Accessibility links

Рубльдің құлдырауы Орталық Азияға қалай әсер етеді?


Кейінгі Ресейде доллар бағамы 100 рубльге дейін шарықтап кетті. Елдің Орталық банкі пайыздық мөлшерлемені көтеріп, жағдайды реттегендей болды. Бірақ рубльдің әлсіздігі ұзақмерзімде Ресеймен тығыз экономикалық байланыстағы Орталық Азия мемлекеттеріне қышқыл тиетіні қазірден көрініп отыр.

64 жастағы қырғыз азаматы Бақытбек Ысмановтың Ресейде жұмыс істеп жүргеніне 15 жыл болды. Ол кейінгі бір жылда рубльдің сомға қатысты бағамы 28 пайызға құлдырағанын, жазда бұл процесс күшейе түскенін айтады.

Бақытбекке бұл тиімсіз. Өйткені ол Қырғызстанның оңтүстігіндегі Ош қаласынан алған үйінің ипотекалық қарызын соммен төлейді.

– Күніне 15 сағат еңбек етіп, қосымша басқа жұмыс іздейтін шығармын. 4-5 сағат құрылысқа шығып, қалған уақытта такси жүргізуге болады. Түнгі 11-12-ге дейін жұмыс істеймін. Ұйқым келсе, бетімді мұздай сумен жуып, жүре беремін. Басқа не істей аламын? Қарызымнан құтылуым керек, – дейді ол.

Бақытбек қырғыз банктері Ресейде жұмыс істейтін мигранттарға қарыз төлеу мерзімін ұзартып берер деп үміттенеді.

Рубльдің құлдырауы қазірдің өзінде өңір елдерінің экономикасына зардабын тигізе бастады.
Рубльдің құлдырауы қазірдің өзінде өңір елдерінің экономикасына зардабын тигізе бастады.

Өткен аптада доллар бағамы 100 рубльге дейін шарықтап кеткен соң Ресейдің Орталық банкі пайыздық мөлшерлемені көтеруге мәжбүр болды. Осыдан кейін рубль тұрақтала бастады. Бұған Кремльдегі шенеуніктер ғана қуанып қойған жоқ, Ресеймен тығыз экономикалық байланыстары бар Орталық Азия мемлекеттерінің де арқасынан ауыр жүк түскендей болды. Қырғызстан, Тәжікстан мен Өзбекстанның миллиондаған азаматы Ресейде жұмыс істейді.

Қазір доллар бағамы 93 рубль шамасында тұрақтағанымен, Ресейдегі дағдарыстар тікелей әсер ететін Орталық Азия мемлекеттері рубльдің ұзақмерзімді перспективадағы жағдайына алаңдап отыр.

Рубльдің құлдырауы қазірдің өзінде өңір елдерінің экономикасына зардабын тигізе бастады. Валютаның арзандауы салдарынан мигранттардың елге аударатын ақша көлемі азайған.

РУБЛЬДІҢ ҚҰНСЫЗДАНУЫ НЕДЕН БАСТАЛДЫ?

Былтырғы жылдың аяғынан бастап рубльдің бірнеше ай бойы құлдырауы бір жағынан, Ресейдің Украинадағы соғыс шығындарымен байланысты.

Ресей валютасының бұл жолғы құнсыздануы ерекше көзге түсті. Өйткені әдетте мұнай бағасы жоғары болса, рубль бағамын тұрақтандыру оңайға түсетін. Бұл жолы энергоресурстар бағасының жоғары болуы да көмектеспеді.

Өзбекстанда кейінгі апталарда доллар бағамы 3 пайыз өскен. Орталық банк мұны Өзбекстанның негізгі сауда серіктестерінің валютасының құнсыздануынан көреді.
Өзбекстанда кейінгі апталарда доллар бағамы 3 пайыз өскен. Орталық банк мұны Өзбекстанның негізгі сауда серіктестерінің валютасының құнсыздануынан көреді.

15 тамызда Ресейдің Орталық банкі базалық мөлшерлемені 3,5 пайызға көтеріп, 12-ге жеткізді. Рубльдің құлдырауы тоқтады, бірақ валюта соғыс жаңа басталған кездегі қалпына оралған жоқ.

Бұрын үкімет капитал қозғалысын қатаң бақылап, мұнай бағасының жоғары болуынан түзілген сауда профицитін пайдаланып, еркін құлдырап бара жатқан рубльді әп сәтте ең тиімді валютаға айналдырып жіберетін. Енді ол күндер өткеннің еншісінде қалды.

Рубльдің арзандығы соншалық, көрші мемлекеттер дилеммаға тап болды.

16-17 тамызда мұнайға бай Қазақстанда теңге 6 пайыз құнсызданды. 17 тамызда нарықта 1 доллар – 467 теңгеден сатылды.

Осыған дейін теңге рубльдің ізімен құнсызданған еді.

Қазақстан Ресей басымдыққа ие Еуразия экономика одағына мүше. "Теңгеномика" телеграм арнасының дерегінше, былтыр теңге рубльден алшақтап, Қазақстан импортындағы Ресейдің үлесі 2021 жылғы 40 пайыздан 2022 жылы 26,7 пайызға дейін төмендеген.

Бұл процесс қашанға дейін жалғасары белгісіз.

Қазақстандық саяси шолушы Серік Белгібай Facebook парақшасына "Рубль Қазақстан экономикасының түбіне жетеді, мемлекеттің алдында екі таңдау бар, екеуі де нашар" деп жазды.

– Осы күйінде қалдырсақ, арзан рубль отандық өндірістің түбіне жетеді. Болмаса, ұлттық валютаны 1 рубль – 5 теңге деген бағамға дейін құнсыздандырамыз. Бұл халықты одан әрі кедейлендіріп, бағаның өсуіне алып келеді, – дейді сарапшы.

Өзбекстанда кейінгі апталарда доллар бағамы 3 пайыз өскен. Орталық банк мұны Өзбекстанның негізгі сауда серіктестерінің валютасының құнсыздануынан көреді. Банк болжамынша, сум [Өзбекстан ақшасы] жылдың аяғнына дейін тұрақты болады.

БҰЛ МИГРАНТТАРҒА ҚАЛАЙ ӘСЕР ЕТЕДІ?

Тәжікстан мен Қырғызстанның ұлттық валютасы жаз басынан бері долларға шаққанда 1 пайыз құнсызданып, рубльге шаққанда 14 пайыз қымбаттады.

Аталған мемлекеттер шетелде жұмыс істейтін мигранттар аударатын ақшаға тәуелді. Ресейден жіберілетін ақша елдің жалпы ішкі өнімінің төрттен бір бөлігін құрайды. Сондықтан рубльдің әлсіз болуы Орталық Азия мемлекеттеріне тікелей әсер етеді.

15 тамызда ресейлік "Ведомости" газеті өзбек диаспорасы басшыларының сөзіне сүйеніп, рубль тұрақталмаса, мигранттардың көбі Ресейден кетуі мүмкін деп болжады.

Басылым 23 мың мигрант (көбі – өзбектер) қатысқан сауалнама қорытындысына сүйеніп, респонденттердің басым көпшілігі Ресейден кетуді ойлап жүр деп жазды.

Тәжікстан мен Қырғызстанның экономикасы шетелде жұмыс істейтін мигранттар аударатын ақшаға тәуелді.
Тәжікстан мен Қырғызстанның экономикасы шетелде жұмыс істейтін мигранттар аударатын ақшаға тәуелді.

Кейінгі жылдары Ресейде жұмыс істейтін Орталық Азия азаматтары біраз қиындықтан өтті. Пандемия кезінде ондаған мың адам жұмыссыз қалып, туған еліне қайтуға мәжбүр болды. Украинада соғыс басталғанда мигранттар мобилизация нысанына айналды.

Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін бірнеше апта ішінде доллар бағамы 150 рубльге жетті. Соғысқа дейін рубль бағамы 75 еді, 2022 жылы маусымда бұл көрсеткіш 52 болды.

Бұл Орталық Азия елдеріне аударылған ақша көлемін рекордты көрсеткішке жеткізді. Осылайша Дүниежүзілік банк пен басқа да халықаралық қаржы ұйымдарының соғысқа дейін жасаған болжамы іске аспады.

Бірақ 2023 жылдың жөні бөлек. Орталық Азия елдерінің Ұлттық банктері ақша аударымдары туралы деректерді тұрақты жарияламаса да, кейінгі статистика өңірдегі отбасылар шетелдегі туыстарынан былтырғымен салыстырғанда аз ақша алып отырғанын көрсетеді.

Мысалы, осы айда Қырғызстанның Орталық банкі жариялаған деректерге сәйкес, 2023 жылы маусымда Қырғызстанға шетелден 163,5 миллион доллар аударылған. Бұл соманың 90 пайызы Ресейден жіберілген.

2023 жылғы ақша көлемі былтырғы аударымдардың жартысы ғана. Биыл өткен жылдармен салыстырғанда ақша аударымдары азайған: 2021 жылы – 266,9 миллион доллар, 2020 жылы – 277,9 миллион доллар, 2019 жылы – 191,6 миллион доллар түскен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG