Accessibility links

Авторитарлық елдердің «демократияны тежеу доктринасы»


Украина президенті сайлауы қарсаңында дауыс беру жәшіктерін тартып алған ресейшіл сепаратист . Донецк, 23 мамыр 2014 жыл.
Украина президенті сайлауы қарсаңында дауыс беру жәшіктерін тартып алған ресейшіл сепаратист . Донецк, 23 мамыр 2014 жыл.

Авторитарлық елдер демократияны маңына жуытпау үшін баспасөз бен азаматтық қоғамды тұншықтыру саясатын басқа мемлекеттерге де «экспорттаумен» айналысып отыр.

АҚШ-тағы Ұлттық демократия қорының Халықаралық демократиялық зерттеулер форумының атқарушы директоры Кристофер Уокер мұны «Демократияны тежеу доктринасы» деп атайды.

Азаттық: – The Washington Post газетіндегі мақалаңызда «бірнеше авторитарлық мемлекеттің демократияға ұмтылған жас елдердің еркіндігін тежеп отырғанын» айтасыз. Өзіңіз айтқан «Демократияны тежеу доктринасына» мысал ретінде Ресейдің Қырымды аннексиялауын келтіресіз. Сіздің айтуыңызша, Ресей Украинада халық алдында жауап беретін үкіметтің құрылуына жол бермеуге бар күшін салды, себебі көрші елде мұндай үкіметтің құрылғаны Мәскеудегі авторитарлық жүйеге қауіп төндіруі мүмкін. Осы жайлы кеңірек айтып берсеңіз.

Кристофер Уокер: – Авторитарлық елдердің бір әдісі – өз ішінде қолданатын стандарттарын басқа елдерге де таңу. Ресей де осы тәсілге жүгініп отыр. Бұл елдердің барлығында азаматтық қоғам мен еркін баспасөз және саяси оппозиция шектелген, олар сыртқы саясатты да осы ішкі ерекшеліктерге сүйене отырып жүргізеді. Ресейдің жағдайына қарасақ, олар Қырымды аннексиялау арқылы Қырымдағы баспасөзді Ресей стандарттарына жақындатты. Қырымдағы баспасөз, саясат және азаматтық қоғам Ресейдің репрессиялық стандартының қалыбына енді.

Ал Шығыс Украинада негізінен Ресейдің арандату әрекеттерінің кесірінен жағдай шиеленісіп тұр. Бұл елде дағдарыс Ресейдің кесірінен асқынып кетті. Мұндай жағдайда украиналықтар қалағандай жемқорлықтан аулақ, жауапты үкімет қалыптастыру мүмкін емес.

Азаттық: – Мақалаңызда «Ресейдің репрессиялық амалдарының қысымына іліккен жалғыз Украина емес, мұның зардабын Грузия мен Молдова да тартып отыр» дейсіз. Демократиялық өзгерістерге ұмтылып отырған елге Ресей қалай ықпал етеді?

Кристофер Уокер.
Кристофер Уокер.
Кристофер Уокер: – Реформалар жүргізуге ұмтылған елдерге Ресей қол ұшын созбайды. Мұны біз Грузияға жасалған әскери шабуылдан да, осы елге және аймақтағы басқа мемлекеттерге салынған түрлі экономикалық санкциялар мен қойылған шектеулерден де байқадық. Соңғы 20 жыл бедерінде Балтық елдері осы саясаттың зардабын тартып отыр. Ресей бұл елдерде жауапты әрі демократиялық үкімет қалыптасуына барынша бөгет жасап келеді.

Азаттық: – Ресеймен қоса өзіңіз атап өткен Иран, Қытай, Сауд Арабиясы сияқты елдердің демократияның таралуына қойған тосқауылын талқыласақ. Сіз «үш саладағы шектеуді» атайсыз. Олар - халықаралық институттар, жас мемлекеттердің демократияға ұмтылысын тежеу (демократиялық амбициясы авторитарлық мемлекеттерге қатер төндіретін елдерге тосқауыл қою) және пікір еркіндігіне шабуыл.

Кристофер Уокер: – Өзіңіз айтып өткен елдер – Қытай, Ресей, Сауд Арабиясы, Иран, Латын Америкасындағы Венесуэладағы аймақтық институттар мен халықаралық институттарды салыстырыңыз. Бұл елдердің мақсаты қырғиқабақ соғыстан кейін демократияны тарату жолында маңызды рөл атқарған институттарды жойып жіберу болғаны байқалады.
Бұл аймақтағы авторитарлық елдер өздеріне қолайлы нормаларды енгізетін балама институттарды құруға күш салды.


Еуразиялық контексте алып қарайтын болсақ, мұндағы авторитарлық елдер Еуропа кеңесі, Еуропа кеңесінің парламент ассамблеясы және Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының стандарттарын жоюға да тырысады. Сөйтіп, бұл аймақта авторитарлық елдер өздеріне қолайлы нормаларды енгізетін балама институттарды құруға күш салды. Мәселен, Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШОС) қалай өсіп-жетілгенін, Еуразия экономикалық одағының қалай құрылғанын көрдік.

Бұл институттар оларды құру туралы бастама көтерген елдердің көздеген мақсатына сай тиімді жұмыс істеп жатыр дей алмаймыз. Мұндағы алысты көздеген мақсат – қалыптасқан демократиялық нормаларға қарсы тұра алатын ережелер орнықтыру. Бұл – демократиялық ережелердің түп негізіне және оларды орындау шарттарына тұтастай қатер төнеді деген сөз. Барлық демократиялық елдердің проблемалары – осы. Бұл әсіресе жоғарыда аталған институттардың құрамына кіретін елдерге қиындықтар туғызады.

Азаттық: – Бұл режимдердің жетекшілері идеяның қаншалық маңызды рөл атқаратынын жақсы біледі. Сондықтан мемлекеттік БАҚ-ты, ішкі және халықаралық баспасөзді, әлеуметтік желілерді пайдаланып, «дұрыс» пікірлердің таралуын қамтамасыз етіп отырады. Сіздіңше, бұл әдістер қаншалық тиімді болып жатыр?

Кристофер Уокер: – Бұл іске авторитарлық режимдер қыруар ресурс жұмсап отыр. Олардың тірегі де – осы. Ел ішіндегі мемлекеттік БАҚ-қа қарасақ, бұл режимдердің барлығы жергілікті жерде үстемдік ететін мемлекеттік ақпарат құралдарына бақылау жасайды. Ішкі ақпаратты қатаң бақылауға құмар елдер өз шекарасынан тысқары аймақтарда да ақпараттың таралуына ықпал етуге тырысады. Бірақ бұл іс өте қарабайыр тәсілдермен атқарылып жатыр.

Ресейдің шығыс Украинада соғысып жатқан "Восток" батальонының сарбазы дүрбімен жер шалып тұр. Мариуполь, 15 мамыр 2014 жыл. (Көрнекі сурет)
Ресейдің шығыс Украинада соғысып жатқан "Восток" батальонының сарбазы дүрбімен жер шалып тұр. Мариуполь, 15 мамыр 2014 жыл. (Көрнекі сурет)
Ресейді алып қарайық. Ресей мемлекетінің идеяларын насихаттау мақсатында құрылған Russia Today және сол сияқты ұйымдар соңғы жылдары өте көп еңбек етті. Енді қазір бұл құрылымдар Ресейден тысқары аумақтарға ақпараттық ықпалын таратуға әрекет жасап жатыр. Олар бұған мықтап кірісті, осы салаға қыруар қаржы салынды. Бұл саясат тек ағылшын тілді елдерде ғана емес, бәсекелес бола алатын аймақтарда да жүріп жатыр. Ағылшын тілді аймақтарда Russia Today біраз аудиторияны өзіне қарата алғаны рас. Қазір Ресей араб тілді және испан тілді ақпаратты тұрақты түрде таратып отыр.

Қытайдың CCTV арнасы өз ақпаратын түрлі аймақтарға таратып келеді. CCTV қазір субсахаралық Африка өңіріне хабар таратуға көп күш салып жатыр. Ал демократиялық бағыттағы ақпарат құралдарының ақпарат тарату аясы тарылып барады. Өз елдерінде репрессиялық, ұрдажық саясат жүргізіп отырған үкіметтер ақпарат құралдарына мәселелерді қалай жазып, талқылау керектігі жөнінде де нұсқау беріп отырады.

Азаттық: – Бұларға қарсы қандай амал бар? Ресей, Иран және сол сияқты елдердің репресииялық саясатына демократиялық мемлекеттер қалай жауап беруі тиіс?

Кристофер Уокер: – Қазір қиын кезең, себебі демократиялық елдердің өздері көп қиындықтарды бастан кешіп жатыр. Бірақ демократиялық елдер өз құндылықтары мен стандарттары жөнінде ашық айтуды тоқтатпауы керек.

Демократиялық елдер өздерінің осал тұстарын мойындап жатса, мұнда тұрған еш әбестік жоқ – демократиялық жүйелердің де кемшіліктері бар. Бірақ соңғы жылдары демократиялық елдердің үні бәсең, талабы босаң тартып бара жатқан сияқты. Қазіргі уақытта демократиялық елдер адам құқықтары стандарттарын сақтау туралы ашық әрі батыл түрде айта білсе пайдалы болар еді.

Сонымен бірге ақпарат еркіндігін шектеу мәселесіне баса назар аударған жөн. Әсіресе өз ішінде репрессиялық ақпарат жүйесін құрып, енді өз аумағынан тысқары аймақтарға ықпал етуге барынша тырысып жатқан, біз мысалға келтірген елдердегі кемшіліктер туралы ашық айту керек. Осы жайттарға барынша көңіл бөлінуі тиіс.

(Гүлназ Есфандияридің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей).
XS
SM
MD
LG