Accessibility links

Мұсылман коммунистер. "Тұрар Түркі республикасын құрып тәуелсіздігін алуға дәс қалды..."


Тұрар Рысқұлов (26 желтоқсан 1894 – 8 ақпан 1938 жж.)
Тұрар Рысқұлов (26 желтоқсан 1894 – 8 ақпан 1938 жж.)

Мәскеуге бағынудан бас тартқан Литва компартиясы Орталық Азияда Тұрар Рысқұлов басқарған Түркістан компартиясын еске салды. Түркістанның мұсылман коммунистері деген кімдер? Олар туралы Батыста не деген? "Азаттық радиосына 70 жыл" аудиоподкасының бүгінгі эпизодында Түркістан АССР-інің басшысы Тұрар Рысқұловтың Мәскеуден дербес әрекетке ұмтылуы жайлы айтылады.

Тұрар Рысқұлов пен Түркістанның түбіне өз партиясы жетті
please wait

No media source currently available

0:00 0:23:32 0:00

Азаттық радиосы 1990 жылғы қаңтар айындағы хабарында Түркістан аймағындағы мемлекеттік қайраткер Тұрар Рысқұловтың туғанына 95 жыл толып жатқанын еске алады. Бұл Совет Одағының тарау қарсаңы болатын. Алғашқы қадамды Балтық бойы елдері бастады. Бұл кезде Альгирдас Бразаускас басқаратын Литва компартиясы Мәскеуге бағынбайтынын жариялап қойған. Осы хабарда Азаттық радиосы Литва компартиясының беталысын Тұрар Рысқұлов басқарған Түркістан компартиясының әрекетімен салыстырады. Тарихшылар Тұрар Рысқұловтың Түркістан АССР-ін Түрік советтік республикасына айналдыруына Мәскеу кедергі жасады дейді. Оның арты Тұрардың жазықсыз жазаланып, қудалауына ұласқан.

ТҰРАР КӨРГЕН ТҮРКІСТАН

Патшалық Ресей кезіндегі қиянатты жастай басынан өткерген Тұрар Рысқұлов Ресей империясы тарайтын қарсаңда Түркістан аймағында белсенділігімен көзге түседі. Әлбетте, Ресейдің отарлау кезіндегі Түркістан аймағындағы әкімшілік бөлінісі бұрынғыдан қатты өзгеріп кете қойған жоқ. Мәскеуде билікті қолға алған большевиктерге де басқаруға алғашында осы құрылым ыңғайлы болғандай. Оны бірден өзгерту көп ресурсты қажет ететін еді.

1917 жылғы төңкерістен кейін большевиктер Түркістан аймағында белсенділігін арттырады. Тұрар содан көп ұзамай, РКП(б) деп қысқарта аталатын Ресей большевиктері компартиясының Түркістандағы мұсылман бюросының басшысы болады. Бұл кезде Орталық Азиядағы саяси картина мынандай болатын.

"1919 жылы Тұрар РКП(б)ның Түркістандағы мұсылман бюросының бастығы болады. Октябрь төңкерісінен кейін Қазақстан ұлттық Алашорда үкіметі құрылған-ды. Ал Түркістанның Қоқан қаласында Қоқан автономиясының іргесі қаланған. Хиуа мен Бұхара өз басына хандық және әмірлік болатын. Большевиктер де әрекеттеніп, Түркістандағы билікті қолға алуға тырысып жатқан. Тұрар осындай жағдайда саяси істерге араласты.

Түркістан республикасы кеңестері атқару комитетінің төрағасы Тұрар Рысқұлов 1920 жылғы 20 наурызда қол қойған Наурыз мерекесі жайлы бұйрық
Түркістан республикасы кеңестері атқару комитетінің төрағасы Тұрар Рысқұлов 1920 жылғы 20 наурызда қол қойған Наурыз мерекесі жайлы бұйрық

1920 жылы Тұрар Түркістан АССР-і атқару комитетінің бастығы болатын. Жасы 25-те. Бұл – Тұрардың тағдырындағы және Түркістан халқы тарихындағы аса бір елеулі кезең. Сол жылы Тұрар Түркістан халқының қолдауымен қазіргі Литва компартиясының басшысы Альгирдас Бразаускас істегендей, Түркістан компартиясын Түркі компартияға айналдырып, орталықтағы компартиядан тәуелсіз болуға тырысқан-ды.

Дәл сол кезде Тұрар және ол бастаған Түркістан компартиясы, мұсылман бюросы тәуелсіздігін қолға алғанда қазіргі жағдай қалай болар еді? Мәселеге қызыл әскер күшіне сүйенген Түркістан комиссиясы араласқан соң, Тұрар өз мақсатына қол жеткізе алмай қалды. Ақырында Тұрар мен серіктері қызметттен босатылды" деген Азаттық радиосы 1990 жылғы хабарында.

ПӘРМЕНДІ МӘСКЕУ МЕН ДӘРМЕНСІЗ МӘСКЕУ

Түркістанда компартияның дербес әрекет етуіне бағытталған Тұрар Рысқұловтың талпынысы Мәскеуге ұнамайды. Оның қызметін ауыстырып, Мәскеуге алдырып, соңынан Әзербайжан мен Моңғолияға жібереді.

1930-жылдары аштықтан босып бара жатқан қазақтар
1930-жылдары аштықтан босып бара жатқан қазақтар

Тұрар Рысқұлов Филипп Голощекиннің қазақтарды ашаршылыққа ұрындыратын саясатын батыл сынайды. Жалпы бұл аймақта ашаршылық оған дейін де болған. Ондай нәубетті шақтарда Тұрар Рысқұлов халыққа көмек комиссиясын басқарып, міндетті жұмысынан өзі бас тартқан кездері де болған. Мәселен, 1917-1923 жылғы ашаршылық кезінде оның Денсаулық наркомы қызметінен бас тартқаны айтылады.

1990 жылғы осы хабарында Азаттық радиосы Литва компартиясының сол кездегі әрекетін жиырмасыншы жылдарғы Түркістан компартиясының ұмтылысымен салыстырады.

Нацистік Германия мен коммунистік Совет одағы "Молотов - Риббентроп" пактісіне қол қойғанына 50 жыл толуына орай, Латвия, Литва мен Эстония халқы өз елдерін тәуелсіздіктен айырып, СССР құрамына күштеп енгізген саясатты айыптап, 600 шақырымдық шеп түзіп тұр. 23 тамыз, 1989 жыл
Нацистік Германия мен коммунистік Совет одағы "Молотов - Риббентроп" пактісіне қол қойғанына 50 жыл толуына орай, Латвия, Литва мен Эстония халқы өз елдерін тәуелсіздіктен айырып, СССР құрамына күштеп енгізген саясатты айыптап, 600 шақырымдық шеп түзіп тұр. 23 тамыз, 1989 жыл

1989 жылғы 20 желтоқсанда Литва компартиясы Совет одағының коммунистік партиясы – КПСС-тің құрамынан шығатынын мәлімдеп, арнайы қарар қабылдаған. Литваның дербес компартиясының бірінші хатшысы болып Альгирдас Бразаускас сайланады. Ол кейін тәуелсіз Литваның алдымен президенті, сосын премьер-министрі болады.

Ал Литва компартиясының атауы 1990 жылы желтоқсан айында Литва еңбек демократиялық партиясы болып өзгертілді. 1991 жылы қаңтарда республика астанасы Вильнюсте совет әскері мен бейбіт халық арасында қақтығыс болып, салдарынан адамдар қаза тапқан. Алайда Мәскеу, сол кездегі бас хатшы Михаил Горбачев Вильнюстегі қақтығыстан бейхабар қалған кейіп танытады.

Литвада газет-журналдар шығаратын баспахананы басып алуға келген Совет армиясының қарулы сарбаздарының жолын бөгеп тұрған бейбіт адамдар, Вильнюс, 11 қаңтар, 1991 жыл
Литвада газет-журналдар шығаратын баспахананы басып алуға келген Совет армиясының қарулы сарбаздарының жолын бөгеп тұрған бейбіт адамдар, Вильнюс, 11 қаңтар, 1991 жыл

Тұрар Рысқұловтың бағыт-бағдары тоқсаныншы жылдары Қазақстанда қалай бағаланды? Сексенінші жылдардың аяғында Қазақстанда ақтаңдақтар мәселесі көтеріліп, сталиндік репрессияның құрбандары ақталып жатқанда Тұрар Рысқұлов туралы көзқарас қалай қалыптасты? Оны Азаттық радиосы былай деп сынайды:

"Тұрардың сол әрекетіне қазіргі қазақ баспасөзі қателік деп баға беріп жүр. Олар мұны мүмкіндікті асыра бағалаушылық деп кінәлайды. Егер де Тұрардың бұл әрекеті қателік болса, Литва компартиясының Мәскеуден бөлініп шығуы да қателік. Бірақ соңғысын ешкім қателік дей алмады. Михаил Горбачевтің өзі Литваға барып, жалынғандай болып литван коммунистерін КПСС-тен бөлінбеуге шақырды. Бірақ ол табысқа жете алмады. Литва компартиясының жетекшісі Альгирдас Бразаускас қудаланып, жазаланбады да. Ал Тұрар қудаланды, қызметі төмендетілді, елінен алысқа жіберілді. Ақыры КПСС оны өлтіріп тынды".

Азаттық радиосы Тұрар Рысқұловтың одақтың компартиясынан дербес әрекет етуі жүзеге асқанда, кейінгі ашаршылық пен қуғын-сүргінге жол берілмеуі мүмкін бе еді деп өзінше болжам жасаған.

ТҮРКІСТАН, ТҰРАННЫҢ ТҮБІ ПАНТҮРКИЗМ БЕ?

Осы хабарда Түркістан мұсылман коммунистерінің Еуропа коммунистерінен айырмашылығы айтылады. Бұл аймақтың коммунистері марксист емес. Оларды Батыста жарық көрген советологтардың еңбектерінде мұсылман коммунистері деп атайды. Солардың қолдауына сүйенген Тұрар Рысқұлов құрылтай, жиындарда Түркістан АССР, автономиялық советтік социалистік республикасының даму жоспарын ұсынады.

"Большевиктер төңкерісіне түркі мұсылман коммунистерінің жетекшілері Ресей өктемдігінің ұзақ жылдарға созылған зомбылығынан құтылудың мүмкіндігі ретінде үміттене қарады. Көрнекті советолог профессор Сергей Зенковский "Ресейдегі пантүркизм және мұсылмандық" деген еңбегінде "Мұсылман коммунистерін өздерін әрдайым марксист, интернационалист және пролетаршы ретінде сезінді деуге сену өте қиын. Олар Шығыстың мұсылмандарын құтқаруды арман қылып, төңкеріске қызмет етті. Мирсаид Сұлтан-Ғалиевтің айтуына қарағанда, татар коммунистері Шығыстың және исламның шын мәніндегі төңкерісшілдері еді, олардың түпкі мақсаты – дүниежүзілік төңкеріс емес, Шығысты еуропалық отаршылдардан құтқару болған-ды" деп жазды. Ал профессор Зәки Уәлиди Тоғанның айтуына қарағанда, бүкіл Ресей мұсылмандарын біріктіріп, Тұран мемлекетін құруға тырысқан көрнекті татар қайраткері Мирсаид Сұлтан-Ғалиев, Тұрар Рысқұлұлы, Ахмет Байтұрсын және Фейзолла Қожаұлы секілді мұсылман басшылары Мәскеуде құпия түрде кездесіп, ақылдасқан. Кейінгі оқиғалар да олардың Мәскеудегі коммунистік партиядан бөлінуді қалағанын айқындайды. Мирсаид Сұлтан-Ғалиев 1929 жылы Тұран мемлекетін құру бағдарламасы әшкереленді деп тұтқындалды. Тұрар болса, 1920 жылы Түркі компартиясы мен республикасын құрып, тәуелсіздігін алуға дәс қалды..." дейді Азаттық радиосы осы хабарында.

"ҮЛКЕН ТҮРКІСТАН – АСА БІР СОВЕТТІК ЕМЕС МЕМЛЕКЕТТІҢ ТӨРКІНІ"

Тұрар Рысқұлов 1937 жылы "пантүрікшіл" элемент, "халық жауы" ретінде айыпталып, түрмеге қамалады. Сталинизмнің жазықсыз құрбаны болған оның әулеті де қуғындалады. Соңынан, 1956 жылы ол ақталғанымен, Совет одағы ыдырағанша Тұрар Рысқұловтың еңбектерін жариялауға шектеу қойылады. Тұрар Рысқұлов жайлы жазған, мақала жариялаған адамдар да КПСС-тің қырағы назарына ілігіп жазаланып отырған.

"Ордалар және империялар" подкасының бір эпизоды "Отарланған Түркістан" деп аталады. Сонда ресейлік тарихшы Сергей Абашин Тұрар Рысқұловты Түркістан автономиясының президенті деп атайды да, ол ұсынған Түркі республикасын құру идеясынан Мәскеу аса бір советтік емес республиканың елесін көргенін айтады.

"Қазақтың белгілі қайраткері, Түркістан автономиясы атқару комитетінің төрағасы, іс барысында Түркістан автономиялық республикасының президенті Тұрар Рысқұлов Түркістанның негізінде Түрік республикасын құру жөнінде бастама көтерген. Оған түркі-мұсылмандар тұратын басқа да аймақтарды қосу керектігі айтылған. Бүкіл Шығысқа большевизмнің, реформаның және прогресстің шуағын шашатын Үлкен Түркістанды құру идеясы Мәскеуді қатты шошытты. Мәскеудегілер бұл идеядан большевиіктік Ресейден бөлінудің белгісін көреді. Олар бұдан аса бір советтік емес мемлекеттің төркінін байқап, Мәскеу оны бақылай алмай қалады деп сескенеді. Сол сәтте олар Рысқұловты бірден қызметтен алып, қайтара тәлім алуға Мәскеуге шақырады", – дейді тарихшы Сергей Абашин.

САЯСИ ЖЕҢІСТІ ӘСКЕРМЕН ТҰНШЫҚТЫРУ

Тұрар Рысқұловтың Түрік республикасын құру идеясы Түркістан аймағында саяси қолдауға ие болған. Мәскеудегілердің бұл идеядан қорыққаны сонша – осы идея көтерілген кезде Ташкентке әскер аттандырады. Қайраткер идеясының маңызы жайында қазақстандық тарихшы Сәбит Шілдебай былай дейді:

– 1919 жылы мұсылман бюросын құрған Тұрар Рысқұлов коммунистік партиядағы мұсылман жігіттерінің басын құрып, сол партиядағы орыстармен текетіреске барып, саяси жеңіске жетті. Бұлар Түркістанның орыстары емес, еуропалықтар болатын. Партияда оған мүше еуропалықтар мен жергілікті ұлттар арасында саяси күрес болды. Рысқұловтың командасы, мұсылман бюросы жеңіп шықты. Сөйтіп 1920 жылдың қаңтарында мұсылман бюросының партиялық конференциясы болған. Сол партконференцияда Тұрар Рысқұлов екі идеяны ұсынады. Бірі – түрік халықтарының коммунистік партиясын құру туралы идея. Екіншісі – түркі кеңестік республикасын құру туралы идея. Екі идея да қолдауға ие болып, Тұрар Рысқұлов саяси жеңіске жеткен. Бірақ Түркістанда, Ташкентте Тұрар Рысқұловтың осындай тірлік істегенін естіген Ленин мен Сталин Фрунзеге шұғыл түрде Ташкентті басып алуға тапсырма береді. Ол қаңтар айының аяғында Ташкентке келіп, Рысқұловты оқшаулайды. Сөйтіп Рысқұловтың қаңтар конференциясындағы шешімдерін "пантүрікшіл", "ұлтшылдық" деп бағалайды. Мұсылман бюросы ұлттық әскер құру жұмысын 1919 жылы күзде ғана бастайды да, бұл кезде әлі әскер құрып үлгермеген еді. Ал әскер күшіне сүйенген орталық өктемдікпен Рысқұловтың идеяларын іске асыртпай тастаған.

Совет билігі өзіне бағынғысы келмеген көтерілісшілерге (советтер оларды "басмашы" деп атаған) қарсы шығарған қарулы топ. 1920 жылдары түсірілген фото Украинаның кинофотоқұжаттар орталық мемлекеттік архивінен алынды.
Совет билігі өзіне бағынғысы келмеген көтерілісшілерге (советтер оларды "басмашы" деп атаған) қарсы шығарған қарулы топ. 1920 жылдары түсірілген фото Украинаның кинофотоқұжаттар орталық мемлекеттік архивінен алынды.

Тарихшы Сәбит Шілдебайдың пікірінше, қазіргі Қазақстан тарихнамасында Тұрар Рысқұлов халықаралық деңгейде түркі халықтарының бостандығы мен егемендігі үшін күрескен саясаткер ретінде бағаланады.

Осы мақалада қысқаша мазмұндалған тақырып жайлы "Азаттық радиосына 70 жыл" подкасының бүгінгі эпизодында толығырақ баяндадық.

Аудиоподкастың барлық эпизодын Азаттық сайтынан, подкаст платформаларынан және Азаттықтың YouTube-арнасынан тыңдауға болады.

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    "Шайхана" блогының авторы. Азаттықтың Алматы бюросының бас редакторы болған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған. 

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG