Accessibility links

Ресейде интернетте пікір жазудың өзі қауіпті бола бастады


«ВКонтакте» мен YouTube желілерінде Ресейдің Украинаға басып кіргенін сынаған видео жариялағаны үшін сотталған блогер Вадим Тюменцев. Ресей, Томск, 30 желтоқсан 2015 жыл.
«ВКонтакте» мен YouTube желілерінде Ресейдің Украинаға басып кіргенін сынаған видео жариялағаны үшін сотталған блогер Вадим Тюменцев. Ресей, Томск, 30 желтоқсан 2015 жыл.

Ресейде үкіметті интернетте сынағаны (пост жазғаны) үшін жұртты соққыға жығып, қорқыту оқиғалары көбейді. Кремль бұл елдегі интернет бостандығын шектеп отыр.

Наурыздың 31-і күні кешке Санкт-Петербургтегі пәтерінде отырған Александр Марковтың үйіне бөтен біреулер келіп, оны соққыға жығып кетеді. Қоңырау басылған сәтте ол таныстары екен деп, есік ашқан, бірақ келгендер бейтаныс адамдар болып шыққан. Азаттық тілшісімен сұхбатында Александр:

- Олар көзімнен ұрды. Есімді жисам, баспалдақта жатыр екенмін. Біреу артымнан қағып қалды да, тағы құладым. Сосын олар мені тепкілей бастады, - дейді. Ол жұртты көмекке шақырып, айқайлағанда ғана бұзақылар қашып кеткен.

Бұл – әлеуметтік желілерде үкіметті сынаған адамдарға жасалған көп қастандықтың бірі ғана. Бұзақылар әдетте оларды осылай соққыға жығады немесе көліктерін өртеп кетеді.

Александр Марков - Ресейдегі ең ірі әлеуметтік желі «ВКонтактедегі» «Қылмыскер билік» деген оппозициялық топ администраторларының бірі. 14 мыңға тарта мүшесі бар бұл топта Кремльдің саясаты, соның ішінде оның Украинаға қатысты әрекеттері ашық сыналады.

ЖЕЛІДЕГІ ҚЫСЫМ

- Қараша айынан бері жұрттың жазғандарына, әсіресе «ВКонтактедегі» жазбаларға шүйлігу көбейді. «ВКонтактенің» жіті бақылауда тұрғаны анық, - дейді қауіпсіздік жөніндегі сарапшы Андрей Солдатов.

Андрей Солдатов.
Андрей Солдатов.

Соққыға жығылғаны өз алдына, Марковқа интернет арқылы да қысым жасалған. «Александр Петроградский» деген атпен ашылған «ВКонтакте» аккаунты жұртқа ол туралы «жан-жақты» ақпарат беруге дайын екенін жазды. Ал оның бауырына беймәлім интернет қолданушы қоқан-лоқы көрсетіп, хат жазған.

Ол хатта «Бұрын гей-клубта диджей болған Александр туралы біз бұрыннан білеміз. Оны кейде ұрып кететін еді ғой. Сол үш жігіт қазір бір жаққа кеткен еді. Олар қайтып келген соң Марковтың бір жерін кесіп алады» деген сөйлемдер болған.

Солдатовтың айтуынша, Владимир Путин үшінші президенттік мерзіміне кіріскен 2012 жылы интернетті шектейтін қатал заң қабылданып, содан бері Ресейдегі интернет бостандығы аясы тарылып келеді.

Билік өкілдері жаңа заң бала порнографиясын, есірткі қолдануды, суицидті насихаттайтын сайттарға тосқауыл қою үшін қабылданғанын айтады, алайда оны үкіметтің интернетке цензура қою әрекеті деп сынайтындар көп.

ИНТЕРНЕТТЕГІ ПІКІР ҮШІН СОТТАУ

Желтоқсан айында Вадим Тюменцев деген блогер «ВКонтакте» мен YouTube желілерінде Ресейдің Украинаға басып кіргенін сынаған видео жариялағаны үшін айыпты деп танылып, бес жылға бостандығынан айырылып, Сібірдегі түрмеге жөнелтілді.

«ВКонтакте» мен YouTube желілерінде Ресейдің Украинаға басып кіргенін сынаған видео жариялағаны үшін сотталған блогер Вадим Тюменцев. Ресей, Томск, 30 желтоқсан 2015 жыл.
«ВКонтакте» мен YouTube желілерінде Ресейдің Украинаға басып кіргенін сынаған видео жариялағаны үшін сотталған блогер Вадим Тюменцев. Ресей, Томск, 30 желтоқсан 2015 жыл.

Жазасын өтеп шыққан күнде де Вадим Тюменцев ғаламторда өз атынан материал жариялай алмайды.

Татарстандық белсенді Рафис Кашапов Ресейдің Украинадағы сепаратистерді қолдағанын және Қырымды аннексиялағанын сынаған посттар жариялағаны үшін 2015 жылы үш жылға сотталып кетті.

Билікті сынаған екі постты қайта жариялағаны (репост) үшін Андрей Бубеев деген азамат мамыр айында екі жыл үш айға сотталды. Ол жариялаған посттардың бірі «Қырым Украинанікі» деп аталса, екіншісінде тіс пастасы бейнеленіп, «Өзіңдегі Ресейді сығып шығарып таста» деген сөз жазылған.

Оқшау пікір жазғандарды соққыға жығу құбылысы жақында пайда болды. Сарапшылардың айтуынша, қылмыскерлер не біреудің айтуымен әрекет етеді, немесе олар - репрессияшыл заңның күшіне сеніп, еліріп жүргендер.

СОҚҚЫҒА ЖЫҒЫЛҒАНДАР

- Алғашқы үш жылда бұл жүйе көбіне қорқыту, шартты жазаға кесу жолымен жүзеге асты. Былтырғы қарашадан бері адамдарды тек суреттермен бөліскені үшін түрмеге қамай бастады. Әлеуметтік желіде жазған пікір үшін қудалаудың күшейіп келе жатқаны анық, - дейді Солдатов.

«ВКонтактедегі» «Қылмыскер билік» тобының екінші администраторы Егор Алексеев маусымның 9-ы күні соққыға жығылды.

Санкт-Петербургте тұратын ол тыныш көшелердің бірімен кетіп бара жатқанда әлдекімдер артынан келіп бас салып, бес минут бойы ұрған. Еш затына тиіспеген. Егордың мұрны сынып, миы шайқалған және бас сүйегіне зақым келген.

«ВКонтакте» желісінің логотипі.
«ВКонтакте» желісінің логотипі.

Алексеевтің айтуынша, қастандық жасағандар оның жұмыс кестесін, жүретін жолын жақсы білген әрі олар – арнайы дайындықтан өткен адамдар.

«ВКонтактедегі» диссиденттер тобына қатысқаны үшін оны әлдекімдер үш жылдан бері электрондық поштамен хат жіберіп, телефон шалып қорқытып келеді.

Бұл топпен байланысы бар Юлия есімді әйел де (қауіпсіздік мақсатында аты-жөнін толық айтпады) жақында бір келеңсіз жағдайды басынан кешкен әрі ол бұл оқиғаны интернеттегі жазбалары үшін кек алу әрекеті деп санайды.

КӨЛІК ӨРТЕУ

Оппозициялық топта жиі пост жазатын Юлияның Санкт-Петербургтегі пәтеріне сәуір айының ортасында екі жігіт келген. Өздерін «жаңа көршіміз» деп таныстырған олар ашылғалы жатқан дүкен туралы әлденелерді айтып, кетіп қалған. Бірнеше апта өткен соң түн ішінде оның көлігі жанып кеткен.

Бұл оқиғаны «ВКонтактеде» баяндаған Юлия үйіне келген екі «қонақтың» суретін жариялайды. Наурыздың 31-і күні Александр Марковқа келе жатқан досы оның үйінен осы екі жігіттің шығып бара жатқанын көрген.
Юлия «Қылмыскер билік» тобындағы жазбаларын оқығаным болмаса, Марков және Алексеевпен еш қатысым жоқ, оларды танымаймын да» дейді.

Өртенген көлік. (Көрнекі сурет)
Өртенген көлік. (Көрнекі сурет)

Мәшинесі өртенердің қарасаңында «ВКонтактедегі» беймәлім акканут иесі Юлия туралы ауыр сөз айтқан жазбалар жариялап жүрген. Олар Юлияның оппозициялық ойларына қарсы уәждерін жазған. Бір қызығы – «Александр Александров» деген аккаунт иесінің аватарында Юлияның күйеуінің суреттері тұрған.

Юлия «ВКонтактеге» шағым жолдаған соң әлгі аккаунт ізім-ғайым жоқ болады.

КҮДІКТІ ФЕЙК-АККАУНТТАР

Бұл шабуылдардың саяси астары бар екенін дәлелдейтін айғақ жоқ, дегенмен билікті сынаған пост жариялағандардың арасында түрлі жағымсыз жайтқа тап болғандар көбейіп келеді.

Қаңтар айында Данила Александров есімді оппозиция белсендісі «ВКонтактеде» «Данила-Абу-Ильяс Александров» деп тіркелген бейтаныс біреуден хат алады.

Әлгі фейк аккаунт аватарына Даниланың итін серуендетіп жүрген кезінде сыртынан түсірілген суреттерін қойып қойыпты. Қорқытқан хат келгеннен тоғыз күн өткенде Данила Александровты көшеде бейтаныс адамдар ұрып кетеді. Ол ауруханада бір апта емделіп шығады.

Сәуірдің 20-сы күні Руслан Старостиннің зайыбы «Евгений Крестовский» деген беймәлім аккаунттан «достық» ұсынысын алады. Оның парақшасында Старостин мен әйелінің суреті қойылған. Жазбаларының бірінде Старостиннің Ресей президенті Путинді әжуалаған бір суретін көшіріп берген ол қасына «Ойыңа келгенді істеп, маңайыңдағы ақымақтарды тырқылдатып күлдіріп, тып-тыныш жүре берем деп ойлайсың ба?» деп жазған.

Ресей президенті Владимир Путин.
Ресей президенті Владимир Путин.

Арада бірнеше сағат өткенде Старостиннің де көлігі өртеніп кетті. Осындай үрейлі оқиғалардың бірі маусымның 12-сі күні болды. Бұл күні үкіметке қарсы сын айтып жүрген «ВКонтакте» қызметкері соққыға жығылды.

Бұзақылар оны «сатқын», «еврей», «бесінші колонна мүшесі» деп атап, үш саусағын сындырып кеткен. Ресейдің мемлекеттік ақпарат құралдары «бесінші колонна» деген сөзді оппозиция өкілдеріне қатысты жиі қолданады.

Дмитрий Трещанин, Александр Горохов және Клэр Бигтің мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG