Accessibility links

Жаңа жыл Ресейдің қыс мезгіліндегі бас мерекесіне қалай айналды?


Жаңажыл шыршасын безендіріп жатқан медқызметкерлер.
Жаңажыл шыршасын безендіріп жатқан медқызметкерлер.

Желтоқсанның соңында Батыстағы христиан әлемі Рождествоны тойласа, Ресейде және өзге де постсоветтік елдерде Жаңа жылға басымдық береді. Азаттық мұның себебін радионың Орыс қызметінде (Радио Свобода) арнайы жобаларды басқаратын Ирина Лагунинадан сұрады.

Жылдың осы мезгілінде Ресейге келетін батыс елдерінің азаматтары жергілікті халықтың әдетте осы мезгілде безендірілетін қылқан жапырақты ағаштарды "жаңа жыл шыршасы" деп атайтынын көріп таң қалуы мүмкін.

Батыс елдеріндегі "Рождество шыршасы" Ресейде неліктен "Жаңа жыл шыршасы" деп аталады?

Мәскеудегі Radisson қонақүйі алдындағы Жаңа жыл шыршасы. 24 желтоқсан 2019 жыл.
Мәскеудегі Radisson қонақүйі алдындағы Жаңа жыл шыршасы. 24 желтоқсан 2019 жыл.

Ирина Лагунинаның айтуынша, "Жаңа жыл шыршасы" – Совет одағынан қалып қойған мұра.

"Бұл шынымен оғаш нәрсе. Себебі, социалистік революциядан кейін большевиктер іс жүзінде жылдың осы бір тамаша мезгіліндегі рождестволық мерекелерге ғана емес, Рождество шыршасына да тыйым салды", – дейді ол. "Олар басты идеология атеизм болғандықтан, Рождество шыршасына тыйым салу керек деп тапты. Бұл тыйым 1930 жылдардың ортасына дейін күшінде болды".

1935 жылы Сталиннің рұқсатымен Рождество шыршасы қайта оралды. Бірақ ресми атеистік саясат шыршаны Жаңа жыл мерекесімен байланыстырып, оның христиандық мазмұнын жоюға тырысты.

Жаңа жылды тойлау осы күнге дейін сақталып қалды. Жыл сайын Кремльде болатын "Жаңа жыл шыршасы" мыңдаған бала үшін әлі де үлкен оқиға. Әйтсе де Жаңа жыл шыршасы қазір Совет одағы кезіндегідей үлкен жұлдызшамен безендірілмейді.

Бәлкім, шырша дегенде ойымызға Рождество емес, Жаңа жыл келетіні дұрыс та шығар. Себебі, "Жаңа жыл" Ресейдегі басты мерекеге әлдеқашан айналған.

ПРАВОСЛАВ РОЖДЕСТВОСЫ

Ресейлікте Рождество мерекесін 7 қаңтарда атап өтеді. Лагунинаның сөзінше, ол Батыстағыдай туыстардың басын қосатын отбасылық мерекеден гөрі, діни мерекеге көбірек ұқсайды.

"Ресейде қазір Рождествоны мерекелейтіндер оны таза діни оқиға ретінде атап өтеді. Дін ұстанатындар шіркеулерге барады. Бұл күндері шіркеулер адамға толы болады. Бұл күнде отбасы болып жиналу я болмаса өзгеше бір атап өту дәстүрі осы уақытқа дейін қалыптаспаған", – дейді ол.

Лагунинаның айтуынша, Ресейдегі негізгі мереке – Рождество емес, Жаңа жыл мерекесі.

"Әңгіменің бәрі Жаңа жылда. [Жаңа жыл] православие күнтізбесінде бірінші тұр. Ал Рождество жетінші күнде. Бірақ басты мереке – Жаңа жыл түні және отбасы жиналатын осы күні ресейліктер жылдың кешкі асын даярлайды", – дейді Ирина Лагунина.

Ирина Лагунина Жаңа жыл мерекесі кезінде "көп шампан ішіліп, қисапсыз отшашу атылатынын", оның жылдың осы мезгілінде болатын ресми және бейресми салтанатты жиындардың басты оқиғасы екенін айтады.

"Әрине, қазір Ресейде әр нәрсені атап өтуге сылтау бар. Ресейліктер батыстық Рождествоны тойлай бастайды, сосын Жаңа жыл, одан кейін православтар Рождествосы бар. Барлығы үш аптаға созылатын мерекелеу. Бұл уақытта мастықтан есіңізді жия алмай қаласыз", – дейді Ирина Лагунина.

Жаңа жыл шыршасы алдында суретке түсу. Якутия, Ресей.
Жаңа жыл шыршасы алдында суретке түсу. Якутия, Ресей.

Бұл уақытта орындалатын ең әйгілі бір жоралғы бар және оған екінің бірінің жүрегі дауаламайды. "Ресейде мұзды ойып суға түсу – үлкен іс" дейді Лагунина. Ол бұл жерде төзімді жандардың 19 қаңтарда жергілікті өзен-көлдерде мұздай суға шомылып, шоқыну мерекесін атап өтетінін айтады.

Алайда халық өзге мерекелердің ішінде Жаңа жылды қашан да үлкен оқиға ретінде қабылдайды. Бұл мерекеде жұрт туыстарымен және жақын достарымен жиналып, бір-біріне сыйлық береді, ағыл-тегіл ас және ішімдік ішіледі.

Көптеген отбасы "Тағдыр тәлкегі, немесе жеңіл буыңызбен" комедиясын көреді. 1976 жылы жарық көрген бұл фильмді мемлекеттік телеарналар жаңа жыл қарсаңында жыл сайын көрсетеді. Дәстүрге айналды десе де болады.

Осы жолы Рождество болсын, Жаңа жыл мерекесі болсын адамзат коронавирус дейтін жұқпалы аурумен күресіп жатқанда тойланбақ. Көптеген елде карантин шектеулері қайта күшейіп, адамдардың бұл мерекелерді бұрынғыша тойлауына кедергі болып отыр.

Азаттық радиосының журналисі Койлин О'Коннордың материалы негізінде әзірленді

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG