Accessibility links

"Ресей журналистикасы өлген жоқ". Шетелге кеткен ресейлік журналистер қалай жұмыс істеп жатыр?


"Шетел агенті" туралы заңға наразылық акциясына шыққан әйел "Бәрінің аузын жаба алмайсың" деген жазуы бар плакат ұстап тұр. 4 қыркүйек 2021 жыл.
"Шетел агенті" туралы заңға наразылық акциясына шыққан әйел "Бәрінің аузын жаба алмайсың" деген жазуы бар плакат ұстап тұр. 4 қыркүйек 2021 жыл.

Ресейде қудалауға ұшыраған тәуелсіз ақпарат құралдары шетелде күш жинап, Кремль пропагандасына қарсы салмақты күшке айналып үлгерді.

Ресейдегі санаулы тәуелсіз баспасөз құралдарының бірі – ТВ2 жаңалықтар агенттігінің бас редакторы, ардагер журналист Виктор Мучник 2022 жылы наурызда елден кетті. Бұған билік органдарының TB2 сайтын бұғаттап тастауы себеп болған. Мучник Ресейден кеткенде журналистік карьерам аяқталды деп ойлаған. Ол бірнеше әріптесімен бірге Батумиден киім тазалайтын кәсіп ашпақ болған.

Бірақ журналист сол күйі кәсіпкер болмады.

Арменияға қоныс аударған Мучник екі бірдей жаңалықтар сайтының негізін қалады. Қос басылым да Ресейдің Украинаға қарсы соғысын сынайды. "Очевидцы 24.02.2022" сайтында Ресейдің басқыншылығына куә болған қарапайым адамдардың хикаясын бөліседі, ал "Говорит не Москва" басылымы Ресей өңірлері туралы жаңалықтар, жекелеген адамдардың хикаялары мен подкастар жариялайды.

2022 жылдың 24 ақпанынан кейін Ресейде тәуелсіз ақпарат құралдарына қарсы қуғын-сүргін күшейді. Көп журналист үкімет пен Украинаға қарсы басқыншылықты сынап, бейресми ақпарат көздеріне сүйенгені және Кремль "арнайы әскери операция" деп атайтын соғыстан хабар таратқаны үшін қылмыстық қудалаудан қорқып, елден кетуге мәжбүр болды.

ТВ2 агенттігінің бас редакторы Виктор Мучник.
ТВ2 агенттігінің бас редакторы Виктор Мучник.

Бірақ Мучник сияқты шетелге қоныс аударған журналистер Ресейді сынайтын ақпарат құралдарын ашып алды. Осылай Мәскеудің бақылауынан тыс ақпарат құралдарының саны көбейді. Бұл – ресейлік ақпарат құралдары үшін 2018 жылғы президент сайлауынан соң басталған билік сыншыларына қарсы жаппай қуғын-сүргіннен кейінгі ең үлкен соққы болды.

Берлиндегі JX Fund үкіметтік емес ұйымының дерегінше, 2023 жылы қыркүйекте Ресейден тыс жерде жұмыс істеп жатқан тәуелсіз ақпарат құралдарының саны 93-ке жеткен. Олардың үштен бірі Ресей Украинаға қарсы соғыс бастағаннан кейін құрылған.

JX Fund есебінше, Ресейден кеткен 1800 журналист әлемнің 30 елінде жұмыс істеп жатыр. Ресейлік журналистер Германия, Грузия, Латвия және Арменияда көп кездеседі. Олардың арасында 2022 жылы наурызда Ресейдегі қызметі тоқтаған Азаттық радиосы да бар.

Латвиядағы "Псковская губерния" жаңалықтар сайты Ресейдің батысындағы Псков облысы туралы жазады. Сайттың бас редакторы Денис Камалягин ресейлік тәуелсіз ақпарат құралдарының шетелде жаңа өмір бастауына интернет кепіл болып отыр дейді.

“Псковская губерния” жаңалықтар сайтының бас редакторы Денис Камалягин.
“Псковская губерния” жаңалықтар сайтының бас редакторы Денис Камалягин.

– 1923 жылда өмір сүріп жатқан жоқпыз. 1917-1923 жылдардағы азаматтық соғысы кезінде елден кеткен эмигранттар туған жерінен біржола қол үзді. Өйткені ол кезде интернет болмады. Оларда тіпті хабарласуға да мүмкіндік болмаған. Қазір ондай мәселе жоқ, – дейді Камалягин.

Бірақ қуғындағы тәуелсіз ақпарат құралдарының басқа мәселесі жетіп артылады.

Азаттықтың "Сібір.Реалии" сайты шетелде тұрып жатқан 6 ресейлік журналиспен сөйлесті. Олар жергілікті ақпарат көздерін сақтап қалып, фрилансерлерді қорғау және қаржы табу қиынға соғып жатқанын айтқан.

ЕКІ ӘЛЕМДЕ ҚАТАР ӨМІР СҮРУ

Иван Жадаев – 2022 жылы эмиграцияда құрылған "Верстка" жаңалықтар сайтының бас редакторы. Ол жаңа ақпарат құралы басында стартап сияқты "стреске толы, құбылмалы әлемде" тек энтузиазм көмегімен ғана жұмыс істегенін еске алады.

2023 жыл команданы сақтап, жұмыстан қажып кетпеу, кәсіби журналист дағдыларынан айырылмай, Ресейдің медианарығына орнығу мақсатымен өткен.

JX Fund дерегінше, шетелде жүрген журналистердің еңбегі ақталған. Ұйым зерттеуіне іліккен ақпарат құралдарының сайтына жалпы саны 38 миллион адам кіреді. Миграциядағы басылымдардың видеолары Youtube-та 165 миллион қаралым жинайды, Tiktok-та 430 мың қолданушысы бар.

– Бірақ бір мәселе бар. Ресейлік оқырманға шетелде жүрсек те, Ресей халқының мүддесін ойлап жүргенімізді қалай түсіндіруге болатынын білмейміз, – дейді Жадаев.

Оның сөзінше, оқырмандардың көбі соғыс туралы емес, өңірлік, әлеуметтік-экономикалық, күнделікті мәселелер туралы оқығысы келеді.

“Верстка” жаңалықтар сайтының бас редакторы Иван Жадаев.
“Верстка” жаңалықтар сайтының бас редакторы Иван Жадаев.

– Шетелде отырып, жаңалық/материалдарға дұрыс интонация таңдау 100 есе қиын. Ресейде соғысты қолдайтындар мен қарсы азаматтар арасында үнсіз азаматтық соғыс жүріп жатыр. Әр тарап өз ақпараттық кеңістігінде ғана өмір сүреді, – дейді Мучник.

Эмигрант журналистер кейде өзін оқшау бір әлемде өмір сүріп жатқандай сезінеді.

"Люди Байкала" сайтының бас редакторы Елена Трифонова Байқал көлінің жағалауындағы өңірлер туралы хабар таратады. Ол эмиграция шетелде жүрген ресейлік журналистердің Ресейдегі өмір туралы көзқарасын өзгертті дейді.

Трифонова шынайы өмірден алыс, бұрмаланған әлемге түсіп кетпеу үшін шағын өңірлік басылымдарды оқып, Ресейде қалған фрилансер журналистермен сөйлесіп, отбасымен, достарымен хабарласып тұрады. "Бірақ бәрібір елден, оқиға орнынан алыс жүргенің сезіледі" дейді ол.

“Люди Байкала” сайтының бас редакторы Елена Трифонова.
“Люди Байкала” сайтының бас редакторы Елена Трифонова.

– Екі әлемде қатар өмір сүріп жатқандай боласың, – дейді 2023 жылы қызметкерлерімен бірге Ресейден кеткен Трифонова. – Бір-бірінен алшақтап бара жатқан қос мұздың үстінде тұрған сияқтысың. Тепе-теңдік сақтап, құлап кетпеуге тырысып бағасың.

Ресей өңірлері туралы жазатын "Новая вкладка" құрылтайшыларының бірі Иван Макридин осындай сезім салдарынан шетелде жұмыс істейтін кей ресейлік басылымдар Ресейге фокусын жоғалтты дейді.

– Ақпарат құралдарын ашқан адамдар біраз уақыттан кейін концентрациясынан айырылады. Өйткені алыста жүру бәрібір жұмысқа әсер етеді, – дейді ол.

АҚПАРАТ КӨЗДЕРІМЕН ЖҰМЫС

Эмигрант журналистерге осы фокусты сақтап қалуға Ресейдегі ақпарат көздері көмектеседі. Трифонованың айтуынша, қазір олар да бұрынғыдай ашылып, ақпарат бергісі келмейді.

– Адамдар жабық болып бара жатыр. Журналистермен сөйлесуге қорқады. Материалда бас кейіпкерлер мен сарапшылардың аты-жөнін көрсетпеу керек. Бұрын олай жасамайтынбыз. Анонимді журналистикаға қарсымыз, бірақ қазір солай жұмыс істеуге тура келеді, – дейді ол.

Камалягиннің айтуынша, бұрын журналистермен Псков дәмханасында еркін кездесе беретін анонимді ақпарат көздерінің өзі қазір сөйлесуден бас тартатын болған. "Псковская губерния" қазір Латвияға келген кісілердің ақпаратына сүйенеді.

Ақпарат көздерімен байланысқа шығу фрилансерлерге де қауіпті. Сондықтан "Псковская губерния" мен "Верстка" материалдарда фрилансерлердің аты-жөнін көрсетпейді.

“Новая вкладка” құрылтайшыларының бірі Иван Макридин.
“Новая вкладка” құрылтайшыларының бірі Иван Макридин.

Мучниктің айтуынша, шетелден Ресей туралы хабар тарататын ақпарат құралдары үнемі елде жүрген фрилансерлері үшін алаңдап отырады.

Журналистер құқығын қорғау комитетінің дерегінше, Ресей түрмеге жабылған журналистер саны бойынша әлемдегі бестікке кіреді. Қазір 22 журналист (арасында Азаттықтың 100 күннен бері қамауда отырған тілшісі Алсу Құрмашева да бар) түрмеде отыр.

Макридин фрилансерлерді шенеуніктерден қорғау үшін кейде журналистік принциптерді бұзуға тура келеді дейді. Бірақ ол бұл ойын ашып айтқан жоқ.

– Фрилансерлер болмаса, біз – ешкім емеспіз, – дейді ол.

ШЕТЕЛДІК ДОНОР

JX Fund дерегінше, эмиграцияда жүрген ресейлік тәуелсіз ақпарат құралдарындағы қаржы көздерінің 80 пайызын шетелдік гранттар құрайды.

Камалягиннің айтуынша, соғыс ұзаққа созылған сайын, грант үшін бәсеке күшейген.

Сауалнамаға қатысқан журналистер көбіне қаржы көзін жасырын қалдырғысы келген. Ресей заңы бойынша, шетелден қаржы алатын ақпарат құралдары "шетел агенті" ретінде тіркелуі керек. Мәскеу бұл заңды билік сыншыларын бақылап, басып-жаншу үшін қолданады.

Сауалнамаға қатысқан журналистер сөзінше, шетелдік донорлар редакция саясатына араласпайды.

– Шетелдік донорымыз үшін Ресейде не болып жатқанын шынайы жазғанымыз ғана маңызды. Басты мақсатымыз – осы. Донор бізден басқа ештеңе талап етпейді, – дейді Камалягин.

Камалягин мен басқа журналистер объективті болып, белсенділікпен айналысып кетпеу керегін ұмытпайды.

– Бәрімен сөйлесеміз, өйткені халықтың көп бөлігі не мемлекетті қолдайды, не саясатпен мүлде шаруасы жоқ. Өз ісімізді барынша объективті жүргізуге тырысамыз, – дейді Путин үкіметі "шетелдік агент" деп атаған "Верстка" сайтының бас редакторы Иван Жадаев.

JX Fund өкілдерімен сөйлескен журналистердің бәрі Ресейге оралғысы келеді. Бірақ елге қайтса, қудалауға ұшырап, түрмеге жабылуы мүмкін екенін біледі. Жадаевтың пікірінше, Путин биліктен кетсе де, ел ішіндегі қуғын-сүргін мен журналистерге қысым әлі біраз уақытқа дейін жалғасады.

"Черта" басылымының бас редакторы Илья Панин.
"Черта" басылымының бас редакторы Илья Панин.

Шетелде жұмыс істеудің қиындығына қарамастан, ресейлік журналистер өз қызметі маңызды екенін түсінеді.

2023 жылы "Люди Байкала" сайтының жауынгерлер баспана кезегінен шығарып тастаған жетім бала туралы материалынан кейін, мәселеге шенеуніктер араласып, кейіпкерге үй алып берген.

– Әбден қажып кеттік. Не психолог, не басқа құралдар көмектеспейді. Бірақ орнымыздан тұрып, жұмысымызды жалғастыруымыз керек, – дейді Трифонова.

Мучник эмиграциядағы ресейлік журналистердің қуатына таңғалады.

– Ресей қоғамында дәл осындай энергия болса, Ресей мүлде басқа мемлекет болар еді, – дейді ол.

Шетелде құрылған тағы бір басылым – "Чертаның" бас редакторы Илья Панин жұмыс істеу қиындап бара жатса да, Ресей журналистикасы өлген жоқ деп есептейді.

– Сілесі қатып, әбден қажыған шығар, бірақ әлі тірі, – дейді ол.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG