Жақында президент әкімшілігі басшысының орынбасары Тимур Сүлейменов Euractiv news басылымына берген сұхбатында Қазақстан Кремльге Украинаға шабуыл жасауына байланысты Батыс елдері салған санкцияларды айналып өтуге жәрдемдеспейтінін айтты. Одан бөлек, Сүлейменов "Қазақстан Украина жерінің тұтастығын құрметтейді", "БҰҰ мойындамаған Қырым мен Донбастағы жағдайды мойындаған емес және мойындамайды да" деп мәлімдеді.
"Біз БҰҰ деңгейінде қабылданған шешімдерді ғана орындаймыз" деді Қазақстанның жоғары шенді шенеунігі.
2014 жылы Ресей Қырымды аннексиялап, Украинаның оңтүстік-шығысында соғыс басталған кезде Қазақстан бейтарап қалуға тырысып, ресми позициясын білдірмеген.
Саясаттанушы Димаш Әлжанов Тимур Сүлейменовтің мәлімдемесі нені білдіретінін, Қазақстанның Ресейге тәуелділіктен құтылу үшін не істеу керегін айтып берді.
Азаттық: Украина жерінің тұтастығын құрметтеу туралы месседжді неге президент Тоқаев немесе премьер-министр Смаилов сынды жоғары лауазымды тұлғалар емес, Тимур Сүлейменов жеткізді?
Димаш Әлжанов: Сүлейменов – президент әкімшілігінің өкілі, ол бірінші дәрежелі болмаса да, ресми тұлға саналады. Тоқаев өзін еркін әрекет ету мүмкіндігінен айыратын мәлімдемелер жасауға жауапкершілік алмайтындықтан, бұл міндет президент әкімшілігі басшысының орынбасарына жүктелген.
Азаттық: Бұл кімге айтылған месседж?
Димаш Әлжанов: Бұл сөздер Қазақстанның Еуропадағы беделін көтеру үшін айтылды. Тоқаев Қазақстанға тікелей болмаса да, екінші деңгейлі санкциялар салынуы мүмкін деп алаңдап, осындай шешім қабылдады. Ол осылай екі кеменің құйрығына жармасуға тырысты.
Бұл месседж Қазақстан билігін келешекте болуы ықтимал салдарлардан қорғауға бағытталған. Билік өкілдері алдын-ала ақталу амалын жасап, Қазақстанды Ресейге салынған санкция режимін айналып өтуге көмектесіп отырған елдер тізіміне қосудың қажеті жоғын жеткізгісі келді. Бұл мәлімдемені кім және қалай жасағаны да Қазақстан билігінің сақтығын көрсетеді. Билік шынымен Қазақстанның позициясын білдіргісі келсе, Тоқаев бұл жауапкершілікті өз мойнына алып, ашық мәлімдеме жасап, кейін Ресеймен қарым-қатынасын қайта қарау үшін нақты қадамдарға барар еді. Бірақ олай болған жоқ: белгілі бір каналдар арқылы Батыс елдеріне бір мәлімдеме жасалып, Тоқаев пен Путиннің жеке әңгімесі кезінде мүлде басқа нәрсе айтылып жатыр.
Азаттық: Сүлейменовтің мәлімдемесі Қазақстан мен Ресейдің арасына сына түсіруі мүмкін бе?
Димаш Әлжанов: Қос мемлекеттің қарым-қатынасы баяғы қалпында қалады деп ойлаймын. Бір жағынан, қазіргі жағдайлардың өрбуіне қарасақ, қарым-қатынастарды бұрынғы күйінде сақтап қалу мүмкін емес. Ал Буча қырғынынан кейін Ресей саяси режимінің беделіне орны толмас нұқсан келді. Бұл жерде Тоқаевтың салмақты ұлттық саясаткер ретінде мемлекеттің бағыты мен позициясын нақты белгілеуге қабілетсіз екенін көрдік.
Қазақстан Ресеймен қарым-қатынасын түбегейлі қайта қарамас бұрын экономиканы, тауар жеткізу жолдарын қалай диверсификациялайтынын жоспарлап алуы керек. Алдағы он-жиырма жылда Ресей оқшау мемлекетке айналса, мұнай жеткізудің балама жолдарын ғана емес, ішкі тауар өндірісін де қолға алған дұрыс. Әзірше тек мәлімдемелер ғана жасалды, жоғарыда айтқанымдай бұл сөздерді президент әкімшілігі басшысының орынбасары емес, мемлекет тізгінін ұстап отырған президент айтуы керек еді. Бірақ бұл Тоқаевтың қолынан келе ме? Жауабым: жоқ. Сондықтан Қазақстан нақты позициясыз сандалып, жауапкершіліктен, ыңғайсыз мәселелерден, шешім қабылдаудан қашқақтап отыр.
Азаттық: Қазақстан билігі Ресеймен қарым-қатынасымызды жедел қайта қарау керегін түсіне ме?
Димаш Әлжанов: Осылай жасау керек, бірақ Тоқаев пен Путиннің арасында кейінгі болған телефон әңгімесі мен президенттің баспасөз қызметі жариялаған ақпаратқа қараңызшы. Онда не Қазақстан позициясын, не елдің Ресеймен қарым-қатынасын қайта қарауға ынтасын білдірмейтін мағынасыз әңгіме айтылған. Элита арасында не істеу керек, қалай әрекет еткен жөн деген сұрақтарға ортақ жауап жоқ сияқты. Қазір Қазақстан деген – елдің ұлттық мүддесіне қатысы жоқ саяси режим ғана. Жекелеген адамдардың, бұл жерде Тоқаевтың мүддесі ұлт мүддесінен жоғары болып отыр, бұл – үлкен мәселе.
Азаттық: Сүлейменовтің мәлімдемесінен кейін Тоқаевқа қастандық ойластырып, Ресейге қарсы пропаганда таратумен айналысқан "барлау қызметі агенті" ұсталғаны жөнінде хабар тарады. Бұл туралы не айтасыз?
Димаш Әлжанов: Менің ойымша, бұл хабардың астарында "Қазақстан шет мемлекеттердің, оның ішінде Батыс елдерінің Ақорда мен Кремльдің арасына от салу үшін ұйымдастырған әрекеттерін дер кезінде анықтап, алдын-алу үшін жұмыс істеп жатыр" деген мағына жатыр. Бірақ бұл қазір Тоқаевтың беделі мен биліктің "Қазақстан Ресейдің мүддесіне жұмыс істеуге тырысып жатыр" дегенді көрсету талпынысына нұқсан келтіріп отыр. Бұл Тоқаевтың елді саяси дағдарыстан алып шығып, билік институттарына деген сенімді қайтаруға қабілетсіз екенін көрсетеді.
Азаттық: Қазақстан екі кеменің құйрығын ұстап, ішкі және сыртқы саяси аренада беделін сақтап қала ала ма?
Димаш Әлжанов: Бұл позиция Тоқаев үшін қауіпсіз болғанымен, Қазақстанға зиян. Болашақта екінші кеме болмауы мүмкін: Путин билігі ұзаққа созылмайды деген болжам бар. Бірақ бұл Қазақстан халықаралық саясатын ұлт мүддесі тұрғысынан құруы керек дегенімді жоққа шығармайды. Ұлт мүддесін мемлекеттің бір бөлігіне айналдырып, билікті күшпен басып алуға жол бермей, елдің сыртқы бағытын қалыптастыратын демократиялық механизмдер жұмыс істеуі үшін Қазақстандағы ішкі институттар жұмысын қайта қарау керек.
ПІКІРЛЕР