WSJ сайтындағы мақала «Дмитрий Медведев 4 жылдан соң Ресей тағын Путинге қайтарып берді» деп басталады. Ары қарай «Мамырдың 7-сі өткен президентті ұлықтау рәсімін жалпы халықтың тойламағаны, керісінше, ол күні қауіпсіздік жасақтары Мәскеу көшелерін наразы жұрттан тазалап, қаланың қаңырап қалғаны» жазылған.
«БИЛІК ВИДЕОНЫ ДА ДӘЛЕЛ РЕТІНДЕ МОЙЫНДАМАЙДЫ»
Жаңа президентті ұлықтау рәсімінен бір күн бұрын Ресейдегі орта тап өкілдері Путиннің «мәңгілік президент» болғысы келетін амбициясына қарсылықтарын білдіріп, шеруге шыққан еді. Мақала авторы «Көше белсенділері Путинді тақтан тайдырудың аз алдында» деген пікір білдірген.
Автор мақаласында «Президент Путин Ресейдегі демократияны тұншықтырып жатыр» деп жазады. Оған дәлел ретінде ол оппозиция жетекшілері Алексей Навальный мен Сергей Удальцовтің мамырдың 6-сы тұтқындалып, 15 күнге қамалғанын келтірген. Билік оларды «Тұтқындау кезінде билік өкіліне қарсылық көрсетті» деп айыптаған еді.
Автор «Түсірілген видеоларда Навальный тұтқындалып жатып, серіктеріне «Қарсыласпаңдар! Қарсыласпаңдар!» деп айғайлап тұр. Әлбетте, билік өкілдері сотта ешқандай да видео айғақты дәлел ретінде мойындамайды. Кремль ескі тәсіліне салып, бұл жолы да оларды «тәртіпсіздік туғызды» деп айыптап, қылмыскер етіп шығаруы мүмкін» деп пайымдайды.
Каспаров өзінің осы пікірін дамыта келе, Санкт-Петебург қаласындағы КГБ-нің тағы басқа репрессиялық әрекеттерін жазған. «Ондағы бірнеше оппозиция жетекшілерін ішкі істер министрлігі өзі жинаған ақпараттар негізінде «мемлекет басшыларына қарсы жұртшылықтың жеккөрінішін оятты», «экстремистік әрекеттер» ұйымдастырды деп айыптаған» дейді.
ХИЛЛАРИҒА ҚАРСЫ ПІКІР
Мақалада Путин режиміне деген қарсылықты АҚШ-тың әділетті бағаламағаны, АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтонның Мәскеудегі ахуалды біліп отырса да CNN-ге «Путиннің жаңа кезеңінде Ресейдің демократияны дамытуға мүмкіндігі бар деп үміттенемін» деп сұхбат бергені жазылған.
Автор «Керісінше, Путиннің 12 жыл ел басқарған кезінде Ресейдегі демократия қандай жолмен болса да жаншылып келген жоқ па?» деп Хиллар ханымның пікіріне күмән келтіреді.
Каспаров Ресейдегі саяси режимнің адам құқықтарын бұзуына АҚШ-тың көз жұма қарауын Ауғанстан проблемасымен байланыстырады. «НАТО Ауғанстандағы күштерін қамтамасыз ету үшін Ресей территориясын пайдаланып отырған жоқ па?» дейді ол.
WSJ-ке жарияланған бұл мақалада «АҚШ өзін Ресейдің стратегиялық одақтасы ретінде көрсеткісі келгенімен, нақты жағдай басқаша. Оған дәлел - Путиннің Кэмп Дэвидтегі G-8 саммитінен бас тартып, өзінің шетелге шыққан тұңғыш сапарын Беларусьте диктатура орнатқан Лукашенкоға барудан бастағаны» деп жазылған.
«ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ДИКТАТОРЛАРЫ»
Мақалада Ресей президентінің әлемдегі Сирия, Иран сияқты елдердің, Орталық Азия мемлекеттерінің диктаторларымен жақсы қарым-қатынас орнатқаны жайлы мәліметтер берілген. Оған қоса, Путин үкіметінің диктаторлар билеген елдердегі мүдделері жайлы да біршама ақпараттар айтылыпты.
Ресей оппозициясының мақсаты – коррупцияға тыйым салатын заңдарды күшейту. Сонда ғана адам құқықтарын таптаған қылмыскерлерді сотқа тарту мүмкін болады.
Бұлардан өзге, автор Ресейдің АҚШ–пен одақтас бола алатынына сенбейтінін айтқан. Ол «Екінші дүниежүзілік соғыста АҚШ, Англия, СССР фашистік Германияны жеңу үшін бірігуге мәжбүр болды. Бұл жолы Путиннің жасырын кездесулері Ресейдегі саяси режимнің мүддесіне ғана қызмет етпекші» деп қорытады.
Автор мақаласын «Ресей оппозициясының мақсаты – шетелдерге де әсер ете бастаған Ресей коррупциясына тыйым салатын халықаралық заңдарды күшейту. Сонда ғана Ресейдегі жазықсыз қудаланған тұлғаларды қорғап, адам құқықтарын таптаған қылмыскерлерді сотқа тартуға мүмкін болады» деп аяқтаған.
Гарри Каспаров - Ресейдегі Біріккен азаматтық майдан қозғалысының лидері, Нью-Йорк адам құқықтары қорының Ресейдегі өкілі. Қазір Мәскеуде тұрып жатыр.