Қыркүйектің 18-і күні Ресейде өткен мемлекеттік дума сайлауының қорытындысына қатысты соңғы мәлімет бойынша, билік партиясы «Единая Россия» парламенттегі 450 орынның 343-ін алып, саяси басымдыққа ие болды.
КПРФ (Ресей коммунистік партиясы) - 42, ЛДПР (либерал-демократиялық партиясы) - 39, «Справедливая Россия» - 23 мандат алып, думаға өтті. «Родина» және «Гражданская платформа» бір-бір мандатпен думадағы бұрынғы орындарын сақтап қалды. Оппозициялық «Яблоко» мен ПАРНАС партиялары қажетті бес пайыздық межеден өте алмады. Бұрынғы олигарх Михаил Ходорковскийдің ұйымы - «Открытая Россияның» қолдауы және ұсынуымен бір мандаттық округте сайлауға түскен 19 үміткердің бәрі жеңілді.
«ҚИЫН БОЛСА ДА, ЕЛ «ЕДИНАЯ РОССИЯҒА» ДАУЫС БЕРДІ»
Ресей орталық сайлау комиссиясының басшысы Элла Памфилова думаға бұрынғы төрт партияның қайтадан өткеніне қынжылды.
Сайлаудың алдын-ала қорытындысын жариялаған кезде Памфилова «Единая Россия»-дан «мұндай жеңіс күтпегенін» айтты.
«Амал не, бір де бір [өзге] партия бес пайыздық межеден өте алмады. Нәтиже шын жағдайды көрсетті деп үміттенемін, күдік-күмән болса, өтінеміз, бізге қонаққа келіңіз ("арыз-шағым беріңіз" дегені - ред.)» деді.
Ресей президенті Владимир Путин мен премьер-министр Дмитрий Медведев партияластарын жеңіске жетуімен жексенбі - сайлау күні кешкісін құттықтады. Владимир Путин: «Қиын, ауыр, бірақ, адамдар сонда да «Единая Россияға» дауыс берді» деді. Ал жеңілген оппозициялық ПАРНАС партиясының төрағасы, экс-премьер-министр Михаил Касьянов сайлаудың заңдылығын мойындамайтынын мәлімдеді. Оның сөзінше, «сайлау еркін әрі әділ өтпеген» және «дауыс беру кезінде заң көп бұзылған». Ол бұл сайлаудан кейін билікті конституциялық бейбіт жолмен ауыстыру үміті азайғанын айтты.
Сайлау күні заңбұзушылық әрекеттер болғанын ресми орындар растайды. Бірақ, мұндай оқиғалар саны соншалықты көп емес екенін айтады. Дүйсенбі күні орталық сайлау комиссияның төрайымы Элла Памфилова журналистерге сайлаудағы заң бұзушылыққа қатысты 181 шағым түскенін, әрбір үшінші шағымның заңға қайшы әрекетке, әрбір бесінші шағымның «фальсификацияға» қатыстылығын, олардың бәрі тексеріліп жатқанын айтып өтті. «Голос» атты сайлаушылар құқығын қорғау қозғалысы қыркүйектің 13-інде үш мыңнан астам заңбұзушылық тіркегендерін хабарлады. Сайлау күні бақылаушылар мен журналистер де урнаға топтап бюлеттень тастау, «карусель» амалымен бір адамның бірнеше мәрте дауыс беруін тіркеген. «Яблоко» партиясынан Петербург қаласында сайлауға түскен үміткер Александр Кобринский «көптеген заң бұзушылық болғанын, бюллетеньдер кей адамдарға тиісті саннан да көп берілгенін» Азаттықтың Орыс қызметі тілшісіне айтып берген. Ал Петербург қалалық сайлау комиссиясының бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыс бөлімінің өкілі Григорий Марголин-Каганский «өткен сайлаумен салыстырғанда бұл сайлауда заң бұзушылық тіптен аз болды» деген.
Ресей мемлекеттік дума сайлауындағы ЕҚЫҰ-ының бақылаушы миссия жетекшісі Илкка Канерва Кремльдің азаматтық қоғамды қудалауы мен мемлекеттік ақпарат құралдарын уысында ұстауы сайлауға әсер етіп, Ресей халқына таңдау еркі тимегенін мәлімдеді.
САЙЛАУДАН БАС ТАРТҚАН ҚЫРЫМ ТАТАРЛАРЫ
Тұрғындарының үштен бірін қырым татарлары құрайтын «Красный мак» ауылындағы сайлау учаскесінің мүшесі Наталья Кочеткова Азаттықтың Орыс қызметіне дәл сайлау күні дауыс берушілердің аз келгенін айтқан. «Украинаға қараған кезімізде 60-64 пайыз сайлаушы дауыс беруге келетін. 2014 жылғы референдумда да көп келді. Ал қазір [сайлау кезіндегі тұрғындар белсенділігі] өте төмен. Қырым татарлары дауыс беруге келмеді. Соның әсерінен қатысу көрсеткіші аз шықты. Украина кезінде олар сайлауға дауыс беруге көптеп келетін» дейді ол. Ресей орталық сайлау комиссиясы таратқан алдын ала дерек бойынша, сайлау күні Қырым түбегі мен Севастополь қаласында дауыс бергендер автономиялық республикадағы жалпы сайлаушылардың 40-42 пайызын құраған.
Ресейдің 2014 жылғы аннекциясынан бері Қырым түбегінде алғаш рет өткен дума және жергілікті сайлауға санаулы күндер қалғанда қырым татарлары межлисінің жетекшілері бұл сайлауға бойкот жасауға шақырған болатын. Олар «сайлауға бойкот қылу әрекетсіздік пен немкеттілік емес, қайта саналы қарсылық» деп түсіндірді. Белсенді қырым татарлары Украина билігін түбекте өткен Ресей мемлекеттік дума сайлауын мойындамауға шақырды. Ал дүйсенбі күні Украинаның сыртқы істер министрлігі «аннекцияланған Қырым түбегінде Ресейдің сайлау өткізуі мемлекеттік дума сайлауының заңдылығына күмән тудырады» деген мәлімдеме жариялады.
Мыңға жуық сайлау учаскелері ашылған Қырым түбегіне ЕҚЫҰ бақылаушыларын жіберген жоқ.
Қыркүйектің 18-інде Ресей сайлаушыларының 50 пайызға жуығы мемлекеттік дума депутаттарын сайлауға дауыс берді. 2011 жылғы дума сайлауында ресейліктердің 60 пайызы бюллетень толтырған. Бұл сайлаудың ерекшелігі – осы жолы парламенттегі 450 орынның тең жартысына партиялық тізім бойынша, ал қалғанына бір мандаттық сайлау округтері бойынша өткен дауыс беру нәтижесінде жеңіске жеткен кандидаттар сайланады.