып, ауыл шаруашылық жерлері бүлініп, бейбіт тұрғындар опат болды. Өңірдегі 700 мыңға жуық адам ауыз сусыз қалды.

"БАРАТЫН ЖЕРІМІЗ ЖОҚ"

Қиын жағдайда қалған тұрғындардың бірі – Виктория Кутовая. Ол аптап ыстық болған 3 шілдеде Никопольдегі су тарататын орынға барды. Бірақ су сақталатын ыдыстар бос еді. Қалада өмір сүру қиындағанына қарамастан, Виктория туған жерінде қалған. Ресей басқыншылығына дейін Никопольде 100 мың адам тұратын, қазір қала халқының саны екі есе азайған.

– Қашып кеткіміз-ақ келеді, баратын жеріміз жоқ, – дейді Кутовая.

Бір ай бұрын Виктория Польшаға барып, қызының Израильден ұшып келген кіндік шешесімен кездескен. Бір аптадан кейін Никопольге оралып, балабақшадағы еріктілік қызметін жалғастырған.

6 маусымда Кахов су қоймасы жарылғаннан кейін аймақта 700 мыңға жуық адам ауыз сусыз қалды.
6 маусымда Кахов су қоймасы жарылғаннан кейін аймақта 700 мыңға жуық адам ауыз сусыз қалды.

Кутовая Никопольден ядролық апат болған жағдайда ғана кететінін айтады.

– Басқа жақта кімге керекпіз? – дейді ол.

Термометр 30 градустан жоғары көрсетіп тұр. Су алуға кезекте тұрған адамдардың шыдамы шегіне жетіп тұрғаны байқалады. Никополь тұрғындары бір жылда болған терактілер мен апаттар кезінде көрсеткен табандылығы мен ерік-жігері үшін "мұқалмас" аталып кеткен. Бірақ кейінгі кездері қаланы үмітсіздік жайлай бастады.

Қолы мен бетіндегі жарасы қатып, қабыршақтанып кеткен 12 жастағы Антон бес литрлік 6 бөтелкеге су құйып жатыр. Ол су алуға жалғыз келген. Мектепте бірге оқитын достары қайда жүргенін білмейді. Антон бір айдан бері күнде осы жерге келіп, су алады.

– Су тасыған ауыр, – дейді ол.

Никопольдегі су сапасын тексеретін бактериолог дәрігер Галина Благодина тұрғындар әбден қажып, бүгінгі күнмен ғана өмір сүруге көшкенін айтады. Халыққа радиация болған жағдайда қаладан шығу жоспары берілген. Тұрғындар биліктің мәлімдемелерін қалт жібермей қарап отыр.

– Былтыр қарашадан бастап әмиянымды қойныма салып жүрмін. Ішінде йод бар. Интернет өшіп қалмайтын шығар деп үміттенемін, – дейді ол.

Ольга Онищуктың ата-анасының үйін Ресей әскері атқылап қиратқан.
Ольга Онищуктың ата-анасының үйін Ресей әскері атқылап қиратқан.

Кейінгі апталарда атом электр станциясына жақын орналасқан елдімекендерде, оның ішінде Никополь қаласында апат бола қалған жағдайға дайындық ретінде оқу-жаттығу шаралары өткен. Атом станциясы жарылса, радиоактивті бұлт бүкіл аумаққа тарауы мүмкін.

Украина қарулы күштері "Энергоатом" компаниясымен бірге табиғи апат салдарын жою жоспарын дайындап жатыр. 3 шілдеде Украина ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы Алексей Данилов "Украина кез келген сценарийге дайындалып жатыр" деді.

Евтушенконың айтуынша, Никопольдің эвакуация жоспары дайын. Бірақ ауданнан бір мезетте 160 мың адам көшірілуі керек. Сондықтан апат кезінде жаппай үрей мен бейберекет жағдай орнауы әбден мүмкін. Евтушенко Ресей әскері бейбіт халықты эвакуациялау кезінде оқ жаудыруы мүмкін деп қауіптенеді.

Днепрдің екінші жағалауында шоғырланған Ресей әскері Никопольді күнде атқылап жатыр. Биліктің дерегінше, жексенбі кешкісін Ресей әскері Никополь мен оған жақын Марганец қаласын атқылаған. Салдарынан бір тұрғын жараланып, бірнеше ғимарат пен көлік құралдарына зақым келген.

Никопольдің 59 жастағы тұрғыны Ольга Онищук қалаға жасалған шабуыл салдарынан анасынан мұраға қалған үйінен айырылды. Өзі анасының үйіне жақын жаңа пәтерде тұрып жатқан.

– Қыста жарық, су болмады. Дәлізде ұйықтап, жертөлені паналап жүрміз. Бәрі тезірек аяқталса екен, бірақ соғыс біткенде қалада сау ғимарат қалмайтын сияқты, – дейді ол.

Евтушенконың айтуынша, соғыс басталғалы Никополь ауданына жасалған артиллериялық шабуылдан кемі 50 бейбіт тұрғын қаза тауып, 233 адам жараланған. 2000 жеке, 900 көпқабатты үй зақымданған немесе қираған.

"ЖЕЛДІҢ ОДАҚТАСЫ ЖОҚ"

Евтушенконың пікірінше, халықаралық қауымдастық ядролық апат болған жағдайда қалай әрекет етеміз деудің орнына қауіпсіздікті қалай қалпына келтіреміз деп ойлануы керек.

– Бұл жерді делимитация аймағы деп жариялау керек, – дейді Евтушенко.

Ол Днепр өзенінің түбі құрғаған соң Ресей әскері бері өтеді деп қауіптенеді. Украина күштері Оңтүстік майдандағы операциясы аясында өзеннен өтіп, шабуыл жасауы да мүмкін. Украинаның өткен айда басталған қарымта шабуылы барысында Ресейдің қол астындағы атом электр станциясының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше басымдық беріледі.

Никополь халқы АЭС жарылуы мүмкін деп қорқып отыр. Бұрын Ресей әскері мен Никополь халқының арасын бөліп жатқан су айдыны қазір жоқ. Бөгет жарылғаннан кейінгі бір айда су деңгейі төмендей бастаған.

Жергілікті бардың сыртында көлеңкеде шахмат ойнап отырған орта жастағы Роман Падолкин мен Юрий Обухов кез келген сценарий іске асуы мүмкін дейді. Барда егде жастағы адам көп. Бәрінің түрінен әбден қажығаны байқалады. Олар жасыл қабырғадан көз алмай қарап, сұрақтарға қысқа жауап қайырды.

Никополь тұрғындары Роман Падолкин мен Юрий Обухов шахмат ойнап отыр.
Никополь тұрғындары Роман Падолкин мен Юрий Обухов шахмат ойнап отыр.

Херсонда туған Падолкин Никопольге жақында көшіп келген. Былтыр күзде Украина әскері Херсонды азат еткеннен кейін Ресей әуеден шабуыл жасап, Падолкиннің Херсондағы үйі қирап қалған.

– Қайда қашып, кімге арқа сүйерімді білмеймін. Путиннің ең үлкен жеңісі – үш апта үйде ыдыс жуып, әжетхана суын ағыза алмағаным шығар, – дейді ол.

Обухов апат болмайды деп үміттенеді. Ол Ресей радиациядан қорқатынын, өйткені желдің жауы да, одақтасы да жоғын айтады.

Сарапшылардың пікірінше, бұл аумақтағы жел оңтүстік-шығысқа қарай соғады, демек атом электр станциясынан шыққан улы заттар мен радиация Ресейдің Дондағы Ростов қаласына жетуі мүмкін.

– Бөгет жарылғаннан кейін Қырым сусыз қалып, қос жағалауды су басты. Бұл – шахмат ойыны емес, нағыз ессіздік, – дейді Падолкин Украинаның оңтүстігіндегі Ресей оккупациялаған өңірлерде болған апат салдарын меңзеп.

Азаттықтың Украин қызметінің тілшісі Александр Паликоттың материалынан аударылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG