Accessibility links

Навальный бес жылға сотталды


Алексей Навальный сот залында тұр. Киров, Ресей, 18 шілде 2013 жыл.
Алексей Навальный сот залында тұр. Киров, Ресей, 18 шілде 2013 жыл.

Ресей соты азаматтық белсенді Алексей Навальныйды «қаржы ұрлаған» деген айыппен бес жылға түрмеге кесті. Навальный мен жақтастары үкімнің саяси астары бар дейді.

Шілденің 18-і күні Ресейдің Киров қаласының Ленин аудандық соты «Кировлес ісі» бойынша қылмыстық айып тағылған белгілі блогер, азаматтық белсенді Алексей Навальныйды айыпты деп танып, бес жыл мерзімге бас еркіндігінен айыру туралы үкім шығарды.

Навальныйдың «сыбайласы» ретінде айып тағылған кәсіпкер Петр Офицеров төрт жылға бас еркіндігінен айырылды. Екеуі де сот залында қамауға алынды.

Бұған дейін прокуратура өкілі соттан Навальныйды алты жылға, Офицеровты - бес жылға бас еркіндігінен айыруды сұраған еді.

Навальный үкім шығардан бір күн бұрын Мәскеу мэріне кандидат ретінде ресми тіркелген.

Прокуратура оған 2009 жылы Киров облысы губернаторының кеңесшісі болған кезінде «Кировлес» компаниясынан құны жарты миллион АҚШ доллары тұратын мүлікті жымқырды деп айып таққан.

Айыпталушылар мен олардың адвокаттары қылмыстық істің саяси астары бар деп санайды. Сот кезінде олар қылмыстық іске «Кировлес» кәсіпорнының бұрынғы басшысы мен оның туыстарының куәліктері ғана негізге алынғанын, бухгалтерлік есеп құжаттарына сараптама жүргізу туралы қорғанушы тараптың талаптары ескерілмегендігін алға тартты.

Алексей Навальный соттағы соңғы сөзінде өзіне тағылған айыпты мойындамайтынын, Ресейде «ұлт байлығын тұрғындардың жарты пайызы талан-таражға салып отырғанын» айтып, «елді феодалдық құрылыстан арылтып, бұл ақылға қонымсыз нәрсені түзету үшін жұмыс істейтін боламыз» деп мәлімдеген еді.

Ресейде жоғары биліктегі жемқорлықты әшкерелейтін істерімен танылған 37 жастағы Алексей Навальный президент Владимир Путиннің саясатын сынап, наразылық акцияларын ұйымдастырып жүрген оппозициялық белсенді.


XS
SM
MD
LG