Қоқан автономиясының премьер-министрі болған, Алашорда үкіметінің мүшесі, саяси қайраткер, тарихшы-ғалым, қазақтан шыққан тұңғыш теміржол инженері, Түрксіб теміржолын салған айтулы маман Мұхамеджан Тынышбаевтың туғанына биыл 145 жыл толмақ. Оның ұлы – қазақтың тұңғыш кинооператоры, фотограф Ескендір Тынышбаевтың туғанына да биыл 115 жыл толады.
Ресейдің соңғы патшасы екінші Николай қуып таратқан Екінші Мемлекеттік Думаға Жетісу облысы атынан депутат болып сайланған, кейін Алаш қозғалысының негізін салушылардың бірі болған Мұхамеджан Тынышбаевты совет билігі қуғын-сүргінге салды.
Ресейдің Воронеж қаласында айдауда жүрген әкесіне бір рет барып жәрдемдескені үшін 10 жылға сотталған Ескендір Мұхамеджан Тынышбаевтың ақталғанын көріп кетті. Әкесі 1937 жылы саяси репрессия құрбаны болған Ескендір 1995 жылы 85 жасқа қараған шағында өмірден озды. Бүгін Ескендір Тынышбаевтың бір кезде Азаттық радиосына берген сұхбатына шолу жасаймыз. Ол әкесі жайлы толғанса, журналист Аманқос Мектептегі Ескендір ақсақал туралы естелік айтады. Ескендірдің естелігінде де, Ескендір өз фотоаппаратын сыйлаған Аманқостың әгімесінде де назар аударарлық жайттар бар.
"БІЗДЕ ҮЙ, ҚОРА ДЕГЕН БОЛҒАН ЕМЕС"
Мұхамеджан Тынышбаев 1900 жылы Санкт-Петербургтегі І Александр атындағы жол қатынасы инженерлері Императорлық институтына түседі. Жоғары оқу орнын ол "Түркістан - Сібір теміржолы құрылысы" тақырыбында диплом қорғап тәмамдайды. Оның мамандығы – құрылыс жұмыстары өндірісі және жобалар жасауға құқық беретін жол қатынасы инженері.
1927-30 жылдары Түрксіб теміржолын салуға атсалысқан айтулы маман Мұхамеджан Тынышбаевтың өмірбаянына үңілсек досы қуанып, қасының өзі именгенін көреміз. Мәселен, Қазақстанда совет үкіметін орнатуға белсене атсалысқан жазушы Сәкен Сейфуллин өзінің "Тар жол, тайғақ кешу" романында Алаш қайраткерлерін сынайды, мінейді. Арасында Мұхамеджан Тынышбаевты да түйреп өткенімен, оған өзгеше баға беретін тұсы бар.
Мұхамеджанның ұлы Ескендір 1992 жылы Азаттық радиосының Қазақстандағы алғашқы тілшісі Қиял Сабдалинге көлемді сұхбат берген. Бұл сұхбатты Азаттық бөліп-бөліп бірнеше күн эфирден жариялаған.
Бір өкініштісі сол, сұхбаттың толық нұсқасы сақталмаған. Қолда 1992 жылы ақпанның 27-28 күндері эфирге берілген бөлігі ғана бар. Онда Ескендір Тынышбаев әкесінің Қоқан автономиясы кезіндегі белсенділігі мен соңынан осы автономияны құрушы Мұстафа Шоқаймен келіспей, Қоқаннан Ташкентке, Ташкенттен Әулиеатааға, Әулиеатадан Бетпақдала арқылы Семейге қалай жеткенін әңгімелеп берген. Оны Семейге Әлихан Бөкейханов шақырған. Бұл да болса Мұхамеджан Тынышбаев сияқты қайраткердің ғұмырындағы қызықты, қайшылықты кезең екені даусыз, оның бағасын тарихшылар мен биографтар бере жатар.
Азаттық радиосына берген сұхбатында Ескендір Тынышбаев былай дейді:
"Шешемнің аты – Гүлбахрам Бахияқызы Шалғымбекова. Гимназияда оқыған, орысша білімі бар. 1917 жылы төңкеріс болғанда әкемді ұстамақшы болады. Әкем ол кезде Қаратау маңында екен. Әулиеатада бастық, инженер болды. Оны "патшаның адамы" деп ұстамақшы болады. Әкем инженер болғандықтан теміржол қайда барса, біз де сонда баратынбыз. Бізде тұрақты үй, қора деген болған емес. Вагон болса болды, көшіп жүре беретінбіз. Сол кезде шешеміз екі қызымен Шымкентте екен. Қудалайтын болған соң әкем Түлкібастағы учаске бастығы, инженер Янчар деген поляк досына келеді. Соның көмегімен алдымен Ташкентке, сосын Қоқанға барған".
МҰСТАФА ШОҚАЙМЕН "АРАЗДАСУЫ"
Ескендір әкесі Мұхамеджан Тынышбаевтың Қоқан автономиясының премьер-министрі болып жарияланғанымен, соңынан автономия басшысы Мұстафа Шоқаймен не үшін араздасқанын былай түсіндіреді:
"Сол кезде әкем мен Мұстафа Шоқай Қоқан автономиясы, немесе өзбектер айтқандай Түркістан автономиясы арқылы бүкіл Орта Азияда өз байлығына өзі иелік ететін мемлекет құруды көздейді. Әкемді министрлер советінің төрағасы деп жариялайды. Сол кезде олардың қарамағындағы Енекеев деген офицер қызылдар алған бекініске шабуылдайық деп ұсыныс айтады. Әкем сонда: "Елді құртасыңдар, оларды бәрібір ала алмайсыңдар, бізде найза мен садақтан басқа неміз бар? Олар зеңбірекпен жарақтанған" дейді. Осы кезде әкем Мұстафа Шоқаймен араздасып қалады. Сол бір түнде әкем Қоңырқожа Қожықов деген кісімен тау асып, Ташкентке жасырын келеді".
Бұл жерде Ескендір Тынышбаев Қоңырқожа Қожықов деп белгілі режиссер Сұлтан Қожықовтың әкесін айтып отыр.
"Әкем Ташкентке келісімен Семейден хат жетеді. Сол хатта Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатовтар "Алашорданы құрдық, Түркістан жақтан таңдайтын сіз сияқты ешкім жоқ, Алашордаға тез арада жетіңіз" депті. Әкем сонда Серікбай Ақаев деген бажасымен бірге жолға шығады. Серікбайдың мамандығы адвокат, патша кезінде Мәскеуде оқып келген. Өзі шешен кісі. Сөйтіп өзбекше киініп, саудагер бейнесінде екеуі Әулиеатаға келеді. Сонда өзінің досы, Кенесарының немересі Әзімхан Кенесаринмен кездеседі, бірақ оған түспейді. Әзімханмен кездескен соң 4-5 ат алып, Бетпақдалаға жетеді. Бұл 1918 жылдың мамыр, маусым айларында болады", – дейді Ескендір Тынышбаев.
1937 жылғы репрессия құрбаны Серікбай Ақаев Наманған уезінде адвокат қызметін атқарып, кейін Алашорда іс басқармасының бастығы болып, Қоқан автономиясы орталық комитетінің мүшелігіне сайланған.
Ескендір Тынышбаев сұхбатының осы тұсында әйгілі Кенесарының немересі Әзімхан Кенесариннің де атын атайды. 1937 жылғы сталиндік репрессияның құрбаны болған Әзімхан да Алашорда қайраткері. Ол Қоқан автономиясын қолдаған саясаткерлердің бірі еді. Алашорда құлаған соң Әзімхан Кенесарин жер шаруашылығында қызмет атқарған, кейін гидротехник болған.
БЕТПАҚДАЛАДА
Ескендір Тынышбаев 1992 жылы Азаттық радиосына берген сұхбатында әкесінің Бетпақдала арқылы Семейге сапары жөнінде одан естігенін айтқан.
"Олар сөйтіп Бетпақдала арқылы Семейге жетеді. Бір қызығын айтайын. Осы кезде ақ, қызыл, жасыл болып бөлініп, соғыс болып жатыр еді ғой. Әкем айтады: "Бір күні келе жатсақ, алдымыздан екі-үш атты адам келе жатыр екен. Сонда құрыдық деп ойладық. Олар алыстан аттарынан түсіп, бізге келіп амандасты. Олар: "Ассалаумағалейкүм, ақсақал! Ойбай, сізді ауыл күтіп отыр" деді. Сонда әкем: "Қайдағы ауыл, біз өзбекпіз" десе керек. Олар көнбей қолтықтап атқа мінгізіп, Бетпақдаланың құдығы бар бір шетіне апарады. Сол жерде алдарынан бір ақсақал шығады. Амандасып, сөзден-сөз шығып, үйге кіріп жуынып алады. Бұлар өзбекше сөйлей береді. Сонда шал: "Айналайын өзбекше сөйлемеңдер, қазақша сөйлеңдер" дейді. "Сендер әулиесіңдер, сендерді түсімде көрдім. Екі жолаушы келе жатыр, патшаның жолаушылары. Олар жақсы жаққа бара жатыр, оларға жол көрсетіңдер деген түс көрдім. Екі жігітті жібергенім содан" дейді әлгі ақсақал. "Біз ешкім емеспіз" дейді әкем. Шал қоярда-қоймай атқосшы қосып беріп, Семейге жетуіне септігін тигізеді. Кетер кезінде әкем өзін таныстырып: "Мен – Мұхамеджан Тынышбаевпын, мынау – Серікбай Ақаев" дейді. Шал: "Қай Тынышбаев?! Әлгі жарым патша ма?" дейді. "Мен қашқын патшамын" деген екен әкем. Сөйтіп киімдері тозып, сақалдары өсіп, жалаң аяқ дегендей күйде Семейге жетеді", – дейді Ескендір Тынышбаев әкесі туралы.
ӘЛИХАНМЕН КЕЗДЕСУ
Ескендір Тынышбаевтың сұхбатында өздері арып-ашып Қоқаннан жеткен, құжаты жоқ құдайы жолаушылар Мұхамеджан Тынышбаев пен Серікбай Ақаевты Алашорда басшысы Әлихан Бөкейхановтың қалай қабылдағаны айтылады.
"Бір жарым ай Бетпақдаланы кесіп өту оңай ма? Семейге жеткен бойда Алашорданың кеңсесіне барады. Әлихан Бөкейханов бұларды көріп: "Сендер кімсіңдер?" дейді. "Мен – инженер Тынышбаевпын, мынау – Серікбай Ақаев, адвокат" дейді әкем. Сөйтіп өзін арнайы шақырған Әлиханның өз хатын көрсетеді. Өмірінде бір-бірін көрмеген адамдар ғой. Құжаты болмаған соң бірден өзінің Тынышбаев екенін дәлелдей алмайды. Әлихан Бөкейханов французша сөйлесуге шақырады. Сөйтіп екеуі французша сөйлеседі. Одан соң немісше сөйлеседі. Сонда барып Әлихан сеніп, "бұл кісілерді шомылдырып, киіндіру керек" дейді. Кеңсенің қарсысында Тышқанбай деген бай тұрады екен. Содан пәтер алып, бізді, яғни бала-шағасын шақыртады. Сонда менің шешемнің батырлығын айтсаңызшы?! Сол кезде қалалар бірде қызылға, бірде ақтарға өтеді. Теміржолдың бойы қарақшыға толы. Ешкімді танымайды. Соған қарамастан үш баласымен, Ақаевқа тұрмысқа шыққан сіңлісінің екі баласы бар, барлығы бес баламен әуелде теміржол арқылы Ақтөбеге дейін барады. Ол жерде жол бұзылып, ары қарай арба жалдап жүреді. Жолда ұрлық та болды. Сөйтіп Қызылжарға келдік. Сол кезде онда чехословактар көтерілісі болып жатқан. Сондай жағдайда шешеміз соңында бізді пароходқа мінгізіп Семейге жеттік", – деп еске алады Ескендір Тынышбаев.
СӘКЕН СЕЙФУЛЛИННІҢ ВЕРСИЯСЫ
Қоқан автономиясы құлаған кезде оның басшысы Мұстафа Шоқай да бас сауғалап құтылған. Сонда бірнеше мәрте өлім аузынан қалған Мұстафа Шоқайдың хаты, баспасөз тарихын зерттеуші Абай Мырзаның айтуынша, алдымен Ташкенттегі "Бірлік туы" газетінің 1918 жылғы 24 ақпандағы санында жарияланып, кейін басқа да газеттерде жарық көрген.
Ал Мұхамеджан Тынышбаевтың Бетпақдала арқылы Семейге жеткенін Сәкен Сейфуллин "Тар жол, тайғақ кешу" романының бірнеше тұсында мысқылдап атап өткен.
"Әлгі құр дәрінің дауысынан Шоқайұлы қашқанда, Қоқан автономиясының өзге "министрлері" де бет-бетімен жан сауға қылған. Министрлер советінің төрағасы Мұқаметжан Тынышбайұлы мен министрлер советінің жауапты хатшысы Қоңырқожа Қожықұлы бірге қашқан. Тауға сіңіп кеткен екеуінің астында екі ат. Күндіз-түні тау ішінде. Кез болған қырғыз ауылдарына баруға қорқады. Ит қуып сандалған киік тәрізді... Бұл әңгімені маған Қоңырқожаның өзі айтып еді..." деп жазды Сәкен Сейфуллин.
Сәкен өзімен бірге Ақмолада совет үкіметін құрған Байсейіт Әділұлының Мұхамеджан Тынышбаев пен Серікбай Ақаевты осы сапарда көргенін де баяндайды. Автор Байсейіттен естіген әңгімені де оның сөзімен келтірген.
"Мен сол арғы елде, бір ауылда, әлгі Қоқан автономиясының бастығы Мұқамеджан Тынышбайұлы мен Серікбай Ақайұлына кез болдым. Қастарында жолдасы бар. Түркістан жағынан жылыстап қашып келеді екен... Алып келуге ұялдым... Бір ауылда түстеніп, бөлек қоста жатыр екен. Салт атқа мінген. Киімдері ишандардың киімдеріндей. Мен әлгі ауылдың иесінің үйіне келіп түсіп едім... Бір ауылдан естіп келіп едім. Әлгі ауыл иесінің үйіне түсіп біраз отырған соң: "Тынышбайұлдарын барып көрейін", – дедім. Ауыл иесі де, Тынышбайұлы да жаман қорықты. Қостарына бардым. Екеуі де біртүрлі түстері бұзылып, сасып, менімен түрегеліп амандасты. Сонан соң амандасып, көңілдерін орнықтырдым. Тигем жоқ. Қайта жүретін жолдарын туралап, жолдағы елдерін айтып жібердім..." деді. Міне, саяси дұшпанына, "Алашорда" бастықтарына біздің жолдас бүйткен", – деп жазады Сәкен Сейфуллин.
Сөйтіп отырып ол "Тар жол, тайғақ кешу" кітабында Мұхамеджан Тынышбаевты бейбітшіл адам деп сипаттап, баға берген.
"Алашорда" бастықтарының ішінде татулықты сүйгіші Мұқамеджан Тынышбайұлы болған. Семейде әскери-майдан соты (военно-полевой суд) құрылмақ болғанда Тынышбайұлы қарсы болып айтысып, қарысып отырып, майдан сотын жасатпаған, міне жайлар осындай болған", – деп жазған Сәкен Сейфуллин.
Алашорда жасақталған кезде Сәкен Сейфуллин мен Байсейіт Әділұлы "Жас қазақ" ұйымын құрғаны мәлім. Сол Байсейіт Әділұлын кейін ақтар қамап тастағанда Мұхамеджан Тынышбаев оған араша түсуге тырысқан. Алайда ақтар оны босатпайды. Сәкен Сейфуллин соны атап өткен.
АЙДАУДАҒЫ ӘКЕ МЕН БАЛАНЫҢ ТАҒДЫРЫ
Мұхамеджан Тынышбаевтың ұлы Ескендір Тынышбаевтың көзін көргендермен де сөйлестік. Журналист, қазір университет оқытушысы Аманқос Мектептегі 1992 жылы Ескендірден сұхбат алыпты. Алайда Ескендір Тынышбаев бірден келісім бермейді. Ал кейін сұхбат беруге келісіп, журналиске айтқан әңгімесінде әкесі Мұхамеджан Тұрар Рысқұлов қолқа салған соң Түрксіб теміржолын салу құрылысына қатысқанын айтады.
Қоқан автономиясы кезіндегі белсенділігі үшін Мұхамеджан Тынышбаев 1930-жылдары ұсталып, айыбы дәлелденбесе де бес жылға Воронежге жер аударылған. Онда барған бетте не істейтін жұмыс, не тұратын үй-жайы болмай, көшеде қалады. Воронежде сол кезде басқа да Алаш қайраткерлері Халел мен Жаһанша Досмұхаммедовтер де осындай күйде өмір сүреді.
Аманқос Мектептегінің айтуынша, сол кезде Мәскеуде Мемлекеттік кинематография институтында (ГИК) оқитын Ескендір Мұхамеджанов фотографиямен айналысып, жақсы гонорар тауып жүрген екен. Әкесінің жағдайын ести салысымен ол бірден Воронежге барып, Мұхамеджан Тынышбаевқа баспана жалдап беріп, қой сойып, азық-түлік әперген.
Кейін Мәскеуге қайта келгенде Ескендірдің өзін Алашорданың "хабаршысы" ретінде айыптап, 10 жылға соттап жібереді. Бұл кезде оның әкесі Мәскеу – Донецк теміржол құрылысына қатысса, өзі өзге тұтқындармен бірге "Волга – Дон" каналын қазуға тартылған. Ескендір лагерьде жүріп, нормасын асыра орындағаны үшін "стахановшылар" қатарында болады. "Қара нан емес, ақ нан жедім" деп айтып отырады екен.
Аманқос Мектептегі 1936 жылы Мұхамеджан Тынышбаев айдаудан босап келе жатып, Ескендір қамалған Еділ бойындағы лагерьге соққанын айтады. Көктем енді басталып, Еділ өзенінде сең жүріп жатқан кез екен. Ескендір лагерь басшыларынан рұқсат алып, өзеннің екінші жағасындағы әкесіне сең қабаттарынан секіріп отырып, әзер жетіпті. Мұхамеджан Тынышбаев сонда баласын құшағына алып "Айналайын, мен үшін сен қор болдың-ау!?" деп еңкілдеп жылаған екен.
Аманқос Мектептегі Ескендірдің кейін, 1940 жылы жаза мерзімі бітіп, лагерьден оралғанда тағы бір Алаш қайраткері Әлімхан Ермековпен жолыққанын айтады. Сонда әкесі туралы сұраған Ескендірге Әлімхан "Біз иілсек те сынбаймыз" деп жауап берген екен.
ЕСКЕНДІРДІҢ ҚОЛТАҢБАСЫ
Аманқос Мектептегінің айтуынша, сұхбат алған соң ол Ескендір Тынышбаевты фотоаппаратпен суретке түсіріпті. Сол сәтте әңгіме ауаны фотография, фотоаппаратқа ойысқан. Кейінірек Ескендір ақсақал өзінің Zeiss Ikon маркалы фотоаппаратын Аманқосқа сыйға тартыпты.
Зерттеушілердің айтуынша, Түрксіб теміржолы құрылысын өз қолымен салған Мұхамеджан Тынышбаевтың ұлы Ескендірдің де алғашқы жұмысы осы құрылыстан басталған екен. 1929 жылы түсірілген Виктор Туриннің әйгілі "Түрксіб" деректі фильмі – Ескендір Тынышбаев телеоператордың шәкірті ретінде атсалысқан алғашқы жұмысы болатын.
Бұл туралы Ескендір Тынышбаевтың шәкірті, кинодокументалист Болатхан Нүсімбеков былай дейді:
– Ескендір аға Совет одағының алғашқы кинооператорларының бірі болды. Ол – Қазақстандағы тұңғыш кәсіби кинооператор. Ескендір аға Мәскеудегі Мемлекеттік кинематография институтында (ГИК) оқи жүріп, әкесімен бірге Түрксіб магистралі құрылысында жұмыс істеді. Студент кезінде ол оператордың көмекшісі ретінде әйгілі кадрларды түсіруге атсалысты. Қазір бұл көріністер кино өнеріндегі операторлық жұмыстың үздік үлгісі саналады. Пойыз кетіп барады, алғашқы рельстер төселіп жатыр, түйе, түйемен бірге біздің жерлестер шауып барады. Олар Түрксіб бойында отарбаны алғаш көрген еді. Паровоздың оң жағында да шабандоздар құйғытып жүр. Объективтің алдында паровоздың қара түтіні будақтап барады. Ескендір аға да атсалысып, пойыздан түсірген осы кадрлар әлем деңгейінде үздіктер қатарында мойындалған болатын, – дейді ол Азаттыққа.
Кинодокументалист Болатхан Нүсімбеков Ескендір Тынышбаевтың шебер фотограф болғанына да тоқталған. Әсіресе оның портрет жанрындағы фотосуреттері айрықша назар аудартады.
– Ол үздік фотограф та болатын. Ақын Кенен Әзірбаевтың, актер Ыдырыс Ноғайбаевтың, режиссер Болат Мансұровтың, ғаламат театр режиссері Әзірбайжан Мәмбетовтің, әйгілі Шәкен Аймановтың, Сұлтан Қожықовтың, Мәжит Бегалиннің бейнелерін суретке түсірді және бұл суреттер бертінге дейін, яғни сатылып, қайта сатылып кеткенге дейін Алматыдағы Кино үйінде ілініп тұратын. Игорь Гонопольский Ескендір аға туралы фильм әзірлегенде екеуіміз оның Кино үйінде ілулі тұрған осы суреттерін де түсіріп алған едік, – дейді қазақтың тұңғыш кинооператоры Ескендір Тынышбаевтың шәкірті Болатхан Нүсімбеков.
Мұхамеджан Тынышбаевтай Алашорда қайраткерінің әулетінде туып-өскен, өзі де әкесіндей коммунистердің репрессиясын басынан өткерген, кейін көптеген фильмдер түсірген Ескендір Тынышбаев осындай адам болған. Ол "Қазақфильм" киностудиясының жетекші кинооператоры болып қызмет атқарды. Ескендір Тынышбаев түсірген фильмдердің қатарында 1929-1931 жылдары әзірленген "Қиыр Шығыста", 1945 жылы әзірленген "Тахир мен Зухра", 1957 жылы түсірілген "Оның уақыты келеді", 1958 жылы дайындалған "Біз – Жетісуданбыз", 1974 жылы түсірілген "Құрманғазы" және т.б. кино туындыларын атауға болады. Абай тойларын түсіре жүріп, 1976 жылы "Абай" телефильмін әзірледі. Басқа да ғылыми, көпшілік деректі фильмдері де баршылық. Киноға түсіру барысында қатерге ұшырап, аман қалған жұлдызды сәттері де болған.
Мақалада қысқаша мазмұндалған ол туралы деректерді "Азаттық радиосына 70 жыл" подкасының бүгінгі эпизодынан толығырақ тыңдай аласыз. Және бұл эпизодта Ескендір Тынышбаевтың өз даусы да бар.
Аудиоподкастың барлық эпизодын Азаттық сайтынан, подкаст платформаларынан және Азаттықтың YouTube-арнасынан тыңдауға болады.
ПІКІРЛЕР