Директивада совет әскерінің Ауғанстан территориясында соғыс қимылдарына қатысатыны қарастырылмаған. Бірақ үш күннен кейін директиваға қол қойған Устиновтің шабуыл кезінде қарсылық көрсеткендерді күшпен басу туралы бұйрығы шықты. Желтоқсанның 27-сі күні СССР мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің арнаулы бөлімшесі Ауғанстан революциялық кеңесінің төрағасы Хафизулла Аминнің көзін жою операциясын жүргізді.
Оқиға куәгерлерінің айтуынша, Ауғанстанға әскер кіргізу кезінде жауынгерлердің ешбірі өзіне қандай міндет артылғанын, бұл елде қанша уақыт болатынын білмеген, жергілікті халықтың тарихы мен мәдениетінен де бейхабар болған.
Азаттықтың Орыс қызметі Ауғанстан бойынша сарапшы Александр Шкирандомен тілдесті. Оның сөзінше, совет әскерінің шығынға ұшырауына көп қателік пен жергілікті халықтың ерекшелігін түсінбеу себеп болған.
– Ешкім жағдайды толық түсініп, операцияның қаншалықты ұзаққа созылатынын білген жоқ. Оның үстіне, әркім өзіне берілген тапсырманы ғана орындаған. Әрине, ешкім мұның бәрі 10 жылға созылатынын, Совет одағына тигізер салдары көп боларын ойлаған жоқ. Менің ойымша, болған оқиғаны «үлкен қайғыға соқтырған үлкен қателік» деп атауға болады. Ауғанстан – біздің қазіргі түсінігіміздегі Таяу немесе Орта Шығыс елі ғана емес, ерекше мемлекет. Мысалы, ислам діні тараған тарихи кезеңді алып қарайық. Ауғанстанның Кафиристан деп аталатын аймағын 1893 жылы әмір Абдур-Рахманның тұсында ғана жаулап алу мүмкіндігі туды. Ол кезде Орта Азия, Таяу және Орта Шығыс территориясы ислам дінінің ықпалында болды. Шыңғысхан, моғолдар мен небір ұлы қолбасшылар жаулай алмаған аймақ ислам дінін қабылдаған жоқ. Мен бұл тарихи мысалды совет әскері кірген кездегі Ауғанстанның қандай болғанын түсіндіру үшін айтып отырмын.
Одан бері екі ғасырға жуық уақыт өтті, бірақ ауған халқының ұлттық ерекшелігі де осында: олар ешқашан басқыншылардың ырқына көнбеген. Бізді ешкім басқыншы көрмегені белгілі. Әскер кіргізілген алғашқы айларда, бір жылға дейін ауған халқы бізді жақын достары көрді. Кейін бұл салмақты текетіреске айналып, ауғандар арасындағы келіспеушілікке, ары қарай азаматтық соғысқа ұласты. Моджахедтер жиі ауысып, жеті ислам партиясы құрылды. Бірақ соңында бәрі олар үшін апатпен аяқталды.
– Сіз бұл операцияның қаншалықты ұзаққа созылатынын ешкім білген жоқ дедіңіз. Яғни, жағдайды түсіну уақыт өте келе өзгеріп отырды ма?
– Басында ешкім біздің барлық бөлімше, полк пен дивизия әскерлерін Ауғанстанның бүкіл территориясына орналастыруға тура келетінін білген жоқ. Әр жерде жағдай әртүрлі болды. Ауғанстанның солтүстігі қауіпсіз болса, Пәкістан шекарасына жақын аудандарда басқа жағдай байқалды. Бұл жерде сол кезде болмаған шекара қазір де жоқ. Шекараға Дюранд сызығы деген атау берілген. Пәкістан деген мемлекет құрылмай тұрып, Мортимер Дюрандтың шешімімен Үндістан мен Ауғанстан арасында жасанды шекара жүргізілген. Бұл сызық тәуелсіз пуштун тайпаларын екіге бөлді. Қарсылық дәл осы аудандарда басталды. Моджахедтер оларды Ауғанстан территориясының ішіне қарай өтуге пайдаланды. Біздің 40-әскер мен ауған моджахедтерінің арасындағы тартысты шайқастар негізінен осы аудандарда өтті.
– Ауған соғысы әлемдегі күштердің бөлінісін өзгертті ме?
– Сөзсіз өзгертті. Нақтырақ айтсақ, ол кезде Совет одағы қақпанға түсті деуге болады. Батыс Совет әскерін кейін шығып кету қиын болатын жерлерге жіберу үшін қолдан келгеннің бәрін жасады. Бірақ бұл Совет одағы үшін басқа мәселе. Мен Ауғанстанға әскер кіргізуді де, оны шығаруды да қателік деп санаймын.
– Яғни, сіз Ауғанстаннан әскер шығаруды дұрыс шешім деп есептемейсіз бе?
-Әскер шығару жүріп жатқандықтан, бұлай жасамау керек еді. Ауғанстан сияқты шығыс елдерінде саған сенген адамдарды тастап кету, күтпеген жерден кіргенің сияқты, дәл солай шығып кету оңай емес. Біріншіден, бұл билікте вакуум туғызды. [Ауғанстан президенті] Наджибулла билікті ауыспалы үкіметке беруге келіскен кезде, 40-әскердің емес, Совет билігінің тарапынан кішкене қолдау керек еді. Өкінішке қарай, мұндай қолдау болған жоқ. Соңында Наджибулла Совет одағы түскен қақпанға барып түсті.
– Әскерилер бұйрыққа бағынғаны түсінікті. Әскер кіргізу туралы бұйрық не үшін берілді?
– Айту қиын. Біріншіден, әскеридің адамның аты – әскери адам. Ол әрине, бұйрықты орындайды. Олардың «бұл дұрыс шешім бе?» деп ойланбауы – заңды құбылыс. Куәгер ретінде айтайын, ешкімде «бейбіт халыққа қарсы әскери қимыл жасаймыз» деген ой болған жоқ.
– Яғни, жоспарда әскери көмек беру ғана болған жоқ қой?
– Алғашқы жылдардың өзінде Совет одағы жергілікті азаматтармен бірігіп, ауған халқы әлі күнге пайдаланып отырған 25 нысан құрылысына қатысты. Совет одағы жоқ болса да, ауған халқы бізді әлі күнге "шурави" (совет адамы) деп атайды. Сауда-өндірістік палатасының аясында жұмыс істейтін Ресей-Ауғанстан іскерлік кеңесі сол кезде негізі қаланған достық, сауда-экономикалық қарым-қатынастардың бүгінге дейін жалғасын тауып отырғанын көрсетеді.
Тарихшы Борис Соколов Ауғанстанға совет әскерін кіргізу туралы шешім қате болған деп бағалайды. Ол әскер кіргізу бастамасын КГБ көтергенін айтады.
– Ауғанстанға әскер кіргізу туралы шешім Совет билігі тарапынан жасалған қателік болды. Шешім қабылдаудағы шешуші дауыс Брежневке берілді. Ал әскер кіргізуді КГБ басшысы Андропов қызу қолдады, - дейді Соколов.
– Совет одағы билігіне әскер кіргізу не үшін керек болды?
– Ол кезде Ауғанстан коммунистік үкіметінің жағдайы қиын болды. Олар елдегі аз территорияға ғана иелік етті. Жердің көп бөлігі көтерілісшілердің, исламшылдардың қолында болды. Көтерілісшілер қозғалысын басу үшін Совет әскері кіргізілді. Негізгі мотив – Ауғанстанның коммунистік үкіметін билікте қалдыру. Совет одағы Ауғанстанды мүмкіндік туған жағдайда Үнді мұхитына әскер жіберуге қолайлы орын ретінде де қарастырды.
– Ауғанстанға совет әскерін кіргізуден басталған соғыстың құны қандай болды?
– Жаңа дерек бойынша, Совет әскері Ауғанстанда 30 мың, шамамен 28 мың адамын жоғалтты. Ауғанстан тарапынан қанша адам өлгенін ешкім нақты білмейді. Бұл көрсеткіш Совет одағы әскерінің шығынына қарағанда он есе көп болуы мүмкін. Өйткені Ауғанстанда үкімет әскері мен оларға қарсы шыққан көтерілісшілер сияқты екі тараптан да көп азамат құрбан болды. Бейбіт халық та көп қырылды. Кабулда бұл үкіметті ұстап отыру шығыны да аз болған жоқ. Әскер шығарылғаннан кейін, шамамен 92 жылға дейін Совет одағы Кабул үкіметіне қолдау көрсетіп, қару-жарақ, азық-түлік, гуманитарлық көмек жеткізіп тұрды. Мұның бәріне әрине көп ақша кетті.
– Ауғанстанға әскер кіргізуді қолдайтындар «совет әскері болмаса, ол жерге америкалық әскер келер еді» дегенді айтады.
– Бұл сөз шындыққа жанаспайды. АҚШ-тың Ауғанстанға әскер кіргізу жоспары болмаған.
– Геосаясат тұрғысынан алғанда бұл соғыстың салдары қандай болды?
– Ислам мемлекеттері арасында Совет одағының беделі қатты түсті. Ең үлкен салдары осы шығар. Билікке Талибан сияқты исламшылдар орнықты. Бірақ олар Ресей мен АҚШ-қа бірдей қарсы болды. Сондықтан мұнда біреу жеңіске жетті деуге болмайды, – дейді тарихшы Борис Соколов.
ПІКІРЛЕР