Accessibility links

Назарбаевтың АҚШ-қа алғашқы сапары және референдум


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен АҚШ президенті үлкен Джордж Буш. Ақ үй, Вашингтон, 20 мамыр, 1992 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен АҚШ президенті үлкен Джордж Буш. Ақ үй, Вашингтон, 20 мамыр, 1992 жыл.

Қазақстан тәуелсіздігін жариялағаннан кейін тура бес ай өткенде президент Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеу арқылы Вашингтонға ресми сапар шекті. "Шеврон" компаниясымен келісімге келген және ядролық қарудан бас тартудың алғашқы шарттары айқындалды. Алайда Қазақстан мен Американың арасы кейін неге суыды? Ол туралы бір кездегі сыртқы істер шенеунігі, қазіргі президент не дейді?

Назарбаевтың АҚШ-қа алғашқы сапары Мәскеуден басталды
please wait

No media source currently available

0:00 0:58:32 0:00

1992 жылы Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев бастаған ресми делегация Вашингтонға сапар шекті. Бұл – Қазақстан тәуелсіздігін жариялағанына жарты жылға жуықтаған кез-тұғын. Бірақ тәуелсіз елдің әлі елтаңба, әнұран, мемлекеттік туы қабылданған жоқ еді.

Назарбаев Ақ үй резиденциясының ауласында сөйлеп тұрғанда советтік Қазақстанның көк жолақты қызыл туы ілулі тұрды. Бұл Қазақстан өз Конституциясын қабылдап үлгермеген уақыт еді.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақтан екінші) пен АҚШ президенті үлкен Джордж Буш (оң жақтан екінші) брифингте тұр. Ақ үй, Вашингтон, 20 мамыр, 1992 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақтан екінші) пен АҚШ президенті үлкен Джордж Буш (оң жақтан екінші) брифингте тұр. Ақ үй, Вашингтон, 20 мамыр, 1992 жыл.

СОВЕТТІК ҚАЗАҚСТАН ТУЫ КӨТЕРІЛГЕН САПАР

Назарбаевтың АҚШ-қа сапары 1992 жылы 18-20 мамыр аралығын қамтыды. Сол қарсаңда Америка баспасөзінде Қазақстан туралы мақалалар жарияланды. Сол мақалаларда Қазақстанның Конституциясы әлі әзірленіп бітпегеніне мән берген басылымдар да болған.

"Вашингтон пост" газеті сол жылғы 18 мамырдағы санында, яғни президент Назарбаевтың АҚШ-қа сапарының алғашқы күні жарияланған мақалада да осы туралы айтылған. Азаттық тілшісі Талғат Көкбұлақ шолу жасаған мақалада ядролық қаруға ие жас мемлекеттің басшысы Назарбаевтың Конституция жобасын талқылау бітуге тақағанын айтқаны келтірілген. Назарбаев жаңа Негізгі заңның советтік Конституциядан мүлде бөлек болатынын айтқан. Президенттің Америка заңгерлерімен және АҚШ конгрессімен ақылдасып, "жаңаша тұрпаттағы заң әзірлеп жатырмыз" деуі оң әсер тудырған.

Осы сапардың қарсаңында Ташкентте қазіргі Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына негіз болған құжатқа қол қойылған болатын. Вашингтондағы мәміледе және АҚШ баспасөзінде бұл туралы да жиі айтылған. Америкаға барғанда Қазақстан басшысы елдің ядролық қарудан бас тартуына келісіп қайтады.

"Вашингтон пост" бұл кезде әлі де болса бұрынғы коммунистік жүйенің "аппаратчиктері" Назарбаевқа кедергі келтіруі мүмкін екенін айтады. Газет Қазақстандағы тіл мәселесін айта келіп, Ашаршылық, тың игеру науқандарынан кейін жергілікті ұлт қазақтардың өз жерінде азшылыққа айналғанын да атап өтеді. Назарбаев ресми кездесуде орыс тілінде сөйлеген.

Азаттық радиосы Назарбаевтың АҚШ-қа алғаш сапары туралы хабарларында Қазақстан мен Америка президенттері екі сағат әңгімелескенін айтады.

Бұған қоса Азаттық тілшісі Батырхан Бозғұрт сол кезде Алматыдан таратқан хабарында саяси партиялар мен оппозициялық ұйымдардың осы сапар туралы пікірлерін де жинақтап берген. Хасен Қожахмет, Жасарал Қуанышәлин тәрізді саясаткерлер Назарбаевтың ядролық қарудан бас тартуға келісуін сынап, оның бұдан арғы билігіне күмән келтірген.

Қазақстан қоғамы үшін Назарбаевтың Америкаға сапары сол күндері басты назарда болған. Ал белсенділер болса, АҚШ-тың Алматыдағы елшілігі алдында наразылық акциясын өткізген. Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған соң алғаш елшілігін ашқан ел Америка болатын.

Азаттықтың хабарлауынша, Назарбаев сапарының екінші күні Вашингтондағы келісімдерге қол қойылған соң Американың Қазақстанға беретін несиесі мен сауда келісімдеріне ризашылық білдірген.

Сондайда ол демократияны дамыту және халықаралық адам құқығын сақтау бағытында қызды-қыздымен "Біз өну үстіндеміз. Американың ыждаһатты оқушысы болуға тырысамыз", – деген.

ҚАЗАҚСТАН ПРЕЗИДЕНТТЕРІ НЕ КӨРДІ?

Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ-қа алғашқы сапары туралы кейін "Тәуелсіздік дәуірі" кітабында жазған.

"Егеменді Қазақстан" газеті, 22 мамыр, 1992 жыл.
"Егеменді Қазақстан" газеті, 22 мамыр, 1992 жыл.

"1992 жылдың мамыр айында мен Сауда байланыстары туралы келісімге, Қаржы салымдарын ынталандыру және өзара қорғау туралы келісімшартқа және Екі елдің үкіметтері арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылған АҚШ-қа алғашқы ресми сапарымды жасадым. Біз АҚШ президенті үлкен Джордж Бушпен көптеген саяси мәселелерге байланысты ортақ пікірге келдік және осындай қарым-қатынас екеуара достық байланыстарға ұласты. Сол 1992 жылдың мамыр айында үлкен Джордж Бушпен келіссөздер барысында, "ядролық мәселенің" еліміз үшін барынша пайдалы, оңтайлы шешімін табудың сәті түсті. Біздің дипломатиямыз әлемдегі аса ірі державаның Қазақстанды саяси тұрғыда толық мойындауына және бізбен жанжақты экономикалық әріптестікке әзір болуына қол жеткізді. Осылайша, әлем тарихында тұңғыш рет сыртқы саяси диалогта ядролық қаруға ие болу емес, керісінше, одан бас тарту маңызды тетікке айналды", – дейді Нұрсұлтан Назарбаев.

Бұл туралы елдің қазіргі президенті, бір кездегі сыртқы істер шенеунігі Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің "Дипломат очерктері" кітабында да айтады. Қазақстан жерінде "жүзден аса құрлықаралық CC-18 баллистикалық зымыраны, мыңнан аса оқтұмсық тұрғанын АҚШ ешқашан ұмытпаған" деген Тоқаев Назарбаевтың АҚШ сапары алдында өзара қырбай ядролық қаруға ие елдерге сапарлағанын еске алады.

"Ол бұған дейін Үндістан мен Пәкістанға ресми сапармен барған еді. Бірақ АҚШ-қа сапардың жөні бөлек болатын. Оның нәтижесі тек Қазақстан-Америка қатынасының болашағын ғана емес, сонымен бірге Қазақстанның өзге елдермен, әсіресе, Қазақстанның әлемдегі алғашқы қадамын ыждаһатпен бақылап отырған батыс елдерімен ынтымақтастығын да айқындайтын еді", – деп жазады Қасым-Жомарт Тоқаев.

Тоқаев осы сапардан кейін бірнеше жылдан соң президенттер Назарбаев пен Клинтон қол қоятын демократиялық серіктестік хартиясында "өте маңызды роль" ойнағанын жазады. Айтуынша, хартияда қауіпсіздік, тәуелсіздік, дербестік, аумақтық тұтастық және демократияның дамуы – бәрі қамтылған.

НАЗАРБАЕВТЫҢ "РЕСЕЙ ӨГІЗІНЕ МІНГЕСУІ"

Азаттық радиосы Назарбаевтың АҚШ-ға алғашқы сапарының үшінші күні туралы 1992 жылдың 22 мамырында таратқан хабарында оның ақшалы орта және іскер адамдармен кездескенін айтады. Қазақстан басшысының Вашингтоннан кейінгі сапары Нью-Йоркте жалғасқан.

Назарбаев осы сапарында америкалықтарды Қазақстанның геосаяси ортадағы мүмкіндігіне баса назар аудартуға тырысқан.

Ресей президенті Борис Ельцин (оң жақта) мен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Кремльдегі қонақасы кезінде. Мәскеу, Ресей, 28 наурыз, 1994 жыл.
Ресей президенті Борис Ельцин (оң жақта) мен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Кремльдегі қонақасы кезінде. Мәскеу, Ресей, 28 наурыз, 1994 жыл.

Ал Вашингтоннан қайтып келе жатып, жолшыбай Мәскеуге соғып, Ресей президенті Борис Ельцинмен екеуі Қазақстан мен Ресей арасындағы Достық, әріптестік пен өзара көмек туралы келісімге қол қояды. Осы сапарында Байқоңыр ғарыш айлағын Ресейге жалға беру мәселесі де шешіледі.

Қазақстан басшысының Вашингтонға бара жатып та, келе жатып та Мәскеуге соғып, Ресей басшысымен кездескені талай мәселеден хабар берсе керек.

Азаттық 1992 жылғы 27-28 мамырдағы эфирлерінде осы келісім туралы шолу жасаған. Радио тілшілері Қазақстан президентінің осы келісімге қол қоюын "Ресей өгізіне мінгесу" деп атайды. Оған "бұрын болмаған бітім" ретінде баға беріледі.

РЕФЕРЕНДУМНАН КЕЙІН "ҚАЛЫҢДАҒАН КІРБІҢ"

Назарбаевтың Ресей арқылы АҚШ-қа сапары аяқталған соң да Америка басылымдары жас мемлекет Қазақстанның беталысы туралы мақалалар жариялаған. Сондай мақаланың бірі 27 мамырда "Уолл-стрит джорнэл" басылымына шыққан. Азаттық радиосы ол мақалаға да шолу жасайды.

"Қазақстан шынжырдан босатылды" деген тақырыппен жарық көрген мақалада Назарбаевтың Америка сапарынан құр қол қайтпағаны айтылады. Қазақстан басшысы сол кезде басылым редакциясында да болып, жаңа тәуелсіздік алған елдің болашақ жоспарлары жайлы айтқан.

"Назарбаевтың капитализмді шешендікпен мақтауы коммунизммен теңескендей болды. Бұрынғы коммунист Назарбаев өңін айналдырғандарға тән бірбеткейлікпен сөйледі" деп жазған "Уолл-стрит джорнэл" газеті. Газеттің жазуынша, "бір аяғы – батыста, бір аяғы шығыста тұрған" Қазақстан президенті елдің аймақтағы орны жайында әңгіме өрбітіп, жас тәуелсіз мемлекет ислам елдерімен байланыста болатынын, алайда фундаментализмге жол бермейтінін де айтқан.

Қазақстан мен АҚШ арасындағы қатынас 32 жыл бұрын осылай басталған еді. Алайда көп ұзамай адам құқығын сақтау және демократия мәселесінде Қазақстанның халықаралық міндеттерді орындауына қатысты сын айтыла бастады.

Қазіргі президент, бұрынғы премьер-министр, бұрынғы сыртқы істер министрі Қасым-Жомарт Тоқаев сондайда "1995 жылы президент өкілетін ұзарту туралы референдумнан соң екіжақты қатынасқа кірбің түсе бастады. Уақыт өткен сайын сол кірбің қоюлана түсті. Бұл саяси және экономикалық салада жемісті әрекет етуге кедергі келтірді", – деп жазды.

Парламент кезекті мәрте таратылған кезде – 1995 жылғы 29 сәуірде Қазақстан халқы ассамблеясының бастамасымен Назарбаевтың президенттік қызмет өкілетін 2000 жылға дейін ұзарту туралы бүкілхалықтық референдум өткен.

Ал дипломат Тоқаев 1998 жылы желтоқсанда Америка мемлекеттік хатшысының арнайы тапсырмалар бойынша көмекшісі Стивен Сестановичпен кездесуінде постсоветтік елдердегі саяси реформалар, экономикалық құрылымдық түрлену жағынан Орталық Азияның барлық елінен басып озған Қазақстанға "әділетсіз әрекет" жасалып отырғанын дәлелдеуге тырысқан.

Мұндай әрекет туралы "ешкімге, тіпті нашар оқушының өзіне көкірегінен нұқыған ұнамайды" деп жазады Тоқаев. Бұл сөз Назарбаевтың 1992 жылы мамырда Вашингтонда Американың "ыждаһатты оқушысы боламыз" деген лепесін еске салады.

Назарбаевтың жеке-дара авторитарлы билігін күшейтуге бағытталған тағы бір референдум әрекеті 2011 жылы ерекше форматта тағы да қайталана жаздады. Сол жылы Америка мемлекеттік департаменті бір айда үш мәрте Қазақстан билігіне ескерту жасады.

Мемлекеттік хатшы Хиллари Клинтон әлгіндей референдум өткізу – демократиядан шегініс болатынын кезекті мәрте ескертіп, Қазақстан басшыларын адам құқығы мен демократия талаптарын орындауға шақырған.

Бұл туралы Азаттық радиосына 70 жыл подкасының 57-эпизодында кеңірек айтылды.

Бүгінгі подкаста Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған соң сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-қа жасаған алғашқы сапары туралы Азаттық радиосы хабарларына шолу жасадық. Сол сапар және одан кейінгі мәмілелер жайында бір кездегі сыртқы саясат шенеунігі, қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірін білдік. Қысқасы, Қазақстанның жаңа тарихындағы саяси жүйенің қалыптасу сипатын жеткізуге тырыстық. Бұл жөнінде осы мақалада қысқаша мазмұндалған тақырыпты толығырақ 61-эпизодтан тыңдауға болады.

Аудиоподкастың барлық эпизодын Азаттық сайтынан, подкаст платформаларынан және Азаттықтың YouTube-арнасынан тыңдап, пікір жаза аласыздар.

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    "Шайхана" блогының авторы. Азаттықтың Алматы бюросының бас редакторы болған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған. 

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG