Accessibility links

Қырымда Украина әскерилері пәтерінен айырылды


Украина әскери қызметкерлерінің Ресей Қырымды аннексиялаған соң, түбектен кетіп жатқан сәті. Қырым, Бельбек әуежайы, 21 наурыз 2014 жыл.
Украина әскери қызметкерлерінің Ресей Қырымды аннексиялаған соң, түбектен кетіп жатқан сәті. Қырым, Бельбек әуежайы, 21 наурыз 2014 жыл.

Қырымда қалып қойған Украина әскерилерінің отбасы баспаналарынан айырылып жатыр. Ресей қорғаныс министрлігі бастамасымен Украина армиясының қызметкерлерін пәтерден шығару науқаны басталды.

Жапа шегушілер «пәтерімізден шығаруды көздегендер бас пайдасын ойлайды» дейді. Құқық қорғау органдары бұл мәселеге қатысты пікірін айтпады.

Қырымды Ресейге қосу туралы «референдумнан» соң Украина армиясының көптеген жауынгері отанына берген антын бұзбай, [Ресей азаматтығын алмай] түбектен кетті. Бірақ әртүрлі жағдайларға байланысты олардың отбасы аннексияланған аумақта қалуға мәжбүр болды.

«ҮШ АПТА ІШІНДЕ БОСАТ»

Украина қорғаныс министрлігінің (УҚМ) Қырымдағы медиа-орталығының бұрынғы басшысы, қазір террорға қарсы операциялардың баспасөз-хатшысы Владислав Селезневтің жақындары да осындай күй кешті.

«Крым.Реалии» басылымына сұхбат берген украиналық әскери қызметкердің жары Ирина «Селезневке Симферопольдегі үш бөлмелі пәтерді Украина қорғаныс министрлігі 2008 жылы бергенін» айтты.

- Кубань көшесіндегі екі үй - 11 және 11 «а»-ны Украина қорғаныс министрлігі есебінен «Крымвоенстрой» салған. Үйдегі пәтердің көбі әскери қызметкерлерге берілді. Біреулер кезекпен алды, біреулер қызметтік пәтер ретінде тұрды, біраз бөлігін заң бойынша қаланың қарауына берді, - дейді Ирина.

Салынған ғимараттарда әскери қызметкерлердің отбасыларымен қатар қарапайым азаматтар да тұрған. Владислав Украинаның құрлық бөлігіне қызмет етуге кеткенде Қырымдағы пәтерінде зайыбы, төсекке таңылған анасы мен 17 жасар қызы қалды. Жақында оларға Ресей қорғаныс министрлігі өкілдері барып, пәтерді босатуды талап етті.

- Сағат 11 кезінде біреулер есік қоңырауын басты. Есікті ашпаған едім, оны ұрып, бұзамыз деп қорқытты. Ресей қорғаныс министрлігі өкілдеріміз, сендер бұнда заңсыз тұрып жатырсыңдар, пәтерден шығыңдар деген талап қойды, - дейді Ирина.

Ирина есікті ашқанда дәлізде 10 шақты адам тұрған. Кейбірі тұрғын үйлер эксплуатациясы қызметінің мүшелері, енді біразы әскери киім киген, іштерінде учаскелік полицей де болған.

- Евгений есімді жас жігіт әлдебір әскери бөлімнің заңгері екенін айтты. Оның сөзінше, мен тұрғын үйді заңсыз иемденіп алыппын, енді бір апта ішінде оны босатуым керек екен, - дейді Селезневтің зайыбы.

Ол мұндай талап қоймас бұрын хат жазып, ескерту жасамағандарын, ешқандай құжат көрсетпей қандай негізге сүйеніп келгендерін сұрайды. Өйткені, Селезневтер отбасы бұл пәтерде алты жылдан астам уақыт заң негізінде тұрып келеді.

«Сонда мен не істеуім керек, баламен, мүгедек анаммен қайда барамын, не ұсынасыздар?» десем, «Ол өз мәселеңіз, оны күйеуіңіз ойластыруы керек еді. Бұл пәтерге әскери қызметкерлерді орналастыруымыз керек» деді.
Владислав Селезневтің жұбайы

- Маған жолдасым әскери қызметін өтеу үшін Украинаға кеткендіктен, пәтерді өткізуге тиіс екенімді, Қырымдағы қызметтік тұрғын үй Ресей қорғаныс министрлігінің меншігі екенін, мұнда енді тек Ресей әскери қызметкерлері мен жұмысшылары тұра алатынын түсіндірді. «Сонда мен не істеуім керек, баламен, мүгедек анаммен қайда барамын, не ұсынасыздар?» десем, «Ол өз мәселеңіз, оны күйеуіңіз ойластыруы керек еді. Бұл пәтерге әскери қызметкерлерді орналастыруымыз керек» деді, - дейді Ирина.

Ресей қорғаныс министрлігі өкілінің «Пәтерден қашан шығасың деген?» сауалына ол «Қолыма заңды ескерту алған кезде ғана шығамын» деп жауап берген. Келгендер Иринаға «Қырымдағы барлық қызметтік үйлердің иегері болып белгіленген тұрғын үйлер эксплуатациясы қызметіне хабарласу керек екенін» айтқан.

- Олар жолдасыма қоңырау шалып, осы жағдайдың бәрін түсіндірді де, кетіп қалды, - дейді Ирина.

Оның айтуынша, бұл адамдар бұрын басқа пәтерлерге де осындай талаппен барған. Тіпті бір пәтердің құлпын бұзып, басқа біреулерді кіргізіп қойған.

«Енді не істейсіз?» деген сауалға Украина әскери қызметкерінің әйелі Ирина «Тек сот шешімімен ғана шығамын. Симферополь прокуратурасына өтініш жазамын, себебі мені тұрғын үйден заңсыз шығарғалы отыр» дейді.

Иринаның ойынша, украиналық әскери қызметкерлер пәтеріне көз алартып жүргендер «бас пайдасын көздейді».

- Қазір Қырымда ресейлік әскери қызметкерлер толып жүр, оларды орналастыру керек. Ешкімнің пәтер жалдағысы келмейді, дегенмен олардың жалақысы көп: 60-80 мың рубль алады, ал пәтерді 15 мыңға жалдауға болады. Ал менің пәтер жалдауға шамам жетпейді, - дейді ол.

Бірақ Украинаның құрлық бөлігінде әскери қызмет атқаратын еріне сол жақтан пәтер берсе, Ирина Симферопольдегі баспанасынан кетуге даяр.

ЖАЛҒАН ҚҰЖАТПЕН ҮЙГЕ КІРІП АЛҒАН

Украина әскери теңіз күштері қолбасшысының көмекшісі Марина Каналюк те пәтер хикаясын басынан өткерді. Ол Севастопольде Колобов көшесіндегі 18/9-үйде тұрады. Каналюк «Крым.Реалий» сайтына берген сұхбатында:

- Пәтеріңе басқа адамдар кірді дегенді естіп, дереу Одессадан Севастопольге келдім. Полицияны шақырып, белгісіз біреулердің кіргенін тіркеуді сұрадым. Бөтен заттарды қоқысқа лақтырып, есікті ауыстырдым да, Одессаға оралдым, - дейді.

Оның көршісінің айтуынша, пәтерге өздерімен қызметтес болған Константин есімді екінші дәрежелі капитан кіріп алған.

- Жалған құжат жасап, пәтерге орналасып алды. Украинаға адал боламын деп ант берген әріптесіміздің қылығы қынжылтты, - дейді Каналюк.

Қазір оның пәтерінің есігіне мөр басылған, есіктегі қағазда «Севастополь үкіметі комиссиясының» қолы қойылған. Бұл пәтерге қатысты іс те қозғалды.

- Енді Севастопольге бара алмаймын, іс қозғалғандықтан, мені ұстап, қамап қоюы мүмкін, - дейді Каналюк.

Енді Севастопольге бара алмаймын, іс қозғалғандықтан, мені ұстап, қамап қоюы мүмкін.
Марина Каналюк

Оның пікірінше, Украина мәселені шешуге тырысуы керек және оған шамасы жетеді.

- Сыртқы істер министрлігінде дипломатиялық корпус бар. Қазір нота дайындаумен айналысып жатырмыз. Украинаның Жоғарғы Радасында адам құқығы жөніндегі уәкіл болып Валерия Лутковская деген адам отыр. Біздің офицерлер оған хат жазды, бірақ омбудсмен жауап бермеді, - дейді Каналюк.

Оның айтуынша, офицерлердің көбі Қырымда қалған пәтерлерін жалға бергісі келеді, бірақ олай ету мүмкін емес сияқты. Әскери-теңіз күштері қолбасшысының көмекшісі украиналық әскерилердің Қырымдағы 60 шақты пәтері өз аттарына жекешелендірілгенін айтты, бірақ Қырым аумағында Украина қорғаныс министрлігі берген меншік құқығы туралы құжаттардың есепке алынар-алынбасы белгісіз.

Әскери қызметкерлер Украинадағы БҰҰ өкілдігіне де хат жолдаған. Қырымдағы Ресейдің федералдық қауіпсіздік қызметі (ФСБ) басқармасының баспасөз қызметі «Крым.Реалий» сайтына оқиғаға қатысты комментарийді кейінірек беретіндерін айтты. Ал Қырым ішкі істер министрлігі баспасөз қызметі «сауал жолдаңыздар, содан соң ақпарат аласыздар» деп жауап берді.

(Андрей Колокольцевтің мақаласын орыс тілінен аударған – Динара Әлімжан)

XS
SM
MD
LG