Оппозициялық саясаткер Алексей Навальный Ресейде наурызда болатын сайлауды «Владимир Путинді қайта сайлау науқаны» деп атады.
«Сайлау әділетті емес» деген Навальный Ресей халқын мүлде дауыс бермеуге шақырды және көпшілік байқамайтын детальдардың өзінде Путинді насихаттау элементтері бар екенін айтты.
Мәселен, дауыс беру бюллетенінің дизайнын алып қарайық.
18 наурызда өтетін сайлауда президенттікке кандидат ретінде 8 адамның ресми түрде тіркелгенін жариялаған Орталық сайлау комиссиясы сол күні сайлау бюллетенінің үлгісімен де таныстырды.
Навальный Twitter-дегі жеке аккаунтына бюллетень үлгісінің суретін салды, онда сегіз кандидаттың есімі алфавиттік ретпен жазылған. Бұл жөнінде тәуелсіз «Дождь» телеарнасы және басқа да ақпарат құралдары хабарлады.
«Бюлеттеннің сыртқы көрінісі мен версткасына қарап-ақ бұл сайлауға бармай-ақ қоюға болады. Бұл - тіпті ұят. Путинді қайта сайлау. Бұған қатыспай-ақ қойыңыздар. Бойкот. Сайлаушылар көтерілісі»
Путиннің аты тізімнің дәл ортасында көзге ерекше түсіп тұр. Бұған қоса, оның өмірбаяны басқа кандидаттардікінен анағұрлым қысқа, сондықтан ол басқалардан ерекше.
Сайлау комиссиясының төрайымы Элла Памфилова «сайлау бюллетенінде Путинді ерекше көрсетуге тырысқан» деген долбарды жоққа шығарды.
«Барлығы заңға негізделіп жасалды. Оның дәрежесі басқалардікінен қысқа болып шықты. Одан басқа жазатын ештеңе жоқ», - деді Памфилова.
Ресейліктер мен басқа да жұрт әлеуметтік желілерде бюллетенді әзілге айналдырды.
Ресейдегі Slon.ru сараптамалық сайтының редакторы Роман Федосеев Twitter-де: «Балалар, мына жерде Путин қайда, ештеңе көрмей тұрмын, ештеңе анық емес. Не деген күрделі бюллетень?» - деп мысқылдады.
Геноцид Эклеров деген қолданушы «Басқалардың өмірбаяндары толық жазылған, тек Путиндікі ғана қарапайым. Ол - жай ғана патша» - деп жазды.
Артем Дерягин бұдан басқаша болады деп күткен екен.
«Путиннің аты-жөнін ерекше бояумен қоршап, не қасына бір сызықша салып қояр деп ойлаған едім. Білмеймін», - деп жазды ол.
«Путин тіпті мұнда да басқа ақымақтардың алдын орап кетті», - деп жазды Виктор Кожухарь.
Бюллетенге қатысты ақпарат берген Meduza ақпараттық порталы тақырыпқа «бір адам аздап ерекшеленіп тұр» деген тіркес шығарып, соңына көзін қысқан смайлик белгісін қойды.
Бюлетеннің Ресей заңы негізінде әзірленгенін, кандидаттар есімдерінің алфавит бойынша берілгенін атап өткен портал Путин өмірбаянының басқалардікінен анағұрлым қысқа екеніне назар аударған.
Путиннің ең қауіпті қарсыласы болады деген Алексей Навальный "алаяқтық жасады" деген айыбына бола кандидат ретінде тіркелмей қалды. Өзінің айтуынша, жоғары мінберлердегі жемқорлықты әшкерелеген әрекеті үшін билік оны осылай жазалаған.
Ол президент сайлауын 1999 жылдан бері бірде президент, бірде премьер-министр қызметін атқарып келе жатқан Путинді «қайта тағайындау» деп атады.
Кремль бірнеше жылдан бері өзгеше ойлайтындарды қудалап, саяси оппоненттерді тұншықтырып келеді. Соның арқасында елдің бүкіл аумағындағы саяси басқару тетіктері Кремльдің қолында. Сондықтан, оның тағы алты жылға қайта сайланатынына күмән жоқ.
Саяси сарапшылардың айтуынша, 65 жастағы Путин өзінің билігін нығайту үшін сайлаушылардың көп дауыс беруіне барынша күш салады. Себебі, бұл - оның президенттікке соңғы сайлауы болмақ. Конституция бойынша, ол 2024 жылы үшінші мерзімге қайта сайлана алмайды.
Тони Веселовскийдің шолуын қазашаға аударған Мұхтар Екей