Accessibility links

Тонау, зорлау, қинау. Украинада өлген жалдамалылардың бұрын Ресейде жасаған қылмысы


Қатаң режимдегі колонияда жазасын өтеп жатқандар мен түрме қызметкері. Көрнекі сурет.
Қатаң режимдегі колонияда жазасын өтеп жатқандар мен түрме қызметкері. Көрнекі сурет.

2022 жылдың күзінде "Вагнер" жеке меншік әскери компаниясы Украинадағы соғысқа Ресейдің Ростов облысындағы түзеу мекемелерінен кемінде үш мың адамды жалдамалы ретінде тартты. Кейін сондай "еріктілердің" майданда қаза тапқаны туралы хабар жиі келе бастады. Азаттықтың Кавказ қызметі – Кавказ.Реалии сайты соғыста ажал құшқан сол адамдардың бұған дейін Ресейде қандай қылмыс жасағаны үшін сотталғанын анықтап көрген еді.

"Вагнер тобы" – ресейлік бейресми әскери бөлімше, оның мүшелері Сирияда, Африка елдері мен Украинада соғыс іс-қимылына қатысқан я қатысып жүр. "Вагнер тобын" құрған кәсіпкер Евгений Пригожин Ресей президенті Владимир Путин мен Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровқа етене жақын адам ретінде белгілі. Ресей ззаңы бойынша, жеке әскери компания құруға тыйым салынған.

АДАМ ӨЛТІРУ ЖӘНЕ ҚИНАУ

Украинадағы соғысқа Ростов облысындағы жаза өтеу мекемесінен барған сотталғандар арасынан қаза тапқан алғашқы адам туралы хабар былтыр қарашаның басында тараған. Ростов облысындағы Донецк кентінің 39 жастағы тұрғыны Павел Рудаковты "Вагнер тобы" қыркүйек айында Новочеркасск қаласындағы колонияда жазасын өтеп жатқан жерінен өз қатарына тартқан деген ақпарат тараған. Сот 13 жылға бостандығынан айырған Рудаковтың жаза мерзімінің аяқталуына екі жыл қалған болатын.

Ростов облыстық сотының үкімінде Павел Рудаков тонаумен айналысып, заңсыз қару сақтағаны, ол қасақана өлімші етіп жаралаған адам қайтыс болғаны айтылған. Рудаков сотта "өзіме тапанша кезеген адамнан қорғану үшін қол жұмсадым" деп мәлімдеп, қылмыс эпизодының біреуін ғана мойындаған.

13 қарашада Украинада Ростов облысынан соғысқа барған 49 жастағы Сергей Новойдарский қаза тапқан. Артёмовск қаласының (сепаратистік "ДХР") тумасының Ростов облысындағы Донецк елдімекеніндегі зиратынан түсірілген фотоны Donday басылымы жариялады.

21 жылдың ішінде Новойдарский алты рет сотталыпты. Ең соңғы рет оған 2015 жылғы желтоқсанда шығарылған үкімге сәйкес, ол адамды қинағаны және өлтіргені үшін 11 жылға бостандығынан айырылып, аса қауіпті кәнігі қылмыскерлер жазасын өтейтін колонияға қамалған.

Бір жылға жетпей Новойдарский шартты түрде бостандыққа шығу тәртібін бұзып, тонау мен ұрлық жасаған

Ең алғаш рет Новойдарскийді 2001 жылы "Жыныстық сипаттағы зорлық іс-әрекеті" бабымен соттаған. Сот кескен төрт жыл жаза мерзімінің екі жыл тоғыз айын қатаң режимдегі колонияда өтегеннен кейін мерзімінен бұрын шартты бостандыққа шыққан. Бір жылға жетпей Новойдарский шартты түрде бостандыққа шығу тәртібін бұзып, тонау және ұрлық қылмысын жасағаны үшін бес жыл жеті айға сотталып, қайтадан колонияға қамалған. Ол 2010 жылы тамызда бостандыққа шыққан соң көп ұзамай адамды қасақана ауыр жаралағаны үшін екі жарым жылға бостандығынан айырылып, қатаң тәртіптегі колонияға жазасын өтеуге жіберілген. Ал ол жазасын өтеп шыққаннан кейін жарты жыл өткенде адамды өлтіремін деп қорқытқаны үшін алты айға сотталған.

Ең соңғы рет 2015 жылы адам өлтіргені және қинаған деген айып тағылып, сотталған кезде Новойдарский үкіммен келіспей, "танысым істеген қылмысты маған жауып жатыр" деп апелляция алқасына шағым жазған. Новойдарский "маған қысым жасады" күш құрылымдарын айыптаған, бірақ "Азаптау" бабы бойынша тағылған айыпты мойындаған. Апелляция алқасы сот үкімін күшінде қалдырды.

Қарашада сепаратистік "ЛХР" құрылымында "Ерлігі үшін" медалімен марқұм Сергей Кадацкийді марапаттады. Ростов қаласында бұрын полиция майоры болған Сергей Кадацкий бұрынғы әйелін өлтіргені және бұрынғы қайынатасын өлтірмек болғаны үшін 2018 жылы 15 жылға бостандығынан айырылған.

Оны марапаттау туралы жарлықта Кадацкийдің "майданда ерлік танытып, қаһарманша қаза тапқаны" айтылған. 161.ru басылымы құық органындағы дереккөзден алған ақпаратқа сүйеніп, Кадацкийді "Вагнер тобы" Украинадағы соғысқа жалдаған деп жазды.

Мясников аудандық соты шығарған үкімде Кадацкийдің 2017 жылы тылды қару-жарақпен қамтамасыз ету бөлімінде бас маман болып істегені айтылған. 11 шілде күні полиция майоры киімін киген ол мас күйінде көлікке айдап, Ростов – Таганрог тасжолымен бұрынғы әйелі мен қайынатасын соңынан қуған. Кадацкий оларға аңшы қаруынан кемінде жеті рет оқ атқан, бұрынғы әйелі тіл тартпай кеткен, ауыр жараланған бұрынғы қайынатасының сол қолын кейін дәрігерлер кесуге мәжбүр болған. Қаруын тастай сала қашып кеткен Кадацкий сол күні ұсталған.

Сотта бұрынғы қайын жұрты Кадацкийдің ішкілікке салынғанын, ал майор шенін алғаннан кейін өзін "ішкі істер министріндей" ұстап, менменсіп кеткенін айтқан. Бұрынғы қайыненесінің сөзінше, бірде ішіп алып, пәтердің қабырғасын, кір жуғыш машинаны атқан. Ерлі-зайыпты ақыры ажырасып тынған, бірақ Кадацкий бұрынғы әйелінің қыр соңынан қалмаған.

Кадацкий сотта айыбын мойындап, істеген ісіне өкінетінін мәлімдеп, жауап беруден бас тартқан, бірақ тергеу кезінде ол алкогольден бөлек психотроптық заттар мен өзге де дәрі-дәрмек ішкенін айтқан. Бұрынғы әйелін өлтірерден екі күн бұрын ол Ростовтағы аурухананың ішімдікке тәуелділіктен оңалту орталығында ем қабылдаған. Бұрынғы әйелі мен оның әкесіне "ақыл-есімнен адасып шабуыл жасадым" деп түсіндірген.

Сот Кадацкийден зардап шеккендерге 4,3 млн рубль өндіріп алу туралы шешім шығарып, оның өзін 15 жылға бостандығынан айырып, қатаң тәртіптегі колонияға жазасын өтеуге жіберген. Ол 2032 жылы бостандыққа шығуы тиіс болатын.

ЕСІРТКІ ҚЫЛМЫСЫ

10 қарашада Ростов облысындағы Пролетарск кентінде 30 жастағы Виталий Путевскойды жерледі. Ол қазан айында Украинаның Бахмут қаласының түбіндегі шайқаста қаза тапқан. Бұл туралы ең алғаш болып "Наша неделя. Пролетарск" басылымы хабарлады. Журналистердің дерегінше, ол "Вагнер тобына" өз еркімен қосылған.

2019 жылы сот Путевскойды есірткі сатқаны және сақтағаны үшін қатаң тәртіптегі колонияға он жарым жылға қамауға үкім еткен. 2018 жылы қазанда ол полицияға жұмыс істеген адамға мефедрон сатқан-мыс деп жазады журналистер. Алайда оны тек 2019 жылы ақпанда, полиция қызметкерлері тінтуге келген пәтерде отырған жерінен ұстаған. Оны қолға түсірген соң полиция Путевскийдің де пәтеріне тінту жүргізген, бірақ заңға қайшы ештеңе таба алмаған. Олар Путевскойдың үсті-басын тінту үшін оны бөлімшеге апармақ болған.

Үкімде Путевскойдың әуелде келіскені, бірақ бөлімшеге таяған кезде "қарсылық көрсетіп, қашып кетуге талпынып, ұсталғаны", қалтасынан белгісіз зат салынған түйіншек шыққаны айтылған. Путевской оны "жеке өзім тұтынатын "тұз" деп атаған. Сол кезде ғана Путевскойдың содан төрт ай бұрын полициямен жұмыс істейтін адамға мефедрон сатқаны куәлердің бірінің есіне түскен.

Тамызда Белгород облысының Валуй аудандық соты Ростов облысы Ақсай қаласының тумасы Кирилл Топчеевті алты айға қатаң тәртіптегі колонияға қамау туралы үкім шығарды. Сот оны есірткі контрабандасымен айналысқаны үшін айыпты деп таныған, бірақ заңда қарастырылған ең төменгі жаза мерзімінен алты есе аз шамада (заңда үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бостандығынан айырылады деп жазылған) жаза шығарған. Себебі сот оның "Редут" жеке әскери компания құрамында екі ай Украинаға қарсы соғысқанын ескерген.

Үкімде Украинадан қайтып келе жатқан кезде кеден бекетінде ұсталған Топчеевтен көзілдірік қапшығына тығып қойған марихуана табылғаны айтылған. Сотталушы "Редут" тобы Украинаның Харьков облысындағы Изюм қаласы маңында тұрған кезде жергілікті тұрғынға Ресей армиясының сарбазға беретін құрғақ тамағын ұсынып, оны есірткіге және "әсері күшті дәріге" айырбастағанын айтқан. "Өзім жеке пайдалануым үшін" деп түсіндірген ол.

Сот Топчеевтің бұған дейін екі рет сотталғанына, есірткіге тәуелді адам ретінде есепте тұрғанына және одан емделуге мұқтаж екеніне қарамастан, оған айыппұл салу немесе оның бостандығын шектеу артық болады деп ұйғарған.

2012 жылы сот Топчеевті есірткі саудасына делдалдық жасағаны үшін айыпты деп танып, бір жылға қоныстандыру колониясына жіберген. Сол кезде дәрігерлер оған "апиынға тәуелді" деген диагноз қойған еді. Ал 2015 жылы оны аса ірі көлемде есірткі сақтаған жерінен ұстап, жауапқа тартқан. Дәрігерлер есірткінің бірнеше түрін (апиын, герион, дезоморфин, каннабиноидтар, "спайс", "тұз", амфетамин) араластырып тұтынған Топчеевті міндетті түрде емдеу қажетін айтқан. Оның төрт жарым жылға соттап, жазасын өтеуге жалпы тәртіптегі колонияға жіберген. 2019 жылы Топчеев жазаның қалған бөлігін түззеу жұмыстарына ауыстыруды өтінген, бірақ сот бас тартты.

Топчеев бостандыққа 2020 жылы шықты. 2022 жылы наурызда ол "Редут" жеке меншік әскери компаниясы сапында Украинаға соғысуға аттанды. Gulagu.net құқық қорғау жобасының жетекшісі Владимир Осечкиннің сөзінше, "Редут" Тамбов облысындағы Ресей бас барлау басқармасы (ГРУ) арнайы жасағының 16-бригадасына жақын маңда орналасқан.

"Новая газета" дерегінше, "Редут" базасы Мәскеудің түбіндегі Кубинка қалашығында және әскери әуе десанты 45-бригадасымен қоңсы орналасқан. Бұған дейін жеке меншік әскери компания президент Путинге жақын адамдардың бірі Геннадий Тимченконың бақылауындағы "Стройтрансгаз" акционерлік қоғамының мұнай нысандарын күзетіп-қорғаумен айналысатын.

САҒЫМ ҮМІТ

Сотталған адамдардың "Вагнер тобына" қосылуы ешкімді таңқалдырмайды, бұл жаза өтейтін жерлердегі "жаңа шынайы көрініске айналды" деді жоғарыда айтылған, Украинадағы соғыста қаза тапқан жалдамалылардың бірінің адвокаты. Ол аты-жөнін атағысы келмеді.

"Олардың неге келісім беріп жатқанын түсінбеймін. Бәлкім, тезірек бостандыққа шығып қалармын деп үміттенетін шығар, бірақ олай боларына зор күмәнім бар" дейді Кавказ.Реалии сөйлескен заңгер.

"Вагнер тобына" қосылған сотталушылар көбіне уәде етілген бостандыққа қол жеткізерміз деген үміттің жетегіне ілеседі деп есептейді "Тұтқындар құқын қорғау" қорының заңгері Яна Гельмель.

Тіпті кітаптың өзін  аса зор қиындықпен алатын оларға өзге ақпарат қайдан жетсін

"Өзім сөйлескен тұтқындар соғысқа барып, кейін сол жақтан қашып кетеміз деп ойлайды. Ондай жоспардың іске асуы неғайбыл екенін өздеріне айттым, бірақ оларға сол үмітке иек артады. Олар соғыс туралы дым түсінбейді. Тіпті кітаптың өзін (өзім қорғайтын адамға кітап жеткізу үшін соттаса жаздағаным бар) аса зор қиындықпен алатын оларға өзге ақпарат қайдан жетсін, – дейді заңгер.

Оның сөзінше, шалғай өңірлерде тұратын адамдарда әу бастан білім алуға мүмкіндік аз, ал түрмеге түскен соң олар толық ақпараттық вакуумге тап болады және тиісінше тиімді таңдау жасауға қабілетсіз болады.

"Оның үстіне, Ресейде сотталғандарды әлеуметтік ортаға бейімдеу жоққа тән, бостандыққа шыққандарды жұмысқа орналастыру, оларға қайта қылмысқа бармауы үшін жәрдемдесу, т.б. Олар "иесіз" жандар екенін түсінеді, және бұған қоса соғысудан бас тартса, қысымға тап боламыз деп қорқады. Бірінші толқын кезінде колониялардан алынған "еріктілер" арасында соғысқа өзі "патриоттық" танытып аттанғандар болған да шығар, бірақ қазір ондайлар қалған жоқ" дейді Гельмель.

Америка барлауының бағалауынша, Украина аумағында соғысып жатқан сотталған ресейліктер саны 40 мың адамға дейін жетеді.

XS
SM
MD
LG