Accessibility links

 
Кремльге жақын арналар соғыс қаупін ойнатып жатыр. Орыс халқына мұның әсері бола ма?

Кремльге жақын арналар соғыс қаупін ойнатып жатыр. Орыс халқына мұның әсері бола ма?


"60 минут" ток-шоуының жүргізушісі Ольга Скабеева.ф
"60 минут" ток-шоуының жүргізушісі Ольга Скабеева.ф

Ресейдің мемлекеттік телеарналары шекарада ондаған мың әскер жинаған Мәскеу Украинаға соғыс ашуы мүмкін деген қауіпті күшейтті. Сарапшылар шенеуніктер ұрандатып жатқанымен, халықтың көбі соғыс болғанын қаламайды дейді.

Осы аптада "60 минут" ток-шоуының жүргізушісі Ольга Скабеева бағдарламаны әдеттегідей Украина үкіметі мен оны жақтап отырған Батыс елдерін даттаудан бастады.

Соның алдында ғана Ресей АҚШ пен НАТО-ға қойған қауіпсіздік талаптары жариялаған еді. Онда Мәскеу Украина мен Совет одағы құрамында болған өзге де елдерді Батыстың әскери одағына қабылдамау мәселесі қозғалған. Ольга Скабеева бағдарламаны негізгі талаптарды түсіндіруден бастап, одан кейін әңгімені басқа арнаға бұрды.

"Ресей АҚШ-ты цугцвангқа (шахмат термині, кез келген ахуалды одан әрі қиындататын жағдай – ред.) жеткізді. Олар не өз еркімен кетеді, не күшпен кетіреміз, – деді Скабеева камераға тік қарап тұрып. Ол сөйлеп жатқанда студияда музыка ойнап тұрды. – Украина егемендігіне ешқандай кепіл бермейміз".

20 желтоқсанда эфирге шыққан бағдарлама ток-шоу жүргізушілерінің онсыз да гиперболаға тұнған сөздері одан сайын күшейгенін көрсетті. Кремль Батыс қауіпсіздік кепілдігіндегі талаптарға келіспесе, Украинаға шабуыл жасауы мүмкін екенін айтқан соң, телеарналар да соны айта бастады.

Мәскеу НАТО-ның шығысқа қарай қанат жаймауын, АҚШ пен басқа да Батыс елдерінің Шығыс Еуропа, Кавказ, Орталық Азияда әскери әрекетін азайтып, бұрынғы совет жерінде жаңа әскери салмауын талап етіп отыр.

АҚШ ресми өкілдері кей ұсыныстардың орынсыз екенін және оны Ресей де білетінін айтты. Екі ел арасында келіссөз қаңтарда басталады деп жоспарланып отыр. Ресей мен Батыстағы кей сарапшылар Мәскеу бұл талаптарды Вашингтон мен НАТО-ны айыптап, Украинаға қарсы соғыс аша қалса, соларды кіналау үшін сылтауратып отыр дейді.

Мәскеу шенеуніктері жылдам жауап беруге шақырып отыр. 21 желтоқсанда Ресей қорғаныс министрлігінің кеңейтілген отырысында Владимир Путин Батыс келіспесе, Мәскеудің күш көрсетуге дайын екенін растады.

"Шегінетін жол жоқ" деді Путин. "Қауіп төніп жатқанда, бізді қол қусырып отырады деп ойлай ма?"

Путин АҚШ пен оның одақтастарына қандай шағымы барын айтып шықты. Ол мұны президент және премьер-министр болған 22 жылда біршама рет айтқан.

Ресей Украинаны айтып Батысқа сес көрсетуді күшейткенде, мемлекеттік телеарна мұны кең насихаттауға кірісті. Украина елдің шығысындағы Донбаста Ресей қолдап отырған сепаратистермен 2014 жылдан бері соғысып жатыр.

"Ашығын айтайық. Біз шарықтау шегіне жеттік" деді тележүргізуші Дмитрий Киселев "Вести недели" бағдарламасында. Ол Кремльдің ең басты насихатшыларының бірі саналады. Бұл сөзінде ол Киев пен НАТО-ның әскери әрекеттері Ресейге қауіп төндіретінін айтып отыр. "Егер кеудемізге тапанша тоссаң, саған да солай істейміз. Бұған шамамыз жетеді".

Дмитрий Киселев.
Дмитрий Киселев.

Осы айдың басында Владимир Путин Донбасстағы жағдайды Киев жасап отырған геноцид деп сипаттады. Киевтегі АҚШ елшілігі "Геноцид жайлы жалған айып тағы қауіпті және жауапсыз әрекет" деп жазды Twitter-де. Бірақ "60 Минут" секілді бағдарламалар Путиннің сөзін іліп әкетті.

"Украинада болып жатқан жағдай – бұл геноцид. Оны алдымен Совет одағын құлатып, кейін [Ресей президенті Борис] Ельцин кезінде заңсыз жекешелендірумен айналысқан ЦРУ жедел қызметкерлері істеп отыр" деді Скабеева 13 желтоқсанда.

Кей сарапшылар Ресей Украинаға басып кірмесе де, мемлекеттік телеарналардың шексіз милитаристік науқаны мен Путиннің НАТО жайлы сөздерін көрсетуі Ресей президентінің төмендеп жатқан рейтингін көтере алады дейді.

Ресей Украинадағы Қырым түбегін басып алғанда, 2014 жылы Донбасста соғыс отының тұтануына түрткі болғанда бұл амал тиімді болды. Бірақ экономикаға көңілі толмайтын ресейліктер шетелде кез келген ауқымды әскери әрекеттерге баруға кедергі келтіруі мүмкін.

"Кремльшіл телеарналар мен онлайн пропаганда машиналары сенім ұялата алады, бірақ олар адамдардың ойы мен сезімін өзгерте алмайды" деп жазды Ресей сарапшылары Сэм Грин мен Грэм Робертсон 8 желтоқсанда The Washington Post газетінде. "Егер Путин Украинаға басып кірсе, ол мұны қоғамның қолдауынсыз істейді, осылайша одан сайын халық қолдауынан айырыла береді".

Қоғам Путиннің сөздерін қысқа мерзімге болсын қолдауы мүмкін деген де болжам бар. "Левада-центр" орталығы жүргізген сауалнама ресейліктердің жартысы Украинадағы шиеленістің өршуіне АҚШ пен НАТО-ны кінәлайтынын, 16 пайызы Украинаны, тек 4 пайызы Ресейді кінәлі санайтынын көрсетті.

Бұл Ресей Украинаға шабуыл жасаса, қоғам билікті қолдай ма деген сұрақ туғызады. Мәскеудегі Карнеги орталығының қызметкері Андрей Колесников үкімет бақылауындағы телеарналардың пропагандасы халықтың соғысқа деген тереңге тамыр жайған өшпенділігін жоя алмайды дейді.

"Мемлекеттік пропаганда өзінің мобилизациялау мүмкіндігін асыра пайдаланды" деп жазды Колесников өткен аптада The Moscow Times бағанында. "Мобилизациялаудан гөрі дүниежүзілік соғыс жайлы үрейін күшейтіп жіберді".

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG